Версия для печати

Жастар психологиясындағы дағдарысты қалай жеңуге болады?

Пятница, 15 Июль 2016 06:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8264 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Бала – көңілдің гүлі, көздің нұры» дейді халқымыз. Әр ата-ана күндіз-түні өмірге әкелген ұл-қызының тілеуін тілейді. Оларға бар жақсылықты көрсету үшін шаршағанын ескермей жұмыс істейді. «Перзентімнің көйлегі көк, қарны тоқ болсын» деп жүріп, тіпті сол балаларына арнайы уақыт бөліп сырласуды ұмыт қалдыратындары да аз емес. Балаға аз көңіл бөлудің, санасына достық сәулесін түсіре алмаудың салдарынан перзентімен қарым-қатынасы алшақтап кеткенін кеш байқау – ата-ананың басты қателігі.

F-hz2EVEnKk converted

Мұндайда ересек жасына ауыса бастаған балалардың мінезінде аздап ауытқушылықтар, өзгерістер орын алады. Осы аралықта қамқорлықтан алыстап қалған рухани әлсіз қыз балалар арасында ерте жүктіліктің орын алуы, ұл баланың түрлі қылмыстарға бой ұруы немесе жастар, жасөспірімдер қатарында суицидтің белең алуы, өз бетінше мәселені шешуге тырысқан, батылдығын дәлелдегісі келген әрекеттердің соңы бұзақылыққа, ұрлыққа апарып соғуы ықтимал. Біз – жастар арасындағы келеңсіз жағдайлардың, оларға қатысты орын алатын түрлі сипаттағы заң бұзушылықтадың алдын алуға қоғам болып қалай көмектесе аламыз?
ҚР Конституциясы 1-бабының 1-тармағында: Қазақстан Республикасының «ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі» екені тайға таңба басқандай анық жазылған. Ендеше, сол көп адамның біразы жастар екенін ескерсек, оларды қорғауға мемлекетіміз де мүдделі екенін түсінеміз.
Бүгінгі таңда облыста 14-29 жас аралығындағы жастардың саны 767 993-ке жеткен. Оның 390 529-ы ер балалар болса, 377 464-і қыз бала. Осы жастардың әрқайсысы өз өмірінде жауабын біле алмайтын сұрақтармен бетпе-бет кездесіп жатқаны түсінікті. Ортаға қалыптасып үлгерген ересектер үшін оңай болып көрінетін кез келген мәселе енді ғана бұғанасы қатайып келе жатқан жастарға жұмбақ болып, сенделтіп жіберуі де ғажап емес. Бұл мәселеге заң саласының мамандары да жауапкершілікпен қарады. Облыстық Прокуратураның «Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі» Үйлестіру кеңесінде жастар мәселесі қаралып, психологиялық көмек көрсету қажеттігін қамтамасыз ету туралы шешім қабылданды. Облыс әкімдігі тарапынан қаржылай қолдау тапқан шешім бүгінде өз жұмысын бастап үлгерді.

TpSqgCAf8qA converted

Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығынан» ашылған «Психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу» бөлімі 14-29 жас аралығындағы жастар үшін қызмет көрсетеді. Онда әзірге 1 бөлім басшысы және 4 психолог кеңесшілер жұмыс атқаруда. Сонымен қатар, бөлімде қиын жағдайда қалған жасөспірімдер мен жастар тегін және орталықтандырылған сымтетік 1303 нөмірі (Call-центр) арқылы психолог кеңесін пайдалана алады.
– Осыдан біраз жыл бұрын «психолог» маманы біздің менталитетке таныс емес еді. Шоши қарайтын. Қазір керісінше, психолог кеңесіне жүгінетіндер көбейді. Бұл бізді қуантады. Психолог ретінде біз ешкімге «былай жаса» деп кеңес бермейміз. Сұрақ қоя отырып, қай жерде қателік жібергенін немесе қателесуі мүмкін екенін түсінуге мүмкіндік жасаймыз, – дейді «Психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу» бөлімінің басшысы Гүлжазира Бақтыбаева.
Бұл бөлімнің қоғамда алатын маңызы зор. Көптеген жастар кәмелеттік жасқа толатын кезде, өтпелі кезеңдерде психологиялық көмекке зәру болып жатады. Өйткені, ересек өмірге қадам басқаннан кейін өздерінің ойларын, қадамдарын, кей жағдайда ағайын-туыстарына, отбасы мүшелеріне, мұғаліміне айтуға қысылады, ыңғайын таба алмайды. Сондайда оларға ішіндегі шерін тарқататын психологиялық орталықтар, мамандар заман талабын қанағаттандыра алатын бірден-бір мүмкіндік. Көмек ақысыз көрсетіледі және қызмет анонимді түрде жүргізіледі.
Екі айдан бері «Психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу» бөлімі жастар мен жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің және аутодиструктивті оқиғалардың алдын алу мақсатында 10 жоғары және арнаулы оқу орындарында студенттермен 12 кездесу, 24 семинар-тренинг өткізді. «Неке және отбасы» тақырыбы аясында сабақ ұйымдастырылып, жас жұбайларға отбасы құндылықтары жайлы айтылды. 38 жасқа жеке психологиялық мәселелерін шешуге көмек көрсету үшін түрлі іс-шаралар жүргізілді. Сонымен қатар, облыстық наркологиялық диспансері және облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығымен бірлесіп «Зиянды әдеттің зардабы» атты 12 профилактикалық лекция оқылды. 14-29 жас аралығындағы 98 жас анонимді түрде, яғни өзін таныстыруды талап етпеген жағдайда психологиялық кеңес алды.

 

Болат ЖАНАБІЛ,
ОҚО Жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы:

Бөлiмдердi көбейтудi жоспарлаудамыз

– Психологиялық орталықтың бір артықшылығы – жастардың ересек өмірге дұрыс бейімделуіне ат салысады. Көбіне бой түзеп, ер жете бастаған ұл-қыз ата-анасынан сұрай алмайтын сұрақтар төңірегінде ақпаратты сыртқы ортадан қабылдайды. Ғаламтордағы қисынды-қисынсыз мәліметтерге сенеді, соның салдарынан түрлі келеңсіздіктер орын алады. Ер балалардың біразы ерте жастан ауру жұқтырып алады да, соның салдарынан кейінгі ересек өмірде белсіздікке ұшырап жатады. Қыз балалар да көп жағдайда шалыс басқан қадамын ата-анасынан жасырады. Қайда барарын, кімге ақтарыларын білмейді. Қорқады. Күйзеліске ұшырайды. Тереңге бойламай өзіне және өзгелерге қиянат жасауға мәжбүр болады. Қиындықтан шығудың жолын өз бетінше іздейді. Ол жолдың бірі – заңсыз әрекет жасауға итермелесе, екінші әрі дұрыс жолы – психолог кеңесіне жүгіну.
Жастар арасындағы жағдайды «қылмыс» емес, «қателік» деген дұрысырақ. Көп жағдайда жастар қателікке бой алдырса, жанындағы жора-жолдастары қажетті ақыл-кеңесті бере алмайды. Сондайда 1303 Call-центр нөміріне хабарласқаны жөн. Өзін таныстырмай-ақ, «мен осы қадамды дұрыс жасадым ба?», «енді қайтемін?» деген сұрақтарын психолог маманға қоя алады.
Күйзеліске ұшырап, психологиялық ауытқудың алдында тұрған жастардың емі ақылы түрде тым қымбатқа түседі. Бір сеанстың өзі 10-20 мың теңге аралығында және ондай сеансты кемінде он рет қабылдауы қажет. Сол шығынды қалтасы көтермейтін ата-ана перзентінің мүшкіл халіне еріксіз мойынсұнады. Алайда, біздің психолог мамандар дәл осы бағытта ақысыз қызмет көрсетеді.
Бөлімнің материалдық-техникалық базасын қалыптастыру, психолог мамандарының біліктілігін арттыру, қаржылық қолдау көрсету жұмыстарын жалғастыра береміз. Сондай-ақ, биыл алғаш рет қолға алынған «Психологиялық көмек көрсету және дағдарыстың алдын алу» бөлімінің қажет болса қала аумағында кабинеттерін көбейтеміз. Аудандарда ашу жоспары да алдағы уақытта жүзеге асатын болады.

 

Серікбай ТӨЛЕПБЕРГЕНОВ,
ОҚО Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы:

Жастарымыз жаман әдеттен аулақ болсын

– Алдыңғы жылы тәжірибе алу мақсатында Германияда іссапарда болдым. Олар балалармен жұмыс жасауға бөлек мемлекеттік бағдарлама құрады екен. Арнайы бекітілген бағдарлама бойынша жұмыс істейді.
Кәмелетке толмаған балалардың қатысуымен орын алатын заң бұзушылықтарды болдырмау мақсатында біздің елде де түрлі жұмыстар жүргізілуде. Қазіргі уақытта балаларды қылмыс жасаудан қорғау немесе жауапқа тартылғаннан кейінгі олардың қалыпты өмірге бейімделуге көмектесу үшін кездесулер ұйымдастырамыз. Мұндай жиындарға Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар Қоры демеушілік көрсетіп келеді. Сондай кездесулерде және кәмелетке толмағандардың сот процестерінде психолог мамандарының көмегін пайдаланамыз. Балалармен жұмыс жасауда психологтың көмегі өте қажет.
Соңғы 6 айдың көрсеткішіне сүйенсек, кәмелет жасқа толмаған балалар ісін «тонау» фактісі бастап тұр. Одан кейін «ұрлық», «бұзақылық» кезек алған. Заңда «қылмыс» деген аты суық болғанымен бұл балалардың ойламай жасаған қадамынан орын алатын қателіктер. Мысалы, ұялы телефон тартып алу, подъезде қалған велосипедті ұрлау, топ-топ болып төбелесу. Бірақ, арыз жазылып, заң бойынша қаралған соң бұл «қылмыс» деп аталады. Балаға жастайынан «қылмыскер» деген ат таңылмауы үшін олармен жұмыс жасау керек. Психолог мамандардың бұл жердегі рөлі зор.

 

 

Исақ АСАНОВ,
Шымкент қалалық білім бөлімінің бас маманы:

Ата-аналарға қырағылық керек

– Дәл қазір оқушылардың бәрі демалыста жүр. Бассейн, лагерь, түрлі демалыс аймақтарына кеткен ұл-қыздардың ең берісі кешкі салқында саябақтарда, аулада серуен құрады. Осылай көңіл көтерудің соңы ата-аналар тарапынан бақылаусыз қалса, балалар сезімге ерік береді. Демалыс кездерінде әр ата-ана балаларына қамқорлық танытып, ақылын айтып, сырласуға уақыты болмаса осы психологиялық орталықтың көмегін пайдалануға кеңес бергені дұрыс. Кей ата-ана «менің балам психологқа бармайды! Ол – ауру емес!» деп шамданып қалады. Психолог кеңесі тек науқастар үшін емес.
Біздің мекеме бөлім психологтарына тәртібі қиын немесе көңіл бөлуге мұқтаж 100 баланың тізімін берді. Қазір соның 26-сы психолог қабылдауында болды, қалғаны қыркүйек айынан жыл соңына дейін сеансқа қатысады.

Последнее изменение Пятница, 15 Июль 2016 09:43
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.