Шымкент қаласы Еңбекші ауданында 7 мамыр — Отан қорғаушылар күніне арналған мерекелік іс-шара өтті. ҚР ҰҚК Шекара қызметі Төле би шекара басқармасында өткен салтанатты жиын «Қарулы күштер — қауіпсіздік қазығы» деп аталды.
Мерекелік жиында Шымкент қаласы Еңбекші ауданының әкімі Досбол Есілбек пен Төле би шекара басқармасы бастығының бірінші орынбасары, подполковник Төлеген Бейсенұлы қарулы күштер, құқық қорғау органдары және азаматтық қорғаныс органдарының ардагерлері мен қызметкерлерін мерекемен құттықтады.
— Қарулы күштер — ел қауіпсіздігінің кепілі. Айбынды армиямыз, оның сапындағы сарбаздар мен сардарларымыз еліміздің аспаны ашық болып, халқымыздың тыныштық пен бейбітшілікте өмір сүруі үшін күні-түні қызмет атқарып келеді. Бабаларымыздан келе жатқан ерлік дәстүрді жалғап, шекарамызды күзетіп тұрған әскери қызметшілерге алғысымызды білдіреміз. Отан қорғаушылар күні жас ұрпақты Отансүйгіштікке, ерлік пен адалдыққа тәрбиелер мерекеге айнала берсін, — деді Д.Есілбек.
Салтанатты шарада мінсіз қызмет атқарып жүрген әскерилер, азаматтық қорғаныс және құқық қорғау органдары қызметкерлері аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Жиынның соңы мерекелік концертке ұласты.
А.САЙЛАУҰЛЫ