Редакция таңдауы

ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ТАЛАП-ТІЛЕГІ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛМАЙДЫ

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының ұйымдастыруымен Қаратау ауданында кезекті мобильді қоғамдық қабылдау өтті. Іс-шара барысында қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігі салалық басқармаларының өкілдері мен тәжірибелі заңгерлер тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдап, олардың арыз-шағымдарын тыңдады.

 

Қабылдауға келген азаматтар тұрғын үймен қамту, денсаулық сақтау, әлеуметтік көмек, инфрақұрылымды дамыту және құқық қорғау салаларына қатысты түйткілді мәселелерін көтерді. Әрбір сұрақ назардан тыс қалмай, сала мамандарының қатысуымен заң аясында қаралып, нақты жауап пен кеңес берілді. Бірқатар мәселелер бойынша сол жерде жедел шешім қабылданып, азаматтардың өтініштері орындалды.

Партия өкілдерінің айтуынша, мобильді қоғамдық қабылдаудың басты мақсаты – халықпен тығыз байланыс орнатып, олардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін өзекті мәселелерді жауапты органдарға жеткізу. Сонымен қатар, қабылдау барысында тұрғындардан түскен ұсыныс-пікірлер де назарға алынып, болашақта шешімін табуға ықпал етеді.

«AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалының мәліметінше, жыл басынан бері төрт мобильді қабылдау ұйымдастырылып, 65 өтініш қаралған. Оның 54 пайызы оң шешімін тапса, қалған өтініштер бойынша жұмыс жалғасуда. Барлық мәселе партияның бақылауына алынып, орындалу барысы қадағаланып отырады.

Айта кетейік, мұндай қабылдаулар ай сайын ұйымдастырылып келеді және жыл соңына дейін өз жалғасын табады.

Гүлжауһар БАЖАҚАЙ

Соңғы жаңалықтар