Версия для печати

Жаңартылған бiлiмге – жаңаша көзқарас

Среда, 08 Июнь 2016 06:16 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 10801 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Білім мен ақпарат дамыған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады. Білім берудің негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдерін және әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Білім саясатындағы ғылыми-техникалық бағытты жандандыру, білім мен ғылымның басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгізу инновациялық дамудың негізгі бағыты. Бұл – білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады.

99999999999

Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстандық білім беру жүйесін жақсарту үшін, ең алдымен педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, біліктілігін дамыту бағытына үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар мұғалімнің өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы ойланып, жаңа идеялармен жұмыс жасауға негіз болады.

ҚР-ның Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылғы жолдауында елімізде білім сапасын арттыру бағытын жүзеге асыру мақсатында ұстаздардың біліктіліктерін арттыру мәселесін көтерді. Осы бастаманың негізінде ҚР-да «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында «Педагогикалық шеберлікті арттыру» бойынша деңгейлік бағдарламалардың үш айлық курс жұмыстары жүргізіліп келеді. 2012-2015 жылдар аралығында Шымкент қаласы бойынша 13559 педагог мамандардан барлығы 1925 мұғалім үш айлық деңгейлік бағдарламалар курсынан өтті, оның ішінде 432 мұғалім І деңгей, 172 мұғалім – ІІ деңгей, 1321 мұғалім-ІІІ деңгей бағдарламалары бойынша курстардан өтіп, біліктіліктерін арттырды. 2016 жылы барлығы 244 мұғалім, оның ішінде 146 мұғалім– І деңгей, 58 мұғалім – ІІ деңгей, 40 мұғалім-ІІІ деңгей бағдарламалары бойынша үш айлық курстардан өтуі жоспарлануда. Жаңартылған бағдарламалар бойынша ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін 2016-2017 оқу жылында 1-сыныпқа сабақ беретін педагогтар және бастауыш сынып мұғалімдері білім жетілдіру курстарынан өтеді. Жаңартылған бағдарлама бойынша кезең-кезеңмен оқыту 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 1 сыныптарда, 2017 жылдың 1 қыркүйегінде 2 сыныптарда, 2018 жылдың 1 қыркүйегінде 3 сыныптарда, 2019 жылдың 1 қыркүйегінде 4 сыныптарда жүзеге асыру жоспарлануда.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы орта білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Елбасы жолдауында айтылғандай, болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін, заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін – білім. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Осыған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Сондықтан ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және оқудағы және оқытудағы жаңа тәсілдерді меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы тұрғыда әр пән мұғалімдерінің оқыту әдістерін, жаңа технологияларды таңдап пайдалану және авторлық үлгілерді қолдану мүмкіндігі берілген. Деңгейлік бағдарламалар бойынша үш айлық курстың міндеті де – ұстаздардың шеберлік деңгейі мен белсенділік, табыстылық нәтижелерін шыңдап, мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жоғары деңгейге көтеруге негізделіп отыр.

Қай кезеңде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстазға үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаз қолында. Қазіргі білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу күннен-күнге басты талапқа айналып, осы әдістерді жетілдіре түсу қажеттігі күшейіп келеді. Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады.

Барлық дамыған елдер өзінің бірегей жоғары сапалы білім беру жүйесіне ие. Негізгі мектеп үшін, барлық мектептердегі оқыту стандарттарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне дейін жақсарту қажет. Жоғарғы сынып оқушылары қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп шығулары тиіс. Оқытудың нәтижесі – сын тұрғысынан ойлау, өздігінен зерттеу және ақпаратты терең талдау дағдыларын меңгеруге бағытталуы керек. Қазіргі мемлекеттік бағдарламаларда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім берудегі озық іс-тәжірибелерінің ең үздік үлгілерін еліміздің барлық білім беру мекемелерінде кіріктіру көзделген.
Заманауи қоғамның зиялы азаматына білім беру – сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңашыл ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын адамды тәрбиелеу. Жаңартылған бағдарлама ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттейді. Оқушылардың бойына өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін қажетті дағдыларды дарыту мақсатында мұғалімдерге тынымсыз еңбектену керек болады.

Г. НЫСАНОВ,
Шымкент қаласының
білім бөлімі басшысының орынбасары

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.