Оңтүстік Қазақстан облысында қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге атсалысқан 218 азаматқа сыйақы ретінде 4,5 млн теңге төленді. Бұл туралы «Қауіпсіз қала – Шымкент» жобасының атқарылу барысын қорытындылаған өңір прокурорлары мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Прокурорлар жоба аясында шаһардағы қылмыстылық көрсеткішi 19 пайызға төмендегенін айтады. Оған тек құқық қорғаушылар емес, қарапайым халық та атсалысқан. Мәселен, әрбір шағынауданда полицияның ерікті көмекшілері топтары құрылып, олар аула, көше, көпқабатты үйлерде кезекшілік жасаған. 

– Жоба іске асырылған уақыттан бастап халықпен 50-ден астам кездесу, көшелерге 12 баннер, телеарналарда, кинотеатрларда және ЛЭД жарнамаларында 5 түрлі видеоролик көрсетуге ықпал жасадық. Интернет желілеріндегі Фэйсбук, Твиттер аккаунттерінде құжаттар, жергілікті газеттерде басылымдар шығарылып жатыр. Қазіргі таңда қалада жедел басқару орталығына (ЖБО) қосылған 242 бейнебақылау камераларымен ауысыммен істейтін 8 қызметкер жұмыс атқарады. Осы жылы ЖБО-ға тағы 204 камера қосылмақ, – дейді облыс прокурорының аға көмекшісі Н. Сейдалиев. 

Шағынаудандарда пәтер және автокөліктерден ұрлықтар басым. Осы мәселені шешу мақсатында көпқабатты үйлер орналасқан шағынаудандарда паркингтер салу ұсынылып отыр.

Опубликовано в Қоғам
Среда, 09 Ноябрь 2016 05:10

Жаңа жоба – тиімді тәжірибе

МҰҒАЛІМДЕР ЭЛЕКТРОНДЫҚ ЖҮЙЕМЕН ТАҒАЙЫНДАЛАДЫ

Ел аумағында алғаш болып, Шымкентте мұғалімдерді тағайындаудың электронды жүйесі жүзеге аспақ. Мамандар аталмыш жобаның нұсқасы бүгінде толығымен дайын екенін айтады. Білім беру саласындағы реформаның өзіндік өзектілігі «Фронт офис» орталығында «Білім жүйесін автоматтандыру» тақырыбында өткен жиында кеңінен талқыланды.

Жиынға қала әкімінің орынбасары Қайрат Нұртай, қала әкімі аппаратының басшысы Рашид Аюпов, қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева қатысты. 

Алдымен, «Мектепішілік электронды бақылау жүйесі» тақырыбында SCC компаниясының өкілі Евгений Сатановский баяндама жасап, әлемдік тәжірибеде тиімділігін көрсеткен бағдарламаның нәтижелерімен таныстырды.

– Біз ұсынып отырған жоба педагог мамандардың ақпараттық-коммуникациялық технологияны пайдалану дайындығын және оқушыға мейлінше мол ақпарат беру мүмкіндіктерін кеңейтуді қарастырады. Яғни, автономды, мобильді оқытуда мұғалімдер ақпараттық-телекоммуникациялық жүйенің көмегіне сүйене алады, – дейді компания өкілі.

Сондай-ақ, жиында «Баланы балабақша мен 1 сыныпқа электронды түрде орнату мен қабылдау жүйесі» тақырыбында КДС Азия компаниясының және «Мұғалімдерді электронды түрде тағайындау жүйесі» тақырыбы аясында IT-invest group компаниясының өкілдері өз жобаларын таныстырды. 

– «Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасына» сәйкес, сала мамандарына аталған жобалардың нұсқасын дайындау тапсырылған еді. Өз кезегінде, мектепішілік электронды бақылау жүйесі оқушы – ата-ана – мектепті қамтыған үш жақты байланысты нығайтып, оқушылардың оқу үлгеріміне, мектептен тыс уақытын бақылауға оң септігін тигізеді деп күтілуде, – деді қала әкімінің орынбасары Қ. Нұртай.

Баласының білікті азамат ретінде қалыптасуына мүдделі ата-аналар ендігі жерде балабақша мен мектепті таңдауда электронды жүйенің көмегіне сүйене алады. Яғни, оқытушылар құрамының біліктілік деңгейі, қылмыстылық ахуалы, білім ұясының жалпы рейтингісі осы ақпараттық-телекоммуникациялық жүйе аясында бақыланады. Демек, білім ордалары рейтинг үшін жұмыс істеуге дағдыланады. Ең бастысы, ата-аналарға балаларын тұрғылықты тіркелу мекен-жайына тәуелсіз түрде, қалауындағы мектепке беру мүмкіндігі туады. 

Ұсынылған жобаның тағы бірі – мұғалімдерді тағайындаудың электронды жүйесі арқылы үміткерлер бос орындарға өтініштер мен тиісті құжаттарын электронды түрде тапсыра алады. Бос орындардың саны мен үміткерлердің тізімі электронды порталда жарияланатын болады. Жаңа жүйе – үміткерлердің бос орынға тағайындалу конкурсының ашықтығын қамтамасыз етпек.
Айта кетейік, тәжірибеге жаңа енгелі отырған инновациялық жобалар «Фронт-офис» қызметінің аясында жүзеге асырылатын болады.

Опубликовано в Білім

Шымкент қаласы биыл да білім саласы бойынша биіктен көрінді. Бiз жаңа оқу жылы қарсаңында қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Арысбекқызы Тәжиеваға жолығып, ел ішінде қызу талқыланып жатқан білiм жүйесiндегi реформалар және басқа да өзекті мәселелер төңiрегiнде әңгімелескен едік.

zhtazhieva– Жанат Арысбекқызы, жаңа оқу жылына дайындық қалай жүріп жатыр? Әңгімеңізді осыдан бастасаңыз.

– Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Биыл екі мектеп қыркүйекте пайдалануға беріледі. Олар – «Қаратөбе» шағынауданындағы 600 орындықты және «Ынтымақ» шағынауданындағы 900 орындықты білім ордалары. Сондай-ақ, Оспанов көшесіндегі №61 ғимараттың жұмыстары аяқталып, балабақша ретінде қайта құрылды. Мектептер мен балабақша оқу жылының алғашқы күнінен бастап білім беретін болады. Биыл білім мекемелерінің жөндеу жұмыстарына 222 млн 458 мың теңге бөлінген болатын. Осы қаражат есебінен 124 мектеп пен 80 балабақшаға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл қаламыздағы 127 мектеп оқушыларға есігін айқара ашады.

– Қала көлемiнде бiрiншi сыныпқа қабылданатын бүлдiршiндер саны қаншаға жеттi?

– Қала бойынша 21 200 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды. Бұл – әрине қуанышты жағдай. Көрсеткіш арқылы өңірдің экономикасының, халықтың жағдайының жақсарғанын байқауға болады. Сонымен қатар, қала аумағының көбеюіне байланысты, тұрғындар саны жыл санап артып келеді.

– Жанат Арысбекқызы, бiлiм беру жүйесінде қандай өзгерiстер енгізілетін болады?

– Білім саласының алдында жаңа реформа күтіп тұр. Он екі жылдық білім жүйесіне көшу, бес күндік оқу аптасы, үш тілде оқыту дегендей жаңалықтар кезең-кезеңімен білім саласына енгізіле бастайды. Биыл 1 сыныпқа баратын балалар Назарбаев зияткерлік мектебінің НЗМ бағдарламасы бойынша білім алады. 12 жылдыққа өтудің ең бірінші кезеңі биылғы бірінші сынып оқушыларынан басталады. Бұл оларды 12 жыл оқиды дегенді білдірмейді. 5 сыныпқа барғанда аттап кету мәселесі болады. Демек 11 жыл оқиды. Сондай-ақ бірінші сынып оқушылары үшін 4-5 секілді баға болмайды. Бағалау критериймен алмастырылады. Сонымен қатар 1 сынып бағдарламасына ағылшын тілі пәні енгізіледі. Және 5 күндік оқу жүйесіне көшеді. Бұл реформадан үркудің қажеті жоқ. Мәселен, бес күндік оқу аптасы дегенді түсінбей жатқандар да бар. Айта кетейін, 7 сыныптан бастап «Робототехника» пәні енгізіледі. Бұл пәнде роботтардан қолдан конструкция жасау, құрастыру қамтылады. Жаңа пәннің баланың ой-өрісін дамытуға, логикалық қабілетін арттыруға ықпалы мол.

– Үш тілде білім берудің қиындығы туралы көбірек айтылуда...

– Үш тілде білім беруге кезең-кезеңімен көшеміз. Уақыт талабы осы. Сол себепті бұл жаңалықтан да қорықпауымыз керек. Бұл үшін мамандарымыз даярлаудан өтті.

– Баласы мектепте оқитын ата-ананың жұмысы көбейіп, қыза түсетіні белгілі. Алдымен баласын сақадай сай етіп оқуға әзірлейді. Бірыңғай мектеп формасы жайында не айтасыз?

– Оқушыларымыздың бiрыңғай мектеп формасына көшкенiне бiраз уақыт болды. Олардың бет-бейнесiн айғақтайтын, оның балалық шағының белгiсi – мектеп формасы. Десе де, осы мектеп формасы төңірегінде талай рет тартысты әңгімелердің болғаны рас. Қазір қаламызда «Гауһар», «Алтын адам» тігін фабрикалары бар. Біз олардың өнімдерін ата-аналарға ұсынған болатынбыз. Ал таңдау құқығы ата-аналардың өз еркінде. Фабрикаларға тапсырыс береді немесе кез келген сауда желісінен сатып алуына болады.

– Оқулық мәселесi де жыл артқан сайын бiр жүйеге түсiп келе жатқан сыңайлы. Биыл оқулық жеткілікті бола ма?

– Биыл 1 сыныпқа қабылданатын балалар саны өткен жылғыдан мыңнан астам артық. Былтыр 20 054, жаңа оқу жылында 21 200 оқушы қабылданады деп жоспарлануда. Әйтсе де, 1, 8 сынып оқушылары оқулықпен толық қамтамасыз етіледі. 1 сынып оқушылары үшін 336 736 дана оқулық пен оқу-әдістемелік кешендерін сатып алу үшін 6 баспамен келісім-шарт жасалды. Бала санының артуына байланысты 4, 5, 7 сыныптың оқушылары үшін қажетті оқулықтармен қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен бөлінген 797 192,0 мың теңгеге 13 баспа арқылы келісім-шарт жұмыстары жүргізілді. Яғни бізде оқулық мәселесі толығымен шешімін тауып отыр. Ең алдымен, тегiн оқулық көп балалы және әлеуметтiк аз қамтылған отбасы балаларына берiлсе, қалған балалар да оқулықпен қамтылады.

– Жаңа мектепке ауысу немесе балабақшаға орналастыруда көптеген түйткілді мәселелер кездеседі. Ата-ана нені ескергені жөн?

– Кез келген ата-ана баласын жақсы мектепке, балабақшаға бергісі келеді. Ата Заңымызға сәйкес ата-ана қайда оқытса да құқылы. Десе де, биыл қыркүйек айынан бастап, балалар мектепке Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы орналастырылады. Яғни орталық арқылы мектепке бос орынның бары немесе жоқтығы алдын ала анықталады. Орын болса ауысуға анықтама алады. Мектеп оқушыны ХҚКО-нан мекен-жай негізінде қабылдайды. Балабақшаға орналастыру да орталық қызметі арқылы жүзеге асырылады.

– Үш ауысымдағы мектептердің мәселесі шешілді ме?

– Қала аумағы кеңейіп, халық саны артқан кейбір мектептердің тар екені байқалуда. Қалалық білім бөліміне қарасты 127 мектеп бар. Оның жетеуінде оқушылар үш ауысыммен оқиды. Ал біреуі апатты жағдайда. Білім ордаларының жетіспеушілігін жою мақсатында 14 нысанда құрылыс жұмыстары жүріп жатыр. 8 мектептің үш ауысымға өту қауіпі бар. Сондай-ақ мектебі жоқ 6 елдімекен анықталды. Қазір апатты жағдайдағы №34 мектепке құрылыс жұмыстары жүруде. Жоспар бойынша алдағы үш жылда 34 білім ордасын салу көзделген. Бүгінде құрылысқа қажетті жер бөлу мен жобалық сметалық құжаттар әзірленуде. Егер жоспар жүзеге асса, 2020 жылға қарай үшінші мегаполисте мектеп мәселесі түгелімен шешіледі.

– Оқушыларға смартфон ұстауға тыйым салына ма?

– Жаңа оқу жылынан бастап, смартфонға тыйым салуды қолға алғалы отырмыз. Себебі балалар сабақ оқудың орнына партаның астына тығылып, ойын ойнап, әлеуметтік желілерде отырады. Шындығында оқушылар телефонға тәуелді. Тіпті кейбір балалардың сабақ оқуға ынтасы төмендеген. Өкінішке қарай, жасөспірімдер арасында ерте жүктілік, өз-өзіне қол салу, қылмыстық оқиғалар көбейген. Мұның бір ұшы интернетті ұдайы пайдаланатындардың арасынан шығып отыр. Осы мәселелерді шешу мақсатында үлкен іс-шаралар жоспарын құрдық. Біз қала ішінде 14 қауіпті аймақты анықтадық. Жарықтандыруды қажет ететін 69 аула, қараусыз қалған 58 ғимарат, 24 үйдің жертөлелері бар. 54 мектептің жанында жаяу жүргінші жолдары салынбаған. 10 мектептің жанынан алькогольді өнім сататын 29 дүңгіршекті анықтап отырмыз.

– Елбасы мұғалімдерді қағазбастылықтан құтқару керектігін айтқан еді. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр?

– Облыстық білім басқарамасының 30 мектепті электронды журналға көшіру бойынша жұмысы басталды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың тікелей бастамасымен 29 мектепке электронды жобаны жүзеге асырып отырмыз. Яғни біздің 58 мектебіміз көшетін болады. Ақпараттардың бәрі компьютер арқылы қабылданады.

– Ұстаздарға көрсетілер құрметпен қатар қойылар талап та көп. Бүгінгінің мұғалімі қандай болуы керек?

– Мұғалім – баланың болашағына жауапты тұлға. Сондықтан ұстаз жауапкершілікті сезініп, сергек болуы тиіс. Мұғалімге қай кезде де ізденіс, өмір бойы оқу, білім алу қажет. Уақыт талабына сай, бәсекеге қабілетті ұлт болашағын дайындауға ең алдымен өзі дайын болу керек.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан
Құттыбике НҰРҒАБЫЛ

Опубликовано в Білім

Аймақтық коммуникациялар қызметінде облыстық білім басқармасы мен қалалық білім бөлімінің басшылары баспасөз мәслихатын өткізді. Отырыста жаңа оқу жылына білім беру мекемелерінің дайындығы сөз болды.

photo 76295Облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Әлібек Кенжебаевтың айтуынша, алдағы оқу жылында, Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы қарсаңында 73699 бала 1-ші сыныпқа барады. Шымкент қаласы бойынша 21 200 бала алғаш рет мектеп табалдырығын аттайды.

Олар жаңа мазмұнды білім беру бағдарламасы аясында заманауи мектептерде оқиды. Күрделі жөндеуді қажет ететін, жаңадан бой көтеріп жатқан білім ұялары уақытында пайдалануға берілмек. 

Шымкент қаласында 223 білім беру мекемесі бар. Оның 127-сі – мектеп, 87-сі – балабақша, 9-ы – мектептен тыс мекеме болса, 50 мектеп қазақ тілінде дәріс береді. Биыл жаңашылдық бойынша 1-сыныпқа баратын оқушылар 5 күн оқиды. Сондай-ақ, 1, 8 сыныптың оқушылары 100 пайыз кітаппен қамтылады. Ал қалған сыныптарға 90 пайыз оқулық беріледі. Осы орайда тұрмысы төмен, көпбалалы, жетім балалар да назардан тыс қалмайды. Қажетті кітабын толық алады. Айта кетейік, бірінші сыныпқа баратын балалар сынақ тапсырмайды. 

– Ата-ана баласын қай мектепке берсе де, өз еркі. Алайда көбісі қаладағы білімі жақсы мектептерде оқытқысы келеді. Ал мектептердің сыйымдылығы 1200 балаға шақталған, – дейді қалалық білім бөлімінің басшысы Жанат Тәжиева.

Биыл қаладағы 3 мектеп пен үш балабақшаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ №91, 111 мектептердің 300 және №53 мектептің 600 орындық құрылыстары аяқталып, 1 қыркүйекке оқушыларды қабылдауға дайын.

(Қалалық білім бөлімі басшысының
сұхбатын мына сілтемеден оқисыздар)

Опубликовано в Білім
Среда, 15 Июнь 2016 04:42

Жаңа тариф ұсынылды

Шымкент қаласындағы Әкімшілік-іскерлік орталығының жылу жүйесіне жауапты «Қуатжылуорталық-3» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны жаңа тариф енгізу туралы мәселені алға тартып отыр. Бұл туралы Әкімшілік-іскерлік орталығы қазандығынан жылу өндіру және пайдалануға беру қызметтері бойынша жаңа тарифті бекітуге арналған өтінімін жария тыңдау кезінде айтылды.

IMG-20160613-WA0018

«Қуатжылуорталық-3» МКК Әкімшілік-іскерлік орталығы қазандығының жылу жүйесінің қызметімен 21 көпқабатты тұрғын үй және 6 бюджеттік нысан: облыстық әкімдік ғимараты, «Отырар» кітапханасы, «Түркістан» сарайы, Ж.Шанин атындағы Қазақ академиялық драма театры, «Көрме орталығы», Көркем гимнастика мектебі қамтамасыз етілген. Жылу жүйесі бағасын қымбаттатуға «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның өткен жылғы шығындары себеп болып отыр. Яғни, тұтынушылар тарапынан жылу жүйесіне төленуі тиіс 108,70 млн теңгенің 55,753 млн-ы ғана шығынды ақтаған. Ал қалған 52,957 млн теңге «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның бюджетіне салмақ салған.

Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің ОҚО бойынша департамент бастығының орынбасары Шырынәлі Үсенов көпқабатты үйлердің тұрғындарына аталған мәселеге орай туындаған сұрақтарға жауап берді.

IMG-20160613-WA0012

– «Қуатжылуорталық-3» МКК қазандығы жылытатын Әкімшілік-іскерлік орталығында ғимараттардың барлығы дерлік жаңа. Тұрғын саны аз болғанымен жылыту аумағы кең. Тіпті, бос тұрған нысандарды да жылытуға міндеттіміз. Егер біз «пайдаланылмайды» немесе «тұрғыны жоқ» деп жылу жүйесін тоқтатсақ, бұл – нысанның құрылыс сапасына зиян келтіреді. Қазіргі жағдайда «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» өтетін жалғыз жол – тарифті жылу энергиясын есептегіш құралы бар жеке тұлғаларға 5 800 теңге/Гкал, бюджеттік мекемелерге 16 561,32 теңге/Гкал етіп бекіту, – дейді Ш.Үсенов.

Шығынмен жұмыс істеудің тиімсіздігін алға тартқан «Қуатжылуорталық-3» МКК-ның заңгері әр тұрғын тек өз пәтерінің аумағына ғана төлеуге міндетті екенін айтты. Ал иесін таппаған пәтерлерге қалалық ТҮКШ бөлімі жауапты. Сондай-ақ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың мәселесін халықты әлеуметтік қорғау саласының көмегімен шешуге болатынын түсіндірді.

Опубликовано в Қоғам

Білім мен ақпарат дамыған қоғамда білім беру жүйесі инновациялық экономиканың негізгі бөлігі болып табылады. Білім берудің негізгі мақсаты-білім мазмұнының жаңаруымен қатар, оқытудың әдіс-тәсілдерін және әртүрлі құралдарын қолданудың тиімділігін арттыруды талап етеді. Білім саясатындағы ғылыми-техникалық бағытты жандандыру, білім мен ғылымның басым бағыттарын дамыту жолындағы ресурстарды шоғырландыру, оның жетістіктерін өндіріске енгізу инновациялық дамудың негізгі бағыты. Бұл – білім берудің ұлттық моделінің қалыптасуымен және Қазақстанның білім беру жүйесін әлемдік білім беру кеңестігіне кіріктірумен сипатталады.

99999999999

Қазақстанда білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жобасында Қазақстандық білім беру жүйесін жақсарту үшін, ең алдымен педагог кадрлардың мәртебесін арттыру, біліктілігін дамыту бағытына үлкен мән берілген. Осыған байланысты қазіргі таңда еліміздің білім беру жүйесіндегі реформалар, өзгерістер мен жаңалықтар мұғалімнің өткені мен бүгіні, келешегі мен болашағы жайлы ойланып, жаңа идеялармен жұмыс жасауға негіз болады.

ҚР-ның Президенті Н.Назарбаевтың 2012 жылғы жолдауында елімізде білім сапасын арттыру бағытын жүзеге асыру мақсатында ұстаздардың біліктіліктерін арттыру мәселесін көтерді. Осы бастаманың негізінде ҚР-да «Білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын» іске асыру мақсатында «Педагогикалық шеберлікті арттыру» бойынша деңгейлік бағдарламалардың үш айлық курс жұмыстары жүргізіліп келеді. 2012-2015 жылдар аралығында Шымкент қаласы бойынша 13559 педагог мамандардан барлығы 1925 мұғалім үш айлық деңгейлік бағдарламалар курсынан өтті, оның ішінде 432 мұғалім І деңгей, 172 мұғалім – ІІ деңгей, 1321 мұғалім-ІІІ деңгей бағдарламалары бойынша курстардан өтіп, біліктіліктерін арттырды. 2016 жылы барлығы 244 мұғалім, оның ішінде 146 мұғалім– І деңгей, 58 мұғалім – ІІ деңгей, 40 мұғалім-ІІІ деңгей бағдарламалары бойынша үш айлық курстардан өтуі жоспарлануда. Жаңартылған бағдарламалар бойынша ағымдағы жылдың қыркүйек айына дейін 2016-2017 оқу жылында 1-сыныпқа сабақ беретін педагогтар және бастауыш сынып мұғалімдері білім жетілдіру курстарынан өтеді. Жаңартылған бағдарлама бойынша кезең-кезеңмен оқыту 2016 жылдың 1 қыркүйегінде 1 сыныптарда, 2017 жылдың 1 қыркүйегінде 2 сыныптарда, 2018 жылдың 1 қыркүйегінде 3 сыныптарда, 2019 жылдың 1 қыркүйегінде 4 сыныптарда жүзеге асыру жоспарлануда.

Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуы орта білім беру жүйесінің дамуымен тығыз байланысты. Елбасы жолдауында айтылғандай, болашақта өркениетті дамыған елдердің қатарына ену үшін, заман талабына сай білім қажет. Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына жеткізетін – білім. Ғылым мен техниканың күн санап өсуіне байланысты педагогика ғылымының теориясы мен оқыту үрдісі де түбегейлі өзгерістерге ұшырауда. Осыған орай оқытудың парадигмасы өзгерді. Білім берудің мазмұны жаңарып, жаңаша көзқарас пайда болды. Сондықтан ұстаздар алдында оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жаңартып отыру және оқудағы және оқытудағы жаңа тәсілдерді меңгеру, оны тиімді қолдана білу міндеті тұр. Осы тұрғыда әр пән мұғалімдерінің оқыту әдістерін, жаңа технологияларды таңдап пайдалану және авторлық үлгілерді қолдану мүмкіндігі берілген. Деңгейлік бағдарламалар бойынша үш айлық курстың міндеті де – ұстаздардың шеберлік деңгейі мен белсенділік, табыстылық нәтижелерін шыңдап, мектептегі оқу-тәрбие жұмысын жоғары деңгейге көтеруге негізделіп отыр.

Қай кезеңде, қай қоғамда болсын жеке тұлғаның қалыптасуы ұстаздан басталады. Білім саласындағы түбегейлі өзгерістер ұстазға үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өздігінен білім алатын, жан-жақты ізденетін, алдағы өмір жолын өзі болжай алатын тұлға тәрбиелеу – ұстаз қолында. Қазіргі білім беру жүйесінде жаңа технологияларды енгізу күннен-күнге басты талапқа айналып, осы әдістерді жетілдіре түсу қажеттігі күшейіп келеді. Мұғалімнің шеберлігі қандай жоғары болса да, мұғалім оқушының өз белсенділігін туғыза алмаса, берген білім күткен нәтиже бермейді. Оқушының тұлға ретінде қалыптасуы белсенділік арқылы жүзеге асады.

Барлық дамыған елдер өзінің бірегей жоғары сапалы білім беру жүйесіне ие. Негізгі мектеп үшін, барлық мектептердегі оқыту стандарттарын Назарбаев Зияткерлік мектептерінің деңгейіне дейін жақсарту қажет. Жоғарғы сынып оқушылары қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгеріп шығулары тиіс. Оқытудың нәтижесі – сын тұрғысынан ойлау, өздігінен зерттеу және ақпаратты терең талдау дағдыларын меңгеруге бағытталуы керек. Қазіргі мемлекеттік бағдарламаларда Назарбаев Зияткерлік мектептерінің білім берудегі озық іс-тәжірибелерінің ең үздік үлгілерін еліміздің барлық білім беру мекемелерінде кіріктіру көзделген.
Заманауи қоғамның зиялы азаматына білім беру – сана әлеуеті жоғары дамыған, сын тұрғысынан және жаңашыл ойлай білетін, рухы мықты, өз білімін қоғамның алға басуына жұмсай алатын адамды тәрбиелеу. Жаңартылған бағдарлама ұстаздарға үлкен жауапкершілік міндеттейді. Оқушылардың бойына өмірдің барлық салаларында табысты болу үшін қажетті дағдыларды дарыту мақсатында мұғалімдерге тынымсыз еңбектену керек болады.

Г. НЫСАНОВ,
Шымкент қаласының
білім бөлімі басшысының орынбасары

Опубликовано в Білім
Среда, 20 Апрель 2016 05:59

Өзгеру мен өсу

елiмiздегi бiлiм жүйесi осы жолда тұр

Білімді ұрпақ – ел болашағы. Тәуелсіздік алған тұстан бері білім беру саласында түрлі реформалар жүзеге асты. Әлемдік білім-ғылымның, инновацияның көшіне ілесу мақсатында биылдан бастап тағы да бірқатар реформаларға алғашқы қадам жасалмақ. Оның бірі – 2016-2017 оқу жылынан бастап елімізде бірінші сынып оқушылары үш тілде білім алатындығы. Бұл туралы Алматыда өткен «Ғылым және бизнес» атты халықаралық форумында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев хабарлаған болатын.

684138b83bb1476227a1c28953582b8c

Үш тiлдi бiлу – қажеттiлiк

Бұл өзгеріске қала ұстаздары мен оқушылары қаншалықты дайын екенін білу мақсатында Шымкент қалалық білім бөлімі ғылыми әдістемелік орталығының директоры Кенжегүл Сағындықоваға жолыққан едік.
Жауапты маманның айтуынша, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы акционерлік қоғамы мен педагогикалық шеберлік орталығында бүгінгі таңда 180 ұстаз білімін жетілдіруде. Бұдан бөлек қыркүйекке дейін бірінші сыныпты қабылдайтын 805 мұғалімді оқытып, білім-біліктілігін арттырамыз деп отыр.
– Бейнелеу өнері, музыка, денешынықтыру, ағылшын тілінен ұстаздарымыз білім деңгейін көтеруде. Жаңартылған оқу жүйесіне көшуге дайынбыз деп айта аламын. Жоғары оқу орындары алдында да болашақ педагогика мамандарының заманға сай жаңа буынын даярлау міндеті тұр. Үш тілді білу – қазіргі заманның талабы, қажеттілік. Сондықтан бұл жүйеге шошына қараудың қажеті жоқ, – дейді К.Сағындықова. Осылайша бағдарлама сәтті жүзеге асып жатса, 2017 жылы 2,5,7 сыныптар, 2018 жылы 3,6,8,10 сыныптар, ал 2019 жылы 4,9,11,12 сыныптар осы жүйеге көшпек.
Тағы бір білім саласына енгізілетін өзгеріс – жоғары сынып оқушылары да жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде оқиды. Бұл мәселе әлеуметтік желілерде қызу талқыға түсіп, байыбына бармай байбалам салғандар да болды. Білім және ғылым министрі Ерлан
Сағадиев журналистер мен блогерлермен кездесу өткізіп, осы мәселелерге қатысты сан сауалға жауап берді. Министрдің мәлімдеуінше, 10-11 сынып оқушылары информатика, химия, биология және физика пәндерін ағылшын тілінде өтеді. Ол үшін ұстаздарға біліктілікті жоғарылату курстары мен жазғы мектептер ұйымдастырылып, ағылшын тілін үйренудің тиімді мобильді қосымшалары шығарылып, онлайн оқыту жүйесі жүзеге асады.
Алдымен 2017 оқу жылында информатика пәні ағылшын тілінде өтеді, ал қалған пәндер 2020 жылға дейін біртіндеп көшірілмек. Осылайша үш тілде бірдей оқыту жүйесі арқылы өскелең ұрпақтың талабын шыңдап, отандық және шетелдік жетекші оқу орындарында тең дәрежеде білім алуға жол ашылмақ.
Ж. Аймауытов атындағы №64 мектеп-гимназияның директоры Зейнегүл Асылбекова үш тілді жетік білу, білім мен ғылым саласына озық технологияларды енгізу – бүгінгі уақыт талабы екенін айтады. Талай дарынды ұл-қызды түлеткен білім ордасының ұстаздары жаңа жүйеге оң көзқараспен қарап, жаңа технологияларды қолдану арқылы оқушыларды жан-жақтылыққа тәрбиелеуде.
– Біздің мектепте біліктілігін 1, 2, 3 деңгей бағдарламасымен арттырған, инновациялық тәсілдерді игерген мұғалімдер бар. Олар «Өзгеріс не үшін қажет?», «Нені енгізу қажет?», «Неліктен біздің оқыту тәсілдерімізді өзгертуге тиіспіз?», «Біз бұны қалай жүзеге асырамыз?» деген сұрақтар топтамасына жауап іздеп, дәстүрлі және жаңа инновацияларды сабақтастыра отырып дәріс жүргізеді. Тілдік ортаны жетілдіру мақсатында сұхбаттар құрып, түрлі ойын тәсілдері арқылы оқушыларға сабақ өтеді. Сол себепті бұл жаңа жүйеге көшуге дайынбыз деп айта аламын, – дейді мектеп басшысы Зейнегүл Асылбекова.
Айта кетейік, Еуроодақтағы 28 елдің 17-сінде шет тілін үйрету балабақшадан басталады екен. Ал экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына кіретін 17 елде ағылшын тілін шет тілі ретінде бастауыш мектепте екпін түсіре оқытады. Әлемнің өзге дамушы елдерінде де бір немесе одан да көп пәндерді ағылшын тілінде оқытуға көшкен. Осылайша біздің ұл-қыздар да, үш тілді жетік меңгеріп, әлемдік білім жүйесіне ілесіп, болашағына нық негіз қалап жатса, нұр үстіне нұр емес пе?!

Оқушылар 1 маусымµа дейiн оқиды

Бес күндік білім беру жүйесіне көшу туралы өзгеріс те ата-аналарды бей-жай қалдырмады. «Бұл жүйеге көшсек, оқу маусымы жаздың бел ортасына дейін созылады екен» деген қауесет ақпарат тез-ақ тарап кетті. Осыған түсінік берген Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев:
– Біз балаларға қосымша 34 күн демалыс береміз. Бұл барлық сенбілерді қоса алғанда. Енді оқу мерзімін 1 маусымға дейін созып жатырмыз. Яғни, 5 күнді алғанда барлығы 29 күн (жазғы демалыстан бөлек) ата-аналар мен балалар демалады, – деп мәселенің мән-жайын тарқатып берді.
Сонымен, келесі жаңа оқу жылынан бастап, бес күндік білім беру жүйесіне көшіп, 1 сынып оқушылары 1 маусымға дейін оқиды. Бұдан бөлек 2017 жылы олардың қатарына 2, 5, 7 және 9 сынып оқушылары қосылады. Ал 2018 жылдан бастап жаңа жүйеге барлық мектептерді көшіру жоспарланған.
– Шыны керек, бес күндік білім жүйесіне өтетінімізге қуанып жүрміз. Төрт ұл-қыз тәрбелеп отырмын. Үшеуі мектеп оқушысы. Енді ұл-қызымды демалыс күні үйірмеге, кітапханаға апаруға мүмкіндік туатын болды, – дейді Гүлжан Тасболатова.
Дамыған батыс елдерінің өзінде жазғы демалыс көп болса 1,5-2 айға ғана созылады екен. Бұрынғы Кеңес Одағының елдері оқушылары секілді 3 ай демалатын басқа ел жоқ. Оның үстіне психолог мамандар да үш айлық жазғы демалыста бала мектепте не үйренгенін ұмытып, олардың сабақ оқуға деген ынта-ықыласы төмендейтінін айтып отыр.
Озық ойлы, жан-жақты, өскелең ұрпақ тәрбиелеу мақсатында енгізіліп жатқан білім саласындағы реформалар мен түрлі бағдарламалардың қай деңгейде жүзеге асып, шетелдік тәжірибенің қаншалықты жеміс беретініне енді уақыт төреші.

Сіз не дейсіз?

koment003
Тамара МАХАЛҚЫЗЫ, «Қазақстанның педагогикалық академиясы» корпоративтік қорының вице-президенті,
Ы. Алтынсарин атындағы төсбелгiнің иегері:


– Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев ұсынған бағдарламада еліміздің барлық орта білім беретін мектептеріне Назарбаев интеллектуалдық мектептеріндегі Кембриждік жүйені енгізу мәселесі қозғалып отыр. Бұл жаңа білім беру жүйесін қолдаймын. Оқушылардың тіл үйренуге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық сүйіспеншілігі мен қарым-қабілетін ашудың сан алуан жолдары бар. Ол үшін біздің ұстаздар дәстүрлі және жаңа инновацияларды сабақтастырып, технологияларды үнемі жаңартып, оқу бағдарламасына әлемдік стандарттарды қолдану керек.


koment001Қаракөз МОМБАЕВА, 
Ораз Жандосов атындағы №30 орта мектептің психолог маманы:

– Бүгінгінің балалары зерек, қабілетті. Тіпті қазір 3-4 жасар баланың өзі ұялы телефоннан, компьютерден өзіне қызықты мултьфильмдерді қосып алып көреді, түрлі ойындарды ойнайды. Ешкім оларға үйретпесе де. Үш тілде білім алу бала психологиясына ауыр деп ойлаудың қажеті жоқ. Олар дәл осы жаста кез келген ақпарат пен оқып-тоқығанын дереу қағып алады. Сондықтан қорықпай, тек оларға жеткізу тетігі мен жүйесін білу қажет.


koment002Динара ӘДІЛБАЕВА,
С. Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейдің 10 сынып оқушысы:

– Біздің мектеп-лицейде ағылшын тілі аптасына екі рет өтеді. Сондай-ақ, тілді қаншалықты меңгеріп жатқанымызды білу үшін аптаның әр сенбісінде (Unit check) арнайы тест тапсырамыз. Бұдан бөлек, қосымша ағылшын тілі курсына барамын. Арманым – болашақта білікті маман болу. Шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында қызмет етіп, білімімді жетілдіргім келеді. Сол себепті қазірден бастап тиянақты дайындалып жүрмін.

 

Опубликовано в Білім