Қонақтарды еріктілер шашу шашып, флешмоб биін билеп қарсы алды. Мектеп бойынша экскурсиядан кейін келген оқушыларға "Көрме" орталығы, "Түркістан" мәдениет сарайын көрсетіп, қала әкімдігі алдындағы алаңда серуенге шықты. Кешке мектеп-жатақханасының тәрбиешілері гобелен бұйымдарын өру және сабын жасау технологиясы бойынша шеберлік сабағын көрсетті. Қонақтар "Татулық табылмас бақыт" атты кешке қатысты.
Экспедиция бағдарламасы Оңтүстік өлке тарихынан бастап жергілікті флора мен фаунамен танысуды қамтиды. Отаншылдық рухын көтеру үшін экспедиторларға "Ерлік", саяси қуғын-сүргін құрбандары облыстық мұражайы және Облыстық тарихи-өлкетану мұражайы көрсетілді. Қонақтар Шымкент қаласы мен Түркістан облысының тарихымен танысып, өңіріміздегі ең жарқын тарихи орындар– "Мәртөбе" ескерткішін, «Руханият-Әбу Нәсір Әл-Фараби» мұражайын, «Арыстан баб» кесенесін, көне «Отырар» кітапханасын, «Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-мұражайын» және «Отырар төбе» тарихи-археологиялық ескерткіші мен Қожа Ахмет Яссауи кесенесін көріп, аралады. Сондай-ақ Бәйдібек ауданындағы "Домалақ ана" кесенесі, көне қала Исфиджабта орналасқан «Ибрагим ата» және «Қарашаш ана» құнды жәдігерлерімен танысып, рухани жаңғырды.
Сондай-ақ қонақтар медициналық өнімдер шығаратын "Эко Фарм Интернейшнал" ЖШС-не барып, жұмыс үрдісімен танысты. "Шымкент аграрлық колледжінің", жылыжайында көкөніс дақылдарының қалай өсірілетінін көрді.
Еліміздің оңтүстігінде қазақ халқының салт-дәстүрлері жақсы сақталғаны белгілі. Осыған орай қонақтар қалалық ипподромда "Көкпар", "Қыз қуу" ұлттық ат ойындарын тамашалады. Экспедиторлар Ақсу-Жабағылы жерін көріп, ЮНЕСКО-ның дүнежүзілік қорықтары тізіміне енген «Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығы» мұражаймен танысты, "Ақ-мешіт" үңгірінің табиғи оазисіне тамсанып, қалалық хайуанаттар паркін қызықтады, Шымкент Дендропаркінде өсімдік әлемінің байлығымен танысты.
Орал қаласынан келген қонағымыз: "Ежелгі Түркістанды көру арманым еді. Мен сол арманымның орындалғанына қуаныштымын!" – деді. Ал астаналық қонағымыз "Мен бұл жерлерде бір кездері динозаврлар өмір сүре алды деп ойлаған жоқпын. Бұл фантастика сериясынан емес пе?!" деп таңқалды.
Жабылу салтанатында қонақтар өз әсерлерімен бөлісіп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді, өздерінің қызықты би нөмірлерін ұсынды. Орал мен Астананың мектептеріне осы экспедицияның фотосуреттері жазылған естелік альбомдар, ал барлық қатысушыларға естелік кәдесыйлар сыйға тартылды..
Айна ЕСЖАНОВА