Әлеуметтік қолдау – қоғам тұрақтылығының кепілі Избранное

Пятница, 10 Май 2024 05:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 288 раз

Былтыр әлеуметтік сала үшін қомақты жыл болды. Адам өмірін түгел қамтитын құжат – Әлеуметтік Кодекс қабылданды. Ол адамның бүкіл өмірлік циклін қамтиды.

Aleumet100

 

Атап айтқанда, туғаннан кәмелетке толғанға дейін әлеуметтік қолдау, еңбекке қабілетті жаста жұмысқа орналастыру, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, әлеуметтік сақтандыру шаралары, қиын өмірлік жағдайда әлеуметтік көмек көрсету және қарт адамдарға қолдау көрсету осы құжатқа топтастырылған. Заң талаптары да бір ізге түсті. Мұның бәрі әлеуметтік саланы жетілдіруге зор ықпал еткені сөзсіз.
Мегаполистің әлеуметтік қызметтерін қолдау, қолжетімділігін арттыру мақсатында Шымкент қаласына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Назгүл Сағындықова іс-сапарымен келді. Жұмыс сапары аясында вице-министр балаларға арналған № 8 «Қамқорлық» арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығын, «Ізетті зейнеткер», «Бақытты жанұя» орталықтарына барды. Сондай-ақ, вице-министр Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Белсенді ұзақ өмір орталығы» жұмысымен танысты.
Орталық 2019 жылдан бастап қаладағы аға буын азаматтарының өмір сүру сапасын арттыруға, олардың белсенді, зияткерлік, шығармашылық, қоғамдық қызметке тартылуына жұмыс істеп келеді. Қазіргі таңда қала бойынша 3 орталық бар. Мекеменің үш ғимаратында бір күнде 690-нан астам зейнеткерге екі ауысымда 34 қызмет түрі көрсетіледі. Қала бойынша 89 000-нан астам зейнет жасындағы қарттар тіркелген. Орталық қызметтері үлкен сұранысқа ие болғандықтан, Шымкент қаласының әр ауданында бөлімшелер ашуға қажеттілік туындап отыр. Орталықты аралап, зейнеткерлердің ұсыныс-тілектерін тыңдаған вице-министр, орталықтың жиналыс залында үкіметтік емес ұйымдарының өкілдерімен, жұртшылықпен, әлеуметтік мекемелер ұжымдарымен кездесу өткізді.
Үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері мен мүгедектігі бар адамдармен кездесу барысында вице-министр министрлік жұмысының негізгі бағыттарына тоқтала келе, жаңа әлеуметтік саясаттың іске асырылуы туралы баяндады. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын арттыру шаралары туралы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін арнаулы әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыру, көп балалы отбасыларды әлеуметтік қолдау, зейнетақы, жәрдемақыдағы өзгерістер жайын айтты. ҚР инклюзивті саясат тұжырымдамасының іске асырылуы, әлеуметтік қызметтер көрсету жүйесін трансформациялау, халыққа әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының қызметін цифрландыру әділ қоғамды дамытатын факторлар екенін айтты. Әлеуметтік Кодексті іске асыру кезеңдері туралы егжей-тегжейлі айтып, құжатта ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға көп көңіл бөлінгенін атап өтті.
Мәселен, бірінші кезекте мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы көбейіп, арнаулы әлеуметтік қызметтер де қолжетімді болды.
«2023 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігі бар адамдарға, оларға күтім жасайтын адамдарға, асыраушыларынан айырылған отбасыларға берілетін жәрдемақы мөлшері 14,5%-ға артты. Жәрдемақы мөлшерінің 8,5%-ға ұлғаюын ескере отырып, төлемдер мөлшері өткен жылдың деңгейіне қарағанда жалпы алғанда 23%-ға өсті», – деді Назгүл Сағындықова.
Әлеуметтік кодексте мүгедектігі бар адамға қызмет көрсетуге олардың отбасы мүшелерін тарту көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың туыстары жеке көмекші ретінде рәсімделіп, оларға еңбекақы төленіп, тиісті әлеуметтік аударымдар жүргізіледі.
– Биыл 7 ақпанда Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы әлеуметтік көмек пен қолдау жүйелерін қайта қарау міндетін қойды. Осыған байланысты Отбасының цифрлық картасын және мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдардың жүйелерімен жаңа интеграцияларды пайдалана отырып, АӘК-ті толық трансформациялау күтіп тұр. Жаңа Әлеуметтік Кодексте арнаулы әлеуметтік қызметтердің жан басына шаққандағы нормативтерін 2025 жылдан бастап енгізу қарастырылған. Оның мөлшері қызметтер үшін жеке норматив, ал компенсаторлық техникалық құралдар үшін шектеулі бағалар түрінде жіктелетін болады. Бұл өзгерістер бір жағынан, кейбір қызмет немесе тауар түрлерін алдағы уақытта монетизациялауға алып келеді. Осыған орай, министрлік әкімдіктермен бірлесіп 2025 жылға дейін ересектер мен балаларға арналған оңалту орталықтарын салу бойынша жұмыс жүргізуде. Оңалту орталықтарының құрылысы өңірлердің, оның ішінде шалғайдағы елді мекендер тұрғындарының сапалы арнаулы әлеуметтік қызметтер алуына жағдай жасайды. Мүгедектігі бар мыңдаған адам денсаулығын нығайтып, жағдайын жақсарта алады. Сондықтан бұл жобаларды іске асыру жергілікті және орталық органдар өкілдерінің ерекше бақылауында болуы тиіс», — дейді Назгүл Сағындықова.
Мемлекет басшысы қойған негізгі міндеттердің бірі мүгедектігі бар адамдарды инфрақұрылым объектілеріне қолжетімділікпен қамтамасыз ету болып табылады. Министрлік өкілі бұл жұмысты «Amanat» партиясының жол картасы аясында жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүргізетінін айтты. Шымкентте өткен жылы 196 объектіні бейімдеу жұмыстары жүргізілсе, биыл 772 әлеуметтік маңызды нысанды бейімдеу бойынша шаралар қабылдау қажет.
Бүгінгі таңда көпшілікті зейнетақы мәселесі алаңдататыны белгілі. Өйткені қолданыстағы жүйе бойынша зейнетке шығатындарды 3 буынға бөліп қарастырған, 1998 жылға дейін және 1998 жылдан кейін зейнетке шыққан азаматтар зейнетақы төлемдерінің негізгі бөлігін мемлекеттен, ал болашақ зейнеткерлер – жинақтаушы зейнетақы жүйесінен алатын болады. Осы мақсатта бүгінгі зейнеткерлер үшін базалық және еңбек зейнетақыларының мөлшерін есептеу параметрлері өзгереді. Өзгеріс аталған зейнетақылардың мөлшерін көбейту мақсатында қарастырылып, болашақ зейнеткерлер үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс берушілер тарапынан қосымша зейнетақы жарналары енгізілді. Кодекс бойынша салымшылар белгіленген жеткіліктілік шегінен асқан зейнетақы жинақтарын тек емделуге және тұрғын үй сатып алуға жұмсай алады.
Сондай-ақ, кездесу барысында вице-министр ана мен баланы әлеуметтік қолдау, мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін баяндады. Айта кетейік, 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап бала күтіміне байланысты жәрдемақы төлеу мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұзартылды. Әлеуметтік Кодекстің қабылдануымен марапатталған аналарға берілетін жәрдемақы мөлшері де өсіп, мүгедектігі бар баланы кәмелетке толғанға дейін тәрбиелеушіге берілетін жәрдемақы мөлшері орта есеппен 14,5 %-ға артқан.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « ЕНДІ СОҒЫС БОЛМАСЫН! БҰЛ ЖЕҢІС ОҢАЙ КЕЛГЕН ЖОҚ! »