Версия для печати

Шымкентте сауда-логистика орталығы бой көтеруде Избранное

Пятница, 03 Апрель 2015 05:09 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 5635 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елімізде Үкімет тарапынан ірі мегаполистерде азық-түлік белдеуін қалыптастыру бағытында маңызды жобалар қолға алынған. Осы жоспар негізінде бүгінгі таңда Шымкент қаласы әуежайының маңында сауда-логистикалық орталығының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Бұл нысанның тиімділігі қандай болмақ? Аталған орталықтың құрылыс жұмыстары қалай жүруде? Осы сауалдардың жауабын білу мақсатында тиісті мамандарға арнайы жолыққан болатынбыз.

sauda logical3Әлемдегі ірі мегаполистердің тыныс-тіршілігіне қарасақ, алып шаһарлардың жан-жағындағы елді мекендер қаланы азық-түлікпен қамтамасыз етіп тұрады. Бұл ретте өнім беруші мен тұтынушы арасындағы жүйелі байланысты реттеуде сауда-логистикалық орталықтарының маңыздылығы ерекше. Қазіргі таңда өңірімізде экологиялық таза өнiмдер жеткiлiктi мөлшерде өндi­рiледi. Бiрақ, өкiнiшке қарай, сауда және көлiк-логистикалық кешенінiң дамымауы – бiздiң тауарлардың сыртқы нарыққа үлкен ауқымда шығуына қолбайлау болып отырғаны жасырын емес. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Шымкентте аумағы 92 гектар жерге әлемдік стандартқа сай «А» санатты заманауи сауда-логистика орталығы салынуда.
Жаңадан бой көтеріп жатқан сауда-логистикалық орталықтың тиімділігі, ол – тоғыз жолдың торабында орналасқандығы. Географиялық тұрғыдан алғанда, бұл аумақ өте ыңғайлы. Яғни, әуежайдан 3 шақырым, «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық транзиттік  автомагистралынан 4 шақырым жерде орын тепкен. Сонымен қатар, темір жол желісінен 500 метр жерде орналасқандығы да сауда-логистикалық орталығының болашағына зор серпін беретіні анық.
Қазіргі кезде сауда-логистикалық орталығына «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы бойынша 1,5 млрд. теңгенің инфрақұрылым құрылыстары жүргізіліп, барлық коммуникациялық жүйелер жеткізілген. ОҚО кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы Сауда және баға мониторингі бөлімінің басшысы Рая Кохаеваның айтуынша, бүгінде мұнда 5 жоба, атап айтқанда, «Kazakhstan Logistics group», «Зерде ҒӨБ» және «Арман Юг Групп» компанияларының жобалары іске асырылып жатыр. Ал, «Continental Logistics Shymkent» ЖШС-і қоймасының еден құю жұмыстары толық аяқталып, стеллаждарды орнату бойынша дайындық жұмыстары басталған. Сондай-ақ, «Eurotransit Terminal» ЖШС және «Бипэк авто» ЖШС қазіргі таңда жоба-сметалық құжаттамаларын дайындауда және аталған компаниялардың қоймаларының құрылыс жұмыстары бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
– Мұндай ірі жоба еліміз бойынша осы Оңтүстік Қазақстан облысында ғана жүзеге асуда, – дейді Рая Нақыпбекқызы. – Құрылыс жұмыстары былтыр көктемде басталды. Сауда-логистика орталығы әлемдік деңгейдегі жоғары талаптарға сай жасақталып отыр. Мұнда азық-түліктің барлық түрі сақталатын болады. Аталмыш орталықтың жұмысы екі бағытта, біріншісі – логистиканы дамыту, екіншісі азық-түлік қауіпсіздігі белдеуін құру бойынша жүзеге асырылады. Қойманың жалпы ауданы 230 мың шаршы метрге арналған. Жоспарға сәйкес, 2015 жылдың мамыр айында нысанның І кезеңі өз жұмысын бастайды. Биыл жыл соңына дейін 160 мың шаршы метрлік 11 қойма пайдалануға берілмек. Ал, ІІ кезең жұмыстары 2016 жылдың (70 мың шаршы метр) соңына таман аяқталады. Жалпы алғанда, 2016 жылғы сауда-логистикалық орталықта 8 жоба толықтай іске қосылады, оған жалпы 24 млрд. теңге инвестиция тартылмақ.

 sauda logical  sauda logical1

«Шымкент» ӘКК» ҰК» Басқарма төрағасының орынбасары Бекжан Толыбайдың айтуына қарағанда, сауда-логистика орталығы көршілес облыстардың (Жамбыл, Қызылорда және Алматы) да тауар өндірушілері мен өңдеу саласының дамуына оң ықпалын тигізеді.
– Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бастамасымен салынып жатқан бұл орталықтың стратегиялық маңызы өте зор.  Мұнда отандық тауар өндірушілерінің ішкі-сыртқы нарыққа өнімдерін өткізудің оңтайлы жүйесі жасалмақ. Орталық біздің әлемдік нарыққа шығуымызға үлкен мүмкіндік береді. Себебі, біздің облыс ауыл шаруашылығы саласына бағдарланған аймақ. Бұл орайда  осы маңайда 800-ге жуық жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда. Сондай-ақ, қазір Шымкент қаласының да халқы өсіп жатыр, таяу жылдарда миллионды қалаға айналатынымыз анық. Осы орайда қала тұрғындарының азық-түлікке деген сұранысын қамтамасыз етуде орталықтың тигізер пайдасы көп, – дейді Басқарма төрағасының орынбасары. Бір атап өтерлігі, сауда-логистика орталығының аумағында әкімшілік, кеңсе, кедендік ғимараттар, қонақүй, зертханалар, оның ішінде, кедендік зертханалар, кедендік рәсімдеудің барлық процедураларын жүргізетін пунктер салынуда.
Қысқасы, керегесі кеңге жайылып, қарышты қарқынмен дамып келе жатқан Шымкент қаласының еліміздегі ірі сауда-логистикалық орталығы болатын күні алыс емес. Бұл жоба жүзеге асқан жағдайда өңірімізде өндірілген сан түрлі азық-түлік өнімдері мен шикізаттар еш кедергісіз тиісті бағытқа жол тартатыны сөзсіз.

Последнее изменение Пятница, 03 Апрель 2015 05:25
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.