Версия для печати

Ел дамуына ерекше серпін беретін қадам Избранное

Пятница, 03 Март 2017 06:15 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 4729 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Елбасы Мемлекеттік билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі жұмыс тобының отырысына қатысты. Бұл туралы ҚР Президентінің Баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы бүкілхалықтық талқылауға шығарылған конституциялық реформалар жобасына қатысты ұсыныстарды жинақтау, пысықтау, талдау және талқылау жөнінде жұмыс тобы ауқымды жұмыс атқарғанын атап өтті.

– Өзімнің конституциялық құқығымды пайдалана отырып, мен референдумға шығармай-ақ, Парламентте талқылау арқылы Негізгі заңға өзгерістер енгізу туралы шешім қабылдадым, – деді Қазақстан Президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев енгізілетін өзгерістердің бәрі еліміздің дамуына ерекше серпін беретінін және бұл қадам біз үшін маңызды екенін атап өтті.

– Біз Қазақстанның саяси моделін – президенттік республиканы сақтап қалатынымызды айтып өткен жөн. Мемлекеттік басқару жүйесі заман талабына сай икемді болуға тиіс. Жүргізілген реформалар нәтижесінде билік өкілеттіктерінің бір бөлігі биліктің бір тармағынан екіншісіне беріліп, өкілді органдардың Үкімет пен атқарушы органдарға қатысты жүргізетін бақылау функциялары күшейтілетін болады, бұл оларды кәсібилендіруге және халық билігі қағидаттарын бекітуге бағытталады. Бізге халқымыздың болашағы үшін маңызды құжат мәселесін шешу керек, бүкілхалықтық талқылаудың қорытындысын шығарып, оны Парламенттің қарауына енгізу мерзімін анықтау қажет. Конституцияның 23 бабына және заңдарға 35 өзгерту енгізілетіні белгілі болды. Енгізілетін өзгерістердің басты мәні – Президенттің бірқатар өкілеттіктерін биліктің басқа тармақтарына қайта бөлу, – деді Елбасы.

Жұмыс тобының жетекшісі Қазақстан Президентіне Конституциямен қатар, ел заңдарына да өзгерістер енгізуді көздейтін билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу жөнінде ұсыныстар әзірленіп жатқаны туралы баяндады. Сондай-ақ, Президент Әкімшілігінің басшысы азаматтардан Конституцияның 63 бабына қатысты 6 мыңнан астам ұсыныс келіп түскенін, олар Негізгі заңның барлық тарауын қамтитынын мәлімдеді. Бұған қоса, Ә.Жақсыбеков Парламент алдындағы есептілігін күшейтуге қатысты Үкіметтің мәртебесі мен қызметі жөніндегі ұсыныстарға тоқталды. Олардың қатарында Үкіметтің бүкіл құрамын міндетті түрде Мәжіліспен келісу, оның тек Мәжіліс алдында ғана емес, тұтас Парламент алдында есепті болуы туралы талапты бекіту мәселесі бар.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев ұсынылған түзетулерді талқылау барысында ел азаматтары жоғары белсенділік танытқанын айта келіп, алдағы реформаның маңыздылығы мен өзектілігін тағы бір мәрте атап өтті.

– Мемлекет құрылымына ұсынылған өзгерістер қоғамымызды демократияландыру ісін күшейтіп, халық билігінің негізін одан әрі нығайтуға, парламенттің рөлін, үкіметтің президенттік басқару нысаны алдындағы дербестігі мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған. Реформаның түпкі мәні де осында жатыр. Бұған қоса, құқық қорғау және сот жүйесі қызметінің конституциялық негізі жаңғыртылады, конституциялық қадағалау жүйесі жетілдіріледі. Конституциялық құрылымымыздың мызғымастығына деген кепілдік те бекем бола түседі. Жақын арада Конституцияға енгізілетін өзгерістер жобасы Парламентке талқылау үшін ұсынылатын болады, – деді Қазақстан Президенті.

Отырысты қорытындылаған Мемлекет басшысы жұмыс тобының барлық мүшелеріне табысты және маңызды тарихи жұмыстары үшін алғыс айтты.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.