Тиісті заң жобасының негізгі бағыттары түсіндірілген іс-шараға қала әкімінің орынбасары Г.Құрманбекова мен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ғ.Балтаев қатысты. Айта кетейік, әлеуметтік сақтандыру жүйесі елімізде 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмыс істейді. Жүйе жұмыспен қамтылған азаматтарды әлеуметтік қорғаудың қосымша деңгейі саналады.
– Біз ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігімен бірге «Еліміздің міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгерістер енгізу туралы» заң жобасын әзірледік. Заң жобасының мақсаты - қордан тағайындалатын әлеуметтік төлемдерді қайта қарау арқылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық негіздерін күшейту, - дейді Нұрсұлу Кемел.
Айта кетейік, бүгінде мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры 6 млн жуық адамды қамтиды. Жыл сайын 770 мыңнан астам адам жалпы сомасы 160 млрд теңгеге жуық төлем алады.