Версия для печати

Ол медицина саласының майталманы еді... Избранное

Пятница, 08 Февраль 2019 04:37 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 4354 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Еліміздің медицина саласы ауыр қазаға душар болды. Денсаулық сақтау саласының саңлағы, білікті дәрігер, әйгілі хирург-трансплантолог, Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың бас дәрігері Мәди Бигалиев 63 жасында өмірден озды.

Ол Алматы медицина институтын бітірген білімді. тәжірибелі маман еді. Еңбек жолын Шымкент қаласында, облыстық клиникалық ауруханада дәрігер-хирург болып бастап, осы аурухананың №1 хирургия бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған Мәди Хожаұлы 1992 жылдан 2000 жылдың тамызына дейін Оңтүстік Қазақстан облыстық Денсаулық сақтау департаментінің бас хирургі міндетін да қоса алып жүрді.

Оның бүкіл өмір жолы өңіріміздің денсаулық саласын дамытуға арналды. М. Бигалиев 2000 жылы Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бас дәрігерінің хирургиялық жұмыс жөніндегі орынбасары қызметіне, 2002 жылы Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасы бас дәрігері қызметіне тағайындалды.

2002 жылдың 20 қарашасынан 2006 жылдың 19 қазаны аралығында Облыстық клиникалық аурухананың бас дәрігері, ал 2008 жылдың 26 ақпанынан бастап Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының бас дәрігері қызметіне тағайындалды.

Ғұмырының 40 жылын медицина саласына арнаған «Алтын скальпель» иегері, жоғарғы санатты дәрігер, Шымкент қаласының ДСБ-ның бас штаттан тыс хирург, трансплантолог маманы, медицина ғылымының докторы, профессор Мәди Бигалиевтің өңір медицинасын дамытуға сіңірген еңбегі ұшан-теңіз.

Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасының бас дәрігері қызметінде М.Х. Бигалиев аталған аурухананың материалдық-техникалық базасын заманауи жоғары технологиялық медициналық құрал-жабдықтармен толықтыруға теңдессіз үлес қосты. Ауруханаға биохимиялық анализаторлар, рентген аппараттары, дәрігерлерге науқастың ішкі құрылысындағы кінәраттарды 5-7 минутта анықтауға көмектесетін эндоскопиялық техника, Астана қаласындағы Ана мен бала орталығында ғана болған 5 дана УДЗ аппараттары сатып алынды. Аурухананың тағы бір мақтанышы – WOLF фирмасының гольмиялық лазер аппараты, ондай аппарат Қазақстанда біреу ғана. Көршілес Ресейде мұндай аппаратпен тек Мәскеуде ғана емдейді.

2011 жылы ауруханаға заманауи үлгідегі «Brilliance CT64 slice» компьютерлік томографы сатып алынды. Бұрындары ондай аппараттар тек Астана, Алматы және Шымкенттің диагностикалық-консультативтік орталықтарында ғана болатын.
№1 клиникалық аурухананың бас дәрігері болып ұзақ жыл абыроймен қызмет атқарған Мәди Бигалиев Қазақстанда 2010 жылы алғаш рет шымкенттік кардиохирургтермен бірлесе отырып, науқастың жүрегіне, байырына және өтіне бір мезетте ота жасауды жүзеге асырды. Осы кезге дейін ондай ота Қазақстанда жасалмаған.

2013 жылы бірінші болып Оңтүстік Қазақстанда Корей Университетінің профессорларының қатысуымен бүйрек трансплантациясы операциясын жасап, заманауи медицинаның тәсілдерін облысқа енгізуге үлес қосты. 2013 жылдың наурыз айынан бастап бас дәрігер Бигалиев Мәди Хожаұлының тікелей басшылығымен Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының базасында 130 бүйрек және 18 бауыр трансплантациясы оталары жасалды. Сонымен қатар, медициналық туризмді дамыту мақсатында 2018 жылы тұңғыш рет Германия мемлекетінің азаматына Шымкент қалалық жедел медициналық көмек көрсету ауруханасының трансплантолог дәрігерлері донорлық бүйрек алмастыру операциясын жасады. Аурухана базасында 17 шетелдік азаматқа (Германия, Канада, Израиль, Румыния) тірі донордан алынған бүйректі алмастыру оталары сәтті өткізілді.

Ол Қазақстан эндоскопиялық хирургтері Ассоцияциясы президиумының мүшесі, ТМД елдері хирургтерінің Н.А. Пирогов атындағы Ассоциация мүшесі, көптеген ғылыми еңбектердің, 12 инновациялық патенттің авторы.

М.Бигалиев Шымкент қаласының Құрметті азаматы, Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі еді.
Шипа қолды, үлкен жүректі азамат, халқының қадірлісі, денсаулық саласының майталманы болған ардақты жанның мезгілсіз қазасы бүкіл қауымға ауыр тиіп отыр. Марқұмның отбасы мен туған туыстарына қазаның арты қайырлы болсын деп қайғыларына ортақтасып көңіл айтамыз.

Ғабидолла ӘБДІРАХЫМОВ,
Шымкент қаласының әкімі,
Ғани ТАШҚАРАЕВ,
Шымкент қаласы 
мәслихатының 
хатшысы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.