Версия для печати

ЖҰМЫСТАН БАС ТАРТҚАНДАР АӘК-ТЕН АЙРЫЛАДЫ

Пятница, 10 Январь 2020 03:12 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 887 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ербол Садырдың қатысуымен 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап тағайындалатын атаулы әлеуметтік көмектің (АӘК) жаңа форматын түсіндіру бағытында баспасөз брифингі өтті.

 DSC3573

Брифингте мәлім болғанындай, енді Шымкент қаласының төрт ауданында да құжат қабылдайтын бөлімшелер өз жұмысын бастады. Дегенмен, құжат қабылдау алфавиттік тәртіппен жүргізіледі.
Брифингте қалалық жұмыспен қамту және әлеметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары Жанат Өтебаева мемлекеттік жәрдемақы мен атаулы әлеуметтік көмектің айырмашылығын түсіндіріп өтті.
– 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мемлекеттік жәрдемақы отбасының табыс көзіне қарамай, тұрақты түрде көпбалалы отбасының барлығына тағайындалады және оған қайталап құжат тапсырудың қажеті жоқ

. Бұл бала санына қарай:

- 4 балалы отбасыларға – 42500 теңгеден;
- 5 балалы отбасыларға – 53 125 теңгеден;
- 6 балалы отбасыларға – 63 750 теңгеден;
- 7 және одан да көп балалы отбасыларға – 74 375 теңгеден төлем жүргізіледі.

e0ce7215-1d6b-4c5d-aa87-d5cb5bee453c

Егер отбасында бала саны 8 немесе одан көп болған жағдайда мемлекеттік жәрдемақы төлемі 74 375 теңге болып тағайындалады. Сонымен қатар, көпбалалы отбасындағы әр балаға 18 жасқа толғанға дейін, ал күндізгі бөлім студенті болған жағдайда 23 жасқа толғанға дейін мемлекеттік жәрдемақы төленеді, – деді Жанат Өмірсейітқызы.
Бұл – атаулы әлеуметтік көмек берудің қолданыстағы жүйесіне орай, көпбалалы аналарды қолдау мақсатында жүзеге аса бастаған ұстанымның бірі.

Өткен жылғы деректерге сүйенсек, Шымкент қаласында 2019 жылы 53 659 отбасыға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалыпты. Бұл дегеніміз – 252 929 адам, оның 154 179-ы кәмелет жасына толмаған бала. Яғни, осы «табысы аз отбасы» деп танылған 53 мыңнан астам отбасының 56,5%-ын көпбалалы отбасылар құрапты.

Айта кетейік, Мемлекет көпбалалы аналардың беделін мойындап, олардың әл-ауқатын арттыру мақсатында мемлекеттік жәрдемақы тағайындауда. Бұл – отбасындағы табыс көзін арттыратыны белгілі.
Ал 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек жаңа форматта төленеді. Әлеуметтік әділеттікті қамтамасыз ету үшін АӘК нағыз мұқтаж, өмірлік қиын жағдайға тап болған және сол қиындықтан өз бетінше шығуға мүмкіндігі жоқ адамдарға ғана тағайындалуы тиіс.

Ол үшін біріншіден, АӘК-ке құжат әр үш ай сайын қабылданады және комиссия шешімімен тағайындалады. Бұл бір жағынан АӘК алушылардың өз табысын жасыру мүмкіндігін шектейді. Екінші жағынан, отбасында бала санының артуы мүмкін. Жұмысты жоғалтуы немесе әлеуметтік мәртебенің өзгеруі сияқты түрлі себептер атаулы әлеуметтік көмек мөлшерін ұлғайтуы мүмкін.

Екіншіден, АӘК алуға өтініш білдірген отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы жұмыс ұсынады. Білімі жоқ, жұмыссыз азаматтарды қысқамерзімді кәсіптік оқыту курстарына жібереді. Бұл кезеңде олар стипендия алады. Сосын оқу бітіргендер өзінің бизнес-идеясымен 505 мың теңге көлемінде мемлекеттік грант ұтып алу мүмкіндігі де қарастырылған. Қынжылтатыны сол, аталған мүмкіндіктерді пайдаланудан бас тартып, жағдайын түзетуге әрекет жасамай-ақ табыс тапқысы келетіндер жоқ емес.

Сондықтан, мына өзгерісті есте сақтау керек: ұсынылған белсенді жұмыспен қамту шараларынан бас тартқандар және оның отбасы мүшелері толығымен АӘК алу құқығынан айырылады. Ал бала күтімімен айналысатын анаға, бала үш жасқа толғаннан кейін жұмыспен қамтудың белсенді шараларына қатысу міндеті қойылады.

Үшіншіден, учаскелік комиссиялар жұмысы мен жауапкершілігі күшейтіледі. Өкінішке орай, АӘК алушылар қатарында бірнеше қабатты жеке үйі, бірнеше автокөлігі бар, сондай-ақ, жер телімдері мен жеке қосалқы шаруашылығы бар азаматтардың болғаны жасырын емес. Бұл жағдайлар учаскелік комиссиясының жауапкершілігінде болады. Мұқтаждықты анықтау тәртібі заң жобасына сәйкес жүргізілмек. Жаңа тәртіпке сай, учаскелік комиссия тексеру жүргізу және қорытынды жасауды бұрынғыдай үш күнде аяқтамайды, жеті күн жүргізеді.

Сондай-ақ, табысы төмен отбасындағы балаларға мұқтаждығына қарай әлеуметтік кепілдендірілген пакет тағайындалады. Әлеуметтік кепілдендірілген пакет құрамына – мектепке дейінгі 1-6 жас аралығындағы балаларды тамақ, гигиеналық құралдармен қамтамасыз ету, 6 жастан жоғары қарай мектеп оқушыларына форма алу, ыстық тамақпен қамтамасыз ету, олардың көліктегі жол шығындарын өтеу секілді көмектер кіреді.

Өкіметке – рахмет!

Осы кейбір адамдарға түсінбеймін. Мемлекет әлеуметтік жәрдемақы берсе де риза емес, бермесе де наразы. Жаңа жылдан бастап мемлекеттік жәрдемақы отбасының табыс көзіне қарамай, тұрақты түрде көпбалалы отбасының барлығына тағайындалып отыр. Керемет емес пе! Және оған қайталап құжат тапсырудың қажеті жоқ. Мәселен өз басым төрт баланың анасымын. Күні кеше қаңтардың алғашқы күнінде –ақ есепшотыма 42500 теңге түсті. Құжат өткізіп, ешқайда сандалған да жоқпын.

Әлеуметтік әділеттікті қамтамасыз ету үшін атаулы әлеуметтік көмектің енді жаңа форматта төленетіні өте дұрыс деп есептеймін. АӘК нағыз мұқтаж жандардан АӘК-ке құжат әр үш ай сайын қабылданып, оның комиссия шешімімен тағайындалуы, өтініш білдірген отбасының еңбекке қабілетті мүшесіне Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығының жұмыс ұсынып. білімі жоқ, жұмыссыз азаматтарды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарында степендиямен оқыту, оны бітіргендерге бизнес-идеясымен 505 мың теңге мемлекеттік грант ұтып алуға мүмкіндік беру—бұдан артық қандай жағдай жасау керек! Ал бұл мүмкіндікті пайдаланудың орнына жатып алып, тегін көмек ала берсем деу нағыз масылдың пиғылы.

Қазір еңбек етем деген жанға мемлекет барлық мүмкіндікті ұсынып отыр. Жалқаулар мен тоғышарлар ғана сыныққа сылтау іздейді. Осы біздің аштық пен соғысты, тауқымет пен қиындықты көріп, тұрмыстың қиындығымен шыңдалған әжелеріміз бен аналарымыз кезінде өкіметтен бір тиын жәрдем алмай-ақ 7-8 бала өсіріп-тәрбиелегендерін айтып отырады. Соларға қарап қазіргі тоқшылық, тыныштық заманда мемлекеттің көрсетіп жатқан көмектерін азсыну, яки бағаламау барып тұрған мастанушылық дер едім. Әлеуметтік желіден кейбір қисық пікірлерді оқығанда қынжыламын.

Мұндай масылдық психология ұрпағымыздың санасына да кері әсер ететінін есте сақтағанымыз жөн. Қайта азаматтардың әлеуметтік жағдайына қарай қамқорлық туғызып отырған өкіметке рахмет дегеніміз жөн болар.

Ақтолқын БЕГІМ,
көпбалалы ана

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.