"Amanat" партиясының Шымкент қалалық филиалында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған Жолдауындағы басым бағыттарды талқылауға арналған жиын өтті. Партияның Абай аудандық филиалы ұйымдастырған пікірталас "Заң үстемдігі және әділетті қоғам" тақырыбында өтті.
Партияның Абай аудандық филиалының атқарушы хатшысы Есімхан Бертаев жүргізіп отырған жиынға «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы атқарушы хатшысының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов, Қазақстан өзбектері «Дустлик» қауымдастығының төрағасы, партия белсендісі Икрам Хашимжанов, Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының «Бақытты жанұя» орталығы директорының орынбасары Ерлан Әлжанов, «Болашақ» бастауыш партия ұйымының мүшесі, Жол-көлік колледжі директорының орынбасары Берік Ешимов,
«Ұлағат» бастауыш партия ұйымының мүшесі, партия белсендісі Жақсылық Ембай және мұғалімдер, студенттер қатысты.
– Қазақтың батыр ұлы Бауыржан Момышұлының "Тәртіпке бағынған құл болмайды, тәртіпсіз ел болмайды" деген қанатты сөзі бар. Яғни, кез келген қоғамда тәртіп болмаса, заң үстемдігі орын алмаса, даму болмайтыны баршаға белгілі. Тіпті, хаос орын алуы мүмкін. Сондықтан, қоғамда әрдайым әділеттілік орын алуы тиіс. Мемлекет басшысының Жолдауында да осы мәселелер көтерілді. Президенттің бастамасымен әділетті Қазақстан құру жолында қолға алынған реформалар нәтижесін беріп келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы президенттікке бір адам 7 жылдық мерзімге бір рет сайлануы бойынша өзгеріс енгізді. Бір сөзбен айтқанда, заң үстемдігі болмаса, қоғам дамуы кері кетеді, – деді Мұратәлі Оразәліұлы.
Бұдан кейін сөз алған Икрам Хашимжанов Жолдауда айтылған біртұтас ұлт болып ұйысудың маңыздылығына ерекше тоқталды.
– Біз, Қазақстанда тұратын барша отандастар мемлекет қалыптастырушы қазақ халқының маңына топтасып, бірліктің байрағын биіктетсек, мықты ел, дамыған мемлекет боларымыз анық. Осы ұстаным біздің ұранымызға айналуы керек, – деді Икрам Акрамұлы.
Жиында басқа да спикерлер Жолдауға қатысты ой-пікірлерін ортаға салып, өзара сұрақ-жауап алмасты.