– Биылғы 5 маусымда жалпыхалықтық референдум өтіп, еліміздің Ата заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізілгені белгілі. Ал жуырда Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Президент сайлауы мен Парламент сайлауы өтетініне тоқталды. Бұл – елімізде соңғы жылдары орын алып жатқан саяси реформалардың жалғасы іспетті оқиғалар. Өздеріңізге белгілі болғандай, ел Президенті 7 жыл мерзімге бір рет сайланады, заңдарға тиісті өзгерістер енгізілді. Мұны айтып отырған себебіміз, «Сен саясатпен айналыспасаң, саясат сенімен айналысады» деген сөз бар. Сондықтан, еліміздің әр азаматы қоғамдағы өзгерістерден хабардар болып отырғаны да дұрыс. Көбіңіз ұл-қыз өсіріп отырған боларсыздар, Президент Жолдауында айтылған маңызды жаңалықтың бірі – Ұлттық қордың инвестициялық табысының жартысы еліміздегі кәмелет жасқа толмаған балалардың арнайы шотына 18 жасқа дейін аударылып отыратын жаңалық та бұрын-соңды елімізде болмаған. Бұл да болса халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған нақты қадамдардың бірі деп санаймын, – деді Шымкент қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі Шалатай Мырзахметов.
Кездесуде жұмысшылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, жауап алды.
Айта кетейік, «Lux shoes» ЖШС 2 500 шаршы метр аумақта орналасқан. Инвестиция көлемі 693 млн теңгені құрайды. Аяқ киім мен табан шығаратын кәсіпорынның өндірістік қуаттылығы жылына 120 мың жұп аяқ киім мен 150 мың жұп табанды құрайды. Мұнда 55 адам еңбек етеді.