Қазақтың ат спорты дегенде шығарда жаны бөлек. «Көкпар тарту», «Қыз қуу», «Аламан бәйге» десе, әр қазақтың делебесі қозар. Шымкентте «Қала күні» мерекесіне орай осындай қанды қыздырған сайыс өтті. Астана қаласынан, Жамбыл, Ақтөбе, Алматы облыстарынан да мықтылар келген. Солардың арасында қала әкімінің арнайы жүлдесін – «Нива» автокөлігін Жамбыл облысының он үш жасар өрені жеңіп алды.
Қазақтың тойы ұлттық спорт ойындарынсыз өтпейтіні белгілі. Бұл күні Орталық атшабарға да бір қауым ел жиналды. «Қыз қуу», «Бәйге», «Теңге ілу», «Kөкпар», «Жамбы ату» сияқты ұлттық ат спорты ойындарын тамашалауға асық. «Қала күніне» арналған мәдени іс-шаралар да көкпардан бастау алды. Финалға Шымкент қаласы мен Сайрам ауданының көкпаршылары шыққан. Шешуші сында екі кезеңде де шымкенттік шабандоздар қарсыластарын тықсырып, жеңімпаз атанды.
Одан кейін аламан бәйгені тамашаладық. Жер тарпыған 13 сәйгүліктің өнері көпшілікті тәнті етті. «Нұртөбел» (Жамбыл облысы), «Спартак» (ОҚО), «Дауыл» (Жамбыл облысы) лақап атты тұлпарлардың қарымы бөлек. Он тоғыз шақырымдық бәйгеде көрші Жамбыл облысының «Нұртөбел» атты жүйрігі озды. Сонымен, мәреге бірінші жеткен «Нұртөбелді» тізгіндеген он үш жасар Бақкелді Ахат «Нива» автокөлігін иеленді.
Бұдан бөлек, қошқар көтеру сайысы да көңілді көтерді. Білектің күші мен ептілікті қажет ететін сайыста Біржан Қосалиев қарсыластарының бәрінен озды. Жеңімпаз жігіт аударыспақтан Азия чемпионы екенін айта кетейік. Сондай-ақ, атшабарда жамбы ату, қыз қуу, конкур, желдіртіп шабу, теңге ілу сайыстары да тартысты өтті.
Соңында, жеңімпаздар мен жүлдегерлерді марапаттау рәсімі ұйымдастырылды. Қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов аламан бәйгеде үздік атанған Бақкелді Ахатқа «Нива» автокөлігінің кілтін табыс етті.
– Елбасының өзі Шымкентке үшінші қала мәртебесін берді. Соған сай енді бұқаралық спорт та дамуы тиіс. Қала күні мерекесі – бүкіл халқымызға ортақ қуаныш, – деді шаһар басшысы.
Қатысушылар да, қала тұрғындары да атшабардан көтеріңкі көңіл күймен қайтты.