Елдегі ерлік Избранное

Пятница, 04 Май 2018 04:40 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 362 раз

немесе тыл ардагерлері де ұмыт қалмайды

Тарихта «Екінші дүниежүзілік соғыс» деген атаумен есте қалған нәубеттің аяқталғанына биыл 73 жыл толды. Осынау қантөгісте талай боздақ қан майданда от кешіп, ажал құшты.

DSC 2258

Жеңіске жету жолында сарбаздармен қатар елде ерінбей еңбек еткен тыл ардагерлерінің де төккен терін ерекше атап өткен жөн. Олар майдан даласындағы әскерді азық-түлікпен, оқ-дәрімен, киім-кешекпен қамтамасыз етіп отырды. Елде жүріп Жеңісті еңбегімен жақындатқан ардагерлердің бірі – Жақып Оспанов.

Қазір сексеннің сеңгіріне шығып, 1 ұл, 5 немере, 2 шөбере сүйіп отырған ардагер соғыс жылдарында мектеп жасында еді. Ол еңбек еткен Ақтас колхозы барлық жоспарды уақтылы орындап отырған атақты колхоз болған. Айтуынша, колхоздағы жылқы басы 1200-ге дейін жетіпті. Дегенмен, барлығын соғысқа алып кетіп отырған. Ал бала Жақып 3-сыныптан бастап колхоздың егінін егіп, малын баққан. Қиын заманда барлық астық мемлекетке өткізілетін еді деп еске алады ардагер. Бүкіл ел межеленген жоспарды орындау үшін күн-түн демей еңбек ететін. Жиналған бидай, айран-сүт, ет тіпті май да өгіз арбамен аудан орталығына жіберілетін. Одан стансаға, стансадан соғыс майданына жөнелтіліп отырды.

Жақып атаның жары Оспанова Жұпар әже де тракторшыларға тамақ тасығанын айтады. Одан қалса шөп жинап, маялайтын. Қойдың жүнінен шұлық, қолғап жасап өткізетін. Еңбекақысына бидай алып, соны тартып күн көрген. Ал жоспар орындалмай, жалақысыз қалған кезде, таудағы жеміс-жидек, көкөністерді талғажау еткен күндер де болыпты.

DSC 2292

– Барлығымыз тынбай жұмыс істедік. Қазіргідей 8 сағаттық жұмыс деген жоқ. Таңсәріден атқа отырғызып, қара кешке дейін жұмыс істететін. Әбден шаршаған балалар қалғып отырып, жылқының үстінен құлап кеткен кездері де болды. Бір сөзбен айтқанда ауылда бос адам болмайтын. Үйдегі балалы әйелдің өзі өзге балаларды қосып, бала бағумен айналысатын, – дейді ардагер.

Жақып ата отбасында 9 ағайынды. Соғыс кезінде 3 ағасы майданға бірдей аттанып, қайта оралмапты. 

Байқоңыр деген үлкен ағасы әскери борышын өтеп жүргенде соғыс басталып, сарбаздар қатарына қабылданды. Одан кейінгі ағасы 16 жасында жасын үлкейтіп айтып, өз еркімен әскер қатарына алынған екен. Қалған екі ұл, үш қыз елде жүріп қызмет еткен. Ал әкесі алғашқы кооператив мүшесі болған. Арыс стансасынан түйемен қант, шәй алып келіп үй аралап жүріп, таратып беретін.

DSC 2324

– Біз тұрған жерлерде соғыс дүмпуі болған жоқ. Батысты шарпып, жайпаған жарылыс, атыс-шабысты біз көрген жоқпыз. Бірақ оның алапат зілін аудан орталығына барғанда Левитанның саңқылдаған дауысынан естуші едік. Сол радиодан майдан даласының жаңалықтарын, хабарын тыңдап отыратынбыз. Ауылдағы еңкейген қарт пен еңбектеген балаға дейін тынбай еңбек етті, – дейді кейіпкеріміз.

Жақып Оспанов 2010-2015 жылы екі рет «Тыл ардагері» медалімен марапатталды. Әрине, бұл маңдай терін тамшылатып төккен ардагерлеріміздің еңбегін өтей алмайды. Сондықтан бүгінгі ұрпақ Отанына қалтықсыз қызмет еткен ата-аналарымыздың еңбегін ескеріп, мәңгі есте сақтауы ләзім.

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.