Версия для печати

Мегаполистегі шетелдік мұғалімдер Избранное

Понедельник, 18 Июнь 2018 03:17 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2526 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Миллонды қала қайнаған тіршілігімен ғана емес, түрлі сала мамандарымен де қызық. Олай дейтініміз, біздің шаһарда түрлі этнос өкілдерімен қатар шетелдіктер де тату-тәтті күн кешуде. Өзге елдің азаматтары Қазақстанда түрлі салада жұмыс істеп жүр.

Солардың бірі – Шымкенттегі химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақ беріп жүрген шетелдік мұғаліммен жуырда таныстым. Үздік шәкірт даярлауға білек сыбанып кіріскен оқытушылардың Шымкентке келгендегі алғашқы әсерлері мен қазіргі жағдайын сұрап-білдік.

«Қазаққа ұқсатып, қазақша сөйлейтін»

liza

Азияның оңтүстік-шығысынан келген филиппиндік Мария Лизаның Шымкентте дәріс беріп жатқанына екі жылға жуықтаған. Бұған дейін Қытайдағы халықаралық мектепте сабақ оқытқан ол 2016 жылдың қыркүйегінен бастап химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде ағылшын тілінен дәріс береді.
– Қытайда жүргенімде әріптесім Қазақстан туралы, қазақтардың қонақжай халық екені жайлы көп айтатын. Содан бір күні Шымкентке келуді ұйғардым. Осындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде сабақ беруді бастадым. Басында өзім сүйіп жейтін теңіз жәндіктерін таппай, азық-түлік үшін базар аралағанда тіл білмей, ойымды жеткізе алмай аздап қиналғаным рас. Кейін келе өзімді қаланың тұрғыны ретінде сезіне бастадым. Оқушылар мен мектеп ұжымы менің екінші отбасыма айналып үлгерді,-дейді Мария Балбедина.
Тек сабақ оқыту ғана емес, өнерімен де дараланған ұстаз мектепішілік іс-шараларда ән айтқанды ұнатады. Осылайша білім ошағының қоғамдық жұмыстарына белсене атсалысып жүр. Отбасы туралы да мәліметтерді ашық бөлісті.
– Екі перзентім бар. Ұлым - 18, ал қызым 20 жаста. Бір қызығы менімен жаңадан танысқан жандар қазаққа ұқсатады. Ә деп сәлемдескеннен қазақша сөйлеп қоя береді. Қазір қазақша сөйлей алмасам да біраз түсінемін. Қалада өзімді қауіпсіз сезінемін. Біздің елде кешкілік уақытта ұрлық-қарлық пен атыс-шабыс жиі орын алады. Тұрғындар кешкі серуенге шыға бермейтін. Қазақстанның үшінші мегаполисі саналатын шаһарда мұндай қорқынышты жағдайға немесе соған ұқсас кедергіге тап болмадым.
Мария Лизаның айтуынша, өз елінде мұғалімдер жоғары сұраныстағы мамандар. Оларға тұрғындардың құрметі ерекше екен.

«Шымкентте перзент сүйсем деймін»

Jennifer JOAN

Назарбаев зияткерлік мектебінде Мария Лиза жалғыз емес. Онымен бірге тағы бірнеше шетелдік маман сабақ беріп жүр. Шымкенттік оқушыларды ағылшын мен әлем әдебиетіне баулып жүрген Дженнифер Маккензи сонау Оңтүстік Африка республикасынан келген. Грин-таун қаласының тумасына Шымшаһардың ауа райы мен халқының жылылығы ұнайды.
– Бұл мектепте сабақ беріп жүргеніме 3 жылдан асты. Білімге құштар жандармен тіл табысып, бірлесе жұмыс жасап жатқаныма қуаныштымын. Мұнда келмей тұрып, қазақ халқының салт-дәстүрі, мәдениеті жайлы көп оқыдым. Мені қызықтыратыны - мұғалімдердің декреттік демалысы. Біздің елде сәбиіңді жасына толғанша қарап, бағуға мүмкіндік жоқ. 2-3 ай өткен соң жұмысқа шығу керек. Ал сіздерде жас босанған аналарға жағдай жасалған. Бір қалауым осында жүріп перзент сүйсем, - дейді Дженнифер Маккензи.
Шетелдік ұстаздың айтуынша, Қазақстан мектептеріндегі оқушылар білімді әрі дарынды. Кез келген тақырыпты терең ұғынып зерделей алады.
Айта кетейік, химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінде Мария Лиза, Дженнифер Маккензиді қоса алғанда шетелдік 10 мұғалім бар. Сингапур, Оңтүстік Африка, АҚШ, Англия, Малайзия, Филиппин, Ямайкадан келген педагогтар математика, химия, биология, информатика, ағылшын тілдерінен сабақ өтіп жатыр.

Последнее изменение Понедельник, 18 Июнь 2018 05:56