Версия для печати

ЖОЛДАР – МЕГАПОЛИСТІҢ КҮРЕТАМЫРЫ

Пятница, 15 Май 2020 02:41 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 2480 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Жолдар 1

Карантин құрылысқа қолбайлау емес. Шымкентте үй соғумен бірге жол жөндеу жұмыстары да тоқтаусыз жалғасуда. Мегаполистің бұл саладағы тынымсыз тіршілігінің тынысын білу үшін Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандарына хабарласқан болатынбыз.

ЖОЛДАР, ЖОЛДАР...

Шымкентте жол саласын дамыту мақсатында 256 нысанның жөндеу-құрылыс жұмыстарына бюджеттен жалпы сомасы 26,9 млрд теңге қаралған. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 4,8 млрд, ал жергілікті бюджеттен – 9,8 млрд теңге бөлінді.Жөнделуге тиісті 256 нысанға жалпы ұзындығы 418 шақырым жол, 7 көпір, 2 жолайырық, 1 оң жақ өткел мен 1 жерасты өткелі жатады. Нәтижесінде биыл 240 нысан пайдалануға беріледі деп күтілуде. Арасында 6 көпір мен 1 жерасты өткелі бар.
Қазіргі таңда 94 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда. Олар – 44,5 шақырым жол, 2 көпір, 2 жолайырық пен бір жерасты өткелі. Ал көктемде 1 көпір мен жерүсті өткелі ашылып, ел игілігіне берілгені көпшілікке белгілі.
– Құрылысы жүріп жатқан 15 нысанның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы, Ақтас, Достық, Көкбұлақ, Нұртас, Қайнарбұлақ, Самал-1 шағынаудандарындағы жолдар мен Әл-Фараби көшесінің, Н.Назарбаев даңғылының жалғасы, әуежайға баратын жол, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірі, Рысқұлов-Қонаев даңғылдарының қиылысындағы жолайырық бар. Бұл жолдардың көбісі әлеуметтік маңызды нысандарға апарады. Мысалы, Достық шағынауданындағы жол – мамандандырылған ХКО-ға, Көкбұлақтағы жол – көлік-логистика орталығына, Нұртастағы жол – балабақшаға, ал Қайнарбұлақтағы жол 1200 орынды мектепке бағыт алады, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Абай Тұрханов.

ҚАЙТА ҚҰРУ МЕН ҚҰРЫЛЫС

Жол саласындағы жұмыстар негізінен қайта құру мен жөндеу болып бөлінеді. Биыл шаһарда 10 нысан – 13 шақырым жол, 3 көпір, 1 оң жақ өткел қайта құрылады деп жоспарланған. Бұлардың қатарында А-2 автожолы мен Темірлан тасжолының қиылысындағы көлік өткелдері, А-2 автокөлік жолының бұрынғы қоқыс полигонынан Ынтымақ шағынауданына дейінгі бөлігін жөндеу, Жібек жолы, Төреқұлов, Адырбеков, Бадам өзеніндегі автокөлік көпірлері мен Сайрам су өзеніндегі Леңгір бағытындағы көпірді қайта құру жұмыстары бар. Бұған қоса 50 шақырым жол мен 2 көпір толық жөнделіп, 308 шақырым жол орташа жөндеуден өтеді.
– Биыл жалпы, 223 нысан пайдалануға берілсе, 2 нысан 2021 жылға өтпелі. Осы мамыр айының соңына дейін 136 нысан, ал маусым-тамыз айларында 75 нысан ашылады деп күтілуде. Күзде тағы 5 нысан пайдалануға берілмек. Ал Республика даңғылы мен Рысқұлов көшесін орташа жөндеуден өткізу 2021 жылға өтпелі, – деді Абай Әбдіманапұлы.
Басқарма мамандары тек жолдар мен көпірлерді жөндеп қана қоймай, тұрғындарға қызмет көрсетілуін бақылайды. Мысалы, қалаға қарасты 4 аудандағы жалпы ұзындығы 90 шақырым жолды қамтып, жол сызықтарын, жол қозғалысын реттеуді күтіп-ұстауды басқарма мамандары атқарады.
– Айта кету керек, бұл шаруаларға жергілікті тұрғындар көптеп тартылуда. Әсіресе, жұмыссыз азаматтарды еңбекпен қамту басты назарда тұр, – дейді басқарма өкілдері. Мысалы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында биыл 3198 адам жұмылдырылмақ. Оның ішінде 1621 адам жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмыссыз азаматтардың қатарынан алынады.

ҚОНАЕВ ДАҢҒЫЛЫ

Құрылыс барысында қалалық маңызы бар көшелерді дамыту да қолға алынған. Қазіргі таңда магистральді жолдардың 94 шақырымында құрылыс жүруде. Оның ішінде Қонаев даңғылының жалғасы мен айналма жолды қайта құру іске асырылмақ.
Басқарма мамандары мұндай ірі жобалар қаладан шығатын барлық бағытты қамтып отырғанын айтады. Мысалы, Ташкент, Түркістан және Алматы бағыттарына шығатын жолдар желісінің құрылысы қарқынды жүріп жатыр. Көлік ағынын өткізу қабілеті жоғары, заманауи талаптарға сәйкес бұл автокөлік жолдары 2023 жылға дейін пайдалануға берілмек.
– Қонаев даңғылын жалғайтын құрылыстың ұзындығы 21 шақырым болмақ. 2019-2023 жылдар аралығында атқарылатын бұл құрылыс 8 кезеңнен тұрады. Осы орайда жол құрылысы белдеуіне түсіп отырған 475 нысан мемлекет мұқтажына алынады, – деді басқарма басшысының орынбасары.
Қонаев даңғылы – мегаполистегі күре жолдардың бірі. Оның жылдар бойы Түркістан көшесіне тіреліп, тұйықталып қалған бөлігінде былтырдан бері құрылыс жалғасуда. Бұл жұмыстар қала әкімдігінің назарында екенін жуырда қала басшысы Мұрат Әйтеновтың құрылыс басына арнайы барып, танысуынан аңғаруға болады. Әкім даңғылдың Ескі қалашық арқылы өтетін бөлігінің құрылыс барысын байқады. Жауапты мамандар қала басшысына мұндағы күре жол өтетін жерге орналасқан үйлердің дені сүріліп, топырағы алынғанын баяндады. Қазір тас төсеу жұмыстары жалғасуда. Жалпы, құрылыс бекітілген кесте бойынша жүруде.
– Қонаев даңғылын ұзарту жобасының бірінші учаскесі 580 метр ұзындықты қамтиды. Қазір мұндағы кәріз жүйесі мен электр бағаналары, газ жүйесі алынуда. Мұнан бөлек, бұл жердің топырағы құрылысқа жарамсыз. Сондықтан топырағы тазартылып, тас төселуде, – деді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Қайрат Баймендиев.

ІШКІ ОРАМДАР ДА – НАЗАРДА

Ірі көшелер ғана емес, шағынаудандар мен елдімекендердегі көшелер де жаңарады. 2020 жылы осы көшелерді күрделі және орташа жөндеу, шағал тас төсеу жұмыстарына 16,5 млрд теңге бөлініпті. Жалпы ұзындығы 50 шақырым болатын 69 көше күрделі жөнделеді. Ал 207 көшеде (290 шақырым) орташа жөндеу жұмыстары атқарылады. Тағы 90 шақырым жолға шағал тас төселмек.
Жалпы, Шымкент қаласындағы автокөлік жолдарының жалпы ұзындығы 2 980 шақырымды құрайды. Оның ішінде 1758 шақырымға асфальт төселсе, 1107 шақырым тас жол бар. Ал 111 шақырымы – топырақ жол. Жолдардың 56,5 пайызы немесе 1 682 шақырым жолдың жағдайы жақсы және қанағаттанарлық деп саналса, 43,5 пайызының (1 295 шақырым) жағдайы сын көтермейді. Оның ішінде 1219 шақырым шағал және топырақ жол, ал 873 шақырымы – шалғай елдімекендерге тиесілі жол болып тұр.

 

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.