Версия для печати

Сараң екі рет шығындалады

Понедельник, 10 Август 2020 08:51 Автор  Опубликовано в Қала Прочитано 1525 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Шымкентте көше жөндеу, жол салу жұмыстары көктемнен бері жалғасып, ірі көлемде атқарылуда. Бұл туралы өткен нөмірлерімізде бірнеше рет жарияладық. Ал осы жолдардың сапасын кім бақылайды? Олқылықтар табылса, қалай жөнделеді? Бұл туралы «Ұлттық жол активтері сапасы орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Шымкент қалалық филиалының директоры Мұхтар Дүйсембековтан сұрап-білген едік.

 

Duisembekov



– Мұхтар Манасұлы, жалпы мекеменің, оның Шымкент қалалық филиалының құрылуына тоқталып өтсеңіз.

– Біздің мекеменің әзірге қысқа құрылу тарихына келсек, бұл мәселе негізінен 2009-2010 жылдардан бері көтерілді. Барлығы Батыс Еуропа – Батыс Қытай үлкен жобасы іске асып жатқан кезден басталды. Еліміздегі ірі жоба жүзеге асырыла бастағанда Дүниежүзілік даму банкі жанындағы халықаралық институт жолдың сапасын бақылау, осы міндетті атқаратын мекеме құру жөнінде ұсыныс жасады. Ал ол кезде мұндай мекемені бірде ашу мүмкіндігі болмағандықтан, елдегі заңдарға өзгерістер енгізіле бастады. Содан кейін 2019 жылдың 19 наурызы күні Үкіметтің қаулысы шығып, Ұлттық сапа орталығы құрылды. Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, облыстарда ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің автомобиль жолдары комитетіне қарасты жол сапасын зерттеу зертханалары болатын. Сол «ОблЖолЗертхана» мекемелерінің базасында осы Ұлттық сапа орталығы ашылды. Ал Шымкент қаласындағы филиал ең жас мекеме саналады.

– Қазір сіздерде қанша маман жұмыс істеуде?

– Негізі штат бойынша 10-12 маман бар. Ал жұмыс маусымы қызғанда қосымша жұмысшылар аламыз.

– Жоғарыда айтқан Ұлттық сапа орталығы мен бұрынғы жол зертханаларының жұмысында айырмашылық бар ма?

– Әрине, бірқатар айырмашылық бар. Жалпы, біздің мекеме жұмысы – жол жөндеу немесе қайта құруға қатысты сметалық құжаттарға ведомствалық сараптама жасау, жолдың сапасын бақылау және диагностика жасау. Яғни, бұрын өңірлер мен қалалардағы зертхана ретінде салынған жолдардың сапасын ғана зерттеп келсек, қазіргі Ұлттық сапа орталығының құзіреті көбейді. Енді жолдың сапасын зерттеп қана қоймай, ведомствалық сараптама жасаймыз, Яғни, жолдарды орташа жөндеу кезіндегі сметалық құжаттарды да сараптамадан өткіземіз. Тағы бір айырмашылық - жоғарыда айтып өткен зертханалардың жұмысы 2019 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдарды ғана қамтитын. Ал қазір заңға өзгеріс енгізілген соң, Ұлттық сапа орталығы елдегі көпшілік пайдаланатын барлық дерлік жолды – республикалық, облыстық ауданаралық, елдімекен ішіндегі жолдарды тексере алады. Ведомствалық сараптамаға келер болсақ, бұрын облыс, қала немесе аудандағы жауапты мамандар жөнделетін немесе жасалатын жолдың сметасын өздері жасап, өздері бекітіп, оны жүзеге асыруға конкурс жариялап, мердігермен келісім-шарт жасасып жататын. Жұмыс біткен соң, сапасын біз тексерген кезде көптеген кемшілік анықталып жататын. Мысалы, аяқталған жолда кәріз құдығы не төмен тұратын, не жоғары көтеріліп тұратын. Оны кейін мердігер өз есебінен жөндейді. Немесе, жаяу жүргіншілер жолы. Ортасыда не бағана, не судың немесе газдың есептеуіш құралы тұрып қалады. Осындай олқылықтар кездесіп тұратын. Содан кейін жиі анықталатын кемшіліктің бірі – жол салынған жердің бедері есепке алына бермей, сол күйінде жол салынып кетеді. Соның салдарынан жаңбыр суы ағып кетпей, ойпаң жерлерге жиналып жататын. Соның бәрі ведомствалық сараптаманың жоғынан еді. Ал енді 2019 жылғы күзден бастап біздің мекеме осы жұмыспен айналысып келеді. Бір сөзбен айтқанда, бұрын тек жолдың сапасын ғана тексерсек, қазір сметалық құжаттарды да сараптамадан өткізе аламыз. Әзірге бұл өзгерістер тек республикалық және облыстық, аудандық маңызды жолдарға қатысты болып отыр. Енді қала ішіндегі жолдардың сметасын да сараптамадан өткізу туралы ұсыныс жасап, заңға өзгеріс енгізу бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Бір істі аяқтап, содан кейін олқылығын анықтап, түзегеннен гөрі жұмысты бастамай тұрып, алдын ала сараптама жасаған тиімді деп санаймын. Біздің мамандарымыз болашақ құрылыс басына барады, сметалық құжатқа сараптама жасап, мына жерде былай істеу керек деп ұсыныс жасайды. Сонда мемлекет тарапынан бөлініп жатқан қаржы тиімді жұмсалып, үнемделеді.

 

zhol 5



– Мұхтар Манасұлы, сіздер мемлекеттік қандай мекемелермен тығыз жұмыс істейсіздер?

– Шымкент қаласы бойынша айтар болсақ, біздің жұмысымызға тапсырыс беруші – қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы. Әкімшілік тарапынан осы мекемемен келісім-шарт жасаймыз. Былтыр жұмысымыз жылдың ортасынан басталған соң тек 20 млн теңгенің жұмысын атқардық. Ал биылдыққа біз 80 млн теңгеге келісім-шарт жасастық. Келісім-шарт жасалған соң бізге бүкіл қала бойынша орташа жөндеу, күрделі жөндеу, қайта құру бар – сол нысандардың барлығының тізімі, мердігерлердің тізімі беріледі. Содан басқарманың тапсырмасы бойынша біз нысандарға барып, сараптама жасаймыз. Сол жерде көзбен көрініп тұрған, табылған ақауларды біздің мамандар келе сала «ҚазЖолЗерттеу» деген базаға енгізеді. Ол мәліметтер базасы бүкіл республиканы қамтиды. Министр де, комитет төрағасы да, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірге құрылған «Адалдық алаңы» жобалық кеңесінің мамандары да, біздің бас директор да сол базадағы мәліметтерді көре алады. Біз нысанға барып келген соң бір күннің ішінде міндетті түрде табылған кемшіліктер мен ақауларды сол базаға ензігеміз. Ал сынамаға алынған материалдарды он күннің ішінде сынап, оның да сараптамасын енгізуіміз керек. Әр нәтижені енгізудің өз мерзімі бар. Сол сараптама жасалған соң кемшіліктердің түріне қарап, мердігерге жөндеуге мерзім береміз. Бір апта, он күн немесе 1 ай деген секілді ол ақаулар жөнделуі тиіс. Мердігер мекеме түзейді, техникалық бақылау мекемесі қадағалауға алады. Содан кейін нәтижесін басқармаға береді. Ал басқарма бізге орындалды деп хабар береді. Әрине, оның барлығын тексеруге мүмкіндігіміз жоқ, арасынан таңдап, бірнеше нәтижені бақылауға аламыз. Ал келесі жолы бақылауға шыққанда біз анықтап, жөнделген олқылық туралы мәліметті базадан алып тастаймыз.

– Олқылық түзелмеген жағдайға айыппұл саласыздар ма?

– Айыппұлды қала құрылысы және сәулет бақылау басқармасы салады. Ал біз бақылаймыз. Біздің міндет – олқылықты анықтап, тапсырыс берушіге жеткізу. Егер олқылық бірнеше рет қайталанса, түзелмесе, онда біз қала құрылысы және сәулет бақылау басқармасына бұл туралы қызметтік хат жазамыз. Автомобиль жолдарына комитетіне хабар береміз. Жуырда қалаға жақын ауданндағы мамандармен, мердігер мекемелердің басшыларымен жиналыс өтті. Сонда жол салудың, жөндеудің аса маңызды мәселелері сөз болды. Себебі, сапасыз жолдың салдарынан жол апаттары болып жатады. Сондықтан, біздің мекеме бекер құрылған жоқ, қажеттілік болған соң құрылды. Енді біз тапқан ақауды соңына дейін зерделеп, соны түзеуге мердігерлерді міндеттейміз, сондықтан, сапалы жұмыс істейік деген ұсынысымды айттым.

 

zhol 3



– Салынып жатқан, аяқталған жолдың сапасын қалай тексересіздер?

– Біздің мекеменің жұмысын толық атқару үшін 100-ден аса құрал-жабдық алу керек. Карантинге байланысты шекаралардан өтуде аздаған күрделілік туындап, бірқатар құрал-жабдық кешігіп жатқаны бар. Бірақ, қазір 70-80 пайызы келді. Негізгілері бар. Мысалы, Германиядан жеткізілген асфальтқа сараптама жасау құралы. Ол екі сағаттың ішінде мамандар алып келген асфальттың құрамын анықтап, нәтижесін көрсете алады. Одан кейін ретрорефлектометр деген құрал бар. Оның бір түрі жол белгілерінің жарықты қайтару қабілетін, көлік шамының жарығына шағылысу дәрежесін анықтайды. Яғни, жүргізушіге қаншалықты көрінетінін тексереміз. Одан бөлек қаладағы жол белгілерінің сапасын бақылаймыз. Барлығының нормативтері бар. Дәстүрлі тексеру әдісіміз – жолға төселген асфальт қабатын тесіп, сынама алу – керн әдісі. Жаңа төселген асфальттың бойымен кетіп бара жатқанда диаметрі 10 см жетер-жетпес, тік ойық шұңқырды көрген боларсыздар? Міне, енді жолды қайта-қайта тесе бермес үшін жаңа құрал алдық. Ол сынаманы лазер сәулесі арқылы алуға мүмкіндік береді. Мысалы, керн әдісінің өз шектеуі бар. 7000 ш.м. жерден 3 керн ғана аламыз. Ал лазерлі құрал арқылы кез келген жерді тексеруге болады, шектеу жоқ.

 

zhol 4



– Осы тексерулер барысында жолдардан қандай кемшіліктер анықталуда?

– Мысалы, былтыр осы керн алу әдісі арқылы бір жолдың сапасыз салынғанын анықтадық. Нәтижесінде мердігер мекеме 10 мың шаршы метр жабынды – ал бұл 1,5 шақырым жол деген сөз – алып тастап, қайтадан асфальт төседі. Биыл әзірге мұндай ірі көлемдегі олқылық анықталған жоқ. Дегенмен, Шымкент бойынша 256 учаске болса, бізге тапсырыс берушімен ақылдаса отырып, соның үшеуіндегі жол қайта салынатын болды. Тағы 6 нысанда мердігердің 3 жылдық кепілдік мерзімі 5 жылға ұзартылды. Яғни, жауапкершілігі артты. Әзірге Шымкент қаласындағы жолдардан еннің тарлығы, асфальттың қалыңдығы жағынан кемшіліктер анықталып жатқан жоқ.

– Мұхтар Манасұлы, кей жолдармен кетіп бара жатқанда толқын тәріздес ойпаңдарды көріп қаламыз. Ол неге пайда болады?

– Ол негізінен асфальт құрамындағы битумға да байланысты. Сол битумның мөлшері дәл нормативте көрсетілгендей болуы тиіс. Артық та емес, кем де емес. Орыс халқында «Кашу маслом не испортишь» деген мақал бар ғой. Бұл жерде ол жарамайды. Жолға төселген асфальттың құрамында битум көп болса, ол күн ысығанда жолдың бетіне шығады. Көлік жүріп, салмақ түскенде жол езіліп, шұңқыр пайда болады. Егер битум аз болса, ол да болмайды. Жабынның құрамы нығыз болмайды, жолға су жиналып, қыстың аязында мұз болып қатып, асфальт жарылады. Бір қарағанда жаңа асфальт жақсы көрінгенімен, оның сапасы тек зертханада ғана анықталады. Жалпы, жыл өткен сайын бұл саладағы жұмыстың сапасы артып келеді деуге болады. Мысал ретінде былтыр мен биылды салыстырайық. 2019 жылы 16 шілдеден 31 желтоқсанға дейін 196 нысанның ішінен 20 нысанды көріп, тексере алдық. 44 рет жолға шығып, 816 ақау анықтадық. Бұл – толық емес 6 айдағы көрсеткіш. Ал биылғы қаңтардан бері бүгінге дейін 190 рет жолға шықтық, қаладағы 256 нысанның ішінен 112 нысанда болдық, нәтижесінде 506 ақау таптық. Яғни, былтырмен салыстырғанда жол жөндеу мен жол салу жұмыстарында анағұрлым ілгерілеушілік бар. Былтырға қарағанда мердігерлер мен техбақылау жасаушылар «сілкінді», біздің талапты түсінді деп айта аламыз. Мысалы, өзін-өзі құрметтейтін мердігер мекемелердің өздері жылжымалы зертхана ашып, құрал-жабдықтар алуға әрекет жасауда. Бұрын тендерге қатысқан кезде басқа мекемемен келісім-шарт жасасып, қағазын ғана көрсетсе, қазір ондай жағдай азаюда. Себебі, жоғарыда айтып өткен мысалды келтірсек, олқылыққа жол берген мекеме 10 мың шаршы метр жолды алып тастап, қайта салды. Ол шамамен 30 млн теңге деген сөз. Яғни, олқылыққа жол беріп, оны соңынан қайта жөндеп жүргенше, жолды о баста саларда асфальты бар, басқасы бар – бәрінің сапасын өздері де тексеріп, жұмысты сапалы атқарған ең алдымен өздеріне тиімді екенін мердігерлер де түсініп отыр. Бұл бір жағынан Ұлттық сапа орталығы құрылып, жұмыс сапасына бақылау жасаудың нәтижесі деп есептеймін. Түптеп келгенде барлығымыздың көздегеніміз – жұмысты сапалы атқару.

– Ендеше, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз. Сұхбатыңызға рақмет!

Нұрлан Бектаев

Последнее изменение Понедельник, 16 Ноябрь 2020 09:07
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.