Орыс драма театрының ғимаратында өткен мерекеде қаладағы 15-ке жуық өнер ұжымы, балалар ансамбльдері көрерменге мерекелік бағдарлама ұсынып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Бұл күні түрлі сахналық көріністер, ұлттық билер, хор әндері шырқалып, балаларға жұмбақтар жасырылды, сыйлықтар таратылды. Славян әдебиетінің частушка жанры да орындалды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасымен Әз-Наурыз елімізде он күн бойы атап өтіледі. Шымкентте де осы онкүндікте жүзден астам іс-шара ұйымдастырылмақ. Әрине, барлық санитарлық талаптар сақталады. Сол сияқты славян халықтарының Масленицасы да – көктем мерекесі. Баршамызды жыл басымен құттықтаймын, – деді Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарманың басшысы Мәди Манатбек.
Бұл күні театр фойесінде шымкенттік қолөнершілер мен шеберлердің туындылары көпшілік назарына ұсынылып, көрме ұйымдастырылды.