Шымкент қаласы әкімдігінің жұмыспен қамту орталығында қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға арналған 30-дан астам мамандықтың тізімі бекітілген. «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру аясында жұмыссыз жүрген азаматтар өзіне ұнаған мамандық бойынша оқып, сертификат алады. Олар қазіргі таңда сұранысқа сай дизайнер, кондитер, тігінші, автоэлектрші, тас қалаушы, кран машинисі, визажист, шаштараз, аспаз және т.б. мамандықтарға оқуға жолданды.
Оқу мерзімі – 3 ай. Оқуға жолданған азаматтарға ай сайын 17 000 теңге шамасында шәкіртақы қарастырылған. Оқыту курстарына жұмыспен қамту орталығында жұмыссыз ретінде тіркелген 18 жастан асқан (студент емес) және зейнет жасқа дейінгі азаматтар қатысуға мүмкіндік алды. Оқуын тәмамдаған азаматтарға біліктілік куәліктері табысталды. Сол құжат арқылы азамат мемлекеттік грантқа және жылдық пайызы 6% -дан аспайтын шағын несиеге құжат өткізе алады.
Қатысушылар қалалық жұмыспен қамту орталығына келіп, тиісті Заңнамаға сәйкес төмендегі құжаттарды тапсыруы қажет:
1. Жеке басын куәландыратын құжат;
2. Еңбек кітапшасы (болған жағдайда);
3. Білімі туралы құжаттың (аттестат, куәлік, диплом, сертификат) көшірмелері;
4. №086-У нысаны бойынша денсаулық жағдайы туралы анықтама азаматтарды бағдарламаға қатысушылар құрамына қосу туралы шешім қабылданғаннан кейін қосымша ұсынылады (көшірме).
5. 20 санды банк шотының мәліметтері.
Грантқа құжат тапсыратын азаматтар:
* «Бизнес-бастау» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне және қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтіп, арнайы сертификат алған азаматтар;
* Аз қамтамасыз етілген атаулы әлеуметтік көмек алушы, табысы аз, көп балалы отбасылардың мүшелері;
* Қандастар мен қоныс аударушылар арасындағы жұмыссыз азаматтар.
Осы санаттағы азаматтардың жұмыссыз ретінде немесе кәсіпкерлер үшін заңды тұлға, жеке кәсіпкерлік ретінде тіркелген мерзімі бір жылдан аспауы тиіс.
Грантқа өтініш білдіру үшін мына құжаттар қажет:
1. Өтініш;
2. Жеке куәлік (қандастар үшін – қандас куәлігі);
3. Бизнес жоспар;
4. Сертификат («Бастау-бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқыту курсынан өткен немесе «Еңбек» бағдарламасының І бағыты шеңберінде 3 айлық оқуды аяқтағаны жөніндегі құжат).