Версия для печати

Өтті күндер,отты күндер ол күндер...

Пятница, 05 Май 2017 06:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4687 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Ардагерлерімізді ардақтап, қарттарымызды құрметтеген халықпыз. Миллиондаған адам бәрін де майдан үшін, жеңіс үшін беріп, бел шешпей еңбек етті. Қазір біз аталарымыз бен әкелеріміздің арқасында бейбіт аспан астында өмір сүрудеміз, қуатты мемлекет құрып, болашаққа сеніммен қарап отырмыз.

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ

 


Соғыс жылдарындағы өңірдің сұрқай тіршілік-тынысы, ауыр бейнет, қиындықпен бетпе-бет келген тұрғындардың бейнесі және сол жылдардағы жазылған хаттар, қолданылған тұрмыстық заттар... «Жеңіс» саябағында орналасқан «Ерлік» мұражайы бүгінде Ұлы Отан соғысы кезеңіндегі Оңтүстік өңірінің өмірінен сыр шертетін шежіре орталығы іспетті.

DSC 1000

Мұражайда арнайы жабдықталған 4 зал және галерея ҰОС мен Ауған соғысының өзіндік қасіреті мен тағылымын бейнелейді. «Азат етуші жауынгерлер» аталатын бірінші залдың экспозициясында 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына қатысқан жауынгерлердің құжаттары мен орден-медальдары, майдан даласынан табылған тарихи жәдігерлер орын алған.

«Оңтүстік өлкесі қаһарлы жылдарда.» Осы атаумен аталатын екінші залдың экспозициясы соғыс кезеңіндегі тылдағы тауқымет жайлы сыр шертеді. Мұнда тылдағы қарттар мен балалардың ел үшін еткен ерен еңбектері бейнеленеді. Соғыс жылдарында өңірге көшірілген 17 зауыт-фабриканың еселі қызметі жөнінде мол мәлімет беріледі. Соғыстың алғашқы айларында өлкемізге Веронеж пресс-автоматтар зауыты, Харыповтың шұлық және айна фабрикалары, Подальскінің илеу-құю зауыты, Киевтің химия-фармацевтік зауыты, Мәскеу алколоид зауыты, Кеременчуг электростансасы көшіріліп әкелінді.

Кәсіпорындардың бірсыпырасы облыстың аудандарында орналасты. Шыны зауыты – «Күйік» совхозында, трактор шеберханасы – Сайрам ауданына, электрстанция Түркістан ауданына, мақта иіру фабрикасы – Мақтаарал ауданына қоныс аударды.

DSC 1008

1942 жылы барлық көшіп келген кәсіпорындар алғашқы өнімін бере бастады. Облысқа сонымен бірге КСРО Архитектура академиясы, Дүниежүзілік экономика мен саясат институты, география институты, дәрілік шөптердің Бүкілодақтың ғылыми зерттеу институты көшіріп әкелінді. Көшірілген ұжымдардың арасында Моссовет атындағы театр да бар. 

Соғыс басталысымен-ақ облыс КСРО-ның Германиядан әскери экономикалық артықшылығын қамтамасыз етуге қомақты үлес қосты. Басқыншыларға қарсы атылған әрбір 10 оқтың 7-уі Шымкент қорғасын зауытында құйылды. Оңтүстік Қазақстан облысы еліміздің аса маңызды ауылшаруашылық аймағына айналды. Ол майданды және Орал, Сібір, Еділ бойының ірі өнеркәсіп орталықтарын астықпен, маймен, жүнмен, қамтамасыз етті. Майданға жеміс-жидектер мен көкөністер жіберіп отырды. Соғыс жылдарында облыс отанымызға 2 миллион пұт ет, 800 мың литр сүт, 100 мың ірі қара мал және 1 миллионнан артық қой және ешкі терісін, 44 мың 80 пұт жүн, 2 миллион 120 мың пұт астық берді. Облыс тапсырған мақтадан тоқылған матамен Қызыл Армияның 7 миллион жауынгерін киіндіруге болатын еді. 

DSC 1004

Соғыс жылдары Шымкент қорғасын зауытында негізінен Калашников автоматы мен «Русская винтовка» қаруына оқ дайындалды. Сондай-ақ, зеңбірек оқтары мен танктің қосалқы бөлшектері де шығарылды. Зауытқа қажетті қорытпалар Бәйдібектегі Байжансай мен Кентаудағы Ащысай, Мырғалымсай кеніштерінен жеткізілген. Күн-түн демей белсене еңбек еткен жұмысшылар жәшікке салынған дайын оқ-дәрілерді вагондарға тиеп, алыстағы майдандарға жіберіп тұрған. 

Соғыс жылдары қорғасын зауытының 400-ге жуық жұмысшысы қолына қару алып, өз еріктерімен соғысқа аттанды. Кейіннен, жаппай демобилизациядан соң, майдан даласында ұрысқа қатысқан жауынгерлер зауытқа оралып, жұмыстарын қайтадан жалғастырды. Олардың қатарында Кеңес Одағының батыры Хасан Мамытов, сондай-ақ зауытта құрмет биігіне көтерілген Л. Онуфриев, А. Абдиев, Н. Бовута, А. Андреев, П. Лалетина, С. Нурметов, В. Елманов, Л. Николотов, У. Умаров, Е. Тұрғымбаев, Н. Голдобин, Г. Валитов, Г. Георгиев, С. Митрянин, А. Әліқұлов, И. Иванов сынды еңбек ардагерлері болды.Зауыт жұмысшыларының еңбегі өз кезегінде ескерусіз қалған жоқ, олар әр түрлі орден-медальдармен құрметтеліп, басшылық тарапынан зор алғысқа бөленді. Атап айтар болсақ, «Ленин» орденімен – 15, «Қызыл Ту» орденімен – 52, «Құрмет белгісі» орденімен – 32, І және ІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – 17 адам марапатталды. Соғыс аяқталған соң барша жұмысшыларға «Ерен еңбегі үшін» медалі берілді. 

DSC 1029

Мұражайдың келесі экспозициясы этнографияға арналған. «Соғыстың қатыгез бейнесі» тақырыбында соғыс кезеңіндегі ауыл үйінің ішкі көрінісі бейнеленген. Қан қилы соғыс кезіндегі май шам көмегімен шұлық тоқып баласын күткен ана, сағынышын хатпен жеткізбек болып, қалам ұстаған бала, өзге де тұрмыстық қажетті заттар бейнеленген. Сол жылдарда қолданған қол диірмен, шырағдан, темір ошақ, қолдан жасалған киіз, келі-келсап... Оңтүстікте ғана өсетін дәрілік шөп – дермене. Ауыл тұрғындары дерменені дәрі-дәрмек ретінде қолданған. 

Оңтүстік Қазақстан облысының еңбекшілері соғыстың алғашқы күнінен бастап тылда аянбай еңбек етті. Мәселен, Ащысай полиметалл комбинатында кен өндіру күннен күнге үздіксіз артып отырды. Комбинатта 237 әйел жұмыс істесе, 1942 жылдың басынды олардың саны 1000-нан асты.

Мұражай галереясында Ұлы Отан соғысының ардагері, суретші Пономаренконың қолынан шыққан туындылар елеулі орын алады. Ол соғыста көзбен көргендерін күнделігіне түсіріп, елге оралған соң осы күнделік желісімен салған өнер туындылары таныстырылады. Сондай-ақ, тыл, еңбек ардагерлеріне арналған жеке кешендер, сонымен қатар, әскери киімдер экспозициядан орын алған. Кеңес Одағының батыры, Днепрді қорғауға қатысқан жерлесіміз Тоғанбай Қауымбаевтың сол кездегі облыс әкімі Асқар Мырзахметовке сыйға тарту еткен шапаны да мұражайдың төрінен орын алып тұр. Мұражай меңгерушісі Ақмарал Құдайбергенованың айтуынша, танымдық жәдігерлер мен мұнда келушілердің қатары уақыт өткен сайын арта түсуде.

DSC 0064

aqparat-34– Мұражай қорында қазіргі таңда 3000-нан астам жәдігер жинақталған болса, соның 2000-нан астамы экспозицияда көрсетілген. Ондағы жәдігерлермен таныса отырып, келушілер ата-апаларымыздың жеңісті жақындата түскен ерлігі мен ерен еңбектерін зерделейді, – дейді Ақмарал Асанқызы. – Өткен жылы мұражайда 306 мәрте «Ашық есік күнін» ұйымдастырып, оқушылардың, жалпы, арнайы келген қала тұрғындарының танымдық біліктілігін арттырдық. Нәтижесінде, жыл ішінде 11 мың 586 тұрғын мұрағаттармен танысуға мүмкіндік алды. Және былтыр мұражай 510 жәдігермен толықты. 87 материал ғылыми негізгі қорға қабылданды.

Ұлы Отан соғысына қазақ даласынан 1 миллионнан астам жауынгер аттанған болса, соның ішінде, Оңтүстік өңірінен 18 мың 547 азамат қолына қару ұстады. Қазақ қыздары да соғыс ауыртпалығын ер азаматтармен бірдей көтерді. Соғыстың алғашқы күндерінен бастап соғысқа сұранып хат жазған қазақ қыздары көп болды. Мысалы, Қарағандының әскери комиссариатына соғысқа сұранып өтініш жазған арулар саны 10 мыңнан асқан. Семей қаласы бойынша соғыстың алғашқы күндерінде 3 мың өтініш, ал Алматы қаласынан Фрунзе ауданы бойынша 112 өтініш түскен. Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша 1941 жылы 12 мыңдай арудан соғысқа бару туралы өтініш түсіпті.

1942 жылы Қазақстанда құрылған 34-ші жеке әйелдер ротасының 300-ге тарта аруы Курск майданында шайқасқа қатысып, ерлік көрсеткен.

Кеңес әскерінің қатарындағы жауынгерлердің 15 мың 960-ы туған жерге оралды. Қазіргі таңда, Шымкент қаласында 105 соғыс, 6 мыңға таяу тыл ардагері бар.

Последнее изменение Пятница, 05 Май 2017 06:47