Версия для печати

Аурудың жақсысы жоқ, дәрінің тәттісі жоқ

Пятница, 14 Июль 2017 06:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 8806 раз
Оцените материал
(1 Голосовать)

Әрине аурудың жақсысы жоқ екені белгілі. Дегенмен, халық арасында «Жаман ауру» аталып кеткен қатерлі ісіктен қазіргі таңда әлемде 7 миллион, елімізде 17 мың адам көз жұмады екен. Бұл көрсеткіш 2020 жылға дейін 1,5-2 есеге дейін артуы мүмкін дейді мамандар. Жыл сайын жаңа құрылғылар, түрлі дәрілер шығарылып жатқанымен дәрігерлер науқастарды толығымен ажал ауызынан аман алып қала алмауда. Керісінше, ауру күшейіп, көпшілік көп мән бере-бермейтін жерлерден пайда болуда. Мәселен, адам денесіндегі қал, мең және басқа да қара дақтар онкологиялық аурудың ошағы болуы мүмкін екен. Әсіресе күнге қызғанда, жол апатына түскенде ауру қозады. Мұндай жағдайда мамандар ертерек дәрігерге көрініп, қатерлі ісіктің қандай түрі екенін анықтаған жөн дейді. Осыған орай, «№11 Шымкент қалалық емханасы» МКҚК-ның дәрігері, онколог, маммологы Карибжан Камаловпен сұхбаттасқан едік.

 DSC 7583– Карибжан Османұлы, денедегі мең, қал және басқа да қара дақтар қалай қатерлі ісікке айналады? 

– Жалпы ісік қатерлі немесе қатерсіз деп екіге бөлінеді. Денедегі кез келген қал, мең, без немесе қара дақтардың көлемі ұлғайып, суланып, қызарып, қышып, үстінде түгі болып, ол түсе бастаса аурудың алғашқы белгілері басталып жатыр деген сөз. Адам денесінде жиырмадан астам қал болатын болса қатерлі ісіктер тобына кіреді. Қал қандай кезде қозуы мүмкін? Қал ыңғайсыз жерде орналасып, киім киген кезде жиі ілініп, қышып, көп қатынас болса қозып, қанап кетеді. Бұл да қатерлі. Сонымен қатар, физиокабинет, парофин, массаж секілді және басқа да ыстық процедуралар жүргізіліп жатқан кезде ісіктер ыдырап, капсуласынан шығып, ұлғаюы мүмкін. Мұндай жағдайда мұқият қарау керек. Зиянсыз, қауіпсіз ісік болатын болса, тері қабатына жабыспаған, тегіс, ары-бері қозғалатын болады. Ал егер қатерлі ісік болса, қызарып, ұлғайып, суланып, жан-жағына тағы да без тастап, түктері түсіп қалып мазалауы мүмкін. Жаңағы қауіпті белгілер байқалса дер кезінде дәрігерге көрініп, алдын алған жөн. Айта кетейін, кез келген дақ немесе ісікті қысуға, сығуға, езуге болмайды.
– Бұл қаншалықты қауіпті?
– Бұл дақтар, ісіктер, қатерлі клеткалардың ішінде болса, қозып, көбейіп лимфа бездері арқылы басқа органдарға метастаз тастауы мүмкін. Ол дегеніңіз рак секілді, қалқаншаларымен тістеп-тістеп көбейіп кете береді деген сөз. Бүйрек, бауырға және тағы басқа ішкі органдарға өтіп кетсе, ол орган жарамай қалады. Мұндай кезде емнің бірден бір жолы хирургиялық отамен алып тастау болады. Оны хирургиялық жолмен алғанның өзінде, ота жасап алынған нәрсені гистологиялық әдіспен тексеру керек. Міне нақты осы тексерілуден кейін барып қана нүктесі қойылады.
– Мұндай ісіктер терісі қара адамдарда аз болады. Азиялықтарға қарағанда Еуропалықтарда көбірек кездеседі. Өйткені, қара теріден бөлінетін меланоциттар ракқа қарсы күрес жүргізеді. Ал ақ терілерде меланоциттар аз мөлшерде бөлінеді. Байқасаңыз австралиялықтарда, теңіз жағалауларындағы адамдардың денелерінде сепкіл секілді қара дақтар жиі кездеседі.
onkologia-55– Қазіргі таңда адамдардың арасында қандай онкологиялық аурулар көбірек кездесіп жатыр?
– Қазір адамдардың көпшілігінің ауыз қуысы, дене тері қабаттары, жатыр мойын, тік ішек секілді жерлердегі ісіктердің пайда болуы көбірек кездесіп жатыр. Ол дегеніміз аталған мүшелерде лимфа бездері үлкейіп, жара пайда болған жер ісініп кетеді. Ал ішкі құрылыстарда әсіресе асқазан, бауыр, өңеш, тоқ ішіек секілді жерлерде пайда болуы одан да қауіптірек. Өйткені, ішкі органдарда пайда болған қал, мең, дақтардың, ісіктердің бастапқы белгілері байқалмайды. Мәселен, тік ішекте басталса оны тек іш қатқан, үлкен дәрет қиындаған кезде бірақ біледі. Тіпті дәрет соңында қан белгілері байқалуы мүмкін. Ал асқазан жолдарындағы созылмалы гастрит, асқазан жарасы ауруларымен ауыратындар дер кезінде емін алмаған, диетасын дұрыс сақтамаған. Бұл өз кезегінде қатерлі ісік ауруларына алып келуі бек мүмкін.
– Онкологиялық аурулар негізінен қандай жағдайларда пайда болады?
– Себептері әр түрлі. Қоршаған ортасы таза болу керек. Жейтін тамағына мән беру тиіс. Бұған әсіресе құрамында бояуы бар тағамдар әсер етуі мүмкін. Сондай-ақ, жас кезінде шаң-тозаңда немесе түтінде көп жұмыс істеген адамдарда жиі кездеседі. Вирустық, бактериялық клеткалардың ретсіз бөлінуінен де болады. Иммунитет жоғары болуы керек.
Қазір міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Осыны пайдаланып, дәрігерге жиі қаралып, скрининг тексеруден өтіп тұрған дұрыс. Бұрын онкологиялық аурулар жасы егде адамдарда кездесетін, қазір жастарда да жиі байқалатын болды. Ауруға шалдықпай жатып ден саулығы мен тән саулығына көп мән беру керек. Қазақта «Білімнен қымбат досың жоқ, Аурудан бетер қасың жоқ» деген сөз бар. Сондықтан, «Жас жігіттің жарасы, Жол-жөнекей жазылар» деп жүре бермей, дәрігерге уақтылы қаралып тұруға кеңес беремін.
– Әңгімеңізге рахмет!

Сапарғали ҚАНАТ

2015 жылы Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ-нің журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «J-Group Production» аутсорсинг компаниясында журналист, сценарист, «Білім-Инновация» ХҚҚ-на қарасты «Сана» журналында журналист болып еңбек еткен. 2017 жылдың қаңтарынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.