«Бақытты балғын балалық»

Пятница, 05 Май 2023 05:58 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 5944 раз

bakytty-balalyk

Шымкент қаласының орталықтандырылған балалар кітапханалар жүйесінің №6 кітапхана бөлімшесі №48 жалпы орта білім беретін мектептің бастауыш сынып оқушыларының қатысуымен балалар ақыны Әбдірахман Асылбековтің туғанына 85 жыл толуына орай «Бақытты балғын балалық» атты ертеңгілік өткізді. Әдеби жиын жас ұрпақтың санасына рухани құндылықты жаңғыртудың маңыздылығын сіңіру арқылы оларды отансүйгіштікке, елжандылыққа бағыттау, елін, жерін, халқын қадірлеуге баулу мақсатында ұйымдастырылды.

Кітапханашы ақынның өмірбаяны мен шығармашылығына тоқталып, «Балалардың сүйікті ақыны» атты кітап көрмесіне шолу жасады. Ертеңгілікке қатысқан оқушылар ақын өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Ақынның балаларға арналған алғашқы өлеңдер жинағы 1961 жылы жарық көрген. Содан бергі уақытта 31 жыр кітабын шығарды. Атап айтсақ, «Жапырақтар», «Қиял қиясында», «Алтын дән», «Алатау аясында», «Ғажап бала», «Балам туралы баллада», «Әлемге үні тараған», «Көкорай көктем», «Түрлі-түрлі бала бар», «Туысыңды таптың ба?», «Светофор сыры», «Алтын арай», «Ерден атайдың ертегілері», т.б. кітаптары жарық көрген.

Ә.Асылбеков қазақ эстрадасында шырқалып жүрген, халықтың жүрегінде жатталып қалған көптеген әннің сөзін жазған. Олардың ішінде үйлену тойының символына айналған танымал туынды «Жар-жар» мен Желтоқсан оқиғасына байланысты шер толқытқан «Желтоқсан желі», әнші М.Бесбаевты танытқан «Бозторғай» туындылары бар.

Кеш соңында оқушылар «Бақа мен үйрек» ертегісінен көрініс сахналады. Ертегілер баланы адалдыққа, тапқырлыққа, адамгершілікке тәрбиелеп, жамандықтан, өтірік пен зұлымдықтан аулақ болуға шақырады.

Гүлмира АЛИЕВА,
Шымкент қаласының орталықтандырылған
балалар кітапханалар жүйесіндегі
№6 кітапхана бөлімшесінің меңгерушісі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.