Шымкенттік оқушы әлемнің 8 үздік оқу орнынан шақырту алды Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:46 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1725 раз

Шымкент қаласында дарынды, талантты оқушылар көп. Соның бірі – М.Х.Дулати атындағы үш тілде оқытатын №8 мамандандырылған гимназияның 11-сынып оқушысы Алексей Ким. Ол әлемнің ең үздік деген 8 жоғары оқу орнынан шақырту алып отыр. Айталық, Канада, Ұлыбритания, АҚШ т.б. Оқушы бұл жетістіктерге, әрине, өзінің білімімен, қабілетімен, ізденімпаздығымен, республикалық, халықаралық олимпиадаларға жиі қатысудың, тіл білудің нәтижесінде жеткен.

korei

 

Алексеймен сұхбат барысында оның тәртіп пен жауапкершілікке бала кезінен дағдыланғанын байқадық.
– Маған уақытымды дұрыс басқаруды, яғни тайм-менеджментті ата-анам үйретті. 5 жасымнан теннистен, футболдан спорттық үйірмелерге қатыса бастадым. 13 жастан кәсіби спортпен айналыстым. Алайда көзімнің нашарлауына байланысты волейболға ауыстым. Ағылшын тілін үйренуді 6-сыныптан қолға алдым. Барлық пәндерді сүйіп оқимын, бірақ ішінде ерекше жақсы көретіндерім – математика мен ағылшын тілі пәні, – деді кейіпкеріміз.
Алексей 10-сыныпта оқып жүргенде университеттер көрмесіне барады. Сол көрмеде оған ата-ананың көмегіне арқа сүйемейтін тәуелсіз және Қазақстаннан басқа да мемлекетте өмір сүріп көру қызық көрінеді. Сол себепті, агенттіктер арқылы түрлі оқу орындарына хат жолдап, күткендей 8 оқу орнынан шақырту алады. Айтуынша, әлі де бірнеше оқу орындарынан шақырту күтіп отырған жайы бар. Дегенмен, ол ІТ маманы болуды ұйғарған және таңдауы АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы атақты Stony Brook университетіне түскен. Енді виза алу және оқуға қажетті құжаттарды жинауға қанша қаражат керек, соның дайындығына кіріскелі отыр.
– Сабақтан бөлек волонтер болдым. Қаланың көшелері мен жолдарын тазалайтынбыз. 9-сыныпта бір бағдарлама негізінде мүмкіндігі шектеулі балаларға ағылшын тілінен сабақ бердім. Түрлі сайттар жасадым. Жалпы, сыныпта мен ғана ІТ мамандығын таңдадым. Оқуды бітірген соң Қазақстанда ғылым саласында компьютерлік технологияны дамытуға атсалысқым келеді, – дейді елгезек оқушы.
Алексей уақытын алдын ала жоспарлайды, барлық мұғалімдерін жақсы көреді, сыныптастарын құрметтейді. Арманы – алған білімін қазақ елінің көркеюіне жұмсау. Сөз арасында ол оқушылар өзі ұнатқан пәнді тереңдетіп оқып, соның соңына түскені дұрыс дейді. Сондай-ақ, ол шетелге оқуға түскісі келетін замандастарына үш кеңес айтты: біріншіден, шет тілін, оның ішінде ағылшынды білу; екіншілен, мектепте ғана емес, қоғамда да белсенді болу; үшіншіден, таңдаған ЖОО-ны өзге оқу орындарымен салыстыруды және шетелге түскен студенттердің өмірін зерттеу керек.
Сынып жетекшісі Елена Павленко шәкіртінен көп үміт күтетінін, оның сабағына өте тиянақты, ерекше ойлайтын креативке толы жауапты оқушы екенін мақтанышпен жеткізді.
Алексейден замандастарына алтын уақытын жоғалтпауды, әлеуметтік желіге тәуелді болмау үшін кеңес беруін сұрадық. «Әлеуметтік желінің де жақсы әрі жаман жағы бар. Өзгелерге кеңес бере алмаймын. Әр бала өзі жалыққан кезде қоятын шығар. Мысалы, мен Тик-Токта кітап оқудың пайдасы туралы рилстармен бөлісе бастадым. Ол достарымның арасында кеңінен тарап кетті. Сол сияқты әр жас жеткіншек әлеуметтік желіні өзіне пайдалы етіп, көптеген достар табуына болады», - дейді ол.

Жансая СЫДЫҚБАЙ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.