«ӘУЕЗОВ ҺӘМ АБАЙ»: ҒЫЛЫМИ ҚОС ТОМ ЖАРЫҚ КӨРДІ Избранное

Пятница, 15 Март 2024 05:44 Автор  Опубликовано в Білім Прочитано 1208 раз

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінде «Әуезов һәм Абай» атты екі томдық ғылыми кітаптың таныстырылымы өтті. Қазақ руханияты тағы бір ғылыми кітаппен толықты. Университеттің «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы ғалымдарының 5 жылдық зерттеулерінің нәтижесінде жарық көрген кітапта Абай шығармаларындағы текстологиялық-терминологиялық мәселелер, Әуезовтің Оңтүстікке сапары, Шымкент қаласына жерленген Абай ұрпақтарына қатысты тың деректер де топтастырылған. Кітаптың тағы бір жаңалығы Абайдың қара сөздері, өлеңдері мен аудармалары түпнұсқа қолжазбалармен қайта салыстырылып, транскрипциясы жасалып, арнайы түсініктемемен берілген.

kitap

 

Еңбектің лентасын қиып, жиында сөз алған тарих ғылымдарының докторы, профессор Дария Қожамжарова ұлтымыздың ұлы тұлғаларының мұралары келешек ұрпаққа қажетті дүние екендігін айтты.
– Абайдың «Толық адам» идеясы әлі күнге маңызын жоймады. Менің бастамаммен құрылған «Мұхтартану» зерттеу орталығында жарыққа шыққан кітаптың мұхтартану, абайтану ғылымдарына қосқан үлесі зор деп білемін. Дүниеде ғылым мен шығармашылықтан асқан байлық жоқ. Абай мен Әуезовті жүрегіне сіңірген жастар елімізді ұшпаққа шығарады. Осындай шығармаларды насихаттау баршамызға ортақ іс, – деді Дария Пернешқызы.
Сондай–ақ, кеш қонағы «AMANAT» партиясының Шымкент қалалық филиалының атқарушы хатшысы Жанар Бектаева сөз сөйлеп, кітаптың «Кітап-AMANAT» жобасы аясындағы кітапханадан орын алатынына, халыққа кең тарап, оқырманға жетуіне үлес қосатындығын айтты.
Мың дана таралыммен жарық көрген кітап авторлары – абайтанушылар Ақжол Қалшабек пен Әзімхан Исабек. Кітаптың мұқабасы Мұхтар Әуезов жарыққа шығарған «Абай» журналының үлгісімен өрнектелген. Кеш соңында жиынға келген қонақтарға кітап үлестіріп, естелікке суретке түсті.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.