Ұрпақ тәрбиелеу – өнегелі іс
Пятница, 30 Сентябрь 2016 08:33Мектеп табалдырығын имене аттап, айналасына тосырқай қарайтын бүлдіршіндерді анасындай құшағына тартатын бастауыш сынып мұғалімінің еңбегі ұшан-теңіз... Кітап бетіндегі бейтаныс суреттер мен жыбырлаған жазуды еркетотай баланың санасына құйып үйрету, сөйтіп білімнің шыңына қарай сүйрелеу тау қопарғанмен бірдей жұмыс. Баланың білімді болмағы ұстазына байланысты. Ертең есейгенде ол өзіне әліппиді үйреткен алғашқы мұғалімін өмірлік үлгі тұтып, мақтан етеді. Ұстаз еңбегінің ақталғаны да осы...
Ал 24 жылдан бері бастауыш сынып балаларына білім беріп келе жатқан қаладағы №15 мектеп-лицейдің мұғалімі Ақмарал Сарсеқұлова осындай ерен еңбектің иесі.
– Білімнің бастауы саналатын бастауыш сыныптың мұғалімдеріне артылар міндет пен жауапкершілік қазір жоғары. Еліміздің білім саласына жасалып жатқан реформалар бастауыш сыныптан басталады. Бүгінде балаларды жаңа бағдарлама бойынша оқытудамыз. Бұл бір жағынан мұғалімдерге жеңілдеу тиіп жатыр. Өйткені, оқулықтар түгелденіп қалды, тілі де жеңілдеу. Сондықтан балаларға толыққанды білім беруге мүмкіндік бар. Оның үстіне 1 сынып оқушылары бес күндік оқу бағдарламасына көшті. Қазір суреттермен жұмыс істеп жатырмыз. Енді әріптермен таныстыруды бастаймыз, – дейді А.Ордалықызы.
Баланың сауатын ашу, дүниетанымын кеңейту күнделікті атқарылатын жұмыс. Осылайша бала төрт жыл бойы бір ғана мұғалімнен білім нәрін алады. Ақмарал Сәрсеқұлованың оқыту әдістемесі баланың білімін ғана емес оның шығармашылық ой-қиялын, тіл байлығын шыңдауға бағытталған.
– Баланы сағаттап кітапқа шұқшитып, еңсесін басып тастауға болмайды. Бала не нәрсеге қабілетті екенін білу үшін түрлі сайыстарға, жарыстарға қатыстыру арқылы да анықтауға болады, – дейді ол. – Мен көбінесе балаларды түрлі үйірмелерге қатыстырып, жарыстарға жіберіп отырамын. 2-3 сынып оқушыларына ғылыми жұмыс жасатамыз. Балалар жыл сайын «Жас ғалым», «Ақбота» фестивальдеріне қатысып, жүлделі орындарға ие болады. Сондай-ақ, қосымша білімін толықтыру үшін кітапханаларға жиі барып тұрамыз.
Ақмарал Ордалықызы осы жылдар ішінде атқарған жұмысы мен іс-тәжірибесі бойынша мектеп мұғалімдері арасында үлгілі саналады.
Қалалық білім бөлімі тарапынан берілген Алғыс хаттарға ие болса, «Жас ғалым» журналының «Үлгілі ұстаз» төсбелгісімен марапатталған.
Иә, мұғалім мәртебелі мамандық. Ұрпақ тәрбиелеу – өнегелі іс. Бұл мамандықты өзіне қасиет тұтқандар ғана үдесінен шығып, биік шыңынан көріне алатынына, сүйіспеншілікпен атқарылған жұмыс қашанда өз жемісін бермей қоймайтынына кәміл сеніңіз. Өйткені ұлы ғұлама Лев Толстойдың «Егер мұғалім өн бойына, өз ісіне, шәкіртіне деген сүйіспеншілікті жинақтаса, ол – нағыз ұстаз» деуі де бекер емес шығар.
Инвестицияның игілігін ел көреді
Пятница, 25 Декабрь 2015 06:06Қазіргі таңда өңірлердің инвестициялық әлеуетін көтеру мәселесі өзекті болып тұр. Әсіресе, бұл мегаполистерге қатысты жиі айтылады. Еліміздің үшінші қаласы – Шымкент екені айдан анық. Бұл бағыттағы мемлекеттік тапсырманың маңыздылығы күн санап артып отыр. Осы тұрғыда Мемлекет басшысы Н.Назарбаев кезекті Жолдауында «Үкiметке үш ай мерзiм iшiнде инвестициялық ахуалды жақсартудың егжей-тегжейлi жоспарын жасап ұсынуды тапсырамын. Өңiрлерде жергiлiктi маңызды жобаларды жүзеге асыру үшiн инвестициялар тартуға қажеттi кеңестер құру керек» деген болатын.
Жуырда ғана қабылданған Шымкент қаласының 2020 жылға дейінгі әлеуметтік-экономикалық даму тұжырымдасы мегаполистің келешектегі кескін-келбетінен хабар береді. Солай десек те, қағаз бетінде жасалған жобалардың бойына қан жүгірту үшін қыруар қаржы қажет. Бұл оңай шаруа емес, десек те, мұның уақыт талабынан туындайтын мәселе екенін де ұмытпауға тиіспіз. Иә, әлемдік қаржы дағдарысы алқымнан қысып тұр. Қазір бүкіл әлем осы «тажалмен» бетпе-бет келіп, күресуде. Дағдарыс қыспағынан еліміз де сытылып кеткен жоқ. Алайда оған қарсы тиімді іс-әрекеттер жасап үлгерді.
Шымкент қаласының даму тұжырымдамасында қарастырылған әрбір жоба жасалғанда осындай мәселелер де ескерусіз қалмады. Тіпті, дағдарыс кезеңінде мұндай қыруар қаржыны қажет ететін жобаларға бюджеттің қаражаты жете ме деген сауалдар бой көтерген. Бұл ретте Шымкент қаласының әкімі Ғ.Әбдірахымов қалаға инвестиция тартудың өзектілігін алға тартқан болатын. Тұжырымдама аясында қала эконикасының ең тартымды салаларына жергілікті және шетел инвесторларын тарту үшін 100 жоба әзірленген. Нәтижесінде жүзден кем емес инвесторлар тарту көзделіп отыр. Сондықтан да болар, шаһар басшысы инвесторлармен жан-жақты келісім жұмыстарын бастап кетті.
Бүгінгі күнге дейін қала әкімі Ғ.Әбдірахымовтың бастамасымен Түркия, Германия, Испания, Корея, АҚШ, Швейцария және өзге де елдердің инвесторларымен екі жақты кездесуінде бірқатар маңызды келісімдерге қол жеткізілді. Тұжырымдамадағы «Shymkent City» заманауи тұрғын және іскерлік орталығы, «Диснейлэнд» сондай-ақ, «Smart Сity» сияқты көңілге қонымды жобаларды іске асыруға бүгінде шетел инвесторлары қызығушылық танытуда.
– Шымкенттің инвестициялық мүмкіндіктері көп, соны тиімді пайдалану қажет, – деген қала әкімі Ғ.Әбдірахымов кезекті бір баяндамасында.
– Тұжырымдамадағы басты жобаларға шетел инвесторларын тарту арқылы жағымды инвестициялық саясатты қалыптастыруға ықпал етеміз. Шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту – басым бағытымыз. Осы жылдың өзінде 120 млрд теңге инвестиция тартылса, оның 80 миллиарды жеке инвесторлардың үлесіне тиесілі.
Жалпы соңғы жылдары қала экономикасына инвестиция тарту ісінде ілгерілеушілік бар екені байқалады. Әкімдіктің мәліметіне қарағанда 2014 жылы қала экономикасына 166,7 млрд теңге көлемінде инвестициялар тартылса, 2013 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 29,6 пайызға артқан. Ал 2015 жылдың алты айында негізгі капиталға бағытталған инвестициялардың көлемі 56,9 млн теңгені құрап, 2014 жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 14,2%-ға өскен. Экономика салалары бойынша талдау жасайтын болсақ, 2013 жылмен салыстырғанда, инвестиция көлемі ауыл шаруашылығына 20 пайызға, өңдеу өнеркәсібі 76, электрмен жабдықтау 67, сумен жабдықтау 37 пайызға, құрылыс саласы 2 есе, сауда – 2,4 есе, көлік және қоймалау – 2,3 есе, білім саласына бағытталған инвестиция көлемі 37 пайызға өскен.
– Қаржылық дағдарыс заманында өндiрiстi тоқтатпай, жаңа жұмыс орындарын ашу – уақыт талабы. Елбасы кешегі Жолдауында инвестиция тарту мәселесінің маңыздылығына ерекше тоқталды. Жаңа тұжырымдамасы қабылданған Шымкент қаласын жоспарға сай дамыту үшiн инвестиция аса қажет. Қала әкiмi мен кәсiпкерлерi қазiр әлемнiң көптеген мемлекеттерiне iссапармен барып, тиiмдi келiсiмдерге қол жеткiзуде. Шымқалаға шетелден делегациялар келiп, қаланы дамыту жұмыстарына қызығушылық танытуда. Бiздiң мiндет – ел бюджетiнен және инвесторлар арқылы келетiн қаражатты тиiмдi әрi үнемдi пайдалану. Құрылыс жұмыстарының сапалы жүргiзiлуiн бақылау, – дейді Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Е. Дәрменов.
Ірі құрылыс, ойын-сауық, сәулеттік жобаларға қомақты қаржы салу үшін инвесторлар да қолайлы орта іздейді. Еліміздің оңтүстігіндегі халқы тығыз орналасқан, еңбектің қайнаған ортасы саналатын, дамудың жолымен жүріп келе жатқан Шымкентке қаржы салу инвесторлар үшін тиімді болса керек. Оған қоса Шымкент сауда, экономикалық, бизнес-әріптестік әлеуеті жоғары мегаполис. Бұған Қазақстанның әлемдегі саяси тұрақтылық жағынан алдыңғы қатарда тұрған 50 елдің қатарына кіретін мәртебесін қосыңыз. Яғни еліміздің саяси және әлеуметтік тұрақтылығы шетел инвесторлары тарапынан жоғары бағаланады.
Сол себепті де олар біздің елге келуге жүрексінбейді.
Елге инвестиция тарту ісінің отандық өндірісті, ішкі туризмді, әлеуметтік салаларды дамытудағы ролі зор. Сондықтан, Шымкенттің инвестициялық әлеуетін арттыру, мүмкіндіктерін зерделеп, жетілдіре түсу алдағы уақыттың еншісіндегі іс.
Қаламгерлерге көрсетiлген құрмет
Пятница, 11 Декабрь 2015 07:35
Марапат – адам еңбегі еленіп, білім-білігі мен кәсіби тәжірибесі жоғары бағаланып берілетін ерекше құрметтің белгісі. Қоғамның әр саласында еңбек етіп жүрген өз ісінің маманы болып саналатын азаматтардың әрбірі марапатқа лайық. Алайда олардың бәріне де мемлекет тарапынан берілетін марапаттаулар жете бермейді. Десек те мұндай қызмет түрімен қоғамдық негізде айналысатын ұйымдар бар. Оңтүстік Қазақстан облысында 2013 жылы құрылған «Құрмет. Абырой. Бедел» қоғамдық бірлестігі бүгінде сан түрлі салада қызмет етіп жүрген азаматтарды марапаттау арқылы көпке қуаныш сыйлап, ел алғысын арқалап жүрген бірегей ұйым. Осы ретте қоғамдық бірлестік төрағасының орынбасары, ҚР Білім беру ісінің үздігі Махамбетәлі Тастанбековты әңгімеге тартқан едік.
– Махамбетәлі аға, жуырда ғана біздің редакция ұсынысымен «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттерінің мерейтойында осы басылымда еңбек еткен біраз қызметкерлерді марапаттап, кеуделеріне медаль тақтыңыз. Бұл зиялы қауым мен журналистер үшін ерекше сый болды. Жалпы, сіздерге азаматтарды марапаттайтын қоғамдық бірлестік құру идеясы қалай келді?
– Бұл идеяны бірлестіктің алқа мүшелері ұсынған болатын. Олардың ішінде заңгер А.Д. Юсупов және суретші-дизайнер Б.Д. Сейілханов білім саласының тәжірибелі кызметкері Т.Д. Елеусінова және де түрлі мамандық иелері бар. Айталық, біздің қоғамда әр салада еңбек етіп, бірі еленіп, енді бірі еленбей жүрген қызметкерлер көп-ақ. Сондай азаматтарды атқарған жұмысына қарай марапаттасақ деген ұсыныс айтты. Тиісті заңдарды қарастырып, 2013 жылдың 22 шілдесінде ОҚО Әділет басқармасынан мемлекеттік тіркеуден өттік. Әрине, мемлекет тарапынан берілетін түрлі награда, медаль, төсбелгі, мақтау-марапаттардың жөні бөлек. Оның берілу тәртібі бар. Дегенмен, мемлекеттің азаматтардың бәрін бірдей марапаттауына мүмкіндігі жоқ. Осы мәселені ескеріп, біз нағыз еңбек адамдарының бәрі де марапаттауға лайық екенін өз жұмысымыз арқылы көрсеткіміз келді. Біз ең алғаш рет марапаттау ісін білім саласынан бастадық. «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің «Білім беру ісінің үздігі» медалін облыстағы аса үздік мұғалімдерге табыстадық. Бұл жерде баса мән беретін мәселе, марапатталатын мұғалімнің 10 жылдан кем емес еңбек өтілі болуы тиіс. Біздің осындай жұмыстарымызды естіген, көрген, білгендер хат жолдап, ұсыныс-тілектерін білдіріп жатты. Жолданған хаттарды талдап, саралап көрдік. Осыған байланысты біз марапаттау саласын кеңейттік. Яғни тек білім саласының ғана емес, түрлі сала қызметкерлерін де марапаттайтын жағдай қарастырдық. Елбасымыз атап өткендей, біз еңбек қоғамына қарай қадам басқан елміз. Яғни, еңбек қоғамындағы адам факторы ең бірінші назарға алынуы керек деп есептейміз.
– Жалпы, қай саладағы мамандарға медаль, төсбелгілеріңіз және мадақтамаларыңыз бар? Олардың әрқайсысының мәртебесі қандай және марапаттау үшін азаматтарға талаптар қойыла ма?
– Біріншіден ол медальдардың әрқайсысының өз мәртебесі, сертификаты бар. Келбетіне ерекше мән беріп өзіміздің станоктан шығарамыз. Өз қолымыздан, шығармашылық, көркемдік ізденістен туындаған дүние болғандықтан медальдардың әрбір элементіне, сапасына мән береміз.
– Айтпақшы, ерекше әсер қалдырған медальдың бірі “Әлемнің асылы” деген төсбелгі болды. Атауы қандай керемет және дизайнерлік орындалуы бізге қатты ұнағанын айта кетейік.
– Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға деген қапысыз құрметті қайта оралтуға тиіспіз» деген сөзі бар. Аты айтып тұрғандай, «Әлемнің асылы» наградасына отбасын ұйытып, шаңырағын шайқалтпай, көпшіліктің көзайымына айналған нәзікжандылар әбден лайық. Қызметтен бөлек қоғамда өз кәсібін дөңгелетіп, халық игілігі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген қыз-келіншектер жетерлік. Дүниеге сәби әкеліп, көпбалалы ана атанып жатқандарға қандай құрмет көрсетсек те жарасады. Олай болса “Әлемнің асылы” осындай аналарды ардақтап, қыз-келіншектерді құрметтеуге арналған марапат екені сөзсіз. Жалпы ең жоғары медаль «Ерен еңбегі үшін» деп аталады. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Кең байтақ даламызды мекен еткен өзге ұлт өкілдерінің де еліміздің мәдени-экономикалық дамуына үлес қосып жүргендері шындық. “Жүзі басқа, жүрегі бір, тілі басқа тілегі бір” бауырластарымыз мемлекетіміздің өркендеуіне барынша өз үлестерін қосып келеді. Ұлтаралық қатынастар мен татулықты сақтауға септігін тигізіп, мемлекеттік тілдің беделін арттыруда белсенділік танытып келе жатқан өзге ұлт өкілдері «Ынтымақ» медалімен наградталады. «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» демекші, өз заманының ынтымағы мен бірлігін сақтап, тарихи тұлғаға айналған қоғам қайраткерінің есімімен аталатын «Төле би» төсбелгімен зиялы қауым өкілдері, сондай-ақ сот қызметкерлері мен заң саласының мамандары марапатталды. Ұлы бабаның 350 жылдығына орай шығарылған медаль бұдан бөлек қоғамға еңбегі сіңген аузы дуалы ақсақалдар мен білікті басшыларға, халық қалаулыларына беріледі. «Мінсіз қызметі үшін» медалі қоғамның барлық саласында (спорт, мәдениет, өнер, құрылыс, т.б.) 10 жылдан астам уақыт еңбек еткен азаматтарға арналған. Кәсіби тұрғыдан қарағанда білімі мен біліктілігі жоғары, әріптестері арасында сыйлы, сондай-ақ өңірдің немесе сол саланың дамуына сүбелі үлес қосқандар және түрлі байқаулар мен сайыстардың жеңімпаздары да осы марапатқа лайықты болып табылады. “Мінсіз қызметі үшін” төсбелгісі “Qurmet-AB” қоғамдық бірлестігі төрағасының 2013 жылдың 25-қарашадағы №01-0007 шешімімен бекітілген. Кәсіби шыңдалған, қызметтік жолында жоғары жетістіктерге жеткен облыстағы беделді тұлғалар марапатталып келеді.
– Марапатталатын адамдарды қалай анықтайсыздар?
– Медаль берудің өзіндік тәртібі мен ережесі бар. Бізге түрлі еңбек ұжымдарынан ұсыныс түседі. Олар бізге ұжым жиналысының хаттамасын, марапаттау қағидасын және сұраныс хат жіберу керек. Бұл қоғамдық бірлестіктің Алқа мүшелерінің отырысында қаралады. Содан кейін шешім шығарылады. Ұсыныс хаттар өте көп келеді. Қазіргі таңда біз өз жұмысымызды жеңілдету үшін әр аудандардан өкілдерімізді бекітіп қойдық. Сол өкілдер арқылы ұсыныстарды қарап, тіркеуге алып, марапаттайтын боламыз. Айта кететін бір жәйт, бізді мемлекет қаржыландырмайды. Марапаттау шығындары ұжымның немесе марапатталушы есебінен жүргізіледі. Мәселен, өңірге есімі белгілі, білім саласының үздіктері Ә. Қуатбеков, Л. Тәшімов секілді ел ағалары біздің жұмысымызды қолдап-қуаттап, марапаттау туралы ұсыныстарын білдірген болатын. Жақында «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттерінің мерейтойына орай елге белгілі 7 азаматты марапаттадық. Атап айтқанда, Оңалбай Аяшев, Нұрлан Кенжғұлов – «Ерен еңбегі үшін», Мадет Сайғана - «Әлемнің асылы», Әлия Еңсебаева, Эльмира Бердіғалиева, Ғалымжан Елшібай – «Мінсіз қызметі үшін», Любовь Добрата - «Ынтымақ» медалімен марапатталды. Қазір қоғамдық бірлестіктең өз мүшелері көбейуде. Ең бастысы біз марапаттау арқылы көптеген азаматтардың еңбегін бағалап, рухын көтеріп, қуаныш сыйлап келе жатырмыз.
– Дәл мұндай қызмет түрімен айналысатын ұйымдар басқа өңірлерде бар ма?
– Әзірге басқа өңірлерде жоқ. Қазіргі таңда біз Оңтүстік Қазақстан облысын ғана қамтып отырмыз. Бізге бұл салада аудандық, қалалық білім бөлімдері қолдау көрсетуде. Оларға алғысымыз шексіз. Дегенмен, тек облыста ғана емес, еліміздің басқа өңірлерінде осындай жұмыстарды жүзеге асыру маңызды екенін түсіндік. Келесі жылы Қызылорда және Жамбыл облыстарынан өз филиалдарымызды ашуды жоспарлап отырмыз.
– Махамбетәлі аға, өзіңіз туралы бірер сөз айтсаңыз?
– Мен жарты ғасырға жуық білім саласында қызмет еттім. Мамандығым – тарихшы. Қарапайым мұғалімнен бастап, мектеп директорының орынбасары, мектеп директоры болдым. Одан кейінгі жылдары Ордабасы, Сайрам аудандық білім бөлімдерінде жұмыс істедім. Осы саладан зейнеткерлікке шықтым. Қазір «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігіндемін. Бірлестік атына көптеген Алғыс хаттар түсіп жатады. Атқарып жүрген жұмысым өзіме ұнайды, жұрттың жүрегіне қуаныш сыйлаудан артық ештеңе жоқ деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Раушан МАХЫМОВА
P.S. «Qurmet-AB» қоғамдық бірлестігінің мекенжайы:
Шымкент қаласы, Төле би көшесі, 41 үй.
Велошерушiлер 85 шақырымды жүрiп өттi
Пятница, 15 Май 2015 03:38Шымкенттік әуесқой велоспортшылар 85 шақырым қашықтықты бағындырды. Бұл жолғы бағыты – Шымкент-Біркөлік болды. Әлеуметтік желілер арқылы хабарланған велошеруге 70-ке жуық адам қатысты.
ОҚО бойынша Велобірлестік төрағасы Рауан Берікұлының айтуынша, велобірлестік құрамында тәжірибелі қыз-жігіттермен бірге енді ғана велосипед тебуді бастағандар да бар.
Топтағы ең кішкентай велоспортшы 14 жастағы Бексұлтан Жұмашев. Қаладағы №39 мектептің 8-сынып оқушысы. Велосипедті үйреніп жүргеніне екі жылдай болған. «Мұндай велошеруге бірінші рет қатысып тұрмын», – дейді ол. Ал, тоғыз жылдан бері велосипедті өзіне серік еткен №39 мектептің оқушысы Тимур Шайдуллин бұған дейін 140 шақырымға дейінгі қашықтықты екі рет бағындырыпты.
«Екі жылдан бері облыстағы Велобірлестіктің құрамындамын. Ұйымдастыратын шаралардан қалмаймын. Бірақ, бұл жолғы бағыт қиын болды. Жолдар нашар екен. Сол жағынан біраз қиналдым. Дегенмен, қашықтықты бағындырдық», – дейді Бексұлтан.
Велесипед тебудің адам денсаулығына тигізетін пайдасының зор екенін немесе қоршаған орта үшін тиімді екенін айтып жүрміз. Дамыған елдер велосипедке әлдеқашан отырған. Экономикасы өсіп, өркениетке қолы жеткен Жапония, Қытай, Корей және тағы басқа Еуропа елдері мұның тиімділігін өз қажеттеріне жаратып жатыр. Ал біз... біз насихаттауды енді бастадық па? Қала көшелеріндегі көлік тығыны, ауаның ластануы, қоршаған ортаның бұзылуы үлкен проблема тудырып жатқанда одан шығатын шешімнің қиын емесін де білеміз. Бірақ, мойынымыз жар бермейді.
– Өзім жоспарлағаннан да көп адам жиналды ғой, – дейді Велобірлестік төрағасы Рауан Берікұлы әріптестеріне күлімсірей қарап.
– Шамамен 30-40 шақты болармыз дегенім одан да көп болып шықты. Қатарымыз күн санап көбейіп келе жатқанына қуанып отырмыз. Арамызда прокуратура қызметкері Сапарғалиев Асқар ағамыз бар. Қалалық спорт бөлімінің қызметкерлері де қосылды. Демеушіміз Бөген суы жыл бойы велоспортшыларды сусынмен қамтамасыз еткелі отыр. Сондай-ақ, тағы бір демеушіміз «Собр Юг секюьрити» күзет агенттігінің басшысы Досжан Қалмырзаев. Ол кісінің өзі де 40 шақырымды велосипедпен жүріп өтті.
Иә, велоспортқа көшетін күн алыс емес. Қоғамның санасын сілкіндіріп, бетін бұратын күн де келер. Егер осындай насихатшылардың әрекеті жандана беретін болса. Оны қолдаушылар да табылады. 85 шақырымды қиындықсыз жүріп өткен олар енді бұдан да ұзақ қашықтықты бағындыруды жоспарлап отыр.
Техниканың тiлiн меңгерген Мәлiк
Пятница, 24 Апрель 2015 06:15Шымкент қаласындағы «СитиСтрой» мекемесінде 15 жылдан астам бас механик болып жұмыс істейтін Мәлік Жолбасхановтың жауапкершілігі зор, міндеті де үлкен. Мекеменің техникалық қауіпсіздік саласына жауапты маманның жұмыс күні ең алдымен ауыр және жеңіл жүк көліктерін тексеруден басталады. Механика саласын терең меңгеріп, өз ісінің білгірі атанған Мәлік аға бұл мамандыққа кездейсоқ келмеген.
– Әр адамның өзі қызығып, бар ынтасымен істейтін ісі болады ғой. Осы мамандықты таңдап, еңбек етіп жүргеніме өкінбеймін. Әр жұмыс күніме деген қызығушылығым басылған емес. Өз жұмысын сүйе білген адам ғана сол істің маманы болады деп ойлаймын, – дейді ол.
Мекеме базасында көліктердің түр-түрі тізіліп тұр. Самсаған самосвал, автогрейдерлер, бетонды миксерлер, экскаваторлар – жалпы құрылысқа қажетті көліктердің техникалық қауіпсіздігін бақылайтын механик Мәлік. Мекемеге қарасты жүзге жуық техниканың 70 пайызы ауыр жүк көліктері. Олардың қанша уақытқа жарамдылығы, қуаттылығы күнделікті Мәлік ағаның тексеруінен өтеді. Онсыз жұмысқа жіберілмейді. Жарамсыз көліктер жылдам жөнделеді немесе қосалқы бөлшектері ауыстырылады. Кейде түнімен темір ұстап, шұғыл жөндеу жүргізуге тура келеді.
– Техниканың тілін түсіну оңай емес, – дейді Мәлік аға. – Мекемеге жаңадан әкелінетін көліктердің көбісі Қытай, Жапония, Германия елінен шығарылған. Олардың бүкіл құрылымын жіті зерттеп барып, меңгеруге тура келеді. Қанша уақытта, қанша қашықтықта жұмысқа жарап, дер кезінде тиісті майын ауыстыру керек екенін ескеру қажет. Әрине, бұл жұмыстардың бәрін атқару бір өзіме ауырлық етеді. Қазір жанымда екі көмекші-слесарьлер бар.
Айта кетейік, «СитиСтрой» қаламыздың құрылыс саласына қомақты үлесін қосып келе жатқан мекеме. Бірқатар зәулім ғимараттар тұрғызып, тұрғын үй кешендерін пайдалануға берген.
Бүгiннiң батыры
Пятница, 24 Апрель 2015 04:50Шымкенттік Мұрат Азбергеновты көпшілік тани бермейтін шығар, бірақ оның ерлігі үлгі боларлық. Иә, ерлігі... Бәрін басынан бастайықшы...
Жұмысынан енді ғана қайтқан Мұраттың көзіне анадай жердегі каналда ағып келе жатқан белгісіз зат түседі. Алғашында қуыршақ болар деп мән бермеген ол жанталасып қыбырлап жатқан адам екенін байқағанда ойланып жатпады. Дереу тұра жүгіріп, ағып жатқан суық суға қойып кетті. Канал ішінде жаурап қалтыраған 2 жасар Айымды құтқарып үлгерген ол, оның артынан тағы бір баланың жанұшыра ағып келе жатқанын көреді. Бұл 3 жасар Ерасыл болатын. Мұрат суға ағып кетуіне жол бермей, Ерасылды да құтқарып қалды. Ал оларды қалайда аман алып қалу үшін шешесі суға ағып кеткен балаларының артынан жүгіріп отырыпты.
– Каналдың үстіне арғы беттен бергі бетке өту үшін жіңішке ағаш қойылған, ол балалар үшін өте қауіпті. Олар сол жерден өтемін деп суға құлап түскен екен. Оны ешкім байқамапты, – дейді Мұрат. – Сол жерде құтқарылмағанда балалар сумен ағып, көпірге кеп ұрылар еді.
Бақытына орай, балалардың ешқайсысына аса ауыр зақым келмеген. Дер кезінде құтқарып қалған Мұратқа Ерасыл мен Айымның ата-анасының алғысы шексіз.
– Бұл менің азаматтық борышым. Менің де балаларым бар. Көз алдымда өтіп жатқан көрініске қалай бей-жай қарап тұра аласың? Адам өмірі қыл үстінде тұрғанда ондайда ойланып жатуға уақыт жоқ, – дейді Мұрат Азбергенов.
Мұрат қаламыздағы Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжінде алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ береді. Аға лейтенант. "Жұмысын тиянақты атқарады, өз ісіне ұқыпты" дейді әріптестері ол туралы.
Кейде қоғамды безбүйрек, адамды қатігез дейтініміз бар емес пе? Жоқ, арамызда Мұрат секілді өзінің азаматтық парызын жете түсінетін, көмегін айналасынан аямайтын жандар жүр. Тек оларды танып, көре білсек болғаны...
Төрт санат бойынша жеңiлдiк берiледi
Пятница, 13 Март 2015 05:21Шымкентте қоғамдық көліктерде жүру үшін төрт санат бойынша жеңілдіктер берілмек. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі шеңберінде әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру бойынша «ОңтүстіктрансҚұлагер», «Оңтүстікавтотранс» қауымдастықтары мен Шымкент қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі өзара ынтымақтастық туралы үш жылдық Меморандумға қол қойды. Бұл бастаманы Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Ғани Ташқараев көтеріп отыр.
– Осыдан біршама уақыт бұрын маған шымкенттік тұрғын, «Алтын алқа» иегері, көпбалалы ана шағымданды, – дейді Ғани
Ташқараев. – Қала ішінде жүретін автобустарда көп балалы аналарға жеңілдік жасалса деген ұсынысынан кейін бей-жай қарамай, бұл мәселеге тереңірек зерттеу жүргіздік. Қоғамдық көліктерде тегін жүру жүйесін жүзеге асыру бойынша тиісті мекемелермен өзара келісімге келіп, қала әкімдігімен бірлесе аталған Меморандум түзілді.
Меморандум бойынша енді ҰОС ардагерлері, ҰОС жылдарында «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері, көзі көрмейтін 1-топтағы мүгедектер (жанында ертіп жүретін бір адаммен), «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері қоғамдық көліктерде жеңілдікпен жүретін болады. Бұған дейін жолда жүру жеңілдіктері заңды түрде қарастырылмаған және транспорттық компаниялар оны өз тарапынан ғана жүзеге асырып келді.
Ғани Ташқараевтың айтуынша, бұл жаңалық әйелдер мерекесі қарсаңында орын алып отырғандықтан әсіресе, көп балалы аналарға үлкен сый болары анық.
Бiлгiр де бiлiмдi дәрігер
Пятница, 16 Январь 2015 05:01Бүкіл саналы ғұмырын медицина саласына арнаған шымкенттік хирург-дәрігер Әшімхан Есенгелдиев бүгінде алпыс жасқа толып отыр. Соқтықпалы-соқпақты кезеңдерден сүрінбей өткен оның өмір жолы ауруымен алысқан адам тағдырын арашалаудан тұрады.
Отырар ауданында дүниеге келген Әшімхан ағаның бала күнгі арманы хирург болу еді. 1961 жылы орта мектепті бітірген соң арман қуып Алматы медицина институтына оқуға түседі. Хирург мамандығы бойынша алты жыл білім алып, оны 1977 жылы тәмамдайды. Алған білімді тәжірибеге ұштастырған оның бүгінге дейінгі медицинадағы қолтаңбасы орасан зор. Қалалық жедел жәрдем ауруханасында хирург болып бастаған оның еңбек жолы ары қарай тоқтаусыз өріле береді. Н.Танашев, В.Орынбаев секілді білікті дәрігерлердің ақыл-кеңесін өмірлік ұстаным деп білді. Қатардағы қызметкерден облыстың бас хирургы дәрежесіне дейінгі тәжірибесі өз ісіне адал, антына берік ақ халатты абзал жанды одан сайын шыңдай түсті. Бүгінде ол облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің хирургия бойынша орынбасары болып жұмыс істейді.
– Пышақ үстінде жатқан аурудың үмітін өшірмей, оны өмір сүруге талпындыру, сендіру қаншалықты ауыр болса, ота жасайтын дәрігерге артылар жауапкершіліктің өлшемі де соншалықты жоғары, – дейді Әшімхан аға.
Отыз жылға жуық ғұмыры медицинамен байланысты болса, оның ішінде облысқа сіңірген еңбегі өлшеусіз. Бүгінде медицинаның хирургия саласына табан басып келе жатқан жас мамандардың біразы Әшімхан дәрігердің «шекпенінен» шыққандар. Бұл туралы: «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген. Білім биігінде қанат қаққан шәкірттерімнің бәрімен мақтанамын» дейді дәрігердің өзі.
Денсаулық саласының үздігі, 2009 жылы облыстағы «Ең таңдаулы дәрігер» номинациясын иемденген Әшімхан Есенгелдиев бүгінде отбасында 5 қызы бір ұл тәрбиелеп, өсіріп отыр. Оның ішінде әке жолын қуған қыздары Лала мен Жанарға білгенін айтудан жалыққан емес.
Ал біз алпыстың асуына шыққан ағаның алары әлі де алда болсын деп тілейміз.