Чернобыль құрбандарын еске алды
Среда, 27 Апрель 2016 06:15Биыл Чернобыль атом электр станциясында орын алған әлемдегі ең ірі ядролық техногендік апатқа 30 жыл толып отыр. Бұл атом энергиясын пайдалану тарихында орны толмас қасіретке соқтырып, мыңдаған адамның өмірін қиған ең ірі апат болатын.
Жылдағы дәстүрге сай, қала жұртшылығы Чернобыль құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойып, апат салдарынан зардап шеккендерді еске алу шарасын өткізді.
– Апат орнын залалсыздандыруға қатысқан азаматтар үшін Мемлекет лайықты қолдау көрсетіп келеді, – дейді Чернобыль Одағы Оңтүстік Қазақстан облысы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақытжан Әшірбайұлы. – Атап айтқанда, жыл сайын 42 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленіп, олардың ТМД аумағында ұшақ қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік берілген. Сонымен қатар, жүрдек пойыздарда билеттің 50 пайыздық мөлшерін ғана төлеуге жеңілдік жасалып отыр.
Апат құрбандарын еске алып, ескерткішіне гүл шоқтарын қою үшін аталмыш шараға апат зардабын жоюға белсене атсалысқан 70-ке таяу ардагер арнайы келді. Олар сол кездегі оқиға сәттерінен естеліктер айтып, жастар қауымын заманның тыныштығын қадірлей білуге шақырды. Шара барысында қоғамдық бірлестік тарапынан олардың бірқатарына естелік төсбелгі тарту етілді.
Қоғамдық көлiк: жаңару және сапалы қызметке бетбұрыс
Среда, 27 Апрель 2016 05:24Көлiкпен жүрдiк, не бiлдiк?
Күн ұзағында қала тұрғындарына сапалы қызметін ұсынып жүрген №69 бағытындағы автобустардың біріне отырып, «саяхат» жасауды жөн көрдік. Қаланың үлгілі бағыты бойынша қызмет көрсететін автобус шын мәнінде кеңдігімен әрі жайлылығымен ерекшеленеді. Аралық 8 минуттық интервалды сақтай жүретіндіктен жолаушылар да іздегенін көп күте қоймайды әрі сыйымдылығы үлкен автобустарда отыруға орын қашанда табылады.
Арнайы көк түсті форма киген кондукторға өзімді таныстырып, әңгімеге тарттым.
– Жолаушылардың талап-мүддесін орындап, қызмет сапасын жақсарту бағытында біздерге жүктелген жауапкершілік, міндеттер ауқымы артып отыр, – дейді кондуктор қыз Сәуле. – Күнделікті қызмет барысында, жүргізушінің көлік жүргізудегі тиянақтылығы мен мына біздерден, яғни кондукторлардан ибалы мінез талап етіледі. Қаланың мәдениеті мен ішкі тәртібіне тікелей әсер ететін қызметтің ауқымдылығын өзіміз де жете түсінеміз. Бұл тұрғыда, автопарк басшылығы тарапынан да түсіндіру жұмыстары ұдайы, жан-жақты жүргізіледі.
Шынында да, бұл жолғы сапар барысында көлік жүргізушісі мен кондуктордың өз міндетіне сай тиянақтылығына көз жеткіздік. Өз кезегінде, олар да әкімдік тарапынан белгіленген талап-міндеттерді орындауға толығымен дайын екенін айтты. Саланы жетілдіру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар өзінің оңтайлы жемісін береріне олар да кәміл сенімді.
Тасымалдаушы мекемелер қызметi жүйеленедi
Қоғамдық көлік қызметін жүйелеу бағытында «Шымкент қаласының 2020 жылдарға дейінгі әлеуметтік және экономикалық даму Тұжырымдамасын» таныстыру барысында қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қоғамдық көлік мәселесіне де баса назар аударған еді. Онда Астана, Алматы, Қызылорда қалаларының үлгісінде коммуналдық автопарк ашу қажеттігі айтылған болатын. Шымкент қалалық автомобиль жолдары және жолаушылар көлігі бөлімінің басшысы Қуатжан Жұматаев осы міндеттің үдесінен көріну мақсатында зерделеу жұмыстары басталып кеткенін мәлім етті. Яғни, муниципальді автопарктың 51 пайыз үлесі қаланың өз меншігіне алынса, өзгесі жеке инвестор мекеменің еншісіне берілмек. Әзірге серіктес мекеме анықтала қойған жоқ. Дегенмен, бұл мәселе жыл соңына дейін толық шешімін табуы тиіс. Муниципальді автопарк қызметі пайдалануға берілер болса, Бас жоспар бойынша қала аумағына жаңа қосылған 40 елді мекеннің тұрғындарын қоғамдық көлікпен қамту мәселесі де біржола оң шешімін таппақ. Яғни, жолаушы тасымалдаушы мекемелерге қаланың әрбір шалғай тұстарына жүйелі түрде автобус жүргізу міндеті жүктеледі. Бұған дейін жолаушыларының аздығын айтып, шағымданумен келген қоғамдық көлік жүргізушілері үшін қажеттіліктің барлығы қала бюджеті есебінен өтелетін болады.
Автобустар 100 пайыз жаңаланады
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, жолаушыларға қызмет көрсететін автобустар алдағы бірер жылда толығымен жаңалануы тиіс. Бұл бағытта тек жыл басынан бері №69 бағытта қызмет көрсететін «Автоимпульс» ЖШС 10 дана жаңа автобусты пайдалануға берсе, №34 бағытта «Бек Сервис» ЖШС-і 5 дана жаңа автобус жеткізген. Жалпы, автобустарды жаңалау мәселесі соңғы жылдары жүйелі түрде жүзеге асып келеді. Атап айтқанда, тасымалдаушы мекемелер 2013 жылы қолданыстағы 162 автобусты жаңартқан болса, 2014 жылы 55 жаңа автобус сатып алған. Өткен жылы жалпы саны 215 жаңа автобус бағытқа қойылыпты. Сала мамандарының айтуынша, жолаушы тасымалдаушы мекемелермен арада бекітілген келісімге сәйкес, қоғамдық көлік қызметі жыл соңына дейін тағы 100 жаңа автобуспен толықпақ. Қала аумағында әлі де болса, 400-ге таяу қоғамдық көлік жаңалауды қажет етуде.
Айта кетейік, бүгінде Шымкент қаласында қоғамдық жолаушылар тасымалдау саласында 30 көлік компаниясы 78 бағытта, 1145 кестемен қызмет көрсетуде.
Қоғамдық көлік қызметінде жаңашылдық бар
Жауапты мамандардың берген мәліметінше, бүгінде қоғамдық көлік қызметінің 90 пайызы автоматтандырылған жүйемен жабдықталған. Яғни, олардың қай жерде, қай уақытпен кетіп бара жатқанын арнайы GPS қондырғылары арқылы бақылап отыруға болады.
Сондай-ақ, енді таяу арада шымкенттік жолаушылар қоғамдық көлік қызметі үшін арнайы электрондық қондырғы арқылы есеп айырысатын болады. Автобустардың толығымен автоматты жүйеге енгізілуі 100 пайыз инвестор мекеменің есебінен жүзеге асырылады. Яғни, жеке инвестор электрондық қондырғыларды автобустарға орнату мен арнайы жол жүру картасын шығаруды толығымен өз қаражатымен орындамақ. Жоба жүзеге асқан сәттен бастап инвестор тек әр билеттен 10 пайыз үлес алып отырмақ.
Бұл бағытта Шымкент қаласының әкімдігі мен кореялық «Korea Smart cart» кәсіпорнының басшылары арасында қол қойылған екіжақты меморандумның нәтижесінде, еліміздің үшінші мегаполис қаласында осынау заманауи жүйе іс жүзінде жүзеге асырылатын болды. Бұл салада корейлік мекеменің әлемдік аренадағы тәжірибесі мол. Алғашқыда Сеул мэрінің қолдауымен құрылған біздің кәсіпорын қазіргі таңда Моңғолия, Жаңа Зеландия, сол секілді Африканың бірқатар елдерінде табысты қызмет атқарып келеді. Бұл мекеме басшылығы бүгінде Шымкенттегі қоғамдық жолаушылар тасымалының қызмет жүйесін саралап, зерделеу үстінде. Электрондық валидаторлардың қызметін ағымдағы жылдың соңына дейін іске қосу жоспарланған.
Айта кетерлігі, электрондық валидаторлардың бірнеше тиімді тұсы бар. Яғни, қала тұрғындарының әрбіріне жеке төлем карталары берілетін болады. Осы арқылы жолаушылар өзі қалаған сомада карта есеп-шотын толтырып, қоғамдық көліктерде электрондық қызметті пайдаланбақ.
Өз кезегінде, бұл жүйе «Ақылды қала» жобасы аясындағы маңызды қадамдардың бірі болмақ.
Сондай-ақ, Шымкентте қоғамдық көліктерге арналған тың жобаның бірі – қала көшелерінде автобустардың жүруіне арналған сары жолақ пайда болды. Бүгінде Тұрар Рысқұлов даңғылында қанатқақты жоба негізінде қоғамдық көліктерге арналған арнайы сары жолақ сызылған. Белгіленген жолмен тек автобустар ғана жүре алады.
Жолаушылар тасымалымен айналысатын көліктер арнайы жол бөлігімен жүрмеген жағдайда жүргізушінің үстінен әкімшілік тәртiп бұзушылық туралы хаттама толтырылуда.
Жаңа жобаның басты мақсаты – «Қауіпсіз қала» акциясы негізінде шаһар аумағындағы көлік қозғалысын ретке келтіру. Қоғамдық көліктің бәсекелестігін арттырып, жолаушыларға ыңғайлы жағдай жасау.
Айта кету керек, бұл жұмыстар арнайы құрылғының көмегімен әуеден бақыланатын болады. Заң бұзушылық орын алған жағдайда Шымкент қалалық жергілікті полиция қызметі тиісті шара қолданады.
Экологиялық ахуалға да назар аударылады
Шымкентте қоғамдық көліктер алғаш рет метан газымен жүретін болады. Дизель отынымен жүретін автобусты арнайы қондырғымен жарақтау жұмыстары бүгінде басталып та кетті. Мамандар бұл жаңалықтың қаншалықты маңызды, әрі үнемді екенін жан-жақты зерттеп, көз жеткізгенін айтады. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мамандарының айтуынша, метан газына өткен жағдайда тасымалдаушы компаниялар бұрынғыдай шығынға шаш етектен батпайды және қоршаған ортаға зиян келмейді.
Бүгінде Шымкент қаласына жеткізілген соңғы үлгідегі жаңа автобустар метан газымен қозғалады. Қажеттілігін ескеріп, «Бек сервис» ЖШС өткен жылы Шымкентте метан газын құятын стансаны пайдалануға берген болатын. Әкімдік өкілдерінің айтуынша, метан газының бағасы дизельді отынға қарағанда біршама төмен болмақ.
Қоғамдық көлiкте тегiн жүредi
Заманауи талапқа сәйкес, тәжірибеге жаңа енгізілген жаңа жүйелер мен технологиялар қызметін жандандыру бағытында қаладағы автотранспорт қауымдастығы басшыларының ұсынуымен мамыр айының алғашқы жұлдызынан бастап жолақы құны 70 теңгеге көтерілді. Оған ең алдымен, автобустарға қажетті қосалқы бөлшектер мен жабдықтардың құны айтарлықтай қымбаттағаны себеп болып отыр. Алайда, жолақы құны қымбаттағанмен студенттер үшін бастапқы баға қаз-қалпында сақталады. Сондай-ақ, бірінші топ мүгедектері мен Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қоғамдық көлік қызметін тегін пайдалануына мүмкіндік бар. Сонымен қатар, 1941-1945 жылдары Ұлы Отан соғысы жылдарындағы ерен еңбегі үшін медалімен марапатталған тыл еңбеккерлері, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» белгілерін алған көп балалы аналар, «Қаланың құрметті азаматтары» да тегін жүреді.
Сөз түйiнi
Жолаушы тасымалдаушы қоғамдық көлік қызметін жандандыру бағытында қолға алынған ауқымды шаралар бүгінде өз нәтижесін беріп жатқаны көңіл қуантады. Ең алдымен, қаладағы қоғамдық көлік бағыттарының кешкі уақыттағы жұмысы реттелді. Аудан әкімдерінің өткен жылдың қорытындысы бойынша есеп беру жиналыстарында қала тұрғындары тарапынан қоғамдық көліктердің кешкі уақыттағы жұмысына байланысты айтылған шағымдары айтарлықтай азайғаны байқалды. Бұл ретте, сала мамандары жүргізушілер мен бақылаушылардың қызмет көрсету мәдениетін көтеру мақсатында көлік компаниялары басшылығымен тұрақты түрде бірлескен жұмыстардың атқарылып жатқанын айтады. Өз міндетіне бей-жай қараған бірнеше жолаушы тасымалдаушы мекемелермен екі жақты келісім-шарттың тоқтатылуына байланысты 6 бағыт бойынша ашық конкурстар ұйымдастырылып, нәтижесінде, «Галиев и К», «Автоимпульс», «Асыл» ЖШС-тері жеңімпаз ретінде танылып отыр. Сала қызметін түбегейлі жаңартуға бағытталған жұмыстар ең алдымен, көпшіліктің көңілінен шығуға деген бетбұрыс екені анық.
Заңсыз дүңгiршектер жойылуда
Среда, 27 Апрель 2016 05:20Әл-Фараби ауданы аумағында күні бүгінге дейін заңсыз сауда жасап келген дүңгіршектердің 90 пайызы өз жұмысын тоқтатқан. Ретсіз сауданы жою жұмыстары бойынша рейдтік шара ұйымдастырған аудан әкімдігінің қызметкерлері Төле би көшесінің бойындағы бүгінгі ахуалды саралап көрді. Шараға қалалық кәсіпкерлік бөлімінің мамандары, полиция қызметкерлері және жергілікті БАҚ өкілдері қатысты.
– Соңғы 2 ай уақыт ішінде қолға алған ауқымды шаралар өз нәтижесін беруде, – дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрманов. – Өткен жылы аудан аумағында заңсыз жұмыс жасап келген 87 дүңгіршек жойылған болса, биыл тағы 32 дүңгіршек анықталып отыр. Жыл басынан бері оның 16-сы жұмысын тоқтатты. Сондай-ақ, бей-берекет орындарда сауда жасап келген 43 азамат әкімдік қызметкерлерінің ықпал етуімен сауда қатарларындағы тиісті орындарға орналастырылды. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады.
Айта кетейік, аудан әкімдігі қызметкерлері тарапынан биыл жалпы саны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңнамасының 204-бабымен, яғни, рұқсат етілмеген орындарда сауда жасау бойынша 413, 505-бабы, яғни, қаланың абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 220 азаматқа хаттама толтырылған.
Низамиддин ЖАМАШОВ: «Әдiл сот – демократиялық мемлекеттiң негiзгi бағдары»
Пятница, 22 Апрель 2016 07:26– Низамиддин Қазыбайұлы, алдағы маусым айында Астана қаласында өтетін ҚР Судьялар Одағының кезектен тыс VII съезінің негізгі мазмұн-бағыты қандай? Бұған дейінгі белгіленген міндеттер қаншалықты деңгейде атқарылды?
– Тәуелсіздік жылдарында қазақстандық сот жүйесі биліктің белді бір тармағына айналды. Қазақстан судьялар қауымдастығы үшін бұл жылдар ғасыр жүгін арқалаған, ізденістерге толы жылдар болғаны шындық. Осы уақыт аралығында мемлекет тарапынан сот саласына соттардың материалдық-техникалық жабдықтармен қаржыландырылуына, судьялар мен сот қызметкерлерінің жұмыс істеуіне көп көңіл бөлінді.
Судьялар қауымдастығы съезден съезге дейінгі атқарылатын жұмыстарының мақсат-мүддесін айқындап беретін алқалы жиындарда судьялар арасындағы парасаттылық пен әділдік, моральдық тазалық, кәсіби біліктілікті арттыруға ерекше назар аударады. Қазақстан Республикасы Судьяларының әр съезінде қабылданған шешімдері кезең-кезеңімен орындалып келеді. Бұған дейінгі Судьялар одағының VI съезіне Мемлекет Басшысы Н.Ә.Назарбаевтың қатысуы – судьялардың және жалпы алғанда сот жүйесінің ел дамуы үшін маңыздылығын айқындап берді. Судьялардың съезі құқықтық мемлекеттің қалыптасуына негіз болатын мақсаттардың орындалуына септігін тигізді. Бұл тұста Елбасының «Әділетті, сатылмайтын сот – демократиялық, құқықтық мемлекеттің ең маңызды негізі» деген сөзін атап өтуге болады. Шын мәнінде, қай кезде де сот адамның құқығы мен бостандығын қорғаудағы мемлекеттің басты тетігі болып табылады.
Бұл жолғы съезд судьялардың кәсіби және моральдық бейнесіне деген қоғам талабының артуын, сонымен қатар, Судьялар әдебінің жаңа кодексін қабылдау қажеттігіне байланысты бірқатар ұсыныс-шешімдерді қайта қарастыруды көздейді. Сондай-ақ, ҚР Президенті Н.Назарбаевтың жариялаған бес институционалдық реформаны іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам – баршаға арналған қазіргі заманғы мемлекет» – Ұлт Жоспарының №19 қадамын іс жүзінде орындауға бағытталып отыр.
– Мемлекет Басшысының жариялаған Ұлт Жоспарында көтерілген міндеттер еліміздегі Сот жүйесін дамытуға қаншалықты ықпалын тигізді?
– Бүгінде бүтін ел болып мемлекетіміздің жарқын болашағы үшін үлкен іске қызу кірісетін сәт туды. Оның негізгі бағдары – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың әлемдік дағдарысқа қарсы біртұтас болып көрсетуде баламасы жоқ, дәлелі тұжырымды, ұстанымы кесімді 5 халықтық бағыттан тұратын ұлттық жоспары болмақ. Бұл – тәуелсіздіктің аз ғана жылында көптеген мемлекеттер жете алмаған биік белестерді еңсерген Қазақстанның әлемнің алдыңғы қатарлы 30 елінің қатарына қосылу үшін жасаған ғасырлық межесі болып табылады. Ұлт Жоспарына қатысты Мемлекет басшысы: «Бұл 100 қадам жаһандық және ішкі сын қатерлерге жауап болмақ, сонымен бір мезгілде жаңа тарихи жағдайда 30 дамыған елдің құрамына ену жоспарына айналады. Ал реформаларды жүзеге асыру – алдағы 10 немесе 15 жылға негізделген жалпыұлттық нөмірі бірінші мақсат-міндет болып табылады», – деп атап өткен еді.
Елбасы ұсынған 5 институционалдық реформа жалпыжұрттық деңгейде бірден қолдау тауып, халықтық реформа деген лайықты атқа ие болды. Бұл жаңа Ұлттық Жоспардың көкжиегі кең, маңызы мен нәтижесі орасан зор екенін айғақтайды. Қазақ елі күн санап көркейіп, дамып келе жатқаны ақиқат. Елбасының реформалық бағдары және оның орындалу жолындағы тиянақты 100 қадамы еліміздің өсіп-өркендеуіндегі тездеткіш катализатор іспетті. Осы жүйелі жоспарда мемлекет тарапынан халықтың рухани-мәдени дамуына да баса назар аударылған.
Бес халықтық реформада көрсетілгендей, «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» – баршаға бірдей осы заманғы мемлекеттің ең қымбат қазынасы – адам болып саналатын ел үшін алдымен халықтың жағдайына, халықтың әл-ауқатының тұрақтылығына қызмет ететін мемлекетшіл ортаны қалыптастыруды білдіреді. Отаншыл, психологиясы мығым нағыз патриоттарды сомдап шығарудағы алғышарт болмақ. Ал «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» арқылы азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау сот жүйесінің тәуелсіздігі көптеген даулы мәселелерді шешпек. Осы тұрғыда құқық қорғау мен сақтандыру жұмыстары күшейеді деп жоспарланып отыр. «Есеп беретін мемлекет қалыптастыруда» Елбасының көздеп отырған нысанасы – халық мүддесі. Елмен санасу, кез келген мемлекеттік мәселені шешуде қараша халықпен ақылдасу, халыққа есеп беру, боямасыз нақты атқарылған жұмыстар, болашаққа бағдар келешекте бүге-шігесіне дейін елдің назарында болмақ. Бұл таңдалып отырған бағыт ішкі саясат құрудағы тың тәсіл нағыз демократияға қарай қарымды қадам болмақ.
Еліміздің жыл өткен сайын жаңаша бағыт-қарқынмен алға басуы халқымыздың береке-бірлігін, бақ-дәулетін одан сайын нығайтуда. Елбасы айқындап берген сындарлы саясаттың өміршең екеніне барша халық көз жеткізіп отыр. Бүгінде мемлекет жүктеген міндеттерді жүйткіген уақыт талабына сай жүзеге асыру – барлық құзырлы органдар мен мекеме-ұйымдарда қызу қарқынмен жүргізілуде. Соңғы жылдарда еліміздің сот жүйесінде де біршама игі істер қолға алынды. Бұл орайда, Президент: «Қазақстанның сот жүйесі алдыңғы қатарда болуы қажет. Бұл туралы мен Стратегияда нақты көрсеттім. Барлық құқық қорғау органдары ішінен ең жоғары тұрғаны Жоғарғы Сот болып табылады. Жоғарғы Соттың абыройы – Қазақстанның абыройы, жалпы биліктің абыройы», – деп еліміздегі соттардың беделіне айрықша баға берді.
– Соттың абырой-беделімен қатар, қоғамның жауапкершілігі мол ауыр жүгін мойнына артқан судьялардың біліктілігіне қандай талаптар қойылады?
– Қазақта «билік айту оңай, біліп айту қиын» деген сөз бар. Әділ қазылық ету – кез келген судьяның қасиетті парызы. Ол үшін заңды бес саусақтай білу жеткіліксіз. Ең бастысы, би адал, әділ болуы керек. Қазы – халықтың ожданы. Ол қара қылды қақ жарған әділ болса, даугерлер төреліктің дұрыстығына күмән келтірмейді. Айыпкер «заң бұзғанға зауал бар» екенін түсінеді.
Жыл басынан бері қолданысқа енген Қазақстан Республикасының Қылмыстық, Қылмыстық-процестік, Әкімшілік құқық бұзушылық, Қылмыстық атқару кодекстері көпшілік тарапынан кеңінен қолдау табуда. Бұл ретте, еліміздегі сот әділдігін іске асыруда оның халыққа ашық және қолжетімді болуы – Елбасы алға қойған ең жауапты міндет. Бұл жауапкершілікті біздер барынша сезініп, берілген тапсырмаларды одан әрі де тыңғылықты атқаруға тиістіміз. Ол үшін өзіміздің ұлттық заңнамаларымыздың қасиетін терең ұғынып, қадіріне жете білгеніміз жөн.
Судья – мәртебесі Конституциямен ерекше белгіленген мемлекеттік лауазымдық тұлға. Оның өкілеттілігі тек заңда белгіленген негіздер бойынша ғана тоқталуы, тәуелсіздігі мен оған ешкімнің тиіспеуі сот билігі дербестігінің кепілі болып табылады. Судьяның осындай биік мәртебесі оған зор жауапкершілік жүктейді. Оның шығарған шешімі адамның тағдырына, елдегі заңдылық пен құқықтық тәртіптің жағдайына ықпал етеді. Сондықтан, мемлекет нақты адамға осындай жоғарғы жауапкершілікті арта отырып, соған лайықты биік мәртебе беріп, одан кәсібилікті, іскерлік қасиеттердің болуын, өзінің жұмысын ұйымдастыра білуді талап етеді, сондай-ақ, оған жоғары моральдік-этикалық міндеттер жүктейді.
Судья кәсіби қызметінде тәуелсіз болып сот әділдігін жүзеге асыру кезінде заңға ғана сүйенуі тиіс. Шешім шығарған кезде адал әрі әділетті болуға міндетті. Судья әдебінің кодексінде судья қоғам өкілдерінің сот жүйесіне деген сенімін нығайту мақсатында тәртіптің жоғары әдептік стандарттарын ұстануға және жетілдіріп отыруға міндетті деп көрсетілген. Мұның өзі жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің мүдделерін қорғаудың үйлесімді ұштасуын қамтамасыз ететін тәуелсіз сот әділдігін жүзеге асырудың негізі қағидаларының бірі болып табылады. Мемлекет басшысы соттардың тәуелсіздігін нығайту қажеттігін әрдайым айтып келеді.
Заңды сыйлау, оны орындау біздің қоғамның да басты шарттарының бірі болуы тиіс. Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам» – деген қанатты сөзін әр азамат жадында сақтап, бойтұмардай бағалай білгені абзал дер едім.
– Заман үдерісіне сәйкес, сот төрелігінің ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету бағытында сот ғимаратын заманауи құрылғылармен жабдықтау мәселесі толық жүзеге асып отыр ма?
– Электронды сот ісін жүргізуде заманауи жетістіктерді тиімді пайдалана білу – барлық соттар үшін және сот төрелігін халық алдында шынайы, ашық та қолжетімді етіп көрсетудің бірден-бір оңтайлы тәсілі. Біз заманның өзі ұсынып отырған мұндай озық технологиялық жетістіктерді сот жүйесінде әрдайым сәттілікпен пайдалануды дамыта беруіміз керек. Бұл үрдіс азаматтардың және қоғамның соттарға деген сенімін одан сайын арттыра береді деп ойлаймын.
Соңғы жылдары сот жүйесінің материалдық базасы едәуір нығайтылып, барлық соттар техникалық жабдықталып, сот әділдігін атқарудың заманауи стандарттарына сай ғимараттарда орналастыру жұмыстары жалғасын табуда. Міне, соның айқын дәлелі ретінде республика соттары заман талабына сай салынған ғимараттармен толыға түсті. Биылдың өзінде аудандық соттармен қатар, бірнеше облыстық және қалалық соттардың ғимараттары жаңарып, жабдықталды. Мысалы, біздегі Еңбекші аудандық сотының ғимаратындағы 9 залдың 6-ына АВF бейнебақылау қондырғылары орнатылған. Онда сот процестері қондырғыда толығымен жазылып, сот төрелігімен келіспеген тараптар үшін бейнежазба арнайы сақталады. Бұл тұрғыда, сот ғимараттарының заман талабына сай жабдықталуы – заңды сыйлайтын, заңға жүгінетін жұртшылыққа ортақ қуаныш дер едім. Өйткені, сот ғимараттары халыққа қолайлы қызмет көрсетіп, көңілдерінен шығып жатса, олардың да сотқа деген сенімділігін, жылы көзқарасын қалыптастырады. Бұған қоса, ақпараттық-коммуникациялық технологияның соңғы үлгілерімен жабдықталған сот отырысының залдары судьялар жұмысын ұтымды атқаруына тың серпіліс береді. Бұл өз кезегінде сотқа жүгінген азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін шынайы қорғаудың сапасын одан әрі арттыра түсері анық. Осы орайда, айта кетсем, Еңбекші аудандық сотында ағымдағы жылдың 4 айында азаматтық істер бойынша барлығы 247 іс қаралған. Яғни, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда, 160 іске кемігені байқалады. Тиісінше, қылмыстық істер бойынша биыл 63 іс қаралып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстыра алғанда 41 іске артқан.
Барлық әлем халықтары заңмен жүріп, тұрады. Оны құрметтейді, мүлтіксіз бағынады. Осы ретте белгілі қоғам қайраткері Теодор Рузвельттің: «Заңнан жоғары немесе төмен тұратын адам жоқ. Заңға бағыну талап етіледі, ол мейірімділік ретінде сұралмайды», – дегенін сотқа жүгінген әр адам қаперінде ұстағаны жөн-ақ.
Біз Мәңгілік Ел боламыз деп, кемел мемлекет құруды көздеген халықпыз. Сот төрелігінің әділдігі мен жедел әрі толық орындалуы – кез келген елдің кемел болмысының көрінісі. Сот жүйесінің дамуы тоқтап қалатын құбылыс емес, оны үздіксіз жетілдіріп отыру керек. Біз бұл бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береміз.
Халқы заңын сыйлайтын, сотына сенетін қоғам – ең дамыған қоғам. Біздің мақсатымыз – нақ осындай қоғам құру. «Қазақстан – 2050» стратегиясының басты межелерінің бірі – осы.
– Келелі әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Коммуналдық қызмет сапасы жақсарады
Пятница, 22 Апрель 2016 07:07Қаладағы әкімшілік-іскерлік орталығында орналасқан 32 көпқабатты тұрғын үй осы аптада ыстық сумен толықтай қамтылады. Жергілікті БАҚ өкілдері үшін арнайы пресс-тур ұйымдастырған қала әкімдігі бұл бағытта қызметіне белсенді түрде кіріскен «Қуат жылу орталық» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің жұмыс барысымен таныстырды.
Құрылысы 2014 жылдың мамыр айынан басталған жылу өнімділігі 160 Гкалл/сағатты құрайтын жылу қазандығы өткен жылдың қараша айында пайдалануға берілген болатын. Әкімшілік-іскерлік орталығында 32 көпқабатты тұрғын үйді жылу жүйелерімен қамтыған аталмыш қазандықтың құрылысын «Электромонтаж» АҚ жүргізген. Бұл ретте мамандар Германияның «LOOS UT-HZ» маркалы 5 қазандығы толық қуатында іске қосылар болса, қаланың 60 пайызын жылу жүйелерімен қамтуға болатынын айтады.
– Шағынауданның көпқабатты тұрғын үйлерін жылу жүйелерімен қамту үшін 2 қазандықтың қызметі де жеткілікті. Қазіргі таңда тұрғын үйлерге есептегіш құралдары орнатылып, сығымдау жұмыстары жүргізілді. Енді бірер күнде қаланың әкімшілік-іскерлік орталығында ыстық су жүйесі іске қосылады, – дейді «Қуат жылу орталық» мемлекеттік коммуналдық мекемесінің бас инженері Айбек Қожабеков.
Айта кетейік, жылу қазандығының сапалы қызметі үшін мердігер мекеме тарапынан 5 жыл мерзімге кепілдік беріліп отыр. Құрылысқа бөлінген қаржының жалпы көлемі 3 миллиард 312 миллион теңгені құрайды. Ал тұрғындар пайдаланылған әрбір текше метр ыстық су үшін 300 теңге төлейтін болады.
Көктемгi әскерге шақыру: үмiткерлерге талап жоғары
Пятница, 22 Апрель 2016 06:42Отан. Патриоттық сезім. Әскер өмірі. Бұл – қасиетті ұғымдар. Азаматтық парызы мен Отан алдындағы борышын атқаруға бел буған жастар үшін бұл ұғымның мәні бөлек. Сөзімізді статистикамен сабақтайтын болсақ, ел аумағындағы әскерге шақырылған ер азаматтардың 80 пайызы азаматтық борышын атқаруға дайын екенін мәлім еткен болса, 20 пайызы барғысы келмейтінін айтыпты. Дегенмен, бұл көрсеткіштер жас буынның әскер өміріне деген қызығушылығы басым екенін аңғартады.
30 мың азамат әскерге шақырылған
Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны 1-сәуірден бастау алды. Тиісінше, алдағы үш ай уақыт мерзімінде әскери қызметке 18-27 жас аралығындағы кейінге қалдырылмайтын, сондай-ақ, оқу орындарынан шығарылған, жасы 27-ге толмаған және белгіленген мерзімде шақырылым бойынша әскери қызметін өтемеген азаматтар шақырылады.
Осы орайда, облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінде нақ осы күндері қызу қарбаласты байқауға болады. Мұнда өңірдегі аудан-қалалардан жолданған жастардың денсаулық әлеуеті тиісті медициналық тексеру барысында анықталады. Отан алдындағы парызымды өтесем деген жігіттер медициналық тексерістен өтіп жатыр. Қобалжулы. Оларды түсінуге де болады. Өйткені денсаулықтарынан сәл кінәрат табылса әскерге бару арманы тағы да кейінге шегеріледі. Жастардың денсаулық жағдайын анықтауда қажетті жабдықтар мен тиісті сала мамандары толық қамтамасыз етілген.
– Облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаменті мамандары тарапынан қаңтар-наурыз айларының аралығында шақыру контингентін зерделеу, шақырылушылармен, олардың ата-аналарымен, олар оқып жүрген және жұмыс атқарып жүрген оқу орындары, кәсіпорын өкілдерімен жеке әңгімелер жүргізілді. Яғни, жастарды әскери бөлімдер бойынша іріктеу және бөлу кезінде аталмыш шараның маңызы зор. Шақырылуға дейінгі болашақ мерзімді әскерилердің алған мамандықтары, денсаулық жағдайы, дене және моральдық-психологиялық дайындығы ескеріледі, – дейді облыстық Қорғаныс істері жөніндегі Департаментінің медицина қызметінің басшысы, подполковник Әлімжан Оспанов.
Айта кетерлігі, әскерге шақырылғандар үшін жиі қойылатын «бас сүйек ішіндегі қан қысымы жоғары» диагнозына бүгінде көз аурулары қосылған. «Әскери қызметке жарамайтындар арасында басқа ауру түрлерінің ішінен көз ауруы бірінші орынға шықты» дейді мамандар. Жастардың арасында соңғы жылдарда көздің нашар көруі сырқаты жиілеп барады. Оның себебі, жастардың бала кезінен бастап компьютер, смартфондармен тым әуестенулерінен болса керек. Бұрыннан келе жатқан сырқат түрі ретінде әлі де болса майтабан жастардың қатары қалың. Салмақ жетіспеушілік, бел омыртқасының қисық бітуі секілді аурулар да жиі кездеседі. Сол себепті әскер қатарына ілінбей жатқандар көп екен.
3 күн уақыт мерзімінде медициналық комиссияның бақылауынан өтетін болашақ сарбаздар тиісті әскери бөлімдерге бөлінетін болады. Айта кетейік, бүгінде Қорғаныс министрлігі үш мыңға жуық жас буынды Қарулы Күштер қатарына шақырса, қалғандары Ішкі әскерлер мен Шекара қызметі, Республикалық ұлан, Төтенше жағдайлар министрлігінің әскери бөлімдеріне жіберілетін болады. Мамандар бұл қатарда әскери бөлімдерге қабылданатын сарбаздардың 20 пайыз үлесі Оңтүстік Қазақстан облысына тиесілі екенін айтады. Өткен жылы күзгі әскерге шақыру науқаны кезінде еліміздің шекара шебіне 2 мың қазақстандық аттанған. Ал Ұлттық Ұлан 6,5 мың және Мемлекеттік күзет қызметі 300 сарбазбен толыққан болатын. Бүгінде жалпы саны 30 мыңға жуық қазақстандық әскерге шақырылатындар қатарында тұр.
Қарымды жас – қуатты әскер атанбақ
Шекара қорғауға барғысы келетін жастардың бойы 165 сантиметрден төмен болмауы тиіс. Сарбаздың бойы мен келбетіне байланысты қатаң талап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметінде борышын өтеуден үміткерлерге қойылады. Мемлекеттің басты нысандары мен жоғары лауазымды басшыларды қорғап, күзететін бұл қызметке барғысы келетін жастың бойының ұзындығы 180-190 сантиметр аралығында, бет әлпеті таза, тыртықсыз, физикалық жағынан жақсы жетілген, бойын тік ұстайтын болуы тиіс. Яғни келбеті келіскен, денсаулығы мықты, сымбатты жастар алынады. Сонымен қатар, білімі де маңызды, ең кемі он бір жылдық мектепті аяқтаған болуы қажет. Бір жылдық міндетті қызметтері аяқталғаннан соң үкімет оларды сол мемлекеттік күзет қызметіне алып қалады. Келісім шартпен әрі қарай офицер болып қызметтерін жалғастырады. Сондықтан мемлекеттік күзет қызметіне алынатындардың саны да шектеулі.
Қорғаныс министрлігінің қарулы күштеріне баратындар әуе қорғаныс күштері, құрлық әскері, аэромобильдік күштер секілді бөлімшелерде қызмет етпек. Олардың да өз ерекшеліктері бар. Физикалық жағынан дайындығы күшті балаларға басымдық беріледі. Ал Ұлттық Ұланның ішкі істер әскери бөлімшелері үшін алынатын балалардың ата-анасы және басқа да туыстарының сотталмағанына аса мән беріледі. Өйткені бұл бөлімшелер ішкі тәртіптің сақталуын қарайды, түзеу колонияларын қарауылдайды. Әлбетте, бұлардың барлығында да жастардың білімді де сауатты болуына айрықша мән беріледі.
Әскери қызметшi, келешегiң қандай?
Заң бойынша әскерден үйленгендер, сотталғандар, денсаулығы жарамсыздар, студенттер босатылады. Сондай-ақ, әскер қатарына шақырылушы жалғызбасты ананың баласы болып, оның отбасында өзінен басқа 18 жасқа толмаған бауырлары болса және ата-анасы мүгедек болған жағдайда асыраушы ретінде оның әскерге бармауына рұқсат етіледі. Мұндай жағдайда әскерге шақырылушы осыны растайтын құжаттарды жергілікті әскери бөлімге тапсыруы керек. Жалпы, түрлі жағдайларға байланысты әскерден босатылғандар жергілікті әскери комиссариатқа жыл сайын анықтама қағазын тапсырып отыруы тиіс. Ал түрлі жағдайларға байланысты әскерге шақыруды кейінге қалдыру азаматтарға тек бір рет жасалады.
Әскерде болған сарбаздар мен сержанттар және запастағы офицерлер келісімшартпен әскери қызметке қабылданып, өздерінің қалауы бойынша ел аумағындағы әскери бөлімдерге қызметке баруына толық мүмкіндік бар. Келісімшарт бойынша әскери қызметке алыну үшін ниет білдіруші міндетті түрде ҚР азаматы болуы тиіс. Екіншіден, жасы 19-дан төмен және 35-тен жоғары болмауы керек. Үшіншіден, мұндай қызметке тек әскери міндетін өтеген адамдар мен әскери кафедра немесе әскери оқыту резервтерінде болған азаматтар ғана қабылданады. Төртіншіден, азаматтың денсаулығы жақсы және бұрын сотталмаған болуы керек. 10 жыл және одан да көп уақыт әскери қызметте болғандарға мемлекеттік тұрғын үй қорынан қызметтік тұрғын үй беріледі. Ал әскери қызметте жүргендеріне 10 жыл толмағандарға тұрғын үй жалдау үшін арнайы өтемақы төленеді. Бұдан басқа келісімшарт бойынша әскери қызметте жүргендеріне 8 жыл болған азаматтар еліміздегі жоғары оқу орындарына оқуға түскен жағдайда, оқу шығынының 50 пайызы мемлекет бюджетінен қайтарылады. Сондай-ақ, келісімшарт бойынша қызмет істеп жүрген әскерилерге жыл сайын демалыс беріледі. Бұған қоса екі айлық еңбекақысы көлемінде сауықтыру жәрдемақысы төленеді.
«Әскерге барғым келеді». Осылай деп жергілікті қорғаныс істері басқармасына келушілер көбейген. Тіпті жігіттер медициналық тексеріс кезінде ауруын жасыратын да көрінеді. Дегенмен, Қорғаныс министрлігі тыңғылықты іріктеуден сүрінбей өткендерді ғана Қарулы күштердің қатарына алмақ.
Әбдіғабит ШЕГЕБАЕВ,
Шымкент қалалық қорғаныс істері жөніндегі басқармасының басшысы:
Жастардың психологиялық берiктiгi маңызды
– Шымкент қаласынан әскерге неше жасөспірімнің жолданатынын айту қиын. Неге десеңіз, біз қорғаныс істері жөніндегі департаментінің сұранысына орай жібереміз. Ол үшін нағыз шыныққан, денсаулығы мықты, жан-жақты сауатты, спортпен шұғылданған жігіттер іріктеледі. Кейбір жастар өткір, сауатты болғанымен денсаулығы жарамсыз болып шығады. Аға дәрігер бәрін қадағалап өткізеді. Әскерге алынатындардың санының шектеулі, ал әскери парызын өтеп қайтуға тілек білдіруші жастардың көп болуы себепті шақырылушыларға қойылатын талаптар да жоғары. Жастар психологиялық-моралдық тұрғыдан іріктеуден өткізіліп, олардың біліміне, денінің саулығына және физикалық тұрғыдан дайындығына маңыз беріледі.
Қуаныш САҒЫНДЫҚОВ,
әскерге шақырылушы:
Отанды қорғау – қасиеттi борыш
– Бүгін медициналық тексеруден өтіп жатырмыз. Отанын қорғау – әрбір ер азаматтың қасиетті борышы. Сондықтан өзім оған психологиялық жағынан дайындалдым. Дәл қазір әскер қатарына аттануға әзірмін. Алдағы өмірімді Ұлттық Ұланмен байланыстырғым келеді. Десек те, азаматтық борышымызды абыроймен атқарсақ деген үлкен арман-мұрат бар. Өз басым, еліміздің әрбір ер азаматы әскер өмірін басынан өткергені жөн деп есептеймін. Өйткені, әскер өмірі бізге шынайы өмірдің мәнін ұғындырады. Физикалық тұрғыдан ширақ болумен қатар, өмірдің қандай да бір қиындығы мен ауыртпалығына төзімді болуға үйретер еді. Жолдас пен ата-ананың қадірі қаншалықты жоғары екенін толықтай ұғына алар едік. Сол себептен де, әскер өмірінің біздерге үйретері көп деп есептеймін.
Тұрғындар мәселесі шешімін табуда
Среда, 20 Апрель 2016 06:46Серік ӘБІШЕВ, қала тұрғыны:
– Тұл жетім әрі І топ мүгедегі ретінде үй кезегінде тіркелген едім. Кезегім әлі жылжитын емес. Оны қалай білуге болады?
– Жергілікті атқарушы орган тұрғын үйге мұқтаж азаматтардың тізімін Қазақстан Республикасы «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 67-74 баптарына сәйкес жүргізеді. Сіз халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы тізімінде, 1 топ мүгедегі ретінде 08.08.2014 жылдан бастап №5590 болып тіркелгенсіз. 24.07.2015 жылғы өтінішіңіз және ұсынған құжаттар негізінде халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобы тізімінде тіркелген кезегіңіз ата-анасынан айырылған және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тізіміне ауыстырылды. Бүгінгі таңда бұл санат бойынша №893 кезекте тіркеліп тұрсыз.
Қазіргі таңда Сізге дейін 892 азамат (жетім) өз кезектерін күтуде. Сондықтан Сіздің тұрғын жай мәселеңіз кезек ретімен оң шешімін табады.
Жазира ТҰРСЫНБЕКОВА, қала тұрғыны:
– Қолөнер шеберлерінің өнімдерін шағын бизнеске айналдыруға қаншалықты мүмкіндік бар? Алдағы уақытта тендерге қатысу мәселесі қарастырылса деген өтінішім бар.
– Сіздің хатыңызды қарай отырып, Шымкент қаласының мәдениет бөлімінің мәліметіне сәйкес, музыкалық аспаптар жөндеудің тендерлерін өткізуге 2016 жылғы бюджетте қаржы қарастырылмағанын хабарлаймын.
Сонымен қатар, «ОҚО мәдениет және халық шығармашылық орталығы» МКК-нің ұйымдастыруымен алдағы мамыр айында «Ұлттық аспаптар фестивалін» өткізу жоспарлануда. Осыған байланысты, толыққанды мәлімет алу үшін, Сіз жоғарыда аталған мекемеге (Шымкент қаласы, Майлы-Қожа, 21 үй, тел: 53-08-37 Жорабеков Берік Әбдіқадырұлы директорының орынбасары) хабарласуыңызды ұсынамыз.
Марат БОРЫҚБАЕВ, қала тұрғыны:
– Қалада тұрғаныма 36 жыл болды. Отбасымда 6 адам бар. Жер кезегінде жеңілдіктер қарастырылған ба?
– Қазақстан Республикасы Жер кодексі 44-бабы, 8-тармағының және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 27.03.2015 жылғы «Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы» №255 бұйрығына сәйкес, Шымкент қаласы аумағынан жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алу туралы, Сіздің 07.04.2006 жылғы №Б-7478 санды өтінішіңіз арнаулы есепке алынып, қазіргі кезде 21990 кезекте тұрғандығыңыз анықталды. Жоғарыда аталған Жер заңнамасында арнайы жеке бағдарламалар қарастырылмағандықтан азаматтардың өтініштері тек қана кезектілік ретімен, жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін табыстау аймақтардың нақты жоспарлау жобалары дайындалып, бөлінетін жерлердің инженерлік инфрақұрылым жүйелерін жүргізіліп, арнайы алаңшалардың дайындалуына қарай қанағаттандыруға жататындығын хабарлаймын.
Таймас ҚАМБАТЫРОВ, қала тұрғыны:
– «Нұрсәт» шағынауданынан «Алаш» және «Бекжан» базары аралығында қатынайтын қоғамдық көлік жүргізілсе деген өтінішім бар.
– Жоғарыда аталған қоғамдық жолаушылар тасымалдау бағытының қозғалыс сызбасына өзгеріс енгізген жағдайда, жолаушылар легіне сәйкес, ұйымдастырылған бағыттың жүйесі бұзылып, қызметін тұрақты пайдаланатын жолаушыларға қолайсыздықтар әкеледі. Сонымен қатар, «Жолаушылар мен багажды автомобиль көлігімен тасымалдау» Қағидасында жолаушылардың бір бағыттан бір бағытқа ауысып жүруі қарастырылғанын мәлімдейміз.
Несібелі СПАНОВА, қала тұрғыны:
– Темірлан тас жолының бойындағы Қатын көпір аялдамасында жауын шашын кезінде қарсы бетке өту мүмкін емес. Онда жауыннан жиналған судың ағып кетуіне лайықталған су атыздары жоқтың қасы. Осы мәселенің оң шешілуіне ықпал етсеңіздер.
– Шымкент қаласы, Темірлан тас жолы және Әл-Фараби көшелерінің қиылысын қалалық ТҮКШ бөлімі және жобалаушы «А. Сансызбаев» мекемесі мамандарымен зерделеніп, жауын-шашын суларын өткізу мақсатында ирригациялық жүйе жүргізу жұмыстарының сметалық құжаттамалары әзірленді.
Қазіргі таңда, құрылыс жұмыстарына қажетті қаржыны сұрату бойынша бюджеттік комиссияға ұсыныс енгізілді. Жұмыстар 2016 жылы бюджеттен қаржы қаралған жағдайда орындалатын болады.
Гүлжан ҚОҢЫРБАЕВА, қала тұрғыны:
– Еңбекші аудандық ІІБ жанында, «Кең баба» саябағы жанында, Көктем, Балдырған аялдамаларының жанында орналасқан үлкен арықтың үстінен қызыл шекараны басып ғимараттар салынған. «Ислам жолы» мешітінің жанынан Ж. Аймауытов көшесін кесіп өтетін арық қоқысқа толып, жабылып қалған. Осындай келеңсіздіктерді жою бойынша жоспарлы іс-шаралар жүргізілсе екен.
– Төреқұлов пен Елшібек батыр көшелерінің қиылысында, «Балабақша» аялдамасының жоқтығы анықталғандығын және аталған жерге «Аялдама» жол белгілерін орнату туралы мердігер мекемеге тапсырма беріліп, Шымкент қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне аялдама павильондарын орнату туралы ұсыныс енгізілетіндігін хабарлаймыз.
Шалқар ҚҰТТЫБАЕВ, қала тұрғыны:
– «Ынтымақ-2» шағынауданы 2006 жылы кұрылса да әлі күнге дейін ешқандай инфрақұрылым және білім мекемелері жоқ. 2014 жылы электр желілерінің кұрылысы басталғанмен, қазір тоқтап тұр. «Ынтымақ-2» шағынауданы тұрғындары атынан аталған мәселелерді шешіп беруіңізді сұранамын.
– «Ынтымақ-2» шағынаудан тұрғындарын электр жарығымен қамтамасыз ету мақсатында, ОҚО энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында конкурс жарияланып, конкурстың қорытындысы бойынша «Қанай» ӨК мердігер мекеме құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп толығымен аяқтады. Жұмыстардың бекітілген өндірістік кестеге сай жүргізілуі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бақылауында болды. Шымкент қаласы әкімінің 2014 жылғы 4 қыркүйекте №1832 қаулысымен «Ынтымақ-2» шағынауданындағы 10/0,4 кВ электр қуатымен қамтамасыз ету құрылыс нысаны Шымкент қаласының коммуналдық меншігіне қабылданды.
Дайындаған
Жеңісбек СЕРІКҰЛЫ
Велосипедпен рейдке шықты
Среда, 13 Апрель 2016 04:49Қала аумағындағы ретсіз сауданы жою жұмыстары енді велосипедтің көмегімен жүзеге асады. Әл-Фараби ауданы әкімдігінің қызметкерлері заңсыз сауда иелеріне жүйелі түрде ескертулер беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін велосипедке отырып, рейдтік шара ұйымдастырды.
Велосипедтің біріне отырған аудан әкімінің орынбасары Серік Нұрманов өзі жетекшілік етіп, Қазыбек би көшесінің бойында жарнама тақтайшаларын бей-берекет орналастырған дүңгіршек иелеріне ескерту жасады.
– Кәсіпкер азаматтардың демеушілігі есебінен әзірге 4 дана велосипед алынып отыр. Алдағы уақытта қызметкерлеріміз арнайы киімде заңсыз сауда иелеріне күнделікті тиісті ескертулер беріп отырмақ. Жасалған жұмыстар өз нәтижесін де беруде. Өткен жылы аудан аумағында заңсыз жұмыс жасап келген 87 дүңгіршек жойылған болса, биыл тағы 32 дүңгіршек анықталып отыр. Жыл басынан бері оның 16-сы жұмысын тоқтатты, – дейді С. Нұрманов.
Айта кетейік, аудан әкімдігі қызметкерлері тарапынан биыл жалпы саны ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Заңнамасының 204-бабымен, яғни, рұқсат етілмеген орындарда сауда жасау бойынша 413, 505-бабы, яғни, қаланың абаттандыру ережелерін бұзу бойынша 220 азаматқа хаттама толтырылған.