Қазақ театрының тау тұлғасы Избранное

Среда, 12 Октябрь 2022 05:21 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 2887 раз

Жуырда Ж.Шанин атындағы қалалық академиялық қазақ драма театрында көнекөз ақсақалдармен кездесу өтті. Қазақтың тұңғыш театрының негізін қалаушы Жұмат Шаниннің 130 жылдығына орай ұйымдастырылған басқосуда ұрпағы, осы театрда қызмет еткен Қасымхан Шаниннің көзін көрген өнер саласының ардагерлері қатысты.

402

 

Жұмат Шанин — әр күнін шығармашылық ізденіске арнаған ұлы тұлға. Оның өнерге деген ұмтылысының арқасында Қазақстандағы алғашқы театрдың кірпіші қаланған болатын. Мәскеуде өткен этнографиялық концертке қатысып, еліміздің бір топ өнер шеберлерін бастап барған. Сол жақта жүріп өзінің ұлтына өнер керек екенін, мәдени бұлақтың көзін ашуды түсінеді. Осылайша орыс және өзге ұлт режиссерлерімен танысып, қазақ театр мәдениеті мен эстетикасын қалыптастыруға өз үлесін қосады. Жыл сайын күз айында өткізілетін, 30 күнге жалғасатын Қоянды жәрмеңкесіне халық думанын тамашалау үшін барғанда атақты Балуан Шолақ, Серке Қожамқұлов, күрестің екі түрінен әлем чемпионы Қажымұқан Мұңайтпасов, Әміре Қашаубаев, Иса Байзақовпен танысады. Бәрінің басын біріктіріп, театр құруды ойластырады. Мұны естіген Мұхтар Әуезов газетке хабарландыру беріп, Жұмат Шанинді іздейді. Осылайша екеуі кездесіп шығармашылық одақ құрады. Олардың алғашқы режиссерлік жұмысы «Еңлік – Кебек» пьесасын қоюдан басталған. Сол заманда әртіс қыздар жетіспегендіктен Ж.Шанин өз әйелі Жанбике мен балдызын театрға тартады. Екеуі де өнерге жаны құштар жандар еді. Өзіне берілген кейіпкердің рөлін керемет сомдап, халықтың ықыласына бөленген.
— Өмірін өнерге арнаған Жұмат Шанин 1936 жылы қазақтың тұңғыш мәдениет министрі Темірбек Жүргеновтың бастауымен Мәскеуге қазақ әдебиеті және өнерінің бірінші декадасына қатысып қайтқан. Оның ішінде Күләш Байсейітова, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Сәкен Сейфуллин тағы да басқа көптеген қазақтың зиялы азаматтары болған. Әртістердің шеберлігіне таң қалған өнер қайраткерлері қазақстандықтардың өнерін жоғара бағалады. Содан, Мәскеудегі екінші мәрте болатын спекталіне Сталиннің өзі көруге келеді. Сол кезде «Қыз-Жібек» қойылымына қызу дайындықпен келген әртістер қатты қуанады. Алайда, қойылым алдында сахна шымылдығы техникалық ақаудың салдарынан 12 минуттай ашылмай қалады. Тығырыққа тірелген әртістер, не істерін білмей дал болады. Дәл осы оқиғаны ілік еткендер «Сталинге қастандық ұйымдастырмақ болды» деп жала жауып, Жұмат Шанин, Сәкен Сейфуллин, Темірбек Жүргенов қудалауға алынады. Осындай жаланы арқалаған үшеуі «ұлтшыл, кеңес үкіметіне қарсы» деген қосымша жалалармен, 1938 жылдың 26-шы ақпанында атылып кетеді. Содан, екі-үш күннен кейін «Шанин ұрпақтары Алматыдан 24 сағаттың ішінде кетсін» деген үкім шығады. Олардың барлығы Шымкент қаласына жол тартып, шығармашылығын сонда жалғастырады,- деді драматург Сая Қасымбек.
Тарихқа көз жүгіртсек, Ж.Шанин Қазақстанның ғана емес, сонымен қатар көршілес қырғыз театрының да дамуына үлес қосты. 1932–1933 жылдары Бішкек қаласындағы Қырғыздың мемлекеттік академиялық драма театрының бас режиссері болып қызмет атқарған. 1933 жылы Кеңестік Халық «ҚазАССР-нің Халық әртісі» атағы тарихта тұңғыш рет Жұмат Шанинге және Елубай Өмірзақовқа берілген.
Драматург С.Қасымбектің айтуынша, Ж.Шаниннің үш ұлы болған. Мәскеуге барар жолда Аяны шетінеп, оны Мәскеудегі мұсылмандар зиратына жасырын жерлеуге мәжбүр болса, үлкен ұлы Раупбек 1939 жылы анасының қазасын көтере алмай, ауыр қайғыдан дүние салған. Артынан қалған жалғыз ізі Қасымханды Жұмат Шаниннің інісі Әкіш өз атына жаздырып алады. Осылайша бала Қасымхан әке жолын қуып, Шымкент театрының іргесін қалағаны көпшілікке мәлім.
Қасымхан Шаниннің көзін көрген Сапарбай Өтемісұлы онымен қалай танысқаны туралы сыр шертті.
– Мен бала кезімнен театр әртісі болуды армандадым. Содан ба, өмірдің өзі мені сонда бағыттады. Театрға алғаш келгенімде реквизитор көмекшісі болып жұмыс істедім. Сонда жүргенде Әкіш ағаммен таныстым. Ол кісі «Қозы Көрпеш – Баян Сұлудағы» Қарабайды, Оралхан Бөкейдің туындасынан шыққан «Қар қызы» повесіндегі Қоңқайды, қасиетті үлкен ақсақалдарды ерекше сомдайтын. Оның баласы Қасымхан аға да өте сауатты, айрықша азамат еді. «Шұғаның белгісі», «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» спектаклін сахналап, режиссерлік қырынан да ерекше танылған. Спектакльде ойнағанда жан-тәнімен беріліп ойнайтын. Ән салғанда құлағымызды түріп, ұйып тыңдайтын едік. Сегіз қырлы бір сырлы дарын иесінің өнер жолында өз қолтаңбасы бар, – деді ол.
Ал, ардагер-актер Мұқан Шәкіров Қасымхан Шаниннің бойындағы тазалықты, ұлтжандылықты тілге тиек етті.
— Қасекең досқа адал, айналасындағы адамдарға жанашырлықпен қарайтын, өнерге шын берілген жан еді. Театр саласында қызметіне үлкен жауапкершілікпен қарайтын. Біздің болашағымыз деп жастарға ерекше қамқорлық жасайтын. Өнер арқылы ұлттық құндылықтарымызды сақтауды мұрат етті,- деді ақсақал өткен күндерді еске алып.
Қазақ өнерінің биік шыңын бағындарған ұлы тұлғаларды халықтың ұмытпасы анық. Талатты режиссер Жұмат Шаниннің құрметіне 1972 жылы Шымкенттегі қазақ театрына есімі берілген болатын. Қазіргі таңда қазақ театр өнерінің қара шаңырағына айналды. Сахна саңлақтардың қойған спектальдері жас буынның жүрегінде мәңгі сақталады.
Айта кетейік, 26-27 қазан күндері драматург Сая Қасымбектің «Атжалман ғасыр» тарихи трагедиясының премьерасы өтпек. Қойылымға Ж.Шаниннің өнер жолындағы тағдыры арқау болған. Спектакль театрдың көркемдік жетекшісі Бекболат Құрманғожаевтың режиссерлігімен сахналанбақ.