ҚУЫРШАҚТАРДЫ СӨЙЛЕТКЕН ЕРЛІ-ЗАЙЫПТЫЛАР Избранное

Среда, 07 Февраль 2024 04:07 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 508 раз

Баламен жұмыс істеу әрі қызық, әрі қиын. Әсіресе қуыршақ театры актерлары үшін кішкентай көрерменнің көңілінен шығу оңай емес. Қуыршақ театрының мақсаты - көрерменінің көңілін көтеру ғана емес, ойнай отырып тәрбиелеу, баланың эстетикалық талғамын көтеріп, қоғамдағы белсенділігін арттыруға мүмкіншілік жасау. Бала мінезі осыны талап етеді. Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының режиссері, көркемдік жетекшісі Мақпал МАЛДЫБАЕВА бұл жауапкершілікті жақсы түсінеді.

kukla

 

Мақпал Назарбайқызы қазіргі таңда өзі қызмет ететін театрдың репертуарындағы 15-тен астам туындының авторы және балаларға арналған 50 шақты қойылымды сахналаған. Ол сахналаған қойылымдар бірнеше рет халықаралық, республикалық кәсіби театр фестивальдерінде жүлделі орындар мен номинацияларға ие болды.
Бүгінде театр мұражайы қорында 600-ге жуық қуыршақ бар. Репертуардың әрқилы болуына байланысты әлемдік деңгейдегі классикалық туындылар, халық ертегілері, отандық авторлардың шығармаларына арналған жалпы саны 150-ге жуық сахналық қойылымның қуыршақтары да ерекше күтіммен сақталады. Ол үшін ұжымның барлық қызметкерлері атсалысып, тер төгеді. Үздіксіз еңбектің нәтижесінде жаңа қойылымдар дүниеге келіп, көптің көңілінен шығып жүр.
– Қуыршақ театрында тек балаларға арналған ертегілер қойылуы керек деген қағида бүгінде өзгерді. Қазір театр репертуарында әлем классиктерінің «Кішкентай ханзада», «Гамлет», «Можно попросить Нину?», «Женитьба» секілді ересектерге арналған спектакльдер де қойылуда. Ал, жастар труппасының көмегімен қазақтың ұлы тұлғалары, қоғам қайраткерлеріне арналған жаңа қойылымдарды шығардық. Бұл қойылымдар театрды жаңа бір биікке шығарған өте бір ғажап дүниелер болды. Жақсы туындылардың бізде көптеп көрсетілуі театр ұжымы үшін де, көрермен үшін де өте маңызды. Қойылым соңында көрермен оң бағасын беріп, режиссердің еңбегін бағаласа, осының өзі мен үшін үлкен мәртебе, – дейді режиссер.
Мақпал Назарбайқызы бала кезден өнерге жақын боп өсіпті. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ барлық мәдени шараларға белсенді қатысып, өнерімен ауылдастарын тәнті еткен қыз ол кезде тағдыры қуыршақ театрына байланатынын білді дейсіз бе?!

kukla-1


– 1990-1995 жылдары әл-Фараби атындағы Шымкент педагогикалық мәдениет институтында білім алып жүргенімде, қуыршақ театрының бас режиссері Т.Өтебаев ассистент режиссері қызметіне шақырды. Кейіннен осы театрда труппа меңгерушісі қызметін атқара жүріп, 2002-2004 жылдары Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының «Өнер, режиссер» мамандығы бойынша магистратурасында оқыдым. Оны бітірген соң театрдың қоюшы режиссері қызметін атқардым. Ең бірінші жұмысым 2000 жылы Т.Өтебаевтың «Ең ақымақ адам» спектаклі болып, автордың өзі ризашылығын білдірді. Ол кезде кассеталық магнитофон болатын, әуенін реттегенде біраз қиындықтар туындайтын. Қуыршақтардың қандай болатынын алғаш рет осы жерде көрдім, - дейді Мақпал Назарбайқызы.
Ол қызмет ететін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры 1983 жылы ашылған. Қырық жылдан аса уақыт ішінде театр ұжымы қазақтың қуыршақ театры өнерін өркендету жолында аянбай еңбек етіп келеді.
- Мінезі әртүрлі қуыршақтарды көрген бала зұлымдық пен мейірімнің, өтірік пен шындықтың, қорқақ пен батырлықтың, ақымақ пен ақылдының ара-жігін айырып, өзінің мінезін қалыптастырады. Қуыршақ театрына келген көрермен ең алдымен ертегімен, оның кейіпкерлерімен ұшырасады. Тәрбиелік мәні зор қойылымдардың арқасында балалардың ой-өрістері кеңейіп, ізгі қасиеттер пайда болып, бойларында мәдениет қалыптасады. Сондықтан, балаңыз өміріне қажетті ақпараттарды оңай игерсін десеңіз, қуыршақ театрына әкеліңіз дер едік, - дейді ол.
Біздің кейіпкеріміз Мақпалдың жары Ерғали Тұрдалиев та осы ұжымда актер. Тағдырларын театр түйістірген ерлі-зайыыптылар қуыршақтарды сөйлетіп, кішкентай көрерменнің көңілінен шыға білген жандар.
–Өмірлік жолдасым осы өнер жолында үзіліссіз еңбек етіп келе жатқан дарын иесі, жоғары дәрежелі әртіс. Белгілі ертегі желілері бойынша сахналанған пъесаларда 70-тен артық рөл ойнап, қуыршақ жүргізу өнерінің қыр-сырын меңгерген. Ол қолындағы қуыршаққа жан бітіргенде, оның нағыз дарынды өнер иесі екендігін байқайсыз. Оның сахнадағы өнері мен ән айтуы, пластикасы керемет үйлесім табады. Үнемі ізденіс үстінде жүретін әртіс. Отбасы құрғанымызға да отыз жылдан асыпты. Үйде де, қызметте де, гастрольде де біргеміз. Ерекеңнің маған үйретері әлі көп, – дейді Мақпал Малдыбаева.
Қуыршақ театры саласында ұзақ жылдан бері бірге қызмет атқарып келе жатқан театр мақтаныштары - ерлі-зайыпты Мақпал мен Ерғали «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің иегерлері, жоғары жетістіктері үшін бірнеше рет алғыс хаттармен марапатталған.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.