Ұлылардың ізі қалған орда Избранное

Пятница, 23 Февраль 2024 08:24 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 793 раз

Бірде Ленинградтың көркем аудандарының бірі Сарай жағалауында кезінде князь Владимир Алексеевичтің особнягы болған, бұл күнде Ғалымдар үйі орын тепкен әсем салонда Ресей мәдениеті мен ғылымының ғұламалары академиктер Б.Пиотровский, Д.Лихачев, ақын-жазушылар Д.Гранин, М.Дудин, суретші Б.Угаров, әйгілі дирижер Е.Мравинский іспеттес ғиззатлы тұлғалар бас қосып, қазақ халқының мәдениеті туралы пікір алысып жатқандығын байқап, әңгіме ауанына құлақ түрдім.

аким библиотека5

 

Б.Пиотровский өзі орынборлық болғандықтан, біздің ұлтқа қатысты жақсы сөздер айтты. «Қазақтар бізбен ықылым заманнан етене аралас. Л.Толстой бір кездері қазақтарға қымызға барып, емделген. «Керуен сарайда» қазақ дастарқанынан дәм татқан А.Пушкиннің ізі әлі де сайрап жатыр» дегені әлі есте.
Сарайдың романтикалық, алқызыл, көгілдір залдарын, княгиняның будуарын аралағандағы әсерім әп-сәтте басылып, назарым мына әңгімеге ауа түсті. Өзіміздің ұстазымыз, Лениндік сыйлықтың лауреаты, халық әртісі Ираклий Андроников ортаға шығып, Орта Азия кеңістігінде Чимкент деген уездік қала тұрғындарының А.Пушкиннің 100 жылдығына бас қосып, қалада кітапхана жоқ екенін, оған қазынадан қаржы қарастырылмағандықтан әр азаматтың өз үйінен кітап әкеліп, шығыс халықтарының, әсіресе, қазақтардың «асар» деген тамаша дәстүрі бойынша кітапхана жасайық» деп бастама көтергенін айтты.
– Осылай Азиядағы Чимкент цивилизацияның тамаша үлгісін көрсетіп, мәдени қадам жасаған, – деді ол.
Шымкентте Орталық саябақтан бастау алатын қазіргі Майлықожа көшесінің алғашқы 100-200 метр бөлігінде 1967-68 жылға дейін ағаш үйлер, екі қабатты шағын барактар болатын. Ғалым-тарихшы, жазушы М.Әбдәкімұлының анықтауы бойынша, алғашқы кітапхана сол жерлерде орналасқан болуы керек.
Тарихи деректерге жүгінсек, алғашқыда қала тұрғындарының өздері қаржы жинап, қоғамдық кеңес үйінің ғимаратын салады. Ол жерде басында би кештері, әуесқой театр әртістерінің қойылымдары көрсетіліпті. Осы ғимарат ішінен 1899 жылы А.С.Пушкиннің 100 жылдығы қарсаңында ақын атындағы ең алғашқы кітапхана ашылды.
1940-50 жылдары кітапхана интеллигенция бас қосатын орталық болыпты. Бұл жерде қызықты кештер ұйымдастырылып, әдеби пікірталастар өткізілген. Кітапхананың маған ыстық көрінетіні, ата-анам студенттік жылдарында осы кітапхананың оқу залында бірінші рет кездесіп, танысқан екен.
Бүгінде А.С.Пушкин атындағы кітапхана лайықты ғимаратта орналасқан. Қазір де мұнда мәдени-көпшілік іс-шаралар, ауық-ауық суретшілер вернисажы өтіп тұрады. Қаншама ұлы тұлғалардың ізі қалған көрнекті орданың қасынан өткен сайын бас иіп, тағзым етемін.

Асқар ӘЛИХАН

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Өмірі де, өнері де – өнеге «Архивариус» »