«Архивариус» Избранное

Пятница, 01 Март 2024 10:21 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 604 раз

Шымкенттегі қалалық орыс драма театрында жазушы Момбек Әбдіәкімұлының 65 жас мерейтойына орай «Оңтүстік тарихынан сыр» атты шығармашылық кеші өтті. Жиынға Қазақстан Республикасы Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары Қасымхан Бегман, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері арнайы келіп қатысты.
kitar

 

Жиында сөз алған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек жазушыны мерейтойымен құттықтап, қала әкімінің Алғыс хаты мен сый-сияпатын табыстады.
–Бүгін сіздермен ерекше сәттің куәсі болып отырмыз.Ардақты ағамыз Момбек Әбдіәкімұлы 65 жасқа келіп отыр. Алпыстың асқарына шығып, осы уақытқа дейін елге, жұртқа жасаған жұмысының бір есебі іспеттес бүгінгі кеш өткізіліп отыр. Қазақта «сегіз қырлы, бір сырлы» дейтін жақсы сөз бар. Нағыз азаматтың, нағыз жігіттің сипатын білдіретін сөз. Момбек ағамыздың өн бойында мұндай қасиет жетерлік. Өзінің керемет шығармаларымен, әсерлі әңгімелерімен көптің көкейін жаулап алған Момбек ағамыз барлық құрметке лайық. Сондықтан мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын, – деді С. Құранбек.
Момбек Әбдіәкімұлы 1959 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қазығұрт ауданы Атбұлақ ауылында дүниеге келген. Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық институтының қазақ тілі және әдебиеті факультетін тәмәмдаған ол бірнеше кітаптардың авторы. Оның «Зобалаң», «Дүрбелең», «Қараман қарақшы», «Разборщиктің жан сыры», «Сүлеймен қарақшы» сынды кітаптары халыққа танымал.
– Оның тарихи тақырыптардағы зерттеуінің басты нысанасы – оңтүстік өлкесінің өткені мен бүгінгісі. Алматы, Қызылорда, Жамбыл, Түркістан, Ташкент облыстарының аумағында өмір сүрген қазақтардың басынан соңғы үш-төрт ғасырда өткен тарихи оқиғаларды зерттеп жүр. Ол – цифрларды сөйлетіп, деректерге жан бітіріп, мәліметтерді көркем шығармаға айналдыра білетін жазушы. Жазу техникасын меңгерген, өз стилі мен тақырыбын дөп басқан жазушы. Қандай тақырыпты жазса да, кім оқыса да бірден түсіне алатын әсерлі, жеңіл ұғынықты сөйлем құрастыра біледі, – деді Қасымхан Бегман.
Кеш барысында автордың «Күн тұтылған мезет», «Жаманқара батыр» атты жаңа кітаптарының тұсауы кесілді. Кеш соңы әсем ән мен күмбірлеген күйге ұласып, замандастарының ақжарма тілектерімен жалғасты.
Айта кетейік, Момбек Әбдіәкімұлы ҚР Журналистер одағының, ҚР Жазушылар одағының мүшесі, бірнеше ғылыми еңбектің авторы, 20-ға жуық төсбелгі және медальмен марапатталған.

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.