«Торға» түсіп қалмаңыз Избранное

Пятница, 12 Ноябрь 2021 03:47 Автор  Опубликовано в Мәдениет Прочитано 892 раз

Қым-қуыт тіршілікте ақ пен қараның үзілмейтін мәңгілік күресіне мән беруге, ойлануға мұршамыз жетпейтіні шындық. Соңғы кезде «қоғам мейірімсізденді» дегенді жиі естиміз. Айтамыз. Қарсы пікірді биік мінберлерден дабылдатамыз. Ақиқаты сол, мейірімді болудың өзімізден басталатынын елемейміз.

352

 

Жаһанданудың адамзатқа әкелген жақсылығы мен жамандығы тепе-тең десек жаңылмаспыз. Жақсылығы – әлем жаңалығынан санаулы минутта хабардар болсақ, жаманы – жат пиғылдың санамызға жебе боп қадалып жатқаны.
Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрында 5 қараша күні М.Омарованың «Тор» психологиялық драмасының премьерасы өтті. ҚР Мәдениет қайраткері Ж.Есімовтің режиссерлігімен сахналанған қойылым «адалдық пен сатқындық, мейірім мен опасыздықтан биік тұру үшін, «Адам» атына лайық болу үшін қаншалықты дайынбыз?..» деген пәлсапалық ойды ортаға салды.
Сахна «Барлығы кешіріледі. Кешірілмейтін күнә жоқ. Тек шын өкіну керек. Ал Мен өкінбедім бе? А?! Сен бәрін білесің! Өкінгенімді де білесің!!! Сен маған сонда не дедің? Бәрін көріп, біліп тұрып сен маған не дедің деймін? «Адамның қабіріне бар да сәжде ет, сонда кешірілесің»... Жоқ! Жоқ! Ешқашан! Тірісінде сәжде етпедім, өлгенінде сәжде етпеймін! Жоқ! Ешқашан!» деген адам мен ар тартысындағы тура жолдан аздыратын құйтырқы күш әзәзілдің Белгісіз жан болып келуімен басталады.
Қойылымның әубастан тура жолдан тайдыратын әзәзіл күштің адамзатқа қарсы өштескен сөзімен басталуында терең мән бар. Пенде болған соң, өмірімізде келеңсіз жайт орын алып, сәтсіздікке ұшырай қалсақ, міндетті түрде өзгеден көреміз. Өшігеміз. Есе қайтаруға ұмтыламыз.
Қойылым «Кездейсоқ қиындыққа ұшыраған жағдайда, ар алдында адал болып қалу қолымыздан келе ме?..» деген пәлсапаны қозғайды. Бір қарағанда қарапайым көрінгенімен, өмірдің соқпағынан аман өтудің маңыздылығы осында болса керек.
Белгісіз жанның құрған торынан бейхабар көлік толы көңілді адамдар тойға бара жатады. Азды-кем тыныстап алуға тоқтаған көлік тосыннан жүрмей қалады. Адамзаттың қия басқанын аңдып тұратын сиқырлы күш Белгісіз жан (рөлді сомдаған А.Төленов-авт.) лып етіп, топ арасына еніп кетеді. Міне, оқиға осы жерде шиеленіседі.
Жиырма жылдан аса уақыт намаз оқитын Қария (Қазақстанның еңбек сіңірген артисі С.Өтемісұлы, ҚР Мәдениет қайраткері М.Шакиров- авт.) ағайын-туғанды бастап бара жатады. Қатерлі науқасы бойын бунап, қиналған сәтінде Белгісіз жан қасына жетіп келіп емдеп, жазатынын айта қояды.
Алғашында көне қоймаған Қарияны «Жарайды, ақысыз-ақ емдейін сізді. Тек бір шартым, осы сәттен бастап сәждеге бас иіп, намаз оқығанды тоқтатасыз? Себебі, ем-дом барысында бар ынта-шынтаңызбен мендік болуға тиіссіз» деп талап етеді. Дерті үдеп, жаны қиналып отырған Қария «Жарайды, балам, ана кемпірді бұлқан-талқан етпей көрейін. Жалғыз қызымыз күйеуге тиіп, соның артынан төсек-орнын апара жатырмыз» деп, жиырма жылдан аса оқыған намазын тәрк етіп, әзәзілдің дәрі сусынын ішеді.
Қалайша?.. Жиырма жылдан аса уақыт сәждеге маңдайын тигізген, бес уақыт намазын бұзбаған Қария қалайша иманынан оп-оңай айныды?.. Басқан қадамымызды аңдып тұрған сиқыр күш, әулеттің атасын тура жолдан тайдырып, әззәзіл күшпен алып соқты!
Әдетте өз қателігіңнен ақталу үшін «Ее, түлен түрткен де?» дейміз. Ал, сол қателікті жасау, не жасамау үшін Жаратушы иенің бізге таңдау еркін қалдырғанын ойланбаймыз.
Тор... Тату-тәтті әулетті кірпік қаққанша тоз-тозын шығарған Әзәзілдің торына түскен туыстар арасында жанжал шығып, кісі өліміне дейін жетеді. Азғындықты алыстан іздеп әуре болудың қажеті жоқ екен. Бар болғаны Белгісіз жанның Торына шырмалсаңыз бітті... Шырмалмау, шығу еркі Өз қолыңызда.
Мінеки, осындай терең мағыналы қойылымды көрерменіне ұсынған шаниндіктер келесі жаңа қойылымның дайындығына кірісіп кетті. Желтоқсан айындағы премьера Тәуелсіздіктің 30 жылдығына тарту болмақ.

Сая Қасымбек,
Ж.Шанин атындағы академиялық драма театры әдебиет бөлімінің меңгерушісі, драматург

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.