Жаңа жобаны «Оңтүстік» телеарнасы да қолдай кеткен. Алғашқы түсірілім де жасалды. «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Бейсенкүл Нарымбетова осы жоба сүйікті қаламызға деген махаббатымызды көрсетіп, әрі тарихи танымды арттыратынын айтады.
–Алғашқы түсірілім Ордабасы алаңынан басталып, қаламыздың осы аумаққа байланысты тарихына азды-көпті тоқталдым. Әріптесім Зәуре Оралбаева Тәуке хан даңғылы және онымен қиылысатын көшелердің тарихына шолу жасады. Көше атауымен таныстыруды басқа әріптестеріміз де жалғастырады. Жылдың соңына дейін Шымкент қаласының барлық көшелерінің атауын, қысқа тарихын түгендейтін боламыз. Осындай мақсат қойып отырмыз, – дейді «Серпіліс» қоғамдық қорының президенті Б.Нарымбетова.
Жобада үкіметтік емес ұйым басшылары жалпы қаланың, көшенің тарихымен таныстырады. Алдымен қаланың ескі бөлігімен таныстыру жүріп жатыр. Жаңа жоба «Оңтүстік» телеарнасының эфирінен көрсетіліп, әлеуметтік желілерге жүктеледі.