Арал – адамзаттың ортақ проблемасы Избранное

Пятница, 12 Июль 2024 06:29 Автор  Опубликовано в Экономика Прочитано 3939 раз

Германияның Лейбниц пен Берлин Еркін университетінің ғалымдары Арал теңізіндегі экологиялық апаттың салдары жайлы жаңа деректерді жария етті. Бұрынғы Арал теңізінің орнында тропосфералық зерттеулер жүргізген неміс ғалымдары апат аймағынан көтерілген шаңды дауылдар бүкіл Орталық Азиядағы атмосфералық ауаның ластанып, оның сапасының нашарлауына ықпал етіп жатқанын мәлімдеген.

8 арал

Отандық ақпарат құралдарының жазуынша, Орталық Азиядағы экологиялық апаттың салдары жөніндегі ғылыми есеп Atmospheric Chemistry and Physics (ACP) ғылыми журналында жарияланған. Есепте соңғы 30 жылда Орталық Азия аумағында ауаның құрамындағы шаң мөлшері 7 пайызға өскені атап көрсетілген. Мұның негізгі себебі Арал теңізінің тартылуы екен.
Ғылыми талдау жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, 1994 жылдан 2022 жылға дейін теңіз айдынының орнында қалған шөлден шаңның көтерілуі екі есеге жуық өсіпті. Яғни 1994 жылы апат аймағынан жылына 14 миллион тонна шаң ұшса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 27 миллион тоннаға жетіпті. Сарапшылар Арал аймағынан ұшқан шаңның мөлшері мұнан едәуір көп болуы мүмкін екенін айтады. Өйткені, ұшқан шаңның үштен екісі ауаның құрамында қалады екен.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары Арал теңізінің айдыны 68 мың шаршы шақырымды алып жататын еді. Ол кезде Арал айдыны жағынан әлемде төртінші орынды алатын тұйық теңіз болатын. Сол дәуірде Памир мен Тянь-Шань тау жоталарынан Әмудария мен Сырдария өзендері арқылы ағып келетін мол сумен нәрленіп, кернеуіне сыймай шалқып тасып жататын болған. Сол қос өзенді ауыл шаруашылығы мақсатында шамадан тыс пайдаланудың салдарынан теңізге келетін су жыл санап азая берді. Соның салдарынан теңіздің үлкен бөлігі құрғап кетті. Бұрынғы теңіз айдынының орнында Аралқұм деп аталатын ұшы-қиыры жоқ шөл дала қалды.
Лейбниц пен Берлин Еркін университеті ғалымдарының айтуынша, Аралқұм жер бетіндегі ең ірі жасанды шаң көздерінің бірі болып саналады. Ауданы 60 мың шаршы шақырымды алып жатқан шөл Орталық Азияның кіндік тұсында орналасқан. Бұл өңірде аумағы 350 мың шаршы шақырымды алып жатқан Қарақұм мен 300 мың шаршы шақырымды алып жатқан Қызылқұм құмдары бар. Бірақ, оның екеуі де табиғи шөлдер болғандықтан, Қарақұм мен Қызылқұмнан көтерілетін шаң Аралқұмға қарағанда әлдеқайда аз. Оның үстіне Аралқұмның шаңы басқаларына қарағанда әлдеқайда қауіпті болып саналады. Өйткені, неміс ғалымдары оның құрамында кезінде ағып келген тыңайтқыштар мен пестицидтердің қалдықтары әлі де көп мөлшерде кездесетінін айтып отыр.
Бір ауыз сөзбен айтқанда, неміс ғалымдары Аралқұмнан көтерілетін шаң-тозаң бүкіл Орталық Азия аймағында ауа райын өзгертуге ықпал ете алатынын дәлелдеді. Аралқұм шаңы Орталық Азиядағы ауа қысымын ай сайынғы масштабта +0,76 Паскальға дейін арттырады. Бұл қыста Сібір максимумының жоғарылауына және жазда Орта Азия жылу минимумының төмендеуіне жол ашады. Басқаша айтсақ, Аралқұмнан көтерілген шаң бүкіл Орталық Азияда қысқы аяздың әлсіреуіне және жазғы аптаптың күшейе түсуіне әсер етеді екен.
Айта кетейік, Қазақстан Арал проблемасына байланысты өзінің мойнына алған міндеттемелерін толық орындап келеді. 2005-2006 жылдары Көкарал су бөгеті салынып, Кіші Арал жобасы сәтті жүзеге асты. Соның нәтижесінде Арал қаласынан 100 шақырымға дейін шегініп кеткен теңіздің деңгейі 4,5 метрге дейін көтеріліп, қазір қаладан 17 шақырым жерге дейін қайта жақындаған, Сырдария мен Аралдың маңындағы 70-ке жуық шағын көлдің көпшілігінің табанына су түскен. Қазір өңірде балық шаруашылығы қайта жанданып, 7 балық зауыты жұмыс істеп тұр.
Ел Үкіметі 2022 жылдан бері Көкарал су бөгетін реконструкциялау жобасын жүзеге асыруда. ҚР Су ресурстары министрлігінің ресми сайтында көрсетілген дерек бойынша, осы мақсатқа өткен 2 жылдың ішінде 1,7 миллиард теңге бөлініп, ол толық игерілген. Ал, 2024-2025 жылдарға 1,8 миллиард теңге бөлініп отыр. Осылайша су бөгеті толық жаңартылып бітеді.
Мамандар қазір Кіші Аралда 25 миллиард текше метр су жинақталатынын айтады. Көктемде су молайып, осы шектен асқан кезде теңіздің солтүстік бөлігіне жіберіледі. Қазақстан билігі сол арқылы орта мерзімді перспективада Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіруді көздейді. Бірақ, Сырдария арқылы келетін судың азаюы әзірге бұған мүмкіндік бермей отыр...