Нұрлыбек АСЫЛБЕКОВ: «Біз үшін сапа – әрдайым бірінші орында» Избранное

Пятница, 09 Декабрь 2022 05:05 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5613 раз

Әр мемлекеттің байлығы — адам капиталы десек, оның негізі — денсаулығының мықтылығында. Ал денсаулықтың мықты болуы медициналық қызмет сапасына да қатысты. Біз мегаполис медицинасының мүмкіндігін білу мақсатында Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек АСЫЛБЕКОВПЕН сұхбаттасқан едік.

71

 

«Қадамдық қолжетімділік» және маман мәселесі

— Нұрлыбек Абибуллаұлы, бүгінде республикада азаматтарды сапалы медициналық қызметпен қамту үшін мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары ғана емес, жан басына қаржыландыру негізінде жекеменшік клиникалар да жұмылдырылып отыр. Миллион тұрғыны бар қалада қанша аурухана мен емхана бар?
Шымкент тұрғындарын сапалы медицинамен қамтамасыз ету үшін қажеттілік қандай?

— Шымкентте 13 мемлекеттік және сенімгерлік басқарудағы емхана, 31 жекеменшік медициналық орталық амбулаторлық қызмет көрсетіп отыр. Жекеменшік медорталықтар жан басына қаржыландыру негізінде жұмыс істейді. Бұл мемлекеттік саясатқа сүйеніп, халықты сапалы медициналық көмекпен қамту және мемлекеттің қаржылық шығынын азайту мақсатында жүзеге асырылып келеді. Бүгінде 13 мемлекеттік емханаға – 629 мың тұрғын, ал 31 жекеменшік емханаға 517 мың азамат тіркелген.
Біз үшін сапа әрдайым бірінші орында. Халықтың денсаулығын нығайтып, ем-шара сапасын арттыру үшін мемлекеттік құжаттарға сүйеніп, әрдайым бақылап отырамыз. Әсіресе, жекеменшік емханалармен жұмыс барысында ондағы мамандардың біліктілігі, техникалық жабдықталуы, барлығы ескеріледі. Емханаларда МРТ, КТ секілді ауыр медтехникалар мен УДЗ сынды жедел диагностикалық құрылғылардың болуы маңызды.
Келесі жылға мемлекеттік емханаларды кезең-кезеңімен ауыр медициналық жабдықпен жарақтандыруды және жаңартуды жоспарлап отырмыз. Сонымен қатар, офтальмологиялық, аутоиммундық дерттің диагностикасына қажет жабдықтар мен лор-комбайндар алып, емханалардың мүмкіндігін арттыру көзделген.
Жалпы, мемлекеттік нормативтерге сәйкес, 30 мың тұрғынға 1 емханадан есептелген. Қазіргі 44 емдеу мекемесі қала халқы үшін жеткілікті. Дегенмен, алдағы уақытта біз «қадамдық қолжетімділікті» қамтамасыз етудің жолдарын қарастырып отырмыз. Мәселен, қаланың жаңадан құрылған және тұрғыны артып келе жатқан Тұран, Абай аудандарына қарай жоспар түзілді. Шымкент қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес, демографиялық және урбанизациялық өсімді зерделей келе, 2025 жылы 6 емхана қажет деп болжам жасадық. Оның өзін жеке инвесторлардың көмегімен көбейту көзделіп отыр. Себебі, қазіргі уақытта инвесторлар тарапынан емхана ашуға деген сұраныс артқан. Мәселен, жуырда университет клиникасының құрылысы басталды. Мұнда да 700 төсек-орынды емхана қаралған. Бұдан басқа 5 емхана халықтың өсімі мен шоғырлануына қарай жоспарланған. Бұл – минималды жоба. Себебі, жекеменшік клиникалар тарапынан жаңа емханалар саны арта түсетіні анық.

72


2022 жылы жаңа 4 медициналық ұйым — №14 емдеу орталығы, «Дария-Медикус», «Sabi Med», «Turlan Medical» орталықтары ашылып, Құрсай, Қазығұрт, Бадам-1, Бадам-2, Шаңырақ, Абдуллабад, Тұрдабад, Тұрлан шағынаудандарының 50 мың тұрғынына қызмет көрсетуді бастады. Жалпы, «қадамдық қолжетімділікті» қамтамасыз ету үшін көбіне дәрігерлік амбулаториялар ұйымдастырылады. Яғни, онда жалпы тәжірибелік дәрігер қабылдау жүргізіп, талдамалар алынады да ол орталық емханаға жолданады. Дегенмен, тұрғындардың арыз-шағымдарын ескере келе, дәрігерлік амбулаторияларды азайтып, кестемен жұмыс істесе де бейінді дәрігерлермен қамтамасыз етуге тырысып жатырмыз. Себебі, тұрғыны аз орталық үшін бейінді маманды күні бойына отырғызып қою тиімсіз. Сондай-ақ, жекеменшік емханаларға арнайы талап болмаса да науқастар жан-жаққа қатынап, әбігерге түспес үшін әр орталық диагностикаға қажетті ауыр техникамен қамтылуын басқарма тарапынан сұранысқа енгізіп отырмыз.
Ал 3 533 төсек-орынды 15 мемлекеттік және 788 төсек-орынды 25 жекеменшік аурухана стационарлық қызмет көрсетіп келеді.

— Осыдан бірер жыл бұрын денсаулық саласында кадр тапшылығы өзекті мәселелердің бірі болатын. Қазіргі уақытта бұл проблема шешімін тапты ма немесе әлі де қажеттілік бар ма? Бар болса, қай бейіннің дәрігерлеріне сұраныс көп?

— Шымкентте 4 700 дәрігер, 10 мыңнан аса орта медициналық қызметкер бар. Тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін осы 15 мыңнан аса маман жеткілікті. Дегенмен, бейінді дәрігерлер еңбек демалысына кеткенде немесе тағы басқа жағдайларда алмастыратын невропатолог, логопедтердің тапшылығы байқалады. Сонымен қатар, өзге бейінді дәрігерлердің біліктілігін арттыру мәселесі басты назарда. Ал стационарлық емге келетін болсақ, неонатолог, анестезиолог, эпилептолог, акушер-гинекологтар қажет.
Маман тапшылығы проблемасын шешу үшін Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырысымен Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында 87 маманды резидентурада оқытып жатырмыз. Бұл мамандардың арасында сұранысқа ие бейінді дәрігерлер мен стационар дәрігерлері бар. Олар 2 жылдан соң қатарға қосылып, бұйыртса, шымкенттіктерге қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, пандемияға байланысты дәрігерлердің шетел ғалымдарымен, еліміздегі ғылыми орталықтардың мамандарымен тәжірибе алмасуы біршама азайған-ды. Алдағы уақытта Шымкенттегі ауруханаларда тәжірибе алмасу сағаттарын ұйымдастыру және мамандардың шетелде біліктілік арттыруын қамтамасыз ету үшін қаржы бөлу мәселесін көтеріп отырмыз. Айта кететін жайт, емханалар мен ауруханаларға қаралған қаржының бір бөлігі дәрігерлердің біліктілігін арттыруға бағытталғанын ескеру керек. Осындай қаржының есебінен өткен жылы 3 мыңнан аса дәрігер тәжірибе алмасып, біліктілік арттырды.

Медтуризмге қадам

— Жыл басынан бері салада оң өзгерістер байқалып жүр. Мәселен, көпсалалы ауруханалардың жанынан инсульт орталықтары құрылса, онкологиялық диспансер жанынан ядролық медицина орталығы ашылды. Бұл орталықтардың мүмкіндігі қандай?

— Шымкентте 4 инсульттік орталық жұмыс істеп тұр. Жоба жүрек, ми-қан тамырлары ауруларының салдарын азайту, науқастарға дер кезінде медициналық көмек көрсету мақсатында қолға алынды. Ресми деректер биыл аталған дерттің салдарынан болатын өлім-жітімнің азайғанын көрсетіп отыр. Алайда, алдағы уақытта халықтың қажеттілігіне қарай тағы да инсульттік орталық құру жоспарланған. Жалпы, жүрек, ми-қан тамырларының дертін емдеуде дәрігерлер арасында «алтын уақыт» деген ұғым бар. Яғни, бұл — дерт тосыннан қысып, науқастың жағдайы күрт нашарлаған тұста дәрігерлердің дер кезінде көмектесіп, дұрыс ем тағайындауы. Бүгінде инсульттік орталықтарда дәрігерлер «алтын уақытты» тиімді пайдаланып, бірқатар күрделі оталар жасалды.
Ал ядролық медицина орталығына келетін болсақ, бұл Денсаулық сақтау министрлігінің «2018-2022 жылдарда онкологиялық қызметті жетілдірудің негізгі бағыттарын және онкологиялық аурулармен күресудің кешенді жоспарын іске асыру Жол картасы» аясында жүзеге асты. «МедИнвестГрупп Қазақстан» ЖШС-мен мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қымбат медициналық қызмет бүгінде қолжетімді болып отыр. Siemens компаниясының компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) аппараты орнатылды. Бұл құрылғы шымкенттіктерге тереңдетілген диагностика жасауға және онкологиялық ауруды ерте кезеңде анықтауға мүмкіндік береді. Мәселен, ПЭТ/КТ аппараты орнатылғанға дейін біз науқастарды Алматы, Астана қалаларына жолдамамен жіберетін едік. 2022 жылдың 10 айында 240 науқастың жолға шығуына тура келді. Құрылғы күніне 20 адамға диагностика жасай алады. Ал Шымкентте ПЭТ/КТ көмегіне, орта есеппен, айына 20 кісі жүгінеді. Яғни, Шымкентті толық қамтамасыз ете алады. Орталық бізге көршілес облыс-қалалар мен көршілес мемлекеттердің де азаматтарына көмек көрсетіп, медициналық туризмді дамытуға мүмкіндік бермек. Сонымен қатар, бұл орталықта науқастарды сәулелі терапиямен емдеу шаралары қолға алынып отыр. Бүгінге дейін мыңға жуық науқас ем алып үлгерді. Varian фирмасының Halcyon сәулелі емдеу жүйесінің қатерлі ісікті емдеудегі көмегі зор, нәжижесі де жоғары. Себебі, ол науқастың өзге органдарына зақым келтірмей, нүктелі дәлдікпен, зақымданған ағзаны ғана сәулемен емдеуге мүмкіндік береді. ПЭТ/КТ республикада 2-3 қалада болса, Halcyon сәулелі емдеу жүйесі республикада алғаш болып Шымкентте орнатылды.

— Өңір медицинасының жетістігі күрделі оталардың аймақтың өзінде жасалуымен құнды. Шымкентте қандай күрделі оталар қолжетімді?

— Жүрек аритмиясына қатысты күрделі оталар Шымкенттегі кардиорталықта жасалып жүр. Шеберлік сағатын өткізу барысында Тәжікстаннан, Астанадағы жүрек орталығынан келген дәрігерлердің көмегімен ота жасалып, хирургтар тәжірибе алмасты. Сонымен қатар, Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханада бауыр, бүйрекке қатысты, №2 ауруханада жүрек-қан тамырлары, өңеш жолына қатысты күрделі операцияларды мамандар жасап келеді.

Балалар ауруханасы кеңейе түспек

— Шамамен, 2 жылдан бері қалалық балалар ауруханасының әлеуеті артып келеді. Оны аурухана жанынан құрылған сәулелі-диагностикалық орталық пен онда алынған заманауи жабдықтардан байқап жүрміз. Балалар жылында олардың денсаулығын сақтау үшін тағы қандай жағдай жасалып жатыр?

— 2022 жылы балалар үшін онкогематология, нефрология, интервенциялық кардиология, стоматология бөлімшелері ашылды. Аурухана базасынан стоматология бөлімінің ашылуы — үлкен жетістік. Себебі, аутизмге, церебральді сал ауруына шалдыққан балалардың тісін емдеу — күрделі процесс. Оларға наркоз салып емдейтіндіктен реаниматологтың, бейінді дәрігердің көмегіне жүгіну керек. Жыл соңына дейін офтальмология бөлімшесін, ерекше балаларға арналған ерте араласу және дамыту орталығын ашу жоспарланды. Балалар ауруханасы – 315 төсек-орынды. Дегенмен, мегаполистің кеңеюіне, демографияның артуына байланысты стационарлық емдеу орнының тапшылығы сезіліп отыр. Мәселені Денсаулық сақтау министрлігінде көтеріп, ауруханаға төсек-орын қосуға рұқсат алдық. Енді біз ғимарат мәселесін шешудің екі түрлі жолын зерделеп жатырмыз. Бірі – жаңадан емдеу блогының құрылысын бастау, екіншісі — жанындағы инфекциялық модульді орталықтың ғимаратын бейімдеу. Тиімдісін жүзеге асырамыз.

70


Сондай-ақ, балалар ауруханасында барлық педиатриялық көмекті орталықтандыру жұмысы қарқынды жүргізіліп отыр. Онкогематолог, нефролог, аритмолог, қантамыр хирургі, нейрохирург, кардиохирург, уролог сынды тапшы мамандарды оқытып, дайындап, жаңа бейіндерді аштық. Қыркүйек айында оториноларингалогия бөлімшесі ашылды. Бұған дейін қала тұрғындары осы мамандардың кеңесін алып, емделу үшін облыстық балалар ауруханасына баратын еді. Сонымен қатар, нейрохирургия саласы бойынша тек республикалық клиникаларда жасалатын күрделі оталар бізде қолға алынып отыр. Олардың қатарында дорзальная ризотомия, краниосинтез, эпилепсия ауруына нейростимулятор орнату сынды күрделі операциялар бар.
Сәуір айында аурухана жанынан құрылған сәулелі-диагностикалық орталық бүлдіршіндерге жедел әрі кешенді диагностика жасауға мүмкіндік беріп, қызмет көрсету сапасын арттырды. Орталықтың ерекшелігі сол, мұндағы мамандар қажеттілікке байланысты кішкентай пациенттерді көрсеткіштеріне қарай МРТ, КТ сынды аппараттарда диагностикалық тексеруден өткізе алады.

— Денсаулық сақтау саласындағы ең күрделі мәселелердің бірі — диспансерлік есепке алынған науқастардың дәрі-дәрмегі. Иә, мемлекеттің қолдауымен бірқатар дәрілік препарат тегін беріліп жүр. Дегенмен, мемлекеттік сатып алу негізінде алынатын дәрмектер әр жылдың басында тапшы болып, науқастарды әбігерге түсіреді. Бұл жөнінде не айтасыз?

— Бүгінде диспансерлік есепте тұратын науқастарға белгіленген дәрі-дәрмекті үлестіру бойынша проблема жоқ. Шымкент қаласы бойынша Д есепке 212 283 қала тұрғыны алынған. Оның ішінде Д есептің белгілі санаттарындағы 131 192 азамат тегін және жеңілдікті амбулаториялық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілген. Биыл орфандық аурулардың дәрі-дәрмегіне қалалық мәслихаттан 2 млрд теңге қаралды. Науқастардың қажеттілігіне қарай 1,5 млрд теңгесі жұмсалып, 0,5 млрд теңге жергілікті бюджетке қайтарылды. Сонымен қатар, медициналық ұйымдарды үздіксіз дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін «СҚ-Фармация» ЖШС медициналық ұйымдар берген өтінімнің 25% көлемінде дәрілік заттардың төмендемейтін қорын құрған болатын. Бұл да нәтижесін беріп отыр. Сондай-ақ, «СҚ-Фармация» көмегімен «Спинраза», «Сабрил (Vigabatrin)» деген қымбат препараттар орталық тізімге қосылып, дер кезінде алынып отыр. Алайда, кейбір науқастың жағдайына байланысты басқа дәрі тағайындалып немесе ол дертке әсері жақсы дәрмектің шығуына байланысты алмастыру қажет кездер бар. Мұндай жағдайда препарат емдеуші дәрігердің ұсынысымен ауыстырылады.

Әкімшілік квота кімдерге беріледі?

— Қазіргі таңда әкімшілік квота ұғымы жиі айтылып жүр. Әкімшілік квота дегеніміз не және оның қолданыс аясы қандай?

— Денсаулық сақтау министрлігінің №27 бұйрығына сәйкес, әкімшілік квота белгіленген. Ол — әлеуметтік осал топтағы белгілі бір санатттарға қаралған жеңілдік. Мәселен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар, ардагерлердің жоспарлы стационарда ем қабылдау мерзімі алдын ала белгіленеді. Соның шамамен 10 пайызына әкімшілік квота берілуі тиіс. Жуырда «Сынақ» қоғамдық бірлестігінің өтінішімен осы әкімшілік квотаның берілуі бойынша комиссия құрып, мониторинг жүргіздік. Бірқатар емдеу орнында әкімшілік квотаның берілмей жүргені анықталып, басқарма тарапынан тапсырма берілді. Квота осал топтағы азаматтар емделуі үшін медицина ұйымының басшылығының шешімімен беріледі. Мұндай ем түрін он сегіз жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мүгедектер, көп балалы аналар, зейнеткерлер және әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын науқастар алуға құқылы. Мысалы, осы белгіленген санаттағы науқастың бірі ауруханаға алдын ала анализ тапсырмай келеді. Жедел әрекет ету қажет науқасты әкімшілік квота шеңберінде стационарға алып, талдамалар да сол медицина ұйымында жасалады және ем-дом шаралары ұсынылады.
Алдағы уақытта науқастардың құқығын қорғау мақсатында жекеменшік медицина орталықтарында да әкімшілік квота бөлу мәселесі бойынша тұрақты мониторинг жүргізіледі.

— Жұмыс сапасын арттыруға бағытталған қандай жоспарларыңыз бар?

— Медициналық қызмет сапасын арттыру — басты мақсатымыз. Ол үшін емхана, аурухана дәрігерлерінің біліктілігі жоғары, заманауи технологиямен толық жабдықталған, ғимараты да талапқа сай болуы керек. Біз осы деңгейге жету үшін қысқа мерзімді жоспар жасап, мәселелерді жедел шешу мақсатында азаматтарға ашық екенімізді іспен көрсетіп, науқастарға жылы сөзімізді айтып жатырмыз. Себебі, дерті жанына батқан науқасқа дәрігердің жылы сөзі де – шипа. Дерттің түріне қарай күрмеуі қиын проблемалар да болуы мүмкін, алайда, шешуге болатын, қолдан келетін іске бей-жай қарамай, әрекет етіп отырмыз. Белгілі бір уақытта республикада, мүмкін шет елде емдеуге келетін болса, барлық мүмкіндікті қарастырып, сапалы қызмет көрсетеміз.
Медициналық этика және деонтология деген ұғым бар. Қазіргі уақытта этика мәселесін аурухана, емхана басшыларының алдында көтеріп, қатаң бақылап отырмын. Яғни, бас дәрігерлер кабинетінде отырмай, проблема туындаған жағдайда науқаспен кері байланыс орнатып, оның жағдайын түсініп, мәселені шешу жолдарын қарастыруы тиіс. Яғни, туындаған мәселе сол аурухананың төңірегінде шешілуі қажет. Әр бейсенбі сайын жеке азаматтарды қабылдаймын. Күні кеше 1 ғана азамат қабылдауға жазылыпты. Мұндай нәтижеге қол жеткізгеніміз үшін дәрігерлерге алғысым шексіз. Себебі, бұл әр азаматтың мәселесі өзі тіркелген аурухана, емхана төңірегінде шешімін тауып отырғанын, әріптестеріміздің жұмысты күшейткенін көрсетсе керек.
Сондай-ақ, азаматтардың арыз-шағымдарын жедел қарап, шешу үшін қаладағы симуляциялық орталық жанынан жедел желі ұйымдастырдық. Бұл да жұмыс сапасын жақсартуға біршама әсер ететіні анық.

— Әңгімеңізге рақмет.