«ӘР ӨТІНІШ-ТАЛАПТЫҢ ТҮБІНДЕ АУДАННЫҢ МӘСЕЛЕСІ ТҰРАДЫ» Избранное

Среда, 24 Январь 2024 04:58 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1022 раз

Шымкент – жыл сайын жаңарып, жасарып келе жатқан республикалық маңызы бар қала. Мегаполис болғалы шаһарда халық саны өсті, жаңа аудандар қосылды. Сәулетті ғимараттар мен тұрғын үйлер көбейе бастады. Өңірдің өркендеуі әдетте орталықтың дамуымен айшықталып жатады. Қаланың орталық шағынаудандарын қамтитын Еңбекші ауданында кейінгі жылдары өзгерістер өте көп. Оның бір ғана мысалы, бұрын қараусыз, бос жатқан 12-шағынаудандағы аумаққа «Қазақстан Түркия достығы» саябағы салынып, бүгінде ол жер тұрғындардың ғажайып демалыс орнына айналды. Дәл осы саябақта Еңбекші ауданынының әкімі Досбол КҮЗДІКБАЙҰЛЫ ауданның тыныс-тіршілігі, алдағы жоспарымен бөлісіп, газетімізге арнайы сұхбат берді.

enbekshi-1

 

–Досбол Күздікбайұлы, Мемлекет басшысы жыл сайын Қазақстан халқына Жолдау жариялап, еліміздің даму межесін белгілеп отырады. Халық әрбір Жолдауда берілген тапсырмалардан ауқымды өзгерістер күтеді. Былтыр Еңбекші ауданында қандай жұмыстар атқарылды және биыл қандай өзгерістер күтеміз?

–Аудан аумағында 29 тұрғын алап пен шағынаудан орналасқан. Үшінші мегаполистің орталығы болғандықтан Еңбекшінің халық көп шоғырланған аумақтары инфрақұрылыммен толық қамтылған. Ал, жаңақұрылыс аумақтарын жол, газ, жарық, сумен қамтамасыз ету бойынша арнайы бес жылдық жоспар бекітілген. Қазіргі таңда жұмыс кестеге сәйкес атқарылып жатыр. Өткен жылы атқарылған ауқымды іс – Қарабастау елді мекеніне қарасты Жаңақұрылыс аумағындағы ауыз су жүйесі. Бүгінде елді мекен толық қамтылды. 2022-2023 жылдары жоспар бойынша барлық жекенің иелігіндегі электр жүйесіне жаңадан бетон бағаналар орнатылып, сапалы кабельдер тартылды. Бүгінде Исфиджаб тұрғын алабындағы жеке жүйедегі электр бағаналарын ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленіп жатыр. Құжаттар бекітілген соң бұл елді мекеннің тұрғындары да сапалы электр жарығымен қамтылады. Бұдан бөлек, инвестициялық жоба аясында «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і әр елді мекендегі ескі электр бағаналарын алмастыру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

– «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы кезек күттірмейтін, тұрғындарға зәру жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беріп отыр. Халық ұсынысы Еңбекші ауданына қандай өзгеріс әкелді?
– 2021 жылдан бері Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын орындау аясында өңірлерде «Халық қатысатын бюджет» жобасы жүзеге асырылып отыр. Бұл бастамаға еңбекшіліктер де белсенді атсалысып, игілігін көріп келеді. Жоба аясында балалар алаңшасы мен спорт алаңшасын салу, өткелдер, жарықшамдар орнату бойынша тұрғындар ұсыныстарын берді. Мәселен, былтыр 11 шағынаудандағы көпқабатты үйлердің ауласы абаттандырылып, ескірген ойын алаңшалары жаңарды. Ойын алаңшалары сапалы, талапқа сәйкес, балаларға қауіпсіз пластик материалдан жасалған ойын құралдарына ауыстырылды. Биыл жүзеге асырылатын 35 жобаның 1 кезеңге арналған қаржысы бөлінді. Екі демалыс орнына (сквер) да қаржы қаралды. Қазір мердігер мекемені анықтау мақсатында мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланды.

enbekshi-2


Өздеріңізге белгілі, жыл басында мемлекеттік сатып алу кезінде мердігер компаниялардың арасындағы келіспеушілік салдарынан қала аумағында тазалық жұмыстарында мәселелер туындап жатады. Осындай кемшілікті болдырмау мақсатында заң талаптарына сәйкес, 2023 жылы ауданда «Еңбекші» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұл мекеменің міндеті – ауданның санитарлық тазалығын қамтамасыз ету. Сонымен бірге, бұл салада басқа да кемшіліктер, сын-ескертпелер болса, мекеменің оны шешетін арнайы бөлімдері бар. Қазіргі таңда ауданның санитарлық қызметін 150-дей қызметкер атқарып отыр.

– Байқауымызша, сіз әлеуметтік желілерде белсендісіз. Желіде жазылған тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне дер кезінде үн қатасыз ба? Бүгінге дейін желі арқылы қандай түйткілді мәселелері шешімін тапты?
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықты әуре-сарсаңға салмай, кері байланыс орнату – бізге жүктелген басты міндеттердің бірі. Тұрғындарға ыңғайлы жағдай жасау мақсатында «ашық есік» алаңын ашқанбыз. Одан бөлек, заман талабына сай әлеуметтік желілер арқылы тұрғындармен тығыз байланыстамыз. Халық арыз-шағымын арқалап, жауапты орындарға бармай-ақ, желі арқылы да туындаған сұрақтарына жауап алып отыр. Әлеуметтік желілерде тұрғындар түрлі бағыттағы сауалдарды жолдайды. Оның ішінде, көбінесе, инфрақұрылым, санитарлық тазалық жұмыстары жөнінде сұрақтарын жолдап жатады. Атқарылған шаруа аз емес, дегенмен, күрмеулі мәселе де жоқ емес. Жалпы, сауалдар қай парақшаға жолданса да, жауапсыз қалмайды. Себебі, әр өтініш-талаптың түбінде бір азаматтың, отбасының немесе бүтін шағынауданның проблемасы тұрады. Әлеуметтік желідегі жеке парақшамды өзім қараймын. Ал, ауданның ресми парақшасына келген хаттарға салаға қатысты бөлім мамандары жауап береді. Бүгінде аудандағы мәселеге бей-жай қарамайтын және оны хабарлап қана қоймай, оны шешуге үлес қосып жүрген белсенді тұрғындардың қатары көбейіп келеді. Біз белсенді тұрғындардың еңбегін бағалап, мерекелерде құрмет көрсетіп отырамыз. Бұл – бұқара мен билік арасындағы байланысты нығайтып, халық өз ойын ашық жеткізу үшін жасалып жатқан қадам.

– Сіз аудан әкімі ретінде қызметке кіріскен тұста Қарабастау елді мекені жаңа құрылыс аумағы тұрғындарының күрмеуі шешілмеген күрделі мәселесімен бетпе-бет келдіңіз. Тұрғындар шағынауданда сапалы электр жарығының жоқтығына шағымданып, наразылық білдірді. Мәселе шешілді ме?
–Иә, Қарабастау тұрғындары сапалы электр жарығымен қамтылмағандықтан наразылық білдірген еді. Мойындау керек, бұл мәселенің туындауына жоспарланған істің мерзімінде орындалмауы түрткі болды. Сапасыз электр жарығының зардабын тартқан тұрғындардың шыдамы таусылған еді. Мәселені шұғыл қолға алып, тиісті сала мамандарымен ақылдастық. Білікті мамандардың көмегімен іс дер кезінде шешіліп, жаңа құрылыс аумағына бір айдың ішінде сапалы жарық жүргізілді. Сонымен қатар, былтыр ауыз сумен қамтылды. Қазір елді мекенде «Жайлы мектеп» жобасы аясында мектептің құрылысы жүріп жатыр. Жоспарға сәйкес, 2024-2025 жаңа оқу жылында пайдалануға берілмек.

enbekshi

 

– Қызметте – басшы, үйде – әкесіз. Ұрпақ тәрбиесінде қандай қағиданы басшылыққа аласыз?
– Қазіргі таңда ата-анаммен бір шаңырақ астында тұрамыз. Төрт баланың әкесімін. Балалардың бойына ұлттық, отбасылық құндылықтарды сіңіруде ата-әжесінің еңбегі зор. Мені ойын еркін айта алатын, ашық, ар-ұятты биік қоятын азамат етіп тәрбиелеген жан – әкем. Сондықтан ата-анамның тәрбиесімен келген қасиеттерді перзенттерімнің бойынан көргім келеді. Еркін, ар мен намыстың парқын білетін, саналы ұрпақ өсіру үшін отбасы құндылықтарын әрдайым дәріптеп отырамын. Әлбетте, отбасында әкенің орны бөлек, сондықтан демалыс күндері бала тәрбиесіне уақыт бөліп, олармен әңгімелесіп, білгенімді үйретуге тырысамын. Ұрпақ тәрбиесіндегі басты ұстанымым –адалдық. Елге адал болу, қызметіңді адал атқару – әр азаматтың ұлт алдындағы парызы.

– Сұқбатыңызға рақмет!

Сұқбаттасқан
Гүлнұр СҮЛЕЙМЕНҚЫЗЫ

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.