Өнерім өмірімнің өзегіне айналды Избранное

Пятница, 20 Октябрь 2023 04:25 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 8739 раз

«Бука» спектаклі. Ашығын айтқанда, біздің кейіпкеріміздің бағын ашқан осы қойылым. 1988 жылы Ақтау қаласында өткен қуыршақтар театрында алғаш рет «Бери Бом» атты кішкентай-ақ тиынның рөлін сомдап, көпшілікті тәнті етті. Мамандар тарапынан да жоғары бағаға ие болған. «Ол кісі кім екен?» деп қызығушылық танытсаңыздар айтайын. Маңғыстау облыстық қуыршақтар театрында жастайынан еңбек етіп келе жатқан Фарида Атакеева.

720

 

Фарида Момбекқызы Қазақстан Республикасы мәдениет саласының үздігі. Бүгінде Маңғыстау облыстық қуыршақтар театрының директоры қызметін атқарып жүрген өнер шебері. Батыстың қиыр шетінен Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театрының директоры Самат Алтайдың ұйымдастыруымен өткен I халықаралық «Puppetland» фестиваліне қатысуға әрі қуыршақ театрының 40 жылдық мерейтойымен құттықтай келіпті.

721

–Айтулы фестивальге шетелден келген 13 өнер ұжымы және еліміздің 7 қуыршақ театры қатысып жатыр. Соның ішінен өзіңізді таңдап, сұхбат құруды жөн көрдік. «Puppetland» фестиваліне өзіңіздің ұжымыздан қандай туындыңызды алып келдіңіз?
–Фестивальге «Алдар көсе» ертегісі желісіндегі «Сиқырлы сандық» атты спектаклін алып келдік. Басты кейіпкер – Алдар көсе. Қуақы, бірақ адал, қиналғанға әркез қол ұшын беріп, кез-келген тығырықтан шығар жол көрсететін қазақ ертегісіндегі бірден-бір жағымды кейіпкер. Бұл спектакльде сандықтағы қуыршақтар мен Алдар Көсе шарасыздықтан, еріксіз ұрлық жасауға мәжбүр екі кедейге адал болуға жол ашады. Репертуарымыздағы ең үздік спектакльдің бірі. Балаларға өте қатты ұнады. Тіпті, шетелден келген әріптестеріміз қол соғып, қойылымды жақсы қабылдады.

–Жақсы екен. Енді жастық шағыңызды бір еске түсірейікші. Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжін аяқтағаннан кейін еңбек жолыңызы Маңғыстау облыстық қуыршақ театрынан бастадыңыз. Жассыз, алғашында әбден қиналған боларсыз?
– Маңғыстау облыстық қуыршақ театрына алғаш барғанымда сенім білдіріп бірден актриса қызметінен бастап кеттім. Сол өнеріммен 15 жыл жүріп, 50-ден аса рөлді сомдаппын. Еңбегімнің бағаланғаны болар, бірінші дәрежелі актриса атағына ие болдым. Театрда қойылған барлық спектакльде тек негізгі және басты рөлдерді беретін. Білімімді ары қарай шыңдау мақсатында Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясына оқуға түстіп, үздік дипломмен аяқтадым. Асанәлі Әшімовтың шәкіртімін деп мақтанышпен айта аламын. Бағыма орай, өнерде жүрген Гүлжан Әспетова, Меруерт Өтекешова және Әшірбек Сығай ағамыз менің ұстаздарым болды. Сол кісілерден тәлім алғанымның арқасында бүгінгі күні Қазақстан Республикасының «Үздік адамдар» энциклопедиясына еніп, «Мәдениет саласының үздігі» төс белгісімен марапатталдым. Аллаға шүкір, жеткен жетістігіміз көп!

–Шығармашылығыңызбен танысып, жеткен жетістігіңізге тәнті болып отырмын. Осындай ауыз толтырып айтарлықтай әртістік қабілетініңіз кімнен дарыған?
–Өнер ордасы Оңтүстіктің тумасы болған соң, бұл қабілеттің болмауы мүмкін емес шығар. Ән болсын, би болсын қолымнан келеді. Домбыраны бір кісідей тартамын. Мұның барлығы әкем мен анамнан дарыған. Екеуі де өнерлі жандар. Сахнаға шығып ән айтпаса да, туған-туыс, дос-жарандардың ортасында ән айтып, той-томалақтың көркін қыздыратын. Қазақтың барлық дерлік мақал-мәтелдерін жатқа білетін. Әкем сөйлегенде дөп тауып айтатын. Ол кезде мен бала едім. Аузымды ашып, «мына сөздер арғы жағынан қалай шығып жатыр?», деп таң қалатынмын. Есімде қалғаны бала кезімде тоқсан жастағы әжем ескірмейтін ескі әндерін әуелетіп отырғанда анам қолына қалам-қағазын алып, шыққан дыбысты ілесіп жазып отыратын әдеті бар еді. Жиындарда сол әндерді айтып көзге түсті. Осы орта менің өнер жолына баруыма септігін тигізген сияқты. Бір жерде домбыра тартып, ән айтып отырса шабыттанып, менде әнге қосылып отыратынмын. Мектептегі кезден үлкен концерттерді жүргізіп, оқушылар олимпиадасына көп шығып жүрдім. Сол кезде кішкентай-ақ қыз едім. Мұғалімдер үлкен жұмысты маған сеніп тапсыратын.

–Сіздің ата-анадан өткен дарыныңыз балаларыңыздың бойынан табыла ма?
–Қазақта «қан тартады» деп айтады ғой. Оған менің көзім жетті. Екі ұлымнан немерелерім бар. Олар әнге де, биге де жақын. Аделя деген немерем музыканын үнін естісе жәй тұра алмай, жұлқынып билеп кетеді. Алты жасар Ақсұлтан Қайрат Нұртас, Ернар Айдар деген әншілердің әндерін жатқа айтады. Ән айту қабілеті өте тамаша, музыкаға ілесе біледі. Осыларға қарап, ішімнен «болашақта үлкен жақсы өнер адамдары шығатын шығар» деп ойлаймын. Егер өнер жолын таңдаса мен ешқашан қарсы болмаймын. Өйткені өнер жолы – өте таза жол. Қаншама адамдарға қуаныш, керемет көңіл-күй сыйлайды.

–Маңғыстау облыстық қуыршақ театры сіз еңбек еткен жылдары ерекше дамыды. Жаңа қойылымдар, гастролдік сапар туралы тарқатып айта отырсаңыз. Репертурарларыңызда қандай қойылымдар бар?
– Маңғыстау облыстық қуыршақтар театры Қазақстанда Алматыдан кейінгі екінші ашылған театр. Қазіргі таңда 45 жылға жуық тарихымыз бар. Репертуарымыз өте бай. 100-ден аса әр түрлі жанрдағы қойылымдар мен спектакль бар. Маңғыстау халқы қазақи орта болғандықтан көбінде ұлттық спектакльге басымдық береміз. Жыл сайын облыс, республика көлемінде гастролдерге шығып, фестивальда өнер көрсетеміз. Украина, Болгария, Ресей мемлекетінен қуыршақтар театрының қойылымына ұсыныстар көп түседі. Молдова, Шабақсары, Қазан қаласында бірнеше рет фестивальде болдық. Біздің шекарамыз ол жағынан өте үлкен. Ұжымның өнерпаздарын осылай тәжірибе алмасып отыру үшін жиі шет мемлекетке жіберіп отырамын. Өзім қызмет жасаған уақыттан бері театр үлкен жетістіктерге ие болып келеді. Соңғы жиырма жылдың ішінде 40-тан астам театр фестивальдеріне қатысып, халықаралық деңгейдегі 50-ден астам әр түрлі номинация алып келдік. 1990 жылдары тоқырап отырып қалған кездеріміз де болды. Оның бәрі өзімнің көз алдымнан өтті. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары бірнеше рет үлкен фестивальдерге шығып, өзімізді қамшылап, актерларды жоғары деңгейге көтеруге атсалысқаныма шүкір деп айтамын. Соның өзі мен үшін үлкен жетістік. Маңғыстау театры Қазақстандағы маңдайалды театрлардың бірі. Өйткені Маңғыстау облыстық қуыршақтар театры десе танымайтын, білмейтін адам жоқ. Бізді алыс-жақын шет мемлекеттердің барлығы таниды. Мәскеудегі облыстық қуыршақ театры «шекарасы жоқ қуыршақ театры» деген фестиваль өткізді. Бір қызығы қуыршақар театрының спектаклін балалардан құралған қазылар алқасы бағалайды. Яғни, ол жерде таза, әділ өтеді. 10-11 баладан құралған әділ қазылар алқасы әрқайсысы өзінің фестивальде қанша спектакль көрсе, соның ішінде ең үздігін өздері таңдайды. Сол жерде репертуарымыздағы «Айжан әжейдің ертегісі» атты үздік спектакльді қойып, жеңіспен оралған жайымыз бар еді. Бізді «Үздік спектакль» номинациясымен марапаттады.

–Қазіргі жас актерлардың өнерін қалай бағалайсыз?
–Биыл ұжымға Астана қаласындағы «Шабыт» ұлттық өнер академиясын бітіріп, Наргиза деген жас актриса келді. Өзі қызыл дипломға бітірген, өте талантты қыз. Келген уақытынан бір апта асқан жоқ, алғашқы спектаклін көрерменге ойнап берді. Бұл актрисаның біліктілігі мен білгірлігі. Әдетте, жас мамандардың дайындығы үшін 2-3 ай уақыт керек қой. Ал Наргиза бірден рөлді алып кетіп, өз образын тауып алды. Көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Одан бөлек Алматы қаласындағы Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясынан Айдар Жұмағазы деген жас маман келді. Өте талантты актер. Сөйлеу мәнері, фактурасының барлығы өте тамаша. Спектакльдің жақсы шығуына, әдемі көрініс табуына жарық беру маманы керек еді. Бағымызға орай ол да табыла кетті. Қобылан Аяпбергенов деген жас маман барлық жарық беру техникасын, заманауи апараттарды терең меңгерген жігіт екен. Үшеуі қазіргі таңда белсенді қызмет атқарып жатыр.

– Шет мемлекеттің қойылымдарын да көріп жүрсіз. Олардың Қазақстанның қуыршақтар театрымен салыстырғанда қандай айырмашылығын байқадыңыз?
–Еуропа қатты дамып кеткен. Дамығандары соншалық, олар тіпті қуыршақты жасап әуре болмайды. Кез келген затты, тіпті стөлдің өзін қуыршақ қылып ойнай береді. Немесе, киім ілгішті орамал тартқызып әйел қыла салады, шляпа кигізіп ер адам қылып шығарады. Елімізде әлі күнге дейін таза қуыршақтан арылған жоқпыз. Алайда, біз балаларға қызықты болуы үшін қуыршақ спектакльдерімен әдемі, таза тарихтарды көрсетеміз. Ал Еуропадағы әріптестеріміз балалардың жас ерекшеліктеріне қарамайды. Дөрекі нәрселер мен анайы оқиғаларды емін-еркін көрсете береді. Бұл біздің дәстүрімізге жат нәрсе. Қазақстандағы қуыршақтар театрлары ұлтымыздың салт-дәстүрі негізінде жақсы қойылымдар қойып келеді.

–Шымкент қаласына айтар жылы лебізіңіз болса мархаббат?
–2200 жыл тарихы бар шырайлы Шымкент өте қонақжайлығымен есте қалады. Бізді керемет қарсы алды. «Puppetland» фестивалін өткізіп, бізді қуанышқа бөлеген Шымкент қаласындағы әріптестерімізді құттықтаймыз. Осыншама өнерпаздардың басын қосып, осындай үлкен фестиваль ұйымдастырып берген жергілікті басшыларға рахмет айтамыз. Мұндай фестиваль елімізге өте керек.
–Шынайы сыр бөлісіп, ақтарылып айтқан әңгімеңізге рахмет! Біз өз кезегімізде алдағы жоспарлап жүрген қойылымдарыңыздың ойдағыдай өтетініне шын көңілден сенім білдіреміз.