Елімізде көктемгі әскерге шақыру науқаны басталды. Шымкентте 700-ден астам бозбала әскерге барады деп жоспарлануда. Карантин кезінде жас сарбаздар борышын қалай өтейді? Бұл туралы Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының орынбасары Ринат Мадьяровпен әңгімелескен болатынбыз.
– Ринат Жәділұлы, елімізде орын алған пандемияға байланысты азаматтарды әскерге шақыруда өзгерістер орын алғаны белгілі. Биылғы талаптар қандай?
– Елімізде енгізілген төтенше жағдайға байланысты көктемгі әскерге шақыру науқаны және медициналық комиссиялардың жұмысы тоқтатылған болатын.
Президенттің 2020 жылғы 30 сәуірдегі № 312 Жарлығымен азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру маусым айынан басталып, тамызға дейін ұзартылды. Биыл азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес, қатаң түрде жүзеге асырылады.
Маңызды жаңалықтың бірі – әскери борышын өтеуді кейінге қалдыруда өзгерістер бар. Яғни, кейінге қалдыруға құқығы бар әскерге шақырылушылардың санаттары кеңейтілді. Атап айтқанда, бұрын кейінге қалдыру ауылдық жерлерде орналасқан білім беру ұйымдарының оқытушыларына ғана берілген-ді. Енді бұл жалпы білім саласында еңбек етіп жүрген педагог азаматтарға қатысты болмақ. Сондай-ақ, құқық қорғау органдарының білім беру ұйымдарында бастапқы даярлықтан өтіп жатқан азаматтар да бұл санатқа жатады (бұрын қарастырылмаған).
– Әскерге шақыру науқаны кезінде санитарлық талаптар қалай сақталады?
– Қазақстан Республикасының «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңына сәйкес, азаматтарды әскери қызметке шақыруды ұйымдастыру және қамтамасыз етудің барлық түрлері әкімдіктерге жүктелген. Олар әскерге шақырылушыларды да, медициналық комиссия мүшелерін де медициналық маскамен және антибактерицидтік құралдармен қамтамасыз етеді. Өз кезегінде, Қорғаныс министрлігі жергілікті әскери басқару органдарының қызметкерлерін қорғау және дезинфекциялау құралдарымен қамтамасыз етеді.
Бұл ретте әскерге шақырылушылар және Қарулы Күштерін жасақтауға тартылған лауазымды тұлғалар арасында коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын күшейтуде пункттердің кіреберіс жерлерінде дезинфекциялық туннель орналастырылды. Жас буынды салтанатты шағарып салулар тоқтатылды. Қалалық медициналық комиссия құрамына дәрігер-инфекционистер енгізілді.
Қорғаныс істері жөніндегі департаменттердің, басқармалар мен бөлімдердің жеке құрамының әскерге шақырылушыларды хабардар ету және медициналық куәландыру тәртібі бойынша іс-қимыл алгоритмі әзірленді.
Әскерге шақырылушылар кемінде 2 метр қашықтықты сақтай отырып, медициналық куәландырудан өтуге жіберіледі. Біздің қызметкерлер осы талаптардың сақталуын, дәрігерлерге кезектің толып қалмауын бақылайды. Шақыру және жинау пункттерінің барлық қызметтік және қосалқы үй-жайларында, шешінетін орындарды, асханаларды және түнгі демалуға арналған орындарды қоса алғанда, жұмыс күні ішінде кемінде екі рет залалсыздандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
– Отан қорғаушылар әскерге шақырылу алдында коронавирусқа тест тапсыра ма?
–ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ұсынысы бойынша, ПТР-зерттеу әскери бөлімдерге келгеннен кейін жүргізіледі. Екі апта ішінде олар жеке құрамнан оқшауланады. Осы карантин кезінде жас буынға медициналық тексеру және әлеуметтік-психологиялық зерделеу, сондай-ақ бастапқы әскери дайындық жүргізіледі.
Осы уақытта алғашқы әскери дайындық курсы бойынша сабақтар ұйымдастырылады. Қорғаныс ведомствосының басшылығы әскерлердегі карантиндік шараларды әлсіретпеуге тапсырма бергенін атап өткім келеді. Жеке құрамның санитарлық-гигиеналық жағдайларды сақтауына бақылау күшейтілді, бөлімдердің аумақтары, қызметтік және казармалық үй-жайлар күн сайын дезинфекцияланады.
– Биыл Отан қорғауға қанша азамат шақырылады? Әскери салада қандай мамандықтарға басымдылық берілуде?
– Биылғы науқанда 18-ден 27 жасқа дейінгі 1300-ден астам бозбаланы мерзімді әскери қызметке шақыру жоспарлануда. Ал мамандыққа келер болса, әр әскер түрінде белгілі бір талаптар бойынша әскерге шақырылушы қандай әскери бөлімдерде қызмет ететіні белгіленеді. Мәселен, Қорғаныс министрлігі Ұлттық университетінің әскери-ғылыми взводын жасақтау үшін ІТ-мамандықтары, ал десанттық әскерлері және арнайы тағайындалған әскерлер үшін бойының параметрлері 170 см төмен болмауы секілді талаптар бар. Сондай-ақ спортшыларға артықшылық беріледі.
Сонымен бірге, Қарулы Күштер музыканттар, аспазшылар, жүргізушілер және байланысшыларға мұқтаж екенін атап өткім келеді.
Әскерге шақырылғандар алғашқы 6 ай ішінде мынадай әскери мамандықтар бойынша оқудан өтеді: БТР, БМП, танк мехник-жүргізушісі, артиллериялық және миноатқыш қаруларының командирлері және көздеушілері, инженерлік қамтамасыз ету мамандықтары, Қарулы Күштері оқу орталықтарында байланыс мамандары. Оқу аяқталысымен олар маман ретінде әскери бөлімдерге жолданатын болады.
Бұдан басқа негізгі дағдылардың арасында әскер жас адамдарды тәртіпке, жауапкершілікке және шыдамдылыққа үйретеді.
Әскери қызметшілер топпен жұмыс жасауды, оқу-жаттығулардағы қиын-қыстау жағдайларда тапсырмаларды орындауға, тез ойлануға және шешім қабылдауға үйренеді. Олар әскери қару-жарақты қолдануда, күрделі әскери техниканы пайдалуда техникалық дағдыларға ие болады.
Бұл ретте орта-техникалық немесе жоғары білім бар әскери қызметшілер мерзімді әскери қызметтің 6 айын өткергеннен кейін келісімшарт бойынша әскери қызметке еңбек етуге құқықтары бар. Атап айтқанда, егер әскерге шақырылушы өзінің өмірін әскери қызметпен байланыстыруды жоспарласа, онда ол келісімшарт бойынша қызметке жарты жылдан кейін-ақ кіре алады.
– Жасыратыны жоқ , көптеген ата-аналар балаларын әскерге жіберуге қорқады...
– Бүгінде Қарулы Күштердің беделін арттыру және нығайту мақсатында «Жас сарбаз» республикалық қоғамдық бірлестігі құрылған. Одан бөлек, жастар арасында әскери-патриоттық тәрбиені күшейтуде жыл сайын «Айбын» жастар жиыны өткізіледі.
Мерзімді қызметтегі әрбір әскери қызметші - бұл мемлекеттің тірегі, бұл біздің қоғамымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кепілі. Әрбір адам өз Отанын қорғауға аттанғанда, қасиетті ерліктің борышын орындау қажеттігін түсінуі тиіс. Бұл ретте, алған дағдылардың барлығы жастарға азаматтық өмірде қажет болады деп санаймын.
Қазіргі таңда, қорғаныс саласы халықпен ашық форматта жұмыс жасауға көшті. Әскерге шақырылушылар, олардың ата-аналары кез келген ақпарат алуға мүмкіндігі бар.
Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің басшылығы әскери қызметтің қауіпсіздігіне үлкен назар аударуда. Ұдайы негізде Әскери прокуратура, сондай-ақ әскери полиция органдарымен бірлесе отырып, әскери ұжымда салауатты ортаны орнату үшін жүйелі жұмыс жүргізіледі.
Әскери бөлімнің әр бөлмесінде бейнебақылау қойылған, гарнизон прокурорының және Әскери полиция жасағы бастығының сенім жәшіктері орналасқан, хат-хабарлар проблемалық мәселелер бойынша тездедіп шешімдер қабылдау үшін мекенжайларға түседі.
Казарманың (жатын-орын) әр жайғасу орындарында, штабта, асханада, БӨП, клубта барлық деңгейдегі басшылық құрамның, соның ішінде қызметтік телефоннан қоңырау шалу үшін қолжетімді сенім телефондары туралы ақпарат орналастырылған. Әскери қызметшілердің қызметтік әрекеттегі орын алған проблемалар туралы әр уақытта оларға қоңырау шалуға немесе СМС-хабарлама жолдауға мүмкіндіктері бар. Әр келіп түскен сигнал бойынша мәселелерді тексеру және жою бойынша, сондай-ақ осындай оқиғаларды алдағы уақытта болдырмау үшін қажетті жұмыс жүргізіледі.
– Борышын өтеуде жалтарғандарға қандай шара көріледі?
– Қолданыстағы заңнамада мерзімді әскери қызметке шақырудан жалтарғаны үшін әскерге шақырылушылардың әкімшілік және қылмыстық жауапкершілігі көзделген.
Атап айтқанда, ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 647-бабында шақырылушының шақыру бойынша белгіленген мерзімде дәлелді себепсіз келмегені үшін 5 айлық есептік көрсеткіш немесе 13 890 теңге мөлшерінде айыппұл төлейді.
Әкімшілік ескерту немесе медициналық куәландырудан немесе тексеруден өтуден жалтарғаны үшін 3 АЕК (8 334 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады.
Сонымен қатар, заңды негіздер болмаған кезде әскери қызметке шақырудан жалтару ҚР Қылмыстық кодексінің 387-бабы 1-бөлігінің негізінде бір мың АЕК мөлшерінде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Сол баптың 2-бөлігіне сәйкес, өзіне денсаулыққа зиян келтіру арқылы; ауруды симуляциялау арқылы; құжаттарды жалған жасау немесе өзге де алдауға барғанда - үш мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салынады не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына жегіледі. Болмаса үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы күтіп тұр.
БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ!
Әскерге шақыру немесе мерзімді кейінге қалдыру бөлігінде барлық сұрақтар бойынша кеңес жүргізу үшін, Қорғаныс министрлігінде және Шымкент қаласы қорғаныс істері жөніндегі департаментінде «жедел желі» жұмыс жасайды. Онда жауапты лауазымды тұлғалар азаматтарды толғандыратын барлық сұрақтарды түсіндіреді және түсініктеме береді.
Қорғаныс министрлігінің сенім телефоны: 8 (7172) 54 19 25,
Call-center 72 15 11 .
ҚІЖД
Call-center 55-81-29, 54-95-88