«Ескі ҚАЛАШЫҚ... ШЫРАЙЛЫ ШАҺАР Избранное

Среда, 19 Август 2020 06:46 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 363 раз

72c685c5-e357-44fe-adb7-b964e09d150b

немесе ескі мен жаңаны жалғастыратын тарих

 

2200 жылдық тарихы бар Шымкентке қызығушылық танытатын туристердің саны пандемиядан кейін көбейеді деген болжам бар. Бүгінде шетелдік туристер ғана емес, қазақстандықтардың да назары – Цитадель қалашығына түсіп отыр. Қазір сыртқы және ішкі туризмді дамытуда гидтер дайындау, стела орнату, турфирма өкілдеріне тест-турлар өткізу секілді жұмыстар қызу жүріп жатыр. Мамандар салада алдағы уақытта үлкен жобалардың қолға алынатынын айтады. Шымкент қаласы туризм басқармасының басшысы Олжас ШЫНТАЕВПЕН әңгімеміз осы мәселелер төңірегінде өрбіді.

088a0e04-aa68-49bc-858a-7b3956302d25– Олжас Маратұлы, коронавирус тұтқиылдан соққы берген саланың бірі – туризм индустриясы екені белгілі. Республикадағы үшінші қаланы танытуда үлкен жобалар мен жоспарлар болған еді... Қазір жұмыс қалай жүріп жатыр?

– Елімізде төтенше жағдай жарияланып, карантин шектеулері енгізілгеннен кейін шаһардың туризм саласын дамытуға арналған жобалар мен жоспарлары уақытша тоқтатылғаны белгілі. Дегенмен туризм басқармасы тарапынан түрлі туристік жобалар әзірленіп, ақпараттық-насихаттық жұмыстарға басымдық беріп отырмыз. Мәселен, осыған дейін отандық және шетелдік туристерге үш тілде қызмет көрсететін 5 ақпараттық дүңгіршек ашылған болатын. Олар – «Арбат» жаяу жүргіншілер аймағы мен «Тәуелсіздік», «Абай» саябақтарында, Наурыз алаңында, әуежайда және темір жол вокзалында орналасқан.
Дүңгіршек қызметкерлері келушілерге мегаполистің туристік әлеуеті туралы кәсіби кеңес береді. Осы дүңгіршектерде пилоттық жоба ретінде әр аптаның жұмасында тегін экскурсия өткізуді жоспарладық. Егер карантин талаптарына сай келіп жатса, 5-10 адамнан тұратын топ жасақталып, олар қаланың көрікті жерлеріне жаяу саяхат жасайды. Оған шетелдік туристі тарту міндетті емес. Өйткені, еліміздің әрбір азаматы – турист. Сондықтан Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген қонақтардың не болмаса қала тұрғындарының шаһар шежіресімен терең танысуына мүмкіндігі бар. Бізде қазір тарихи объектілер өте көп. Айталық, Шымкент қонақ үйінің жарты ғасырдан астам тарихы бар. Сол секілді көрікті жерлер, көшелер мен ғимараттардың өзіндік ерекшелігімен танысады. Әрбір туристік дүңгіршектің өз маршруты болады.
Жалпы туризм саласында «живые уроки» деген жоба бар. Осы жоба арқылы орта және шағын кәсіпкерлікті дамытуға да болады. Мәселен, туризмі дамыған Испанияның Барселона, Мадрид қалаларында осындай тегін экскурсиялар ұйымдастырылады. Онда туристер гид-маманға көрсеткен қызметі үшін қазақша айтқанда «шай-пұлын» тастап кетеді. Осы үрдісті бізде де жасауға болатынын көрсетіп, қалыптастырып, оны кәсіпкерліктің бір тармағы ретінде дамытуды көздеп отырмыз.

 

4

 

– Соңғы күндері Ескі қалашыққа гид-экскурсоводтар көптеп келуде. Тарихи нысанға қызығушылық танытып жатқандар саны арта түскен секілді ме?

– Бүкіләлемдік туристік ұйымның зерттеулері пандемиядан кейін туристердің саяхат жасаудағы көзқарасы өзгеретінін айтады. Адамзат табиғатқа жақындайды. Қазіргі өркениетке қарағанда, олар баяғы табиғатпен етене жақын шынайы өмірді көргісі келеді.
Цитадель қалашығы – тарихи-мәдени жаңа нысан. Онда ашық аспан астындағы мұражай, амфитеатр, галереялар, жәдігерлер, қолөнер бұйымдары, ежелгі және ортағасырлық қаланың даму динамикасын сипаттайтын өзге де қызықты нысандар көп. Осы себепті, жаңа тарихи нысанға қызығушылық танытып отырғандар аз емес.
Оның үстіне, Ескі қалашық «ҚР туристік саланы дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясындағы туристендіру картасының ТОП-50 нысанының тізіміне енгізілген.
Ескі қалашықта гид-экскурсоводтар үшін тест-тур ұйымдастырудың себебі – туристерге қызмет көрсетуге дайындықты пысықтау. Тур барысында экскурсоводтар қалашықтың негізгі нысандарымен танысып, алдағы уақытта жеке тәжірибесінде қолданатын ақпараттар алады. Қонақтар Цитадель қалашығы ғана емес, қаланың көрікті жерлерін, тарихи-мәдение орындары мен саябақтарды аралап, қазақтың ежелгі тұрмысы және салт-дәстүрлерінен мағлұмат алатын орталықтарға барады. Қазіргі таңда салалық басқарма жалпы кешен бойынша туристік маршрут әзірлеуде. Карантин аяқталып, туристер қатары қалыңдаған кезде гид-экскурсоводтар осындай маңызды ақпараттарға қанық болуы тиіс.

– Жуырда шаһарды виртуалды тамашалауға мүмкіндік беретін жобаны қолға алдыңыздар. Оның ерекшелігіне тоқталсаңыз...

– Бұл тұрғыдан сала мамандарымен бірлескен бір емес, бірнеше жоба бар. Соның бірі – Ескі қала аумағында орналасқан Цитадель жобасының VR-ролигі. Аталған жоба арқылы тұрғындар мен қала қонақтары Цитадельдің ежелгі тарихынан бергі көріністі 3 тілде виртуалды тамашалайды. Яғни, Шымкент қаласының үздік деген туристік нысандарын VR Oculus Go көзілдірігімен көре алады. Әзірге бұл құралдың он данасы бар.
Екіншісі, «SHYMKENT» интерактивті альбомы. Кітапта жинақталған қаладағы ғажайып тарихи нысандар, ескерткіштер, танымал тұлғалар туралы фото ақпараттарды планшет арқылы үш тілде аудиролик түрінде көре алады.

– Ескі қалашықты виртуалды тамашалау тегін бе?

– Ол Цитадельге кіру билеті құнының ішіне кіреді.

– Қала көшелеріне қойылып жатқан навигациялық стелалардың туристерге қаншалықты пайдасы тиеді?

– Навигациялық стела – бұл жақын орналасқан туристік нысандар туралы ақпарат көзі ретінде қызмет ететін, әрі аймақта жағдай жасайтын жүйе. Осы арқылы туристер адаспай, қаланы жаяу аралай алады. Бүгінгі таңда оның біреуі –
Б. Момышұлы және Желтоқсан көшелерінің қиылысына орнатылды. Қалған 29 стеланы орналастыру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр.

– Туристердің 65 пайызының демалыс орнын таңдауына онлайн ресурстардан алған әсері ықпал ететін көрінеді. Шымкенттің туристік әлеуетін толық көрсететін қандай портал бар?

– Шымкентте бұл мақсатта Visit-Shymkent порталы іске қосылған. Қазіргі таңда бұл бағытты жандандыруға күш салынып жатыр. Қаладағы барлық мәдени нысандарға (мұражай, театр, дендросаябақ, зообақ т.б.) билетті онлайн тапсырыс беруге болатын бірыңғай жүйені іске қосу көзделуде. Сонымен қатар, қолөнершілерге қолдау көрсетуді жоспарлап отырмыз. Шымкентте он саусағынан өнері тамған шеберлер өте көп. Бүгінде 25 қолөнершімен меморандумға отырдық. Олардың қолынан шыққан қолөнер бұйымдарын портал арқылы онлайн сатылым жасауға көмектесеміз әрі туристік орталықтардағы заттар да келушілердің назарына ұсынылады.

– Туризм саласында маман тапшылығы бар ма?

– Жоқ, әзірге маман тапшылығын көріп тұрған жоқпыз. Шымкентте сервистік мамандар даярлайтын №6 колледж бар. Бұдан бөлек, «TURLAB» туристік лабороториясында қаламыздағы қонақжайлық индустриясын дамытуда туризм саласындағы мамандарды қайта даярлау үшін қонақ үй және мейрамхана шаруашылығының қыр-сырын оқытып, гидтер мен экскурсоводтарды дайындайды. Біздің тарапымыздан гид-экскурсоводтарға электронды паспорт беріледі.

– Туризмді сөз еткенде қоғамдық әжетханалар жайы міндетті түрде айтылады. Туристер ағыны көбейеді деп отырсыз. Қалада бұл мәселе қалай шешілмек?

– Жақында қала әкімінің тапсырмасымен, санитарлық-гигиеналық талаптарға сай келетін әжетханалар салу инвесторлардың көмегімен жүзеге асқалы отыр. Қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы орындарды белгіледі. Атап айтқанда, адам көп шоғырланатын Қошқар ата өзені маңынан - 2, дендросаябақ маңы - 3, Арбаттан - 2 әжетхана салынады. Ол үшін Шымкент механикалық зауытымен келісімшарт жасалуда. Зауыт экоәжетхана құрастырып, өздері орналастырады.

– Әңгімеңізге рахмет!

 

 

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.