«Бие сүтінен дайындалған косметиканы брендке айналдырамын» Избранное

Среда, 16 Июнь 2021 04:32 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1724 раз

Бүгінде қазақстандық ғалымдар  озық технологияны пайдаланып, қымыздан капсула күйіндегі дәрумен, сабын, сусабын секілді қажетті заттарды нарыққа шығаруда. Германияда «Болашақ» бағдарламасымен білімін шыңдаған, жылқы шаруашылығын ғылыми негізде зерттеген кәсіпкер-ғалым, экономика ғылымының кандидаты, қазақ-неміс «Қымыз» ғылыми-зерттеу институтының директоры Айтуған МҰҚАШЕВПЕН Шымкентке келген сапарында сұхбаттасудың сәті түсті. Qaz Health компаниясының негізін қалаушы кәсіпкер отандық ғылымның дамуы мен бие сүтінен өндіріліп жатқан өнімдері жайлы ойымен бөлісті.

205

 

– Айтуған Адамқұлұлы, сізді Шымкентте көргенімізге қуаныштымыз. Шаһарымызға қандай жаңалығыңызбен келдіңіз?

– Бұл менің Шымкентке алғашқы сапарым емес. Еліміздің үшінші мегаполисіне қанша келсем де қайтқым келмейтіндей ерекше күйді бастан кешем. Ұлы Жібек Жолының бойында орналасқан шаһардың әсем табиғаты мен халқының қонақжайлылығы бөлек әңгіме. Бұл үлкен мүмкіндіктер мекені десем артық айтқандық болмас. Мегаполиске сол іскерлік келіссөздерді жүргізуге келген болатынмын. Шымкентте алдағы уақытта қолға алатын үлкен жобаларымыз бар. Себебі біздің шығарып отырған өнімдерімізге Алматы жұртшылығынан ғана емес, Шымкенттен де сұраныс артты. Күн санап халықтың саумал мен қымызға сұранысы көбейіп келеді. Оның үстіне Шымкенттің табиғаты қайбір кәсіпті дөңгелетуге өте қолайлы, мұнда қысы-жазы қызмет көрсететін қымызбен емдеу орталығын ашуға болады. Шымқалаға сапарымның тағы бір мақсаты – арнаулы орта білім беру ұйымдары, жекеменшік жоғары оқу орындарына менеджменттік кеңес беру. Өзім экономист-менеджермін. Білім беру саласында жинаған азды-көпті тәжірибемді кәдеге жаратып жүрген жайым бар. Қазіргі таңда көптеген шет елдердегі колледждер білім беруде 70 пайыз практика, 20+10 пайыз теориялық бағытты ұстанады. Сол себепті онда орта кәсіп өте қатты бағаланады. Өкінішке қарай біздің елде әлі де техникалық кадрлар тапшы. Осы мәселелерді оңтайлы шешу үшін колледждер мен университеттерде менеджменттік біліктілігіммен бөліссем деймін. Бүгінге дейін көптеген кәсіптік оқу орындары мен жекеменшік мектептердің менеджменттік басқару жүйесін оңтайландырдым деп сенімді түрде айта аламын. Өзіміз шығарған өнімдерді таныстыруға да уақыт бөліп, келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

206

 

– Бір сұхбатыңызда «пандемия кезінде көптеген дәрінің баламасына айналған ұлттық сусынның қадірін халық енді түсінді» деген екенсіз. Бұл жерде бие сүтінің адам ағзасына пайдасын айтып отырған боларсыз?
– Халқымызда «Ауру астан, дау қарындастан» деген сөз бар. Қазір адамдар ауруды аштықтан, жоқшылықтан емес, тоқтықтан тауып жатыр. «Өзгенің қаңсығы, бізге таңсық» десем де болады. Себебі сырттан келген өнімді жиі пайдаланып, өзіміздегіні бағаламаймыз.
Ағза мықты болу үшін өз топырағымыздан өсіп-өнген заттарды жеуіміз керек. Қымыз – түркі халықтарына ортақ сусын. Бізде бие сүтінің пайдасын айтып, тартысқан адамдар жоқ. Керісінше оның қай ұлтқа тиесілі екеніне дауласатындар табылады. Себебі қымызды барлығымыз да дайындаймыз. Ал қымызға патент алу үшін одан өнім жасаумыз керек. Сусынның құрамын зерттеген 20 жылдық ізденістің нәтижесінде қымызды капсулаға айналдырып, патент алдым. 2011 жылы Кувельт марапатын алған кезде ғылыми баяндама жасап, жылқы шаруашылығының Германия мен Қазақстандағы артықшылығы мен кемшілігін көрсетіп берген болатынмын.

– Бие сүтінің пайдасына терең тоқталасыз ба?

– Жалпы биенің сүтінің емдік қасиеті айтылғанымен, сусынды қалай және қай кезде ішу қажеттігін ешкім ашып айтып берген жоқ. Қазақстанда өткен ғасырдың 50-80-ші жылдары бие сүтін зерттеген ғалымдардың өзге басқа ұлттан болған. Сол жылдары олардың жасы орта есеппен елуде болса, қазір олар бұл өмірде жоқ деген сөз. Яғни, бізде ғылым үзілді. Абай деген ғалым ағамыз ғана саумалдың бауыр церрозын емдейтінін дәлелдеп, патент алды.
Бие сүтінің құрамында адам ағзасына күнделікті қажетті дәрумендердің барлығы бар. Неге оның құрамындағы дәрумендер түйе немесе сиыр сүтінің құрамында жоқ? Сүттер екіге бөлінеді: бірі – альбумин тобына, екіншісі – казеин тобына жатады. Альбумин тобына ананың сүті мен биенің сүті, ал казеин тобына қалған сүттер жатады. Сондықтан сәбиге туған күнінен бастап биенің сүтін беруге болады. Қалған сүттерді бір немесе екі айдан кейін ғана береді. Бие сүті иммундық жүйені тез көтереді. Яғни саумал иммунитетті көтеретін бірден-бір табиғи дәрумен. Міне, сондықтан ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеу керек. Қазір өзімізде де қымызды мойындамау мәселесі пайда болып жатыр. Қымыз ішсем ішім өтеді, басым ауырады немесе қысымым көтеріледі дейді. Бұл деген біздің ағзаның өзі керекті нәрсені ұмыта бастады деген сөз. Сондықтан ағзамыз қымызды ұмытпас үшін оны күнделікті тамағымызбен бірге ішуіміз керек.

– «Ғылымы болмаған елде, бизнес алға жылжымайды» деген екенсіз. Бізде ғылымға қаншалықты көңіл бөлінуде. Кәсіпкерліктің дамуына қандай кедергілер бар?
–Елімізде ғылым саласына бұрыны жылдармен салыстырғанда қомақты қаражат бөлініп жатыр. Бірақ сол бөлінген ақшаға қарай жаңалық ашылмайды. Көптеген өнімдерді басқа мемлекеттерден алып жатырмыз.
Біздің ғылым шындығына келгенде саудаға салынып кетті. Мемлекетте ғылым болмаса өндіріс жоқ, егер өндіріс жоқ болса мемлекет дамымайды. Бізде неге бизнес дамымайды, не тоқтап қалады? Себебі өндіріс пен ғылым өз бетінше дамуда. Олардың арасында ынтымақтастық жоқ. Ал шетелдік әрбір заттың не тауарлардың тарихы бар. Ең азы 10 жыл, алды 200-300 жылға жеткен. Яғни ол тауарлар бренд болып қалыптасады да, оған ғылыми-зерттеу институттары жылда жаңалығын қосып отырады. Мысалы Кореямен бірлесіп, биі сүтінен косметика шығарып жатырмыз. Оларға бие сүтін косметикаға қосуға болатынын дәлелдедік. Одан кейін олар ғылыми тұрғыда тексерді, зерттегеннен кейін барып қана өндіріске енгізді. Косметиканың бес түрін шығаруға 45 адам жұмыс істеді. Ал Қазақстаннан осы косметиканы жасайтын 45 адамды табасыз ба? Жоқ. Өйткені бізде ондай мамандар жоқ. Оның институты қалыптаспаған. Бұл өнімдер Кореяның ең мықты деген косметикасының негізін алып, оған бие сүтін қосу арқылы жасалғаннан кейін бұл қазір – нарықтағы ең мықты косметикалардың бірі болып тұр. Себебі бие сүті оны күшейтті. Кәсіп пен ғылым қатар жүрмесе, табыс тұрақты болмайды. Бие сүтінің пайдасын әлі де көп елдер біле бермейді. Шетелдік ғалымдардың басын қосып күзде үлкен ғылыми конференция ұйымдастырып жатырмыз. Оған 20-ға жуық мемлекеттің ғалымдары келеді деп күтілуде. Сол ғылыми конференцияда бие сүтінен алынған өнімдер жайлы әлем ғалымдары айтады. Бие сүтінің ашылмаған қырлары ашылып, тағы да пайдасын талқыламақпыз. Біз үшін бұл – маңызды жобалардың бірі. «Мемлекет ақша бөлсе, мынаны істеймін» деген қате түсінікті жоюымыз керек. Құстың қанаты секілді ғылым мен бизнесті қатар алып жүрсек, биікке самғамақпыз.

– Өзіңіз басқаратын институт 7 жыл ішінде бие сүтін Германия технологиясымен кептіріп, сол ұнтақтармен Кореяда косметика жасап шығарып, сауда айналымына енгізіпсіздер. Малайзиялық компаниялармен бірігіп сабын өндірудесіздер. Шведтермен бірігіп сусабын секілді жуынуға арналған өнімдерді шығаруды қолға алыпсыздар. Енді осы өнімдерді елде дайындауға мүмкіндік бар ма?

– Дәл қазір бұл өнімдеріміздің бірқатары елімізде жасалуда. Тек Малайзиядан майлар мен қосылатын қоспаларын алып жатырмыз. Елімізде бұл өнімді толыққанды дайындау қиын. Себебі бізде маман тапшы. Бүгінде мамандарды өзіміз күш салып, шет елде дайындап жатырмыз. Алдағы уақытта қымыздан өндірілетін өнімдерге арнайы зауыт салдыру жоспарда бар. Себебі шетелге экспорттау үшін барлығы бір жерде, яғни GMP стандартына сай болуы керек. Ол Алматы қаласында орналысады. Бұдан кейін әр қалада осындай зауыттар салынатын болады.

– Кәсіпкер һәм ғалым, жиһанкез ретінде қаламыздың болашағы туралы ойыңызды білдірсеңіз.
– Оңтүстіктің негізі мүмкіндігі өте көп. Бір ғана мысал Шымкенттің климатында жыл он екі ай бойы жұмыс жүргізе аласың. Халқы еңбекқор. Мұнда бәсекелестік жоғары. Сол себепті, үшінші мегаполис қаланың қай салада болмасын болашағы жарқын.
Ал, жастарға бизнесті ақша табудың көзі деп қарамауға кеңес берер едім. Ертеректен осы түсінік қалыптасып, сонымен өмір сүріп келдік. Қазір экономика басқаша бағытпен өзгеріп жатыр. Бизнес арқылы ішкі өнімді сыртқа сатып, сырттың ақшасын елімізге кіргізе аламыз. Бізде де бизнес саласында маркетинг зерттеу өте қажет. 2-3 жылда ғылыми ізденістің нәтижесінде 5-6 өнім шығардық және болашақта өнімдеріміздің түрі көбейтуге нақты жоспар құрдық.

– Әңгімеңізге рақмет.