Ерлан Айтбаев, Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының директоры: «Жастардың мәселесін шешетін 17 жоба жүзеге асырылады» Избранное

Пятница, 25 Июнь 2021 08:10 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1502 раз

Шымкент – жастардың қаласы. Қай жағынан қарасаңыз да олар шаһардың кез келген өзекті мәселесінің бел ортасында жүреді. Жыл сайын жастар арасында секцияларға, үйірмелерге, бірлестіктерге, ұйымдарға қатысушылар саны артып келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Мәселен, жастар ресурстық орталығы жүргізген сауалнаманың қорытындысына сүйенсек, жастардың 76,9% түрлі үйірме және секцияға барып, спортпен айналысады. Қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Ерлан Айтбаевпен сұхбатымыз осы бағытта өрбіді.

323

 

– Ерлан Садырбайұлы, сұхбатымызды Шымшаһарда тұратын жастардың статистикасынан бастасақ. Себебі, құр сан деп қарағанымызбен, сан сапаға әсер етпей қоймайды ғой?

– Бүгінгі таңда қала тұрғындарының саны 1 090 200 адамға жетті. Олардың ішінде жастардың үлесі жалпы халық санының 22,2%-ын құрайды. Яғни үшінші мегаполисте 239 443 жас бар. Шымкентте 9 жоғары және 38 арнаулы оқу орны болса, онда жалпы 113 881 студент білім алады. Оның ішінде күндізгі бөлімде 94 370, сыртқы бөлімде 13 795, кешкі бөлімде 5 516 студент білім алуда. 2020-2021 оқу жылында жоғары оқу орындарын 31 551 студент
тәмамдады.

– Қаламызда жастар арасындағы түйткілді мәселелер шешімін қалай тауып жатыр?

– Жастардың арасында ең өзекті болып отырғаны – жұмыссыздық мәселесі. Пандемияға байланысты елде ғана емес, бүкіл әлемде жұмыссыздық алдыңғы орынға шықты. Шағын және орта бизнес бұрынғы қарқынмен адымдай алмай жатыр. Жалпы жастарды жұмыссыз және Аутрич, NEET жастар деп екіге бөліп қарастырамыз. Аутрич, NEET жастар, заманауи тілмен айтқанда, «алтын жастар». Олар еш жерде жұмысшы ретінде тіркелмеген. Қолында ешқандай дипломы жоқ. Арасында базарда, автожуу бекетінде, кафе, ресторанда істейтіндері де бар. Жұмысшы ретінде заңды түрде тіркеліп, зейнетақы қорына ақша аудармағанымен, олардың күнделікті табысы бар. Табысын есептеп, бір айға шақсаңыз, әжептәуір.
Орталықтың негізгі міндетінің бірі – жастардың арасындағы жұмыссыздықты азайту. Осы мақсатта «Жастарға қызмет көрсету» бөлімі жұмыс істейді. Бөлім жастар арасындағы жұмыссыздық мәселесіне терең талдау мен зерттеу жүргізіп, сараптап отырады. Мәселен, 83 респондентке жүргізілген сауалнамадан қазіргі таңда жастардың 75,9%-ы жұмыссыз екенін анықтадық. Респонденттердің 31,3% – жұмыспен қамту орталығына, 27,7% – интернет ресурстарына жұмысқа тұру мақсатында өтініш қалдырған. Сауалнамаға қатысқан жастардың үштен бір бөлігі ЖОО мен кәсіптік оқу орнында алған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасудың қиын екенін айтады. Яғни 42,2%-ы білім алған мамандығы бойынша жұмыс істемейді, 25,3%-ы таңдаған мамандығы бойынша жұмыс табу қиын деп санайды. Тағы бір бөлігі (71,1%) жұмысқа орналасуда кездесетін ең басты қиындық ретінде жұмыс тәжірибесінің жоғын алға тартқан.
Біз жүргізген тағы бір зерттеу – жастар өз мамандығы бойынша жұмысқа орналаса алмайды. Мұның екі себебі бар. Біріншісі, мектеп бітіруші түлектер болашақ кәсібі туралы ештеңе білмейді, өз ата-анасы таңдап берген мамандыққа түседі. Екіншісі, университет мен колледждердің басым көпшілігінде «жұмысқа орналастыру кеңсесі» жұмыс істемейді.
Мемлекет жастардың жұмыспен қамтылып, еліміздің дамуына үлес қосуына мейлінше тетіктерді қарастыруда. Бүгінде жастар саясаты саласында əлеуметтік маңызы бар «Дипломмен – ауылға!», «Жастар кадрлық резерві», «Жастар тəжірибесі», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы сияқты жақсы бағдарламалар бар. Осы жобаларды қала жастарына кеңінен насихаттап, әлеуметтік желілерге ақпараттарды тұрақты түрде жариялап отыруды жүйеге қойдық.
Қазіргі таңда орталықта бітіруші түлектерге арналған «Болашаққа қадам» жобасы қолға алынған. Ол жоба бойынша біздің қызметкерлер жастардың дұрыс мамандық таңдау жасауына септігін тигізеді. Өндіріс орындарына апарып, жұмыс процесімен таныстырады. Бір сөзбен айтқанда, бағыт-бағдар береді. Ал таңдау әр түлектің өз еркінде.

– Шымкентте жастарға баспана қаншалықты қолжетімді?

– Тұрғын үй кезегінде тіркелген және үймен қамтылған жастар туралы айтар болсам, жалпы кезектегілер саны – 9023. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың еліміздің ірі қалаларындағы жұмысшы жастарды пәтермен қамтамасыз ету тапсырмасы бойынша бүгінге дейін шаһарда мыңнан аса пәтер берілді. Баспанамен қамту жұмысы жалғасуда. Екінші деңгейлі банктер мен «Отбасы» банкін насихаттап жатырмыз. Мемлекеттік бағдарламалар осы банктер арқылы жүзеге асырылады.

– Жас отбасылардың жағдайы қалай? Ажырасудың алдын алу бойынша қандай жұмыстар жүргізілуде?

– 2021 жылдың наурыз айының қорытындысы бойынша отбасы құрған жастар саны – 650 (2020 жылы – 462). Жас отбасылар арасында ажырасқандар саны – 16 (2020 жылы – 20). Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының мәліметтеріне сәйкес, отбасын құрған азаматтардың үлесі 188 жасқа артқан.
«Үйлену оңай, үй болу қиын» деген сөз бар. Бірақ, көп жастар сол сөздің байыбына бара бермейтін сияқты. Үй болудың қандай болатынын жас кезінен санасына сіңіру мақсатында біз қаладағы «Шаңырақ» отбасы институтын қолдау орталығымен бірге көптеген іс-шаралар жоспарын түзгенбіз. Бірнеше рет жастармен кездесіп, оларға отбасын құрған соң туныдауы мүмкін кедергілер, ықтимал қиындықтар жайлы, отбасылық құндылықтар туралы түсіндірдік.
Кәмелетке толмаған жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің де салдарымен күресіп келеміз. Өкінішке қарай, ерте жүктілікпен (2021 жылғы наурыз айындағы көрсеткіші бойынша) 92 жас тіркелген.
Жастар арасындағы мұндай өзекті мәселені шешудің жан-жақты жолдары қарастырылуда. Қазір кәсіби психологтармен келісім-шарт жасасып, жастармен жұмысты бастап кеттік. Әр психологқа 10 жастан бекітілді. Қыркүйек айына дейін 100 жасты қабылдап, көмек көрсетеу жоспарға енгізілді. Мамандар әр жасқа күніне 1 сағаттан көңіл бөледі. Мысалы, суицид аяқталған және аяқталмаған деп екіге бөлінеді. Аяқталмағаны қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды, сондықтан олармен терең жұмыс істеу керек.
Мектеп жасындағы өтпелі кезеңде жүрген жастармен мектеп психологтары жұмыс істеп жатыр. 240 мың жасы бар Шымкентке 100 жас деген түк емес. Біз тәжірибе жасап көргіміз келеді. Шынтуайтында, жастардың мәселесі шешімін тауып, қоғамда өзгерістер орын алса, біз бұны үлкен жобаға айналдырмақпыз. Психологиялық көмек беретін жоба «Бақытты мекен» деп аталады.

– Жақсы екен. Бұлардан өзге қандай жобаларыңыз бар?

– Биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай жастарға біраз серпін беріп жатырмыз. «Үздік жастар премиясы» 2011 жылдан бері дәстүрге айналғанын білесіздер. Биыл сол салтанатты іс-шараны тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай 30 премия ұсынып, өзгеше форматта өткізсек пе деп отырмыз. Бұл жолы бұрынғыдай тек құжат өткізіп, оны комиссия көріп қоя салмайды. Қатысушылар әлеуметтік желі арқылы дауыс жинайды. Екі жақтың да пікірі ескеріледі.
Жастарға арналған жоба көп. Қазіргі күні жоспарланған жоба саны – 17. Соның бірі – «Шымкент жастар лигасы» Қазақстанда алғаш рет біздің қаламызда ұйымдастырылды. Мектептегі ұстаздар да «осы лига дәстүрге айналса» деген өтінішін айтуда. Қыркүйек айында лиганы университет пен колледж арасында өткізуді жоспарлап отырмыз.

– Айтыңызшы, бүгінгі жастар неге қызығады?

– Жастардың көп қызығатыны – ІТ технология саласы. Біз жастардың қызығушылығына орай бейімделіп жатырмыз. Орталық жанынан «Робот-техника және конструкциялау» курсын аштық. Аталған курс ІТ-технологиялар бағытын дамыту, робот-техникалық іс-шараларда жобаларды сәтті жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылуда. Карантин талаптарына сай орын саны шектеулі. Қатысу тегін. Қазір конкурспен қабылдап жатырмыз. Аптасына алты күн оқытылады.
Мемлекеттік жастар бағдарламаларын насихаттауда «Жастарға қызмет» деген бөлім аштық. Кәсіпкерлік, қайтарымсыз субсидиялар, тұрғын үй, «Нұрлы жер» бағдарламасының ішінде қаншама бағыттар бар. Көп жастар оның бірін білсе, бірін білмейді. Сосын пробацияда жүрген, сотталған жастар жұмысқа кіре алмайды. Сол жастармен де жұмыс жүргізуді қолға алдық.
Тағы бір ескерілетіні, қала жастары және жасөспірімдердің 46,9% ақылы үйірмелерге қатысатыны айқындалды. Айта кететін болсақ, қаламызда тіл үйрететін үйірмелердің көпшілігі ақылы. Бұл жастарға қымбат, студенттердің, оқушылардың қалтасы көтермейді. Қала жастарының, оқушыларының және студенттерінің сабақтан тыс уақыттарын тиімді пайдалану мақсатында арнайы тіл үйрететін ақысыз үйірмелер ашуды қолға алып жатырмыз.
Сондай-ақ, жүргізілген сауалнамадан 500 респонденттің 1% ғана музейге, театрға, көрмеге баратыны анықталды. Бұл көрсеткіш өте төмен. Студенттер және мектеп оқушыларын 2 айда 1 рет музей және көрмелерге баруын ұйымдастырып, жастардың тарихқа, ұлттық мәдениетке, дәстүрге қызығушылығын ояту қажет. Жастар арасында кітап оқуды кеңінен насихаттап, кітапханаларға, театрларға, музейге баруына, жаңадан жарық көрген кітаптардың кеңінен таралуына, насихатталуына жағдай жасап жатырмыз.

– Күні кеше Үкімет басшысы жауаптыларға еріктілерді қолдау бойынша нақты тапсырма берді. Сөз соңында шымкенттік ерікті жастар туралы айтыңызшы?

– Шымкенттің ерікті жастары Шығыс Қазақстандағы Риддерде орын алған қайғылы жағдайға байланысты бірінші болып көмек қолын созды. Азық-түлік, киім-кешек, қаржылай көмек жинап жібердік. Арыс, Мақтаарал жағдайында да жүгіріп жүргендер – еріктілер.
Шымшаһарда еріктілермен жұмыс істейтін 15-тен аса қоғамдық қор бар. Барлығы белсенді. Еріктілердің ұйытқы болуымен «Экосана» атты сенбілік бастадық. Мақсатымыз – қоқысты жинау емес, тазалау. Сана тазаланса, айналамыз таза болады. Шын мәнінде еріктілердің мақсаты – өз еркімен, жан дүниесімен қайырымдылықпен айналысу. Еріктілердің істеген ерлігі көп. Біз олармен қоян-қолтық жұмыс істейміз. Олардың арасында І, ІІ топ мүгедектері, ардагерлер де болды. Пандемия кезінде 78 жастағы атамыз жастармен бірдей үйме-үй азық-түлік таратып жүрді. Ерікті деген жасқа қарамайды.

Мөлдір КЕНЖЕБАЙ

2012 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. 2014 жылы аталған факультеттің магистратурасын бітірген. Бұған дейін «Болашақ-Жасар», «ALASH» ұлт патриоттары жалғасы»  басылымдарында, «Жас қазақ» ұлттық апталығында жұмыс істеген. 2016 жылдың қараша айынан бастап «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 

«Жастарға – Respect» қосымшасының редакторы.