Әділ АХМЕТОВ, актер, «Жастар театрының» директоры: Театр өмірлік миссиямызға айналғандай Избранное

Пятница, 25 Март 2022 04:01 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 5259 раз

Жан-жақты шыңдалған актерлер трагедиядан комедияға, комедиядан драмаға еркін ауыса алады. Шеберлігімен, еңбекқорлығымен, тіптен ерекше образдарымен танылған театр және кино актері, «Жастар театрының» директоры Әділ Ералыұлы АХМЕТОВПЕН Шымкентке гастрольдік сапардың соңғы күнінде аз-кем сұхбаттасудың сәті түскен еді.
Әділ Ералыұлы — «Кек», «Қалжа», «Астана — махаббатым менің», «Жаужүрек мың бала», «Қарашаңырақ», «Анаға апарар жол» фильмдері арқылы көрермен көзайымына айналған майталман. Десек те, біз сахна сыртындағы бұл жүздесуде Әділ Ералыұлының актерлік қырынан гөрі, басшылық қызметтегі еңбегіне тоқталуды жөн көрдік.

31

 

— Әділ аға, әңгімені театрдың тыныс-тіршілігінен бастасақ. «Жастар театрының» негізін қалаушылардың бірісіз әрі өнер ордасының бірінші басшысы ретінде театрдың 15 жылдығына орай қандай жобалар қолға алынуда?
— Театрымыздың 15 жылдығын тойлауды бастап кеттік. Ең әуелі, жыл басында театрлар арасында волейболдан турнир ұйымдастырылды. Екіншісі — театрдың гастрольдік сапары. Сапарымызды Шымкент қаласынан бастап, әрі қарай Түркістан, Қызылорда, Тараз қалаларында жалғастырамыз. Бұйыртса, гастрольден кейін 15 жылдық аясында футболдан жарыс өткізуді жоспарлап отырмыз. Ал, негізгі салтанатты жиынымыз қазан айында үлкен фестиваль ретінде өткізіледі. Себебі, биыл театр қос қуанышын қатар тойлайды. Яғни, «Жастар театрының» 15 жылдығымен қатар өнердегі ұстазымыз, театрдың негізін қалаушы Нұрқанат Жақыпбай ағайымыздың 75 жасқа толуын тойламақпыз. Фестиваль барысында Нұрқанат ағайдың спектакльдері сахналанады. Сонымен қатар, еліміздің ғана емес, Түркия, Әзірбайжан, Грузия, Ресей, Қырғызстаннан театр сыншылары, өнер майталмандары қонақ ретінде шақырылып, фестиваль аясында ғылыми конференция өткізілмек.

— «Жастар театры» 15 жылда қандай белестерді бағындырды? Қандай қиындықтарды өткерді?
— Шындығына келгенде, талапқа сай ғимараты бар, өнер труппасы мен мамандары түгел, іргетасы ертерек қаланған театрлардың өзінде қиындықтар, проблемалар кездесіп жатады. Ал, біздің театр үшін ең қиын кезеңдер бастапқы 5-6 жылда өтті деп ойлаймын. Өйткені, өнер ордасы алғаш құрылған жылдары өзіммен үзеңгілес, замандас жігіт-қыздар машинист, жүк тасушы, декоратор, костюмер, гример, әрі актер болып бірнеше қызметті қатар алып жүрді. Яғни, барлық қызметті өзіміз атқардық. Ең бастысы, сол кезеңде сынып кетпей, қиындықтарға төзе білдік. Ары қарай мемлекеттің қолдауымен жеке ғимарат берілді, штаттық кесте бекітіліп, қызметкерлер саны көбейді. Міне, 12 актермен іргетасы қаланған «Жастар театрының» бүгінгі ұжымында 189 азамат жұмыс істейді. Оның 60 пайызға жуығы шығармашылық ұжым.

32

 

— Өнер мен лауазымды қызметті қатар алып жүрудің өз қиындығы бар болар?
— Әр қызметтің, әр істің өзіндік жүгі, қиындығы болатыны сөзсіз. Өнер адамы болған соң, шығармашылығымды бірінші орынға қоямын. Дегенмен, осындай үлкен жауапты іс тапсырылғаннан кейін міндетімді жауапкершілікпен атқаруға тырысып келемін. Себебі, бұл қызметке ұжымның қалауымен, Нұрқанат ағаның шешімімен келдім. Сондықтан да шығармашылық ұжымды дамытып, театрды өркендету үшін барымды салып жүрмін. Театрдың имиджін сақтап, жаңа белеске жеткізу жолында әділ, таза қызмет ету — басты парызым.

— Пандемия кезінде мәдениет саласында жаңа леп пайда болғандай. Еліміздің көптеген театрлары әлеуметтік желілер арқылы өз көрермендерімен байланысып, өнерлерін паш етіп отырды. Оқырман жинап, аудитория қалыптастырған парақшаның бірі — «Жастар театрының» парақшасы. Жалпы, әлеуметтік желідегі белсенділікті арттырудағы мақсаттарыңыз қандай?
— Әлеуметтік желідегі белсенділікті арттырудағы негізгі мақсатымыз — театрды көрерменге кеңінен таныту. Театрдың репертуарын, тыныс-тіршілігін кеңінен таныстырып, насихаттау арқылы көрермен мен шығармашылық ұжым арасында байланыс нығая түсті. Бұл театрсүйер қауымның қарасын көбейтуге де өзіндік үлесін қосып отыр. Сондықтан әлеуметтік желідегі жұмысымыз арқылы өзге театрларға үлгі болсақ, нұр үстіне нұр.

— Елордада театрға көрермен тарту жағы қалай?
— Театрға көрермен тартудың жаңа бағытын қолға алдық. Оның алғашқы жемісін, игілігін осы гастрольдік сапар барысында көріп отырмыз. Ертеректе арнайы анонстар іліп, университеттерден көрермен шақырып жатушы едік. Тіптен, театрға амалсыздан келетін көрермендер де кездесетін. Қазіргі уақытта ticketon.kz электронды билет сату порталымен жұмыс істеп келеміз. Тіптен, осы гастрольдік сапар барысында аялдайтын қалаға алдын ала ұйымдастырушы-админстраторларды жіберіп, билет сатып, жарнамалық баннер іліп әуреленбедік. Билеттер тек ticketon-да және театр кассасында ғана сатылды. Ал, халықты құлақтандыру, жарнама жасау әлеуметтік желідегі парақшаларымызда жүргізілді. Бұл әдісті гастроль барысында эксперимент ретінде көрдік десек те болады. Алдын ала ұйымдастырушыларды іс-сапарға жіберу, баннер ілдіру — бәрі қосымша шығын. Аллаға шүкір, әлеуметтік желідегі тыңғылықты жұмыстың нәтижесінде көрермендер ticketon-нан өздері таңдаған қойылымға, қалаған орынға билет ала алады. Билет алу үшін ешкім касса іздеп, жұмысынан сұранып, әуре-сарсаңға түспейді. Қолыңыздағы телефон арқылы 2-3 минутта-ақ билет алуға болады. Бұл — бір.
Екіншіден, театрға келетін көрерменнің талғамы, деңгейінің өскені байқалады. Яғни, театрсүйер қауым алдын ала парақшадағы қойылым жөніндегі ақпаратты қарап шығып, театрға өзі қызыққан тақырыптағы, жанына жақын спектакльдерге келіп жүр.

33

 

— Иә, әлеуметтік желі арқылы театрсүйер қауымға тағы бір қадам жақындай түстіңіздер. Тіптен, ерекше жаңалықтарыңызды да бөлісіп отырасыздар. Солардың бірі — театрға заманауи бейне түсірілім құрылғыларының алынуы. Келешекте «Жастар театры» кино түсіруімен айналысуы мүмкін бе?
— Иә, мүмкін. Кино түсіру — театрдың негізгі жоспарында бар дүние. Биыл театрға қажетті біраз техникалық жабдықтарды алдық.

— Бүгінде театрда шыңдалғанымен, кино арқылы танылып жүргендер көп. Тіптен, түбегейлі кино индустрияға ауысып кетіп жататындар да бар. Себебі не? Сіздің театр мен киноны қатар алып жүрген актер ретінде пікіріңізді білсек.
— Түрлі себеп бар. Мәселен, бір театрларда аға, орта буын актерлері болады. Актердің шығармашылық ортаға сіңісуі, басшылықпен тіл табысуы қиын болғандықтан да кетіп жатады. Біреулер үшін табыс та әсер етуі мүмкін. Ал, «Жастар театры» құрылғалы біздің өміріміздің жартысы осы ұжыммен бірге өтіп келеді. Біз театрды ешуақытта тастамаймыз, тастамауға тырысамыз. Себебі, өзіміз құрған дүние — өмірлік миссиямызға айналғандай. Ал, кино — «Жастар театрының» кез-келген актері үшін қосалқы жұмыс. Мүмкіндікке қарай жақсы жобалар болса, түсірілімге қатысады. Бірақ, театрдағы жұмысы әрқашан бірінші орында.

— «Сын түзелмей, мін түзелмейді» деген ұстаныммен өскен халықпыз. Шығармашылық сынды қалай қабылдайсыз?
— Шығармашылық даму бар жерде сын болуы орынды. Өзім сынды дұрыс қабылдаймын. Өнер академиясының қабырғасында жүргенде ұстаздарымыздың үлкен мектебінен өттік. Сын айтылса, сынып кетпей, керісінше, өзіңді қамшылап, шыңдала түсу — біздің, актерлердің қанына сіңіп кеткен қасиет. Қазақта «Жігітті сын шыңдайды» деген мәтел бар емес пе?! Орынды сын айтылса, одан қорытынды шығару үшін барымызды саламыз. Сынға ілігу жұмысыңның халық назарында екенін көрсетеді. Ал, халық қателеспейді.

— Актердің бойынан табылуы тиіс ең негізгі үш қасиетті атасаңыз.
— Ең әуелі, Құдайдың берген бойындағы дарынының, талантының болуы. Екінші — еңбекқорлық. Үшінші — мінез. Ұжыммен, ортамен жұмыс істейтін, сыйысатын көркем мінез болуы керек.

— Әнші, биші, акробат. Барлығы бір ұжымның бойынан табылады. Шығармашылық құрам осындай шыңдалған, кәсіби маман ретінде дайын келе ме, әлде театрда жүріп шыңдала ма?
— Біздің театрдың негізгі бағыты – осы. Нұрқанат ағайдың о бастан ұстанымы «Актер бесаспап болуы керек» дейді. Яғни, сахнада сөйлеп қана қоймай, ән айтып, би билеп, акробатикалық элементтерді де көрсете алуы тиіс. Қажет болса, ұшу керек (күлді-ред.). Ұстазымыздың талабы театр актерлерінің негізгі ерекшелігіне айналған. Біздің шығармашылық ұжым әрқашан осы талапқа сай болу үшін өздерін дамытып, шыңдап отырады. Әрбір репетициямыз жаттығудан басталады.

— Сіздердегі тағы бір жаңалық — театр жанынан «Қанаттылар» инклюзивті театрының құрылуы. «Қанаттылардың» ерекшелігі жайлы айтып өтсеңіз.
— Бұл театр Қазақстанда ғана емес, Орта Азия елдерінің ішінде тұңғыш рет ашылып отыр. Осындай өнер ұжымының жұмысына титімдей болса да үлес қосқанымыз үшін қуаныштымыз. Физиологиялық ерекшеліктері бар адамдардың талантын ашу, оларды сахнада жұлдыздай жарқыратып, қоғам байқамаған бойындағы мүмкіндіктерін жүзеге асыруға себепші болу — біз үшін үлкен мәртебе. Идея авторы, «Қанаттылар» театрының жетекшісі — Арнұр Қайнарбекұлы. Арнұр — ерекше жан. Оның идеясын Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі қолдап, біз оның жүзеге асуына атсалыстық. Келешекте біздің гастрольдік сапарымыздан да көріп қаласыздар. «Қанаттылар» театры алғашқы гастрольдік сапарын биыл Алматы қаласынан бастамақ. Жалпы, инклюзивті театрдың өзіндік ерекшелігі сол —зағип, арбадағы мүмкіндігі шектеулі азаматтар сахнада өнер көрсетеді. Ал, бұл театрдың негізгі миссиясы — дені сау адамға барын бағалауды, шүкіршілік етуді үйретсе, ерекше жандарға — мотивация, өміріне серпін беру. Сондықтан бұл театрдың да өз көрермені, жанкүйерлері қалыптасады деген сенім мол.
— Әңгімеңізге рақмет.