Еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табасың Избранное

Среда, 25 Май 2022 04:35 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 1460 раз

Республикадағы үшінші мегаполистің агроөнеркәсіп кешенін өркендетуде жеткен жетістігі, заманауи технологияларды қолдану мен жаңа жобаларды бастаудағы аяқ алысы қандай? Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Әбунасыр ЖАНБАТЫРОВПЕН болған сұхбат осы сұрақтар төңірегінде өрбіді.

605

 

–Әбунасыр Шарифоллаұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған әрбір Жолдауында ауыл шаруашылығының сапасын жоғарылату жөнінде көп айтады. Бүгінгі таңда сол бойынша атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өтсеңіз...

–Біріншіден, Президенттің ауыл шаруашылығын дамыту тапсырмасы аясында егістік жерлерді әртараптандыру және жеке қосалқы шаруашылықты кооперация шеңберінде дамыту жұмыстарын қолға алып жатырмыз.

606


Жеке қосалқы шаруашылықтарды жаңа сатыға көтеру мақсатында қала шетінде орналасқан үйіргелік жерлерге көкөніс пен сұранысқа қажетті негізгі өнімдерді егу арқылы отбасылық табысты арттырып, жұмыссыздықтың санын азайтуды көздемекпіз.
Кооперацияны ілгерілету үшін қала аумағында жеке қосалқы шаруашылықтарды біріктіре отырып, жылына қуаттылығы 20 мың тонна бройлер етін өндіретін құс фабрикасын салу жоспарда бар.
Екіншіден, қалада жайылым жерлер аз болғандықтан озық технологиялы гидропоника әдісі ендірілетін болады. Ол жабық кеңістікте 2 келі астық дәнін сеуіп, 7 күнде 12 келіге дейін мал азықтық дақылын алуға мүмкіндік береді. Бұл әдіс арқылы алынған мал азықтық дақылдардың құнарлылығы өте жоғары болғандықтан өнімділік де арта түседі.

–Мегаполисті тиісті деңгейде азық-түлікпен қамтамасыз ету бағытында басқарма тарапынан қандай жұмыстар атқарылуда?

–Шымкент қаласының халқы бір жылда жалпы көлемі 500 мың тоннаға жуық әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тұтынады. Шаһарды азық-түлік тауарларымен қамту үлесі тиісті деңгейде. Тұрақтандыру қорынан өзге қала аумағындағы тамақ өнеркәсібі саласындағы «Шымкент май» АҚ, «Алтын Дән» ЖШС, «Барыс-2007» ЖШС, «Шымкент құс» ЖШС, «Шымкент сүт» ЖШС және тағы басқа осы секілді ірі кәсіпорындар да мегаполис тұрғындарын азық-түлікпен қамтып келеді.
Атап айтқанда, бұл өндіріс орындары қаланы ұн, макарон және күнбағыс майы, тауық жұмыртқасымен жүз пайызға қамтамасыз етеді.
Ұн, макарон өнімдерінің қамту үлесі жоғары болғанымен, бидай шикізаты еліміздің солтүстік өңірлерінен тасымалданады. Сондықтан тамақ өнеркәсібінде шикізатқа деген үлкен тәуелділік бар.
Бұдан бөлек, қала аумағына өзге өңірлерден немесе алыс-жақын шет мемлекеттерден тасымалданатын азық-түлік қорларын «Meir-Trade Dirstibution Company» ЖШС, «Прима Дистрибьюшн» ЖШС, «Асан» ЖШС тағы сол секілді ірі дистрибьютерлік желілер қамтамасыз етіп отыр.
Күріш, құмшекер, қарақұмық жармасы, ас тұзы тауарлары Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарының өндірушілері арқылы жеткізіледі.
Тауық еті бойынша қаланың қамту үлесі 40 пайызды құрап, қосымша қажеттілік АҚШ, Белоруссия мемлекеттерінен және Алматы қаласы мен Түркістан облысынан әкелінеді. Ал, сиыр еті бойынша қала өзін 65 пайызға қамтамасыз етіп, қалғаны Түркістан облысынан тасымалданады.
Сүт, сүзбе өнімдерінің қамту үлесі орта есеппен – 40 пайыз. Жетпегенін солтүстік өңірлерден және Түркістан облысынан аламыз.
Сондай-ақ, көкөніс өнімдері Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасы, Жамбыл, Түркістан өңірлерінен және Павлодар қаласынан жеткізіледі. Бұл өнімдердің жергілікті қамту үлесі 10-15 пайыз шамасын құрайды. Жалпы қала бойынша азық-түлік тауарларының тапшылығы жоқ, қор жеткілікті.

–Көптен бері айтылып келе жатқан агроиндустриалды аймақтарда бүгінгі таңда нақты қандай жобалар іске асырылуда?

–Нақтылап айтсақ, «Тепличный рай» агроиндустриалды аймағының бірінші кезеңінде 9,8 млрд теңгені құрайтын 6 жоба іске асады. Олар «ASM Corporation» ЖШС, «AIDI Agro Trad»e ЖШС, «Nur Alem Agro» ЖШС, «ABK AGRO» ЖШС, «IGM Corporation» ЖШС және «Baitana AGRO» жеке серіктестіктері. Қазіргі таңда 2 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
«Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағының I кезеңінде 8,7 млрд теңгені құрайтын 7 жобаны іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, «Кемран» ЖШС, «Рауан» ЖШС, «Манар-21» ЖШС, «Гормолзавод» ЖШС, «Балмұздақ» ЖШС, «СП» ЖШС және «Kaz Building» жекеменшік компаниясы.

–Осыған орай тағы бір сауал. Қабылданғанына көп бола қоймаған «Іскер қала» бағдарламасы аясында шаруаларға қандай жеңілдіктер көзделген?

– Аталған бағдарлама шеңберінде 10 миллион теңгеден 50 миллион теңгеге дейін 1-2 пайызбен кәсіпкерлерге несие беру қарастырылған. Биылғы жылы ауыл шаруашылығы саласы бойынша құны 12 млрд теңгені құрайтын 5 жобаны несиелендіру жоспарлануда.
Атап айтсақ, «ОТАН Агро» ЖШС жылыжай кешенінде құлпынай өнімін өсірмек, ал «Shagyr Agro Group» ЖШС жылына 5 мың тонна бройлер құс етін өндірмекші. Сонымен бірге «Ақтас» АӨК бордақылау алаңын құруды, «Agro Lux Flowers» АӨК лаванда гүлін өсіруді жоспарға қойды.

–Бүгінгі таңда кәсіпкерлерді қаржыландыру мәселесі өзекті екені белгілі. Осы орайда шаруалар қандай қаржы ұйымдары арқылы өз бастамаларын іске асыруға несие ала алады?

–Кепіл мүлкі болса, кез келген екінші деңгейлі банктер мен жекеменшік қаржы ұйымдары шаруаларға тиісті қаражатты беруге мүмкіншіліктері бар. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы тарапынан да ауыл шаруашылығы бағытында алынған несиелердің 7-10 пайыз сыйақысы субсидия ретінде өтеледі. Ауыл шаруашылығы бағытындағы бизнес жобаларды қаржыландыру бойынша сұрақтарға басқармаға хабарласу арқылы жауап алуға болады.

–Шымкентте шығарылатын жергілікті азық-түлік өнімдері қаншалықты бәсекеге қабілетті? Жалпы бізден қандай өнімдер шетелдерге экспортталады?

–Экспорттың негізгі көлемін көкөніс өнімдері, бидай, картоп, арпа, қара бидай ұны, күнбағыс дәні, қант, ірі қара мал, бидай қалдықтары құрайды. Дегенмен, ішкі нарықты толықтай қамтамасыз ету, бағаны тұрақтандыру мақсатында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2022 жылғы 10 қаңтардағы №4 бұйрығына сәйкес ел аумағынан ірі қара мал, қой мен ешкілерді алып шығуға, көкөністерге, оның ішінде картоп пен сәбізді экспорттауға 6 айға және бидай мен ұн экспортына 2 айға тыйым салынды.
Сондай-ақ, күнбағыс дәні мен майын сыртқа жөнелтуге шекті деңгейде квота белгіленген.

– Жылыжай шаруашылықтарында тариф мәселесі бүгінде қалай шешімін тапты?

–Жылыжай шаруашылығын дамыту қала халқының мерзімдік көкөніс өнімдеріне қажеттілігінің орнын толтыруға, бағаның тұрақтануына, сонымен қатар, жұмыс орындарының ашылуына оң әсерін тигізетіні анық. Дегенмен, қазіргі таңда жылыжайдан жиналатын өнімдердің өзіндік құны жоғары болғандықтан бәсекеге төтеп бере алмай, нарықтың басым бөлігінде Өзбекстан Республикасынан импортталған көкөніс өнімдері сатылып жатыр. Бұның басты себебі, өңірдегі коммуналдық төлемдердің көршілес республикаға қарағанда 2 есеге дейін қымбат болуынан шаруалар өнім дайындауға дейінгі жұмсаған шығындарының 50 пайызы осы жарық, газ, көмір отындарына жұмсалуда.
Осы мәселе бойынша бүгінгі таңда жылыжайдағы ауыл шаруашылығы өнімдеріне жұмсалған шығынның жартысын субсидиялау туралы ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне арнайы ұсыныс хат жолданды. Қазіргі таңда осы мәселе бойынша тиісті ведомство субсидиялау заңдылықтарына қатысты қажетті өзгеріс енгізуде.

–Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары елімізде инфляция деңгейі біршама артып, соның салдарынан тамақ өнімдерінің бағасы да өсе түсті. Бір жағынан оған әлемдегі геосаяси жағдай да түрткі болды. Дей тұрғанмен, қазіргі таңда басқарма тарапынан әлеуметтік маңызға ие азық-түлік бағаларын өсірмеу бағытында қандай жұмыстар қолға алынып жатыр?

– Жыл басынан бері Шымкент қаласында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының баға индексі 116 пайызға жетті. Баға тұрақтылығы жағынан үшінші мегаполис республикалық рейтингтің 9 орнында тұр.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары құнын тұрақтандыруға қатысты іс-шаралар жоспары бекітіліп, соның аясында өңірлік тұрақтандыру қоры жұмыс істейді.
Өңірлік тұрақтандыру қорына жергілікті бюджет есебінен 7,7 млрд теңге бөлінді. Қаладағы «Magnum Cash&Carry», «Gramad» секілді ірі сауда желілерін азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін «Шымкент құс» ЖШС, «Қасқасу-С» және «Бәйтерек» шаруа қожалықтары, ЖК «Темиршиков», «Дос» ЖШС, ЖК «Сәлін Тимур» тағы сол сияқты жергілікті тауар өндірушілері мен ірі бизнес субъектілеріне 5,4 млрд теңгеге жуық қарызға айналым қаражаты беріліп, тиісті келісімшарттар түзілді.
Кәсіпкерлік субъектілерімен түзілген келісімшарттар негізінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары қаламыздағы 40-қа жуық ірі сауда желілерінде белгіленген бағада сатылып жатыр. Соның арқасында қала тұрғындары ең қажетті азық-түлік тауарларын нарық бағасынан төмен бағада сатып алуға мүмкіндік алды.
Биылғы жылға қаралған 2 млрд теңге қаржы халықтың тығыз орналасқан аймақтарындағы тұрғындарды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен төмен бағада қамтамасыз ету мақсатында бөлінді. «Азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын басқару жөніндегі» комиссияның шешімімен азық-түлік сауда нысандарына айналымға қарыз қаражаттар беру бойынша жұмыстар басталды.
Делдалдық қызметті шектеу мақсатында «Қасқасу-С» шаруа қожалығына қарасты 18-ші және Нұрсәт шағынаудандарындағы «QazEt» әлеуметтік дүкендерінде сиыр еті белгіленген бағада сатылуда.
Ал, Елшібек батыр көшесінде орналасқан «Hermes» ЖШС-не қарасты әлеуметтік дүкенінен көкөніс өнімдерін арзан бағада сатып алуға болады. Көкөніс өнімдерінің бағаларын тұрақтандыру үшін Тәжікстаннан ерте пісетін өнімдер қаламызға уақытылы жеткізіліп отыр.
Бұдан бөлек, Түркістан облысының шаруа қожалықтарынан 600 тонна қырыққабатты сатып алу бойынша келісімшарт түзіліп, мамыр айының соңына дейін қаланың көтерме сауда нүктелерін қамтамасыз етеді.
Бұған қосымша, көкөніс өнімдерінің егістік алқабы бар Колесников шаруа қожалығымен бірлесіп шаһардың «Самал», «Айна», «Орталық қырғы базар» ірі сауда орындарының алдында жылжымалы әлеуметтік сауда нүктелері ұйымдастырылды.
Сондай-ақ, әр аптаның сәрсенбі, сенбі және жексенбі күндері қаланың 4 жерінде, яғни «Фосфоршылар» мәдениет үйінің алды, «Қажымұқан» атындағы орталық стадион аумағы, «1000 ұсақ-түйек» сауда қатары, Нұрсәт шағынауданындағы «Kulzakhira» сауда үйінің маңында жергілікті тауар өндірушілері мен шаруа қожалықтарының қатысуымен базар нарқынан 10-15 пайызға төмен бағада азық-түлік жәрмеңкелерін өткізіп келеді.
Бұл өз кезегінде, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын тауар өндірушіден тікелей тұтынушыға делдалсыз сатуға мүмкіндік беріп отыр.
Сондай-ақ әлеуметтік нан бағасының өсуіне жол бермеу мақсатында, жергілікті ұн өндіруші кәсіпорындар «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» арқылы бекітілген бағада – келісі 90 теңгеден, айына 3 000 тонна бидаймен қамтамасыз етілуде. 6 айға жалпы көлемі 18,4 мың тонна бидай жұмсалады. Нәтижесінде, бірінші сұрыпты ұннан жасалған әлеуметтік нанның бағасы 90 теңгеден аспай тұр.
Сонымен қатар, азық-түлік тауарларын сатумен айналысатын 10 ірі базар «Акбар», «Айна», «Орталық қырғы базар», «Дархан», «Алаш», «Жібек жолы», «Барыс», «Қапланбек», «Көктем», «Самалда» қала прокуратурасы, бәсекелестікті қорғау департаменті өкілдерімен бірлескен іс-шаралар ұйымдастырылады. Соның аясында Кәсіпкерлік және Салық кодексі, Бәсекелестікті қорғау, Сауда қызметін реттеу туралы заңнама талаптарына сәйкес, базардағы азық-түлік бағаларына және жалпы базардың қызметіне қатысты тексеру жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді.
Бүгінгі таңда, сауда қызметіне қатысты орын алған кемшіліктерге сәйкес, Әкімшілік құқықбұзушылық туралы 9 хаттама толтырылды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтсақ, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын әкімдік тарапы үнемі тұрақты бақылауында ұстап отырады.

–Әңгімеңізге рақмет!