АДАМ САУДАСЫМЕН КҮРЕС – ҚОҒАМНЫҢ ОРТАҚ МҮДДЕСІ Избранное

Пятница, 24 Июнь 2022 08:40 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 2580 раз

Жыл сайын 30 маусымда әлем мемлекеттері халықаралық адам саудасымен күрес күнін атап өтеді. Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының резолюциясымен 2013 жылы қабылданған бұл дата адам саудасының құрбандарының құқықтарын қорғауға арналған. Себебі, адам саудасы – ауыр қылмыс. Бүкіл әлемде жыл сайын мыңдаған адамның құқығы бұзылып, зардап шегіп жатады. Оның себеп-салдарымен күреске барша саналы азамат жұмылған. Адам саудасымен күрес туралы сөз қозғағанда Оңтүстік өңірінде, тіпті,
Қазақстан бойынша тілге ең алғаш болып «Сана-Сезім» қоғамдық бірлестігі оралатыны белгілі. 2001 жылы үкіметтік емес ұйым болып құрылған бұл бірлестік бүгінде ауқымды жұмыс атқарып келеді. Тек Шымкент пен Түркістан облысы емес, бүкіл елді қамтыған, халықаралық деңгейде танылған ұйымның жұмысы туралы «Сана-Сезім» әйелдер бастамалық құқықтық орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Шахноза ХАСАНОВАДАН сұрап-білдік.

101

 

– Шахноза Кулабдуллақызы, алдымен қоғамдық бірлестік туралы қысқаша айтып берсеңіз...

– Біздің ұйымның негізін 2001 жылы Хадиша Әбішева қалаған болатын. Алдымен балалар мен әйелдердің құқығын қорғау, гендерлік мәселелер, зорлық-зомбылықпен күрес мақсатында құрылған. Содан кейін бізге адам саудасынан зардап шеккен әйелдер жиі көмек сұрады. Оларды құлдықта ұстап, жезөкшелікпен айналысуға мәжбүрленген. Осылайша жұмысымызға тек зорлық-зомбылық емес, адам саудасымен күрес бағыты да қосылды. Бұған қоса, 2000-жылдардың басында елімізге көптеген еңбек мигранттары келе бастағаны белгілі. Олардың да құқықтары бұзылып, Шымкент шекараға жақын болған соң, біздің ұйымнан көмек сұрап келе бастады. Осылайша қоғамдық бірлестіктің басқарма төрағасы Хадиша Әбішева ұйымды 2004 жылы қайта тіркеуден өткізіп, орталық жұмысының негізгі үш бағытын нақтылап алдық. Олар: адам саудасымен күрес, еңбек миграциясы және құқықтық қорғау (оның ішінде гендерлік теңдік пен зорлық-зомбылықпен күрес, құжаттандыру мәселесі бар). Қазіргі таңда біздің заңгерлер тегін құқықтық, әлеуметтік және психологиялық көмек көрсетеді. Оған қоса шұғыл желі жұмыс істеп тұр.

102

 

– Соның ішінде адам саудасымен күрес бағытына тоқталсақ. Бұл мәселе қаншалықты өзекті?

– Өте өзекті. Біздің ұйым адам саудасымен күресіп жүргенде байқасақ, әйелдерді жезөкшелікке мәжбүрлеу ғана емес, ер азаматтарды да қара жұмысқа пайдаланып, балалар мен жеткіншектерді қайыршылыққа мәжбүрлеу фактілерімен ұшырастық. 2016 жылға дейін бұл жұмысқа Үкімет тарапынан қаржы бөлінбеген еді. Сондықтан, адам саудасының құрбандары аса қиын жағдайда қалатын. Мысалы, жезөкшелікке мәжбүрленген қызды өз отбасы қайтып қабылдамауы мүмкін, оның паналайтын орны жоқ болатын. Содан 2016 жылдан бастап біз секілді үкіметтік емес ұйымдардың дабыл қағуымен түрлі ведомстволар арасында жұмыс тобы құрылды. 2017 жылдан бастап еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан қаржы бөлініп, заңсыздық құрбандарына арналған мемлекеттік паналау орындары ашылды. Онда жәбірленушілер психологиялық, құқықтық, әлеуметтік секілді 8 түрлі көмек ала алатын, 6 айға дейін жататын орны мен ас-ауқаты болды. Осы аралықта жәбірленушілер өз құқығын қорғап, оңалту процедураларынан өтеді. Осылайша жанашыр ұйымдар мен ел Үкіметінің ортақ жұмысы нәтиже бере бастады, бұл ортақ жетістік деуге болады.
Басында адам саудасымен күресу қиын еді, біз секілді ұйымдарды көбісі білмейді. Әр мемлекеттік органға өзіміз барып, таныстырып, ортақ жұмыс істедік, жұмысымыз туралы, құқықтық сауат туралы буклеттер таратып жүрдік. Ал қазір түрлі деңгейдегі комиссияларда жұмыс істейміз, жауапты органдардың мамандарына тиісті бағыттарда тренинг-сабақтар өткіземіз. Әсіресе, полициямен тығыз байланыстамыз. Құқық қорғаушыларға осындай заң бұзушылықтардың құрбандары көмек сұрап келсе, оларға психологтың көмегі қажет болса, тәртіп сақшылары ол азаматтарды дереу бізге бағыттайды немесе біздің мамандарға хабарласады. Сөйтіп, барынша байланыста жұмыс істедік. Оған қоса Қазақстанды халықаралық деңгейде танытуға бірге атсалысып келеміз.

– Жетістіктер бар ма?

– Әрине, бар. Мысалы, БҰҰ-ға мүше елдер әр төрт жыл сайын адам құқығын қорғау жөнінде баяндама жасайды, үкімет өкілдері мен үкіметтік емес ұйымдар есеп береді, сонда комитет екеуін қарап, ұсынымдар береді. Оған қоса 2001 жылдан бері әлемнің 188 еліне қатысты халықаралық деңгейдегі есеп жасалады. Онда жыл сайын қай елде адам саудасымен күресте қандай жұмыс атқарылып жатқаны талқыланады. Тізім үш бөліктен тұрады. Біріншісінде адам саудасымен күресте қолдан келген барлық шаралар атқарылатын елдер тұрады. Екіншісіндегі мемлекеттерде – адам саудасымен күрес жүруде, дегенмен, жұмысты әлі де жақсарту керек. Ал үшіншісінде – адам саудасымен күресте нәтиже жоқ елдер. 2019 жылы, өкінішке қарай,
Қазақстан осы тізімде еді. Содан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен үкімет жұмыс істеп, қоғам болып атсалысып, адам саудасымен күрес жанданды. Нәтижесінде 2020 жылғы есеп бойынша Қазақстан екінші деңгейге шықты. Оған қоса сол жылы, алғаш рет, Алматыдағы «Родник» ұйымының төрайымы Нина Балабанова және біздің ұйымның атынан маған «Адам саудасымен күрестің қаһарманы» деген мәртебе берді. Айта кетейік, 188 елден 7-ақ адам таңдалып алынды. Бұл – Қазақстан үшін үлкен жетістік.

– Адам саудасының құрбандарын қалай табасыздар? Негізінен өздері іздеп келе ме?

– «Сана-Сезім» құқықтық бастамалар орталығы – бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында жоғарыда аталған үш бағыт бойынша кәсіби түрде жұмыс істейтін алғашқы ұйым болдық. Қазақстанда да алғашқылардың бірі атандық. Жұмысымыз екі түрлі жүреді: проактивті және реактивті. Яғни, біріншісінде біздің арнайы оқудан өткен, біліктілік арттырған мамандарымыз жәбірленушілер болуы мүмкін деген орындарды аралайды, мысалы, жезөкшелікпен мәжбүрлеп айналысуы мүмкін сауналарды, еңбек қанауы орын алатын алыс фермаларға барады. Ал екіншісі – реактивті – онда бізден бұған дейін көмек алған, өз құқығын қорғаған азаматтар басқаларға біздің ұйым туралы айтады, кеңес береді. Яғни, кәдімгі – «ұзынқұлақ». Осы арада айта кетейін, алғашында біз көмектеспек болған адамдарда айналасына деген сенімсіздік басым болатын. «Сіздер неге тегін көмектескелі тұрсыздар?» деп сұрағандар да болды. Себебі, олар өз құқығын қорғау жолында түрлі жандардан көмек сұрап, тіпті, ақша төлеген де кездері болады. Бірақ, көбіне нәтиже жоқ, алданып қалады. Содан ең соңында бізге келгенде тегін көмекті естіп, алғашында күмән туындайтыны рас. Оған біз түсіністікпен қарап, психологтар мен заңгерлер жұмыс істейді, ары қарай барынша көмектесеміз. Тек Шымкент пен Түркістан облысы емес, еліміздің қай аймағынан адамдар хабарласса да жұмыс істейміз. Мысалы, 2019 жылы 11 өңірде адам саудасына ұшыраған 120 адамды анықтадық. Көбісі жақын мемлекеттердің азаматтары. 2020 жылы 138 адам анықталса, 2021 жылы 200-ге жетті. Айта кетейік, көбісі мәжбүрлеп жұмысқа салудың құрбаны болған.

– Кінәлілер жазасын алып жатыр ма?

– Әрине, заң бойынша жазасын алып жатқандар бар. Дегенмен, мәселе әлі де өзекті болып тұруының бір себебі – елімізде адам саудасына қатысты арнайы заң жоқ. Қылмыстық кодексте 2 бап қана бар. Бірақ, біздің 21 жылдан бергі тәжірибеміз көрсеткендей, адам саудасына қатыстылардың кінәсін нақты дәлелдемесе, жауапқа тарту қиын. Сондықтан, осы проблеманы шешу мақсатында ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды. Оған барлық дерлік министрліктер мен еліміздегі үш үкіметтік емес ұйым – «Сана-Сезім», «Родник» және «Қорғау-Астана» ұйымдарының өкілдері мүше болып кірдік. 17 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында, ішкі істер министрлігінде алғашқы отырысы болып, мен де қатыстым. Барлық саланың білікті мамандары жобаның тұжырымдамасын жасап жатырмыз. Құдай қаласа, тамыз айында жұмыстар аяқталып, одан кейін заңның мәтінін жазуға отырамыз. Келесі жылы тиісті органдарда қаралып, Президент қол қояды деп күтілуде. Осылайша адам саудасына қатысты барлық түйткілдер қамтылған жаңа заң қабылданса, көптеген істі сотқа дейін жеткізу жеңіл болар еді деп үміттенеміз.
Айта кетейін, адам саудасынан жәбір көріп жүргендер өздерінің құқықтарын білмеуі де мүмкін. Психологияда «Стокгольм синдромы» деген ұғым бар. Ол бойынша мәжбүрлі іспен айналысып жүрген адам өзінің заңсыздық құрбаны екенін сезбейді, жәбірлеушісіне қарсы келмейді. Осындай сәтте адам саудасымен күресіп жүрген ұйымдар мен мемлекеттік органның қызметі БАҚ беттерінде неғұрлым кең таралса, соғұрлым қоғамға тиімді болар еді. Осыдан бірнеше жыл бұрын болған оқиға әлі есімнен кетпейді. Елсіз жердегі қыстақта мал бағатын жігіт кімнен көмек сұрарын білмей жүреді. Бір күні пешке от жағарда тамызыққа пайдаланбақ болған газет қиындысынан журналистердің байланыс нөмірін көріп, көршілерінің телефонынан смс хабарлама жазған. Содан ол журналистер біздің ұйымға хабар беріп, біз мемлекеттік органдарды жұмылдыра жүріп, еңбек мәжбүрлігінен арашалап алғанымыз бар. Сондықтан, әріптестеріміздің арасында тілшілер қауымының да өзіндік орны бар.

– Ал құжаттандыру бағытында қандай жұмыстар жүруде?

– Бұл бағыт та өте маңызды. Себебі, тәжірибе көрсеткендей, адам саудасының құрығына құжатсыз адамдар көбірек түседі. Ал елімізде әлі құжатсыз жүрген балалар, ересек адамдар бар. Олар, көбінесе, басқа елде туып-өсіп, қандай да бір себептермен Қазақстан құжатын ала алмағандар. Қайда барып, кімнен көмек сұрауды білмейді. Сондықтан, «Сана-Сезім» ұйымы шетелдік елшіліктермен тығыз байланысты жұмыс істеп келеміз. Соның нәтижесінде, бұрын құжат рәсімдейтін азамат елшілікке өзі баруы керек болса, үкіметтік емес ұйымдардың ұсынысымен қазір бұл процедура біраз жеңілдетілген. Құжатсыз жүрген азаматтың айыппұлы мен тиісті баж төлемін біз төлейміз, туған еліне сұранымды елшілік арқылы жібереміз. Содан кейін жауап келіп, ары қарай ресми процедура басталады. Бұған қоса, 2020 жылға дейін елімізде босанып қалған еңбек мигранттарының құжаттары болмаса, сәбилеріне құжат ала алмайтын. Біздің ұсынысымызбен, БҰҰ босқындар ісі жөніндегі бас комиссарының қолдауымен және басқа құзырлы органдармен бірге жұмыстың нәтижесінде 2020 жылдан бастап, босанған ананың құжатының мерзімі өтіп кетсе, өзінің сөзбе-сөз айтуымен баласына құжат жасай алатын мүмкіндік туындап отыр. Бұл да болса адам құқығын қорғаудағы үлкен жетістік дер едім.

– Сұхбатыңызға рақмет!

Последнее изменение Четверг, 30 Июнь 2022 01:33
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.