«УАҚЫТ ӨТСЕ ДЕ, КІТАПХАНАШЫ БЕЙНЕСІ ӨЗГЕРГЕН ЖОҚ» Избранное

Пятница, 29 Июль 2022 05:15 Автор  Опубликовано в Сұхбат Прочитано 4341 раз

Философияда «Өркениеттің дамуы — руханияттың құлдырауына әкеледі» деген тәмсіл бар. Алайда, өркениет пен руханият арасындағы тепе-теңдікті сақтап тұратын орта кітапхана десек қателеспейміз. Бүгінде руханият қазынасының қарашаңырағында отын сөндірмей, түтіні түзу шығу үшін бар күш-жігерін жұмсап жүрген өз ісінің мамандары жетерлік. Біз осындай ортаның бірегейі қалалық Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханасына барып, директоры Анар ЖАППАРҚҰЛОВАМЕН сұхбаттасқан едік.

72

 

— Анар Абусайылқызы, бүгінде мегаполистегі кітапхана саласының жұмысы біршама оңтайланып келеді. Оны Шымкенттегі кітапханалардың бірқатарының модернизациядан өтуінен байқасақ болады. Ал, Әл-Фараби атындағы ғылыми-әмбебап кітапханадағы өзгеріс қандай?

— Әл-Фараби кітапханасы алғашқыда облыстық, кейін «Отырар» кітапханасы болып ашылған-ды. 2021 жылы ұлы ғұлама Әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай атауы қайта ауыстырылды. Алайда, бірқатар оқырмандарымыз «Отырар мен әл-Фараби атауы бір-бірімен үндес. Кітапхана атауын ауыстыруға не түрткі болды?» деп сұрап жатады. Бұл фарабитанушылар мен жергілікті зиялы қауым өкілдерінің ұсынысымен жүзеге асқан іс. Бүгінде атына-заты сай орталық болу үшін модернизациядан өткізіліп, қайта жасақталды. Яғни, кітапсүйер қауым дәстүрлі ортадағыдай тек орындықта отырып кітап оқымайды. Еркін, жұмсақ жиһазда немесе кофе ішіп отырып, қаласа жантайып та кітап оқи алады. Бүгінде жастар кітапханаға тек әдебиет оқу үшін емес, екеуара кездесулерін өткізуге, әңгімелесуге де келе алады. Ол үшін қолайлы орта қалыптастырылған. Заман ағымынан қалыспай, әрі оқырмандарымызды да жоғалтпау үшін түрлі іс-шаралар ұйымдастырып отырамыз. Өткен жылы жарты ғасырдан астам тарихы бар, Әзілхан Нұршайықовтың «Махаббат, қызық мол жылдар» шығармасын негізге алып, демеушілер есебінен байқау ұйымдастырдық. Романмен толық таныс оқырмандарды жинап, викториналық сұрақтар қою арқылы жеңімпазды анықтадық. Ал, жеңімпаз жастарға демеушілер есебінен кешкі асқа жолдама берілді. Яғни, кітап та оқыды, рухани байланыс орнатып, таныс та арттырды.
Жалпы, балалар кітапханасы мен көпшілік кітапханалар желісінің өз оқырманы бар. Олар көбіне жас ерекшелігіне, оқырманның сұранысына орай көркем әдебиеттер, танымдық еңбектермен қамтамасыз етіп отырады. Ал, бізде ғылыми бағытқа басымдық берілген. Ғалымдар мен ізденушілер кітапханамызға келіп, уақытын сирек кітаптар қорында ізденумен өткізеді.

— Кітапхана кітап қорының жаңаруымен және ондағы сирек кездесетін кітап қорымен құнды. Өзге кітапханаларға қарағанда Сіз басқарып отырған кітапхананың басты ерекшеліктерінің бірі — сирек кітаптар қорының жасақталуы. Бүгінде қорды байыту үшін қандай жұмыс жүргізіліп отыр? Қателеспесем, бірер жыл бұрын мұнда арнайы құрылғы алынып, сонымен сирек кітаптардың электронды нұсқасы әзірленіп жатыр еді.

— Кітапхананың қорында жарты миллионға жуық, нақтырақ 413 499 дана кітап бар. Иә, алғаш ашылған кезде облыстық Пушкин атындағы кітапханадан бөлініп шығуына байланысты орыс тілді еңбектердің үлесі басым болатын. Қазіргі таңда қазақ тілді әдебиеттер мен ғылыми еңбектердің үлесі артып келеді. Ал, сирек кітаптар қорында XVI ғасырдың өкілі, сопы Аллаярдың еңбегі, ақын Абай Құнанбайұлының ең алғашқы жинағы бар. Сирек кітаптар қорын байыту үшін кітапхананың әр қызметкері ізденісте жүреді. Қонақта, демалыста жүрсе де, барған аймақта көне кітап ұстайтын азаматтарды іздестіріп, олармен келісіп, біздің қорға жинақтап отырады. Біздегі бірқатар сирек кітаптар Отырар ауданындағы «Руханият» өлкетану музейінен алынып, өзімізде сандық форматқа айналдырдық. Сирек кітапты табу – бір еңбек болса, оны сандық форматқа айналдыру ерекше ұқыптылықты қажет етеді. Бейне бір зергерлік жұмыс дерсіз. Көне дүниенің сырын құртпай, сканерлегенде оның әр таңбасы анық түсетіндей етіп аса ұқыптылықпен жұмыс істейміз. Осы жұмысқа әбден машықтанған мамандарымыз еңбекпен қорды байытып отыр. Бүгінде электронды әдебиет қорында 6600 еңбек бар. Ал, сирек кітаптар қорында 5200 кітап сақтаулы. Бүгінге дейін оның 715-і сканерленіп, электронды нұсқасы әзірленген. Сонымен қатар, оқырман сұранысына орай көркем әдебиеттердің QR код арқылы оқылатын сандық нұсқасын да дайындап жүрміз. Осы тұста, «Аялдамада аялда» атты жобамызды ерекше атап өткім келеді. Мұнда жергілікті ақын-жазушы, қаламгерлер Мархабат Байғұт, Нармахан Бегалы, Ханбибі Есенқарақызының бірқатар еңбектерінің QR нұсқасын жасап, оны аялдамаларға іліп қойдық. Яғни, кітапсүйер қауым қолындағы смартфонның көмегімен аялдамада отырып та әдебиетке көз жүгірте алады. Ескеретін жәйт, біз QR нұсқаны тек автордың рұқсатымен дайындаймыз. Себебі, жаңа шыққан кітапты автор сатып, пайда тапқысы келуі мүмкін. Жерлесіміз, драматург Сая Қасымбектің «Жанталас» шығармасы Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай ұйымдастырылған «Бір ел – бір кітап» республикалық акциясы кезінде таңдалған 30 шығарманың қатарына еніп, үздік деп танылды. Автордың рұқсатымен осы «Жанталас» шығармасының да QR нұсқасын дайындадық. Кітапханадағы бұл қызметті «Цифрлы Қазақстанға» қосып отырған үлесіміз деп білеміз.

71

 

— Әңгімеңізде сирек кітаптар қорына келген еңбектердің бірқатары иесінің келісімімен алынып, сандық үлгіде сақталып жатқанын айтып өттіңіз. Ал, Еуропа елдерінде ғалымдардың, зерттеушілердің қолында жүрген көне кітаптарды сол елдің ұлттық немесе орталық кітапханасына жинақтап, сақтау үшін мемлекет арнайы қаржы қарастырады екен. Яғни, бір ғалымның қолындағы көне еңбекті мемлекет иелігіне сатып алады. Бізде бұл мәселе қалай шешіліп жатыр?

— Бүгінде Әл-Фарабидің сирек шығармаларын алып, кітапхана қорына қосу үшін бірқатар жұмыс істеліп жатыр. Қала әкімшілігі кітап қорын байытуға қаржы қарастырып отыр. Алайда, мемлекет қаржысын игерудің өз тәртібі бар. Яғни, сирек кітапты алатын болсақ, оның жалғыз дана екенін дәлелдейтін және қаржы аударымын жасайтын құжат керек. Кітап иелерінің көпшілігінде мұндай мүмкіндік көпшілікте бола бермейді. Иә, бұл – сирек кітаптар қорын байыту үшін таптырмайтын әдіс. Алайда, ол біздің мемлекетте әлі жүзеге асырылып жатқан жоқ. Біз тек құнды, көне еңбек қолында бар кісіні тапсақ, оны сұрап, келісім арқылы электронды нұсқасын әзірлеп жүрміз. Тиісті орындарға құлаққағыс етіп, айтып та жүрміз. Әзірге өзгеріс жоқ. Себебі, қолында көне кітабы бар азаматтардың барлығында қаржы аударымын жасайтын ресми құжаттар бола бермейді. Ал, Араб елдерінде бұл жұмыс жүйелі жолға қойылған екен. Яғни, республикада арнайы сирек кітаптарды сатып алатын қор бар. Ол аймақтан, қаладан табылса да, республикалық қор қолма-қол сауда жасап, қорға сатып алады. Егер республика деңгейінде мұндай мүмкіндіктер қарастырылса, өңірдегі түрлі салада елеулі еңбек еткен ғалымдардың қолынан сирек еңбектердің табылары сөзсіз.

— Кітапхана — руханият ордасы. Яғни оқырмандар мұнда келіп, білім нәрімен сусындап жатады. Алайда, кейінгі уақытта кітапханалардың тыныштығы бұзылғандай. Түрлі мәдени іс-шаралар, кездесулер өтіп жатады. Бұл жайында ойыңыз қандай?

— Ертеректе, студент шағымызда қаладағы кітапханалардың үлкен бір ғана оқу залы болатын. Кездесу өтетін болса, оқырмандарға өтініш жасап, іс-шараны оқу залында өткізе беретін. Ал, қазіргі таңда бізде барлық жағдай ойластырылған. Мәселен, кітапхананың оқу залында әрқашан тыныштық сақталады. Ал, кітаптың тұсаукесері, шығармашылық ортаның кездесуі көбіне «Қайырымды қала» мәжіліс залында өтеді. Яғни, оқырманның тыныштығы бұзылмайды. Мәселен, менен ғылым кандидатын шығарған Алматыдағы Ұлттық кітапхана. Әлі де Алматыға жолым түссе, бірер сағат болса да, аялдап тұрамын. Ол жердің ерекшелігі — ондағы оқу залдары тыныш аймақ, шулы аймақ болып бөлінген. Ал, ғалымдар үшін бөлек зал бар. Онда әр ғалым тыныштықта, өзіне белгіленген орында жұмыс істейді. Тіптен, түстенуге шығып, қайтып келсеңіз, сіздің үстелдегі заттар сол қалпында тұрады. Біздегі сирек кітаптар залының атмосферасы дәл осындай. Ондағы еңбектерді пайдаланғысы келетін ізденушілер мен ғалымдар үшін жағдай жасалған. Келешекте одан да әрі дами түсеміз деген сенімдемін. Салалық ғылыми туындылар қорын арттырып, ғалымдардың жұмыс істеуіне жағдай жасағымыз келеді.
Айта кететін жәйт, қаңтар оқиғасында «Көрме орталығы» өртеніп, салдарынан әкімшілік іскерлік орталықта өтуі тиіс көптеген жиындар осы маңдағы мәдениет нысандарына, кітапханаға жүктелді. Бір апта бұрын «Көрме орталығының» жұмысы қайта жанданды. Енді бұл мәселе де өз шешімін табады деген сенімдемін.

— Бүгінде «жастар кітап оқымайды», «кітапханаға ешкім бармайды» деген кереғар пікір қалыптасқан. Сіз қалай ойлайсыз?

— Бұл пікірмен келіспеймін. Наурыз айында сіздердің әріптестеріңіз Сәкен Сыбанбай Шымкентке келіп, кітапханада «Ғаламтордағы махаббат» кітабының тұсауын кесті. Жиынға қаладағы жоғары оқу орындарының студенттері қатысты. Арада бірер апта өткенде сол жиынға қатысқан студенттердің бас қосып, сол кітаптың мазмұнын, оқиғасын, жазылу стилін талдап, пікір алмасып отырғанын көріп қуандым. Біздің кітапхананың оқырмандарының да дені жас буын. Егер кітапхана жастардың сұранысын қамтамасыз ете алса, әдебиет қоры мол болса, жастар осы кітапханадан шықпайтынына сенімдімін. Солай болып та жүр.

— Бүгінгі оқырманның сұранысы қандай?

— Кейінгі уақытта оқырмандар көбіне алға ынталандыратын, өмірге деген құштарлығын оятатын мотивациялық еңбектер мен психологиялық құралдарды, аудармаларды сұрайды. Жергілікті жазушылардан Мархабат ағайдың «Машаттағы махаббаты», Ханбибі апамыздың «Жібегін», Нармахан ағаның өлеңдер жинағы, Момбек ағайдың «Қараман қарақшысы» сұраныста. Осы сынды өзге де шетел әдебиеттерінің аудармаларын сұрап келетіндер де бар. Егер оқырман сұраған әдебиет не еңбек біздің кітапханада болмаса, арнайы тізім түзіп, сол әдебиеттерді алдыруға тырысамыз. Тіптен, кейде әлеуметтік желілер арқылы да оқырманның қандай кітап оқып жатқанын зерделеп отырамыз.

— Кітапхана жұмысының жандануы кітапханашыға тікелей байланысты. Жалпы, ертеректе кітапханашыларды ел зиялыларының, білімділерінің қатарына қосатын. Себебі, олар кітапханаға келген оқырмандарға кеңес беру үшін әрбір кітаптың мазмұнын білді десек қателеспейміз. Ал, бүгінгі кітапханашы бейнесі қандай?

—Сіз дәріханаға барсаңыз, ондағы фармацевт дәрігер тағайындаған дәрі-дәрмек кездеспей жатса, оның аналогын тауып береді. Сіз оған маман ретінде сенім артасыз. Кітапханаға да оқырмандар дәл сондай сұраныспен келеді. Мәселен, демалысқа бара жатыр едім, балама бағдар берейін деген едім, әдебиетке қызығушылығын оятсам деген едім дегендей өз сұранысын білдіреді. Осы кезде біздің мамандар нақты атауы болмаса да, оқырманның сұранысына сай әдебиет, ғылыми еңбектерді тауып береді. Иә, кітапханашы әмбебап білім иесі десек қателеспейміз. Уақыт өтсе де, кітапханашы бейнесі еш өзгерген жоқ. Бүгінгі кітапханашы шетел тілін де, техника тілін де меңгерген. Олар — руханияттың шын жанашырлары. Алайда, бір ғана өкініштісі, оқырман сұранысы, кітапханашыға деген талап артса да, олардың жалақысы мардымсыз. Осыдан бірер жыл бұрын қосылған аз-маз қаражатты қанағат тұтып жүр.

— Оңтүстік өңірі ғана емес, бүтін қазақ елі сізді ақын Анар ретінде таниды. Айтыс сүйер қауым сізді келешекте сахнадан көруі мүмкін бе?

— Айтыс — үлкен әлем. Бүгінде айтыс та жасарып кеткен. Замандастарымыз Айбек, Бекарыс — бүгінде айтыстың ақсақалы. Мен, жалпы республикалық айтыстарға сирек қатысады екенмін. Алғашқыда отбасылы болдық, кейін Рахманқұл Бердібаев ағамыздың жетекшілігімен ғылым жолына түстім. Университетті тәмамдаған соң, оқытушы болдым. Жүрсін ағам да маған іздеу салып жүреді. Дегенмен, айтыс ақыны кәсіби спортшы сынды қашанда бабында болуы керек. Әр айтыс ерекше дайындықты талап етеді. Өткен жылы Жүрсін ағамыз «Алтын домбыраға» шақырды. Алайда, бабыңда болу үшін бар зейініңді сол арнаға бұру маңызды. Айтыс селқос әрекетті кешірмейді. Сондықтан жұмыстан шыға алмай немесе уақыт тапшы болып жатса, айтыстан қалуға тура келеді. Яғни, айтыс менен, мен айтыстан ажыраған жоқпын. Айтысты ерекше жақсы көремін. Әр нәрсе өз кезеңімен деп ойлаймын.

— Әңгімеңізге рақмет!