Қ.ТОҚАЕВ, ҚР Президенті: «ДІНИ ӘРАЛУАНДЫҚ БІРЛІККЕ КЕДЕРГІ БОЛА АЛМАЙДЫ» Избранное

Пятница, 16 Сентябрь 2022 06:03 Автор  Опубликовано в Саясат Прочитано 860 раз

Халықаралық қатынастар жайында жазатын АҚШ-тың The National Interest журналының кезекті санында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Қазақстан: Батыс пен Шығыс арасындағы көпір» деген тақырыппен мақаласы жарық көрді. Аталған мақаланың қазақ тіліндегі бейресми аудармасын оқырман назарына ұсынамыз.

162

 

Қазіргідей сәтте кедергілер емес, көпірлер салуымыз керек.

Бейбітшілікке ұмтылуда біздің сеніміміз әрқашан шешуші рөл атқарды. Жанашырлық, әлеуметтік әділеттілік және адамгершілік сынды құндылықтар бәрімізге ортақ. Осылайша, олар бейбіт әлем құру жолында маңызды элементтер бола алады. Осы құндылықтар жаһандану жағдайындағы едәуір айырмашылықтарға қарамастан, біздің келіспеушіліктерімізді жеңе алатынымызды көрсетеді.
Бұл – осы аптада елордамызда өтіп жатқан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің негізгі месседжі. Қазақстан тағы да әлемнің түкпір-түкпірінен дін көшбасшыларын жинады. Биыл алғаш рет съезге Аса Қасиетті Рим Папасы Франциск қатысты.
2003 жылдан бастап бұл форум бірқатар маңызды және кейде күрделі келіссөздер үшін құнды платформаны ұсынып келеді. Сонау 2003 жылы 11 қыркүйектегі террорлық шабуылдан кейін бүкіл әлемдегі діни шиеленіс өршіп тұрған тұста позитивті өзара іс-қимылдың шұғыл қажет екені байқалды. Мен осы форумның белсенді жақтаушысы болдым және оны Қазақстанда өткізу үшін күш-жігерімді салдым.
Мені діни әралуандық бірлікке кедергі емес деген сеніммен тәрбиеледі. Алматы қаласында мұсылман болып ер жеттім. Әртүрлі үйлерде тұрып, түрлі діндегі отбасылар, достарым жадымда жатталып қалды. Бұл тұрғыда мен жалғыз емеспін. Бұл біздің мәдениетіміз болатын және солай болып қала да береді.
Бәлкім бұған еліміздің Еуразия жүрегінде мәдени және діни байланыстырушы көпір болуы ықпал еткен шығар. Бала кезімізде оны солай болуы тиіс деп қабылдадық. Ер жеткеннен кейін ортақ көзқарастардың маңыздылығын түсіндік. Осы сәттен бастап бұл төзімділік мәдениетін ілгерілететін жаһандық форумды құрудың қисынды қадамы болды.

Съезд өз жұмысының алғашқы жылдарында христиан, ислам, яһуди, буддизм, индуизм және басқа да дін жетекшілерінің өзара іс-қимылына ықпал етті. Форум діни келіспеушіліктерді жұмсартуға, сондай-ақ 11 қыркүйектен кейінгі қақтығыстар мен экстремизм салдарын еңсеруге септігін тигізді.
Биыл съезд жаһандық белгісіздік пен тұрақсыздық кезеңіне тұспа-түс келді.
Мұнан бөлек, біз жаңа соғыс және қақтығыстармен бетпе-бет келіп отырмыз. Сонымен қатар біз климаттық дағдарыстың жеделдей түсуімен, кері шегінген жаһандық пандемиямен, азық-түлік пен энергия тапшылығымен және кең таралған экономикалық белгісіздікпен күресуіміз керек.
Осынау қиын-қыстау кезеңде съезд әлемдегі дін көшбасшыларының қайтадан бас қосып, бірлікті ілгерілетуде жетекші рөл атқаруы үшін алаң бола алады деп үміттенеміз. Түптеп келгенде, көпірлер салу, жұбату, сауықтыру, мейірімділік, жанашырлық таныту және бүкіл адамзатқа қамқорлық көрсету – бұл дінбасылардың рөлі емес пе?
Сондай-ақ дін лидерлері жалпы біздің өңірімізде бейбітшілік пен қауіпсіздікті қалпына келтіруге бірыңғай үндеу жасайды деп үміттенемін. Осы форумды қабылдайтын ел ретінде Қазақстан аталған күш-жігерді қолдайды. Еуразияның жүрегінде сенімді қалпына келтіру өте маңызды. Қазіргідей сәтте біз кедергілер емес, көпірлер салуымыз керек. Біз келіспеушіліктері бар барлық тарапты диалог үшін Қазақстанда келіссөздер үстеліне отыруға шақырамыз. Зорлық-зомбылық пен жеккөрушілік – бұл Құдайдың қалауы емес.
Ешқандай балама да, қысқа жолы да жоқ. Елімізде 17 негізгі дін және 100-ден астам этникалық топ өкілдері тұрады. Біздің ұлттық бірегейлігіміз әралуандық, диалог, төзімділік, қабылдау мен жанашырлық бірлігіне негізделген.
Сондықтан да біз соңғы жылдары Иранның ядролық бағдарламасы, Сириядағы қақтығыс және Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі бойынша халықаралық келіссөздер жүргіздік.
Діни төзімділікке осындай көзқарасты ұстанатын немесе диалогты, араағайындық пен дипломатияны қолдайтын жалғыз ел емес екеніміз айқын. Бізге осындай елдер көбірек қажет. Сонымен, мұрамызды да, жауапкершілігімізді де сезіне отырып, біз бейбітшілік ісіне қажет болғанда көпірлер салуға және диалог алаңын ұсынуға дайынбыз.
***
Естеріңізге сала кетейік, елордадағы Тәуелсіздік сарайында екі күнге созылған Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезі өтті.
Алғашқы күні өткен «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» деген тақырыбындағы жалпы отырысқа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев, Рим Папасы Франциск, Әл-Азһардың Жоғарғы имамы Ахмед Мохаммед Ахмед ат-Тайеб, Иерусалим Патриархы III Теофил, Ашкеназдың бас раввині Давид Лау, Израильдің Бас сефард раввині Ицхак Иосифтің және басқа да діни жетекшілер, сондай-ақ бірқатар халықаралық ұйымның өкілдері қатысты. Жалпы, халықаралық деңгейдегі іс-шараға 50 елден 100-ден астам делегация, оның ішінде ислам, христиан, буддизм, иудаизм, индуизм, даосизм, зороастризм, синтоизм діндерінің өкілдері, сондай-ақ саяси және қоғам қайраткерлері, халықаралық ұйымдар мүшелері келген.
Іс-шара барысында сөз сөйлеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съезі бүгінде жаһандық деңгейдегі өркениетаралық диалог алаңына айналғанын баса айтқан еді.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор – Нұрбол ОРЫМБАЕВ. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.