ЕСІРТКІГЕ ЕЛІТКЕН ЕЛДІҢ БОЛАШАҒЫ – БҰЛЫҢҒЫР Избранное

Среда, 15 Март 2023 04:28 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 5890 раз

Бұрынырақта әдетте нашақорды қолына ине ұстаған, аласұрып есінен адасқан адам ретінде елестетуші едік. Ғылым мен технология дамыған сайын есірткінің де түрі көбейіп, салдары ғаламды шошындырып отыр. Соңғы уақытта исі де, түтіні де жоқ химиялық қоспалардан жасалған синтетикалық есірткі жасөспірімдердің өміріне балта шауып отыр. Мамандар елімізде соңғы төрт жылда бұл затты тұтынушылардың саны күрт өскенін мәлімдеп, дабыл қағып отыр. Әлемді алаңдатқан жағдаймен қалай күресеміз? Үшінші мегаполисте бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылып жатыр. Тарқатып айтсақ.

353

 

Жасырын жарнама: «курьер керек»

Бүгінде әлемнің 15-64 жас аралығындағы 270 миллионнан астам тұрғыны есірткіні тұрақты қолданушы есебінде тізімге алынған екен. Жыл сайын есірткінің кесірінен жер шарында 450 мыңнан астам адам ажал құшады. Ал, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің деректеріне зер салсақ, қазіргі таңда елімізде 20 мыңға жуық нашақор есепте тұрса, оның 1,5 мыңнан астамы әйел, ал 430-ы буыны қатпаған жасөспірім екен. Халқының саны 20 миллионға да жетпеген біздің ел үшін бұл — жан түршігерлік мәлімет. Қауіптің алдын алу үшін не істемек керек? Аңқаулықпен арбауға түскен жасөспірімдерді қалай арашалаймыз? Көкейдегі сауалдарымызға жауап іздеп, мамандармен тілдескен едік.
— Есірткі саудалаушылар қызметін ғаламторда сайт ашу арқылы жүзеге асырады. Оны бақылауда ұстау біраз қиындық туғызып отыр. Себебі, бір сайтты тауып, бұғаттасаң, орнына жаңадан екеуі пайда болады. Есірткі заттарын жарнамалағаны және насихаттағаны үшін Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 299-бап, 1-тармағына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Өткен жылы полиция қызметкерлері Шымкентте ғимараттар мен үй-жайлардың сыртқы қабырғасына граффити суреттер түрінде салынған 800-ден астам жазбаны анықтап, жойған болатын. Аталған іс бойынша 9 қылмыстық іс тіркелді. Сондай-ақ, полиция қызметкерлері синтетикалық есірткінің заңсыз айналымымен байланысты 68 қылмысты анықтап, 61 адамды құрықтады. Ал, 1000-нан аса сайт пен әлеуметтік желідегі парақшалар бұғатталды. Ал, жалпы есірткі айналымына байланысты 400-ден аса құқық бұзушылық анықталды, - дейді Шымкент қаласының Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының аса маңызды істер жөніндегі жедел уәкілі Бауыржан Қанатұлы.

Ауруын жасырған...

«Шекер», «тұз», «кристал», «мияу-мияу». Бұл — синтетикалық есірткілердің қазіргі уақытта кең таралған атаулары екен.
— Синтетикалық есірткі біздің елімізде ғана емес, әлемді жайлап барады. Әсіресе, жасөспірім балалар бұл қақпанға оңай түсіп қалуда. Мұны ата-аналары білген кезде арнайы емдеу орталықтарына бармай, үйде құпия емдеуге тырысады. Себебі, ата-ана баласын нашақорлар тізіміне ілініп қалады деп қорқады. Өкінішке орай, синтетикалық есірткіге тәуелділік 1-2 ай емдегеннен жазыла салмайды. Арнайы емдеу орталықтарында дәрігердің бақылауында болуы қажет. Сондықтан мұндай жағдайға душар болған ата-аналар уақытты созбай, кәсіби мамандардың қызметіне жүгінгені жөн. Бізде құпия емдеу түрі де бар. Яғни, арнайы диспансерлік есеп жөніндегі мәлімет құпия сақталады. Ең сорақысы, жас ағзаның тұрақты тұтынып, тәуелді болса, одан бас тартуы қиындай түседі. Сол себепті дәрігерлер бұл тажалдың тырнағына ілінген жас адамды тез арада арашалап алып қалуға тырысады. Келесі дозаны қабылдау арқылы олар тән мен жан азабынан уақытша ғана айырылуы мүмкін. Алайда, есі мен етін улап алған есірткі ішке бір кірген соң, іштегі ағзаны әбден жеп тауыспайынша тоқтамайды. Өкініштісі, оң-солын танымаған жасөспірімдерден бөлек, отбасылы, ересек ер азаматтар да елтіп, өз өміріне қауіп төндіріп жүргеніне куә болып жүрміз, - дейді Шымкент қаласындағы Психикалық денсаулық сақтау орталығы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру бөлімінің меңгерушісі П.Ермаханова.
Мамандар жәй есірткіге қарағанда синтетикалық есірткінің зардабы өте ауыр екенін алға тартып отыр. Әлемде дәл осы синтетикалық есірткінің 500-ден аса түрі тіркелген екен. Көбіне оны қолданғандардың жүйке жүйесі зақымдалып, мәңгүртке айналады. Яғни, ойлана алмайды, істеген әрекетіне жауап бермейді. Ал, ағзасы іштей іріп жатады.
Дәрігерлердің бір сөзі ғана көңілге демеу болды. Ұзақ уақыт дәрігердің бақылауында болып, емді бұлжытпай орындағандар арасында есірткіге тәуелділіктен құлан таза айыққандар бар. Демек, «есірткі дертінің емі жоқ» деген ел арасындағы пайым қисынға келмейді.
— Егер адамның емделуге деген ниеті болып, бар ерік-жігерін жұмсаса, мамандардың көмегімен дертті жеңе алады. Статистикаға келсек, әлемде синтетикалық есірткіге тәуелді болғандардың 7-8 пайызы толық дертінен айыққан. Біз алғашқы емдеу курсынан кейін жағдай қайталанбау үшін оңалту орталығына жіберіп, салауатты өмір салтын ұстануын қадағалаймыз. Ерік-жігерін емделуге жұмсағандар құлан-таза айығып жатыр. «Нашақорлық емделмейді» деген қате түсінік, - дейді нарколог-дәрігер Перизат Өмірзаққызы.

Ұлт саулығын ойласаңыз...

Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі шекарадан көбіне химиялық қоспа ретінде жеке-жеке өтеді. Өндірісте қолданылатын қоспаны заңсыз жолмен қолына түсірген алаяқтар одан түрлі синтетикалық есірткі жасап шығады екен. Ал, шекарадан дәрілік химияның келуін шектеу дәрі-дәрмек өндірісін тұралатады.
Қалада бұл күрделі мәселемен күресу ешқашан бәсеңдеген емес. Жастар арасында нашақорлықтың, маскүнемдіктің және АИТВ, ЖИТС-тің алдын алу мақсатында бірнеше басқарма бірігіп, іс-шаралар жоспарын түзген. Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мен Шымкент қаласының полиция департаменті арнайы меморандумға сәйкес, шаһардағы орта арнаулы оқу орындары мен ЖОО-лар арасында алдын алу шараларын тұрақты түрде жүргүізіп келеді. Салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында жастар арасында түрлі деңгейдегі спорттық шаралар ұйымдастырып, оларды зиянды әдеттерден бойын аулақ ұстауға шақырады.
Психологтар есірткіге тәуелділердің басым бөлігі ата-анасымен байланысы нашар, махаббатта жолы болмаған немесе жалғыздықты ұнататын балалар екенін алға тартып отыр. Яғни, мәселенің түп-төркіні отбасындағы тәрбие мен қарым-қатынасқа келіп тіреледі. Мамандар, әсіресе, жасөспірімдермен өтпелі кезеңде жиі пікір алмасып, оның жан-дүниесіне үңілу керек екенін айтады.
Өкініштісі, біз қоғам болып бұл дерттің тек салдарымен күресіп отырмыз. Синтетикалық есірткінің таралатын ең басты көзі – зертханалар мен оны дайындайтын «химиктердің» құрықталғаны жайлы ақпарат жоқтың-қасы. Яғни, дертті түбірімен жою үшін күресті тамырын шабудан бастау керек сияқты.
Жастары есірткіге еліткен елдің болашағы – бұлыңғыр. Ұрпақ саулығы – ұлт үшін маңызды мәселенің бірі. Сондықтан бұл дертпен күресуде табандылық танытқан абзал. Есірткі оған әуес болғанның ғана мәселесі емес, ерді қауқарсыз етіп, қару ұстауға жарамсыз қылып жатса, ол ұлт үшін ұлы қасірет емес пе?!

Гүлнұр БАЛАБАСОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.