ҚОЛҒА ЖҰМЫС БЕРГЕНІҢ, ЖАНҒА ТЫНЫС БЕРГЕНІҢ Избранное

Среда, 10 Апрель 2024 05:39 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1494 раз

Шымкентте жұмыссыздықты төмендету мақсатында азаматтарды еңбекпен қамту шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр. Шымкент қаласында 2024 жылы 56,9 мың адамды жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған. Жылдың 1-тоқсанындағы қорытындысымен 12,2 мың адам қатысып, жоспар 22%-ға орындалды. Бұл жөнінде Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «Халықты жұмыспен қамту шараларына тарту және өтеусіз гранттар беру тәртібі туралы» өткен баспасөз конференциясында баяндалды.

Jumis-11

 

Әлеуметтік саланың басты мақсаты – халықты тұрақты жұмыспен қамту арқылы әл-ауқатын арттыру. Қазір еңбек нарығында техникалық және кәсіптік сала мамандарына, атап айтқанда, дәнекерлеуші, электрик, құрылыс жұмыстарының шебері мен компьютер және аппараттық құралдардың операторы, көкөніс өсірушілерге сұраныс өте көп.
Нарықтағы сұраныс ескеріліп, «Кәсіпкерлікті дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы» аясында қысқа мерзімді кәсіптік оқыту шаралары да жүзеге асырылуда. Бұл тек жұмыссыздарды азайтып қана қоймай, отандық өндірісті қолдауға да мүмкіндік береді. Кәсіптік оқыту курстарына 18 жастан зейнет жасына дейінгі Шымкент қаласының жұмыссыз азаматтары қатыса алады.
Субсидияланатын жұмыс орындарына 7 453 адамды қамту жоспарланып, жыл басынан бері нақты 4 288 адам жолданған.
Осы ретте ескерте кететін жәйт, қазіргі кезде барлық жұмыс берушілерге қолайлы, автоматтандырылған enbek.kz порталы бойынша азаматтарды жұмысқа қабылдау жүйесі жұмыс жасайды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жастардың кәсіпкерлігін қолдау мақсатында 2023 жылдан бастап жеңілдетілген 2,5 пайыздық шағын несие берілуде. Осы бағытта 2024 жылы 273 адамға 1365,0 млн теңге бөлініп отыр. Қазіргі таңда Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі, Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі және Шымкент қаласы әкімдігінің арасында келісімшарт жасалу үстінде.
– Қазіргі уақытта жұмыссыздық деңгейін төмендетудің бірден-бір жолы – азаматтарды кәсіпкерлікпен айналысуға бағыттау, яғни жаңа бизнес идеяларды іске асыру. Осы бағытта қайтарымсыз гранттар берілетіні белгілі. Оларды әлеуметтік осал топтар алады. Гранттар бір рет және нысаналы мақсаттар үшін беріледі. Грант қаражаты тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, үй және жер сатып алуға берілмейді, – дейді Шымкент қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Жанат Өтебаева.

Jumis


Аталған грант 400 АЕК мөлшерінде беріледі. Грантқа үміткерлер – халықтың осал тобына жататын азаматтар. Әдеттегідей, «Бастау бизнес» жобасы бойынша оқығанын растайтын куәлігі болуы міндетті. Алынған куәлік 3 жыл мерзімге жарамды. 2024 жылы грант екі лекте беріледі. Жалпы жоспар –426 адам. Бірінші лек бойынша 2024 жылдың 8-18 сәуір аралығында өтінімдер қабылдану керек болған. Елімізде орын алған төтенше жағдайға байланысты өтінімдерді қабылдау кейінге қалдырылды. Қабылдау мерзімі қосымша хабарланады.
Грант алушыға қаражатты нысаналы мақсатына сәйкес пайдалану бойынша еңбек мобильділігі орталығы тарапынан мониторинг жүргізіліп отырады. Мақсатсыз жұмсалған жағдайда қаражат толық қайтарылады. Тексеру нәтижесінде 2023 жылы грант алған 452 азаматтың 131-і ақшаны кері қайтарып жатыр, 97 адамның ісі сотқа өткен.
– 131 адамның 97-сінің ісі сотқа берілген. 62 іс сот қарауында жатыр, 5 іске сот шешімі шыққан. Кәсіп аша алмай, өз еріктерімен қаражатты кері қайтарып жатқандары да бар. Олардың саны – 30, – дейді Жанат Өмірсейітқызы.
Грант алу үшін нақты кәсіпке құрылған бизнес жоспар болуы керек. Бизнес жоспар – бұл бизнесті құрудан бастап нақты мақсаттарға жетуге дейінгі нұсқаулық. Ол неғұрлым жақсы пысықталған және қазіргі жағдайларға бейімделген болса, оны іске асыру және грант түрінде қаржылық қолдау алу мүмкіндігі соғұрлым жоғары болады. Дегенмен, қазір интернет бетінен «грант алуға көмектесеміз», «бизнес жоспар құрып береміз» деген хабарландырулардан көз сүрінеді. Басқарма басшысының айтуынша, қаржысын кері қайтарып жатқандардың көбісі осындай қызмет түрлеріне жүгініп, «дайын асқа тік қасық» болғысы келгендер.
Қайтарымсыз грант отандық өнім көлемін арттыруға септігін тигізуде. Былтырғы грант алғандардың басым көпшілігі тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қолөнер, жиһаз өндірісі кәсіптерімен айналысады.

Салтанат ЖАМАЛДИНОВА

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.