Емханада қандай медициналық қызмет көрсетіледі?

Пятница, 17 Май 2024 07:49 Автор  Опубликовано в Әлеумет Прочитано 1491 раз

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі (МӘМС) осыдан 4 жыл бұрын жүзеге асып, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру көлемі екі есеге артқан еді. Қордың негізгі міндетінің бірі – емделушінің құқығын қорғап, оларға медициналық қызмет көрсету. МӘМС дегеніміз не?

МӘМС – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен, емделуші тұлғаға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шара кешені. Бұл жоба аясында емханада көрсетілетін медициналық қызметке: дәрігерлер кеңесі, амбулаториялық-медициналық қызметтер, алғашқы көмек, ауруханада ем алу, стационарлық емдеу, зертханалық және хирургиялық қызмет түрлері, рецептілік тегін дәрі-дәрмектер кіреді. Бұл ретте ескеретін дүние – тегін дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету пакеті арнайы рецептілік тізіммен беріледі.

МӘМС қатысушыларына көрсетілер қызметтерге төлемді медициналық ұйым тікелей қордан алады. Сіз МӘМС бойынша медициналық қызметтерді қорға соңғы жарнаны салған күннен бастап 3 ай ішінде ала аласыз. Бұл мерзім уақытынан өткеннен кейін жүйеге қайта оралуыңыз үшін – қалып қойған кезеңге жарна төлеуіңіз қажет, бірақ 12 айдан аспауы тиіс. Ал, бұл санаттағы тұтынушыға кім кіреді:

балалар;

жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар;

үш жасқа толмағанға дейінгі бала күтуші тұлға;

мүгедек-баланың күтімінде жүрген жұмыс істемейтін адамдар;

зейнетақы төлемдерін алатын, оның ішінде Ұлы Отан соғысына қатысқандар мен мүгедектер;

қылмыстық-атқарушы (пенитенциарлық) жүйесінің мекемелерінде (төменгі қауіпсіздік мекемелерінен басқа) сот үкімі бойынша жазасын өтеуші адамдар;

тергеу изоляторында ұсталған адамдар;

жұмыс істемейтін оралмандар;

«Алтын алқа», «Күмісалқа» алқаларымен немесе бұрын «Батыр-ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар;

- орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі жоғары білім, сондай-ақ жоғары оқу орнынан кейінгі білім мекемелерінде күндізгі оқу нысаны бойынша оқып жатқан адамдар;

- орта, техникалық және кәсіптік, ортадан кейінгі жоғары білім, сондай-ақ оқу аяқталғаннан кейінгі күнтізбелік үш ай ішінде жоғары оқу орнынан кейінгі білімді күндізгі оқу нысаны бойынша аяқтаған адамдар.

МӘМС жүйесінде медициналық көмекті алу үшін тұрғылықты мекен жайыңыз бойынша үйіңізге жақын емханаға тіркелесіз. Таңдап алынған емханадағы тіркеу бөлімінен, яки өзіңізге қолайлы нысанда, тіпті үйде отырып-ақ www.egov.kz электронды порталы арқылы қашықтықта жүзеге асыруға болады. Тіркелу кезінде өзіңізді жоғарыда атап өткен қай санатағы тұлға екеніңізді анықтап көрсетуіңіз шарт. МӘМС қатысушысы екеніңізге көз жеткен соң, дәрігерге қаралып, сізге медициналық қызметтер көрсетіліп, ем тағайындалып, қажетті дәрі-дәрмектер берілетін болады.

МӘМС тек қана ересектер үшін ғана емес, балалар үшін, еліміздің бүкіл азаматы үшін тиімді. Балалар медициналық көмектің барлық түрін тегін ала алады. Кәмелет жасына толмаған тұрғындар шұғыл түрде болсын, жоспарлы түрде де дәрігерлерден тегін консультация мен емдік шаралар ала алады. Керек десеңіз, жасөспірімдер арасында жиі кездесетін тіс ауруын тегін емдете аласыз. Тісті жансыздандырып жұлу, емдеу, пломба салу, пульпит, периодонттарды емдеу, тағы да сол секілді ем-шаралардың барлығы – тегін.

Денсаулық – сіздің қолыңыздағы ең асыл қазынаңыз. Сіз бұйымды қалай баптасаңыз, соған сәйкес ол да әсемдік береді. Сол секілді саулығыңызға көңіл бөліп, уақтылы тексерістен өтіп, дәрігерлердің кеңесіне құлақ түрсеңіз, салауатты өмір салтын ұстанып, ішер асыңызға да мұқияттылық танытсаңыз, өзіңізге көрсеткен үлкен көмегіңіз сол болмақ. Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздейік.

Аяжан ӨСКЕНБЕК,
ШЖҚ «13 қалалық емхана»
МКК-нің терапевт-дәрігері

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.